Құрметті «Алаш айнасы»! Менің сүйікті интернет порталыма айналған «Алаш айнасына» хат жолдауға бел будым. Мен «Отбасы – ошақ қасы» айдарын үзбей оқитын оқырманның бірімін. Бала тәрбиесімен үйде отырған аналарға таптырмайтын дүниенің біріне айналды. «Отбасы – ошақ қасы» айдарында әртүрлі адамдардың тағдыры жайында жазылған әңгімелерді үзбей оқимын.
Көптеген оқырман оған өздерінің пікірлерін қалдырып, ой бөліседі. Мен де өзімнің пікірімді қалдырып отырамын. Қиналған жандардың орнына өзімді қойып, қатты қиналатын да жайым бар. Міне бүгін қолыма қалам алып, өзімнің басыма түскен ауыр жағдайды жазып сіздерге сырымды ақтарғым келіп отыр.
Мен оңтүстік өңірдің тумасымын. Оңтүстіктің тәрбиесіне қанық адаммын. Бала күнімізде ата-әженің тәрбиесін көріп өстік. Анам мен бір жасқа келген кезде жұмысқа орналасып кетті. Сол кезден бастап мені әжем қараған екен. Әжем бақуатты кісі болатын. Үйдің тірлігін де, мал жайғап, тамақ пісіріп те үлгеретін. Сондай-ақ, үйге келген қонақтарды да күтетін еді. Бой жеткен кезімізде әжем өзінің ақылын айтып отыратын. Көпті көрген кісінің нақыл сөздерін ойыма түйіп өстім.
Алғаш мектеп қабырғасын аттағанда қасымда әжем болды. Өзі мені мектепке апарып, сабақтан шыққанша күтіп отыратын. Осылай әжеме еркелеп өскен немеренің бірімін. Мен мектепті бітіріп жоғары оқу орнына түскен кезде әжемнің көп айтатын ақылының бірі «Қызым тұрмысқа шыққанда ата-енеңді сыйла. Олар да сенің жақындарың. Ақ сүт беріп аялаған анаңнан кем көрме. Үлкеннің бетіне келіп, бажылдасып отырма. Атаңды өзіңнің асқар таудай әкеңнен кем санама. Ата-анаңды сыйламасаң сөз бізге келеді. «Мына қызды қандай көргенсіз адамдар тәрбиелеген» деп айтады. Мен өлген кезде тұрмысқа шықсаң, мұндай сөздерді естіп жаным жай таппасы анық. Сенің сыртыңнан айтылған әрбір балағат сөз, маған келіп тиеді. Себебі, мен сені тәрбиеледім» дейтін. Осы айтқан сөздерді құлағыма құйып, жадыма сақтап өстім. Әжемнің айтқаны айдай келді. Әжем менің тойыма қатыса алмады. Мен екінші курста оқып жүргенде ауырып қайтыс болды. Өзі аздап мазасы қашып жүргенде «Құдайым-ау, төсек тартып көп жатқыза көрме. Балаларыма салмағымды салдырма. Төсек тартқызбай алағаныңа разымын. Ақылымнан адастыра көрме. Балаларымның алдында сыйымды қашыра көрме» деп жиі айтып отыратын. Әжемнің бұл сөзін естіген кезде, таңғалатынмын. Жас болғандықтан болар, ол кісінің айтқан сөздерінің түпкі мәніне зер салмаппын.
Әжем өмірден өткен кезде қатты қиналдым. Себебі, анамнан артық көретін жанның бірі еді. Әрдайым қасымда ақыл айтып отыратын асыл әжемді күнде сағынып жүрдім. «Өлгенің артынан, өлмек жоқ» деген тап рас екен. Тірі пенде болған соң, ары қарай тіршілігімізді жасап кеттік. Әжемнің жылы өткеннен кейін тұрмысқа шықтым.
