Ауру баламның жағдайы жаныма батады...
Сырымды айтатын анам да жоқ. Сондықтан «Отбасы- ошақ қасы» айдарының барына өте қуаныштымын. Маған ешкім көмек бере алмайтынын да білемін, тек қызымның шырылдап жылаған дауысын естігенде жаным жай табар емес...
Әңгімемді өзімнің солтүстіктен екенімнен бастайын. Өкінішке орай анамды тоғыз жасымда жоғалттым. Мені анамның туған апайы тәрбиеледі. Менен басқа да төрт баласы бар тәтем мен үшін басын ауыртып жатпады. Бірақ, әлі күнге дейін анамның орнына ана болған тәтеме алғысым шексіз. Мектеп бітіріп ҰБТ-дан аз ұпай алып, ақылы бөлімге ақшам болмай мен жұмыс істедім. Одан кейін Астанаға кетіп қалдым.
Астанада сауда үйінде істеп жүр едім, бір күні жұмысыма бейтаныс жігіт келді. Мен ол жігітке еш жақсы рай танытпадым. Шындығын айтқанда мен өте тұйық болып өстім. Ақыры жігіт дегеніне жетіп, менімен жақын танысты. Тараздан командировкаға келген жігіт екен. Менен сегіз жас үлкендігі бар. Біз үш айдай араласып тұрдық. Мен жігітті өзіме жақын жақындатпадым. Біртіндеп жігітке үйрене бастадым. Командировкасы бітіп еліне қайтқан жігітім Тараздан маған келіп тұрды. Өте күшті романтикаға толы күндер өтіп жатты. Өмір бойы жетімдік көріп, ыстық мейірім сағынған мен өте бақытты едім. Алла менің көз жасымды көріп осындай азаматты сыйлады деп ойладым. Ол менің бірінші және қазір де соңғы жігітім болды.Үйленуге ұсыныс жасады. Біраз уақыт өткен соң анасымен танысуға Таразга бардым. Сүйіктім анасының Алладан тілеп алған қартайғанда көрген жалғыз баласы екен. Анасы мені өте жақсы қабылдады. Менің солтүстікте туғаным және ешкімім жоқ болғаны анасына ұнады. Тұрмысқа шыққаныма менен қарағанда тәтем өте қуанышты еді. Бірақ, неге екенін білмеймін әртүрлі сылтаумен тәтем тойды кейінге жылжытып созумен болды. Ақыры үйлендік.
Көретінім алда екен, бәрі енді басталды. Тәтем маған еш жасау бермеді, "осы уақытқа дейін бағып-қаққаныма рахмет айт" деп ашық айтты. Сол кезде туыстарым ақша жинап бергенін де кейін білдім. Енем осы үшін маған тиісіп, үнемі бетіме басып "тегің жоқ" деп айтумен болды. Күйеуім енеміз екеуіміздің арамыздағы әңгімеден хабарсыз, күні-түні жұмысында. Істеген бір ісіме енемнің көңілі толмады. Мен енемнің сөзінен мезі болып, жұмысқа шығу керек деп шешіп, жұмысқа орналастым. Осылайша бір күні аяғым ауыр екенін білдім. Күйеуіміз екеуіміз қатты қуандық. Ал, енем болса қуанудың орнына керісінше қатты ыза болды. Өйткені, мен өзі ойлағандай келін болмай шықтым. Аяғым ауыр кезінде қатты токсикоз болдым. Жұмыстан соң үйге келіп құлайтын едім. Қатты жүдеп кеттім. Соңғы уақытта күйеуім де өзгеріп кетті. Арамызда реніш болса "чемоданыңды жина да кет" дейтінді шығарды. Баратын жерім жоқ болғандықтан бәріне көнуге тура келді.
Іштегі балама жеті ай болғанда бауырында сарысу(киста печени) бар деді. Бала жағдайын естігенде өлгім келді. Күйеуім бәр кінәні маған жауып, "сенің бір жерің дұрыс емес" деп миымды ашытты. Енем болса "ауру баласымен қоса құрып кетсін, енді жетпегені ауру бала" деді. Осы сөздерден соң қатты ыза болып, күйеуіме билет әпер «еліме кетемін» дедім. Пойызды күтіп вокзалда отырғанда күйеуім бір де бір рет хабарласпады. Жылап-еңіреп үйіме бардым. "Шыдау керек болатын, енді ауру баламен қайда сыясың",- деп тәтем менің қайтып келгенімді жақтырмады.
Мен ескі танысымды тауып алдым. Ол мені жылы шыраймен қабылдады. Өзінің де бір баласы бар. Қазір де сол үйде тұрып жатырмыз. Қызыма бір жарым жас болды. Өте әлсіз балам түнімен шырқырап жылайды. Құрбы қызыма мың алғыс мені қиналғанда паналатқан. Ал бір қалада тұрсақ та туыстарымнан еш хабар жоқ, ешқайсысы жағдайымды біліп, іздеген де емес. Папамыз сол күйі хабарласпады. Естуімше біз ажырасқан соң бірден үйленіпті.
Жарайды, не көрмеген басым қиындықтың бәріне көнемін ғой! Ең ауыры- бірнеше рет операция пышағына түскен қызымның жағдайы жаныма батады. Дәрігерлер «бауыр циррозы» деп диагноз қойды. Бауырды ауыстыру керек дейді. Бірақ, біздің елде балаларға ондай операция жасалмайды екен. Баламның жағдайы күннен күнге нашарлап барады. Күлмейді, отыра алмайды. Қызымды жоғалтып аламын деп қатты қорқамын. Күні-түні температурасы да түспейді. Тамақты да дұрыс ішпейді. Күнде өзіме сұрақ қоямын, балама өмір сыйлағаным дұрыс па? Қолымнан ештеме келмейді, көмек те бере алмаймын. Баланы өмірге дұрыс әкелмеген соң, бала бақытты балалықты сезінбесе несіне жарық дүние сыйладым? Баламның мүгедек жан болып өмір сүруі керек пе?
Мені тыңдағандарыңызға рахмет, енді жазатын менде күш-дәрмен де жоқ!
Динара,
Солтүстік Қазақстан облысы