Бізден екі курс жоғары оқыған орыс мінезді батыстың жігітіне тұрмысқа шықтым. Астана маңайында тұрады екен. Менің жолдасым үйінің кенжесі болды. Ол ата-енемнің қырықтан асқанда көрген перзенті еді. Сондықтан болар олар сүт кенжелері десе жеген асын жерге қоятын. Әжемнің айтқан ақылынын әрдайым іштей қайталап жүрдім. «Үй болған соң, ыдыс аяқ сылдырамай тұрмайды» деген рас екен. Енем қазақшаны дұрыстап сөйлей де алмайтын. Орыс мінезді болғандықтан болар, мінезі тік кісі еді. Ұнамаған қылығымды жасырмай айтып салатын. Кейде енемнің ол ісіне ызаланатынмын, оңаша қалып жылап та алатынмын. Сонда да енемнің бетіне келіп, артық сөз қайтарған емеспін. Менің сол мінезіме енем де разы болатын. Ашуы тарқаған кезде «балам екеуміз шай ішейік» деп әңгімелесіп отыратынбыз. Енем менің оңтүстіктің қызы болғанымды, қазақи тәрбие алғанымды жақтырмайтын.
Баласына мені тең көрмейтін. Болмашы нәрсеге қатты ашуланған кезде «балам сені алып қор болды, сен баламның басын айналдырып алдың» деп айқайға басатын. Іштей ызалансам да, сыртқа білдірмеуге тырыстым. Жолдасым жұмыстан келгенде сыр білдірмейтінмін.
Ол менің көзімдегі мұңды сезсе де артық ешнәрсе айта алмайтын. Әрине, оны түсінемін анасы болған соң артық сөз айта аламасы анық. Қиналсам да бәрін іште сақтадым. Ашуымды сыртқа шығарып енемді көрінген адамға жамандасам отбасымның ойраны шығарын түсіндім. Ата-енем менің қасымда өмір бойы болмайды. Олар зейнетке шыққан кісілер болғандықтан оларды үнемі сыйлауға тырыстым. Ата-енем мектепте 40 жылдай мұғалім болған кісілер. Балалармен жұмыс жасап әбден шаршағаннан да болар деп ойладым.
Менің атам да өте беймаз кісі. Анда-санда ащы суды сілтеп алатыны да бар. Ол кісіге ашуланғанда енемнің тілі мағанда тиіп кететін. Жолдасыммен отасқаныма он жыл болды. Бәріне де сабырлықпен қарап келемін. «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» деп әжем үнемі айтып отыратын. «Барған жеріңде тастай батып, судай сің» деген сөзді де жиі айтатын. Ата-анамның мыжыңдаған сөзінен шаршадым деп төркініне тайып тұратын құрбыларымды да көріп жүрмін. Кейбір құрбыларым «енең сөйлесе, қарап отырма. Сен де оған айқайлап таста. Өзінің орнын білсін» деп ақыл айтатындар да табылады. Бірақ, мен олардың сөзін құлағыма да ілмейтінмін. Мен тек әжемнің санама сіңіріп кеткен ақылын ған ұстануға тырысып келемін.
Осыдан екі жыл бұрын атам мен енем жол апатына ұшырап, енем жан сақтау бөлімінде көз жұмды. Ал, атам болса жарақат алып ауруханаға жатып қалды. Менің жолдасым әкесінен гөрі анасына қатты жақын еді. Анасы қайтқанда ол қатты қиналды. Ауруханадан шыққан атамды үйге алып келдік. Қазір атама өзім қарап отырмын. Бұрындары ащы суды ішетін атам, енемнен айрылғалы бері оны өзінің серігі етіп алды. Сыртқа шығып кетеді да араққа сылқия тойып келеді. Жұмыстан шаршап келген жолдасым әкесіне қатты ашуланады. Ашуға булығып «менің анамның өліміне сен кінәлісің» деп те айтып салады. Екеуі жиі жанжалдасып қалады.
Әйелінен айрылғалы бері атам араққа қатты салынды. Оны басқа балалары да біледі. Сау кезінде балалары «папа болды енді арақ ішпеңіз» деп айтады. Ол кісі болса жас баладай басын шұлғып отырады. Үйде ешкім қалмағанын пайдаланып сытылып сыртқа шығады да, араққа тойып келеді.
Жолдасым да әкесінен қатты намыстанады. Соңғы екі ай болды «атаңды қарттар үйіне өткіз» деп бой бермей жүр. Мен оның бұл сөзіне қарсы екенімді кесіп айттым. Бірақ, жолдасым «мен жұмыста кезде, араққа сылқия тойып алған әкемнің кесірі ия болмаса тілі тиіп кетер» деп қорқатынын сөз арасында айтқан еді.
«Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған, қартын қастерлеген» атам қазаққа жат қылық емес пе бұл?! Атамды қарттар үйіне өткізіп, өзім қалай тыныш жатпақпын? Қарттар үйі атамның қабырғасын қайыстырары анық. Немерелерін бір искеуге зар болып, қалай жатпақ атам?...
Үйге келген туыстар атаң қайда деп сұраса «қарттар үйінде» деп қалай айтпақпын?! Жолдасым қарттар үйіне хабарласып, әкесін сол жерге беруге бел буып отыр. Оны райынан қайтарамын деп әлек болып жүрмін. Айтқан сөзіме құлақ асар емес. Не істерімді білмей, қатты қиналып жүрмін. Атамызды қарттар үйіне өткізіп жіберсе, естіген ел-жұрт мені кінәлайды емес пе?! «Үйде отырып бір шалға қарай алмаған қандай оңбаған келін» деп айтса қайтемін?. Жолдасым атамды қарттар үйіне өткізетін болса, мен намыстан өліп кететін де шығармын.
Жолдасымның бұл әрекетін анам естіген кезде төбе-шашы тік тұрды. «Қой балам жолдасыңды ақылға келтір. Арақ ішті деп атаңды қарттар үйіне өткізіп, күлкі боларсың. Енесі қайтыс болды, ал енді атасын қарттар үйіне өткізіп, одан да құтылыпты деген сөзге қаласың. Әжеңнің тәрбиесін көрген баласың. Әжең саған атаңды қарттар үйіне өткіз деп тәрбиелемеген болар. Ақылға кел. Жолдасыңды райынан қайтар» деп айтты.
Жолдасыма ақылымды айтып, «мені ұятқа қалдырасың. Мен қалай ел-жұртқа қараймын» деп жылап та айттым. Ал, ол болса «әкемді қарттар үйіне өткізгенге сені кінәласа, оған өзім жауап беремін» деп бой бермейді. Осы екі айдың ішінде қатты қиналып кеттім. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдым.
Жолдасым неге әкесін қарттар үйіне өткізуге асығып жүргенін түсінбедім. Мүмкін, ащы суға сылқия тойған әкесінің боқауыз сөздерінен шаршаған болар. Бірақ, болмашы нәрсені сылтауратып әкесін қарттар үйіне өткізе беретін болса, әр үйде қарайып отырған қарттар қалмасы анық.
Енемді қайтыс болғанда өзіміз арулап жерлеген едік. Сол секілді атамды да ақтық сапарға өз үйінен арулап аттандырғым келеді. Қарттар үйінде ешкімі жоқ адамдай, жалғыздықтан құса болып кеткенін қаламаймын. Жолдасымның бұл әрекетіне қазірден қарсы болып, кедергі жасамасам, кейін атамның жүзіне қалай қараймын. Маған ренжіп өтсе қайтемін. Қанша араққа салынып ішсе де, атамды сыйлаймын.
Құрметті «Алаш айнасының» оқырман қауымы, басыма түскен осы бір қиындықты айтып сіздерге мұңымды шағып отырмын. Жолдасымды райынан қалай қайтарамын? Не істерімді білмей дал болып жүрген жайым бар. Атамды қарттар үйіне өткізбей алып қалудың қандай жолы бар? Білгендеріңіз болса ой бөлісіңіздерші. Сіздердің пікірлеріңізге мұқтаж болып отырмын, оқырман қауым...
Гүлсім, Ақмола облысы