"Алаш айнасы" интернет-газетінің оқырмандары! "Отбасы-ошақ қасы" айдарында махаббат пен төсек айналасында шектеліп қалмай, қоғамға пайдалы, салт-санамызға қатысты мәселелерді де ортаға салып, ойымызды білдіріп тұрғанымыз дұрыс-ау!
Менің әкем ата-анасының тұңғыш ұлдары. Анам мен әкем жиырма үш жастарында үйленіп отау құрыпты. Атам мен әжемнің үлкен балалары болғандықтан дүркіретіп той жасапты. Осылайша ата-әжеммен бірге тұрған ата-анам алғашқы сәбилерін күтіп жүреді. Күндердің күнінде "іңгәләп" шекесі торсықтай ұл, яғни дүниеге мен келіппін. Қазақтың салтымен тұңғыш немересін атам мен әжем бауырына басып алады. Қарсы болмаған ата -анам мені қуана атам мен әжеме береді. Маған тоғыз ай толғанда анам жұмысқа да шығып кетіпті. Мен ең алғаш тілім шыққанда айтқан сөзім "ата", "әже". Тегімді де атам атына жаздырыпты.
Мен - атамның баласымын! Анамды-тәте, әкемді-аға деймін. Үйдегі барлық тәтті менің аузымда. Айтқаным-заң! Ас ішкенде төрде атамның алдында отырамын. Атам қалтасынан бәкісін шығарып етті ұсақтай етіп турайды маған және өзіне. Қайда барса да мені қастарынан қалдырған емес. Ұйықтағанда атамның қасында ұйықтаймын. Ертегілері мен қызықты тарихи оқиғаларын тыңдаймын. Атам- аймаққа белгілі темірден түйін түйген ұста еді. Мені қасына алып дүкенге барып ел-жұртқа керекті заттарды жасап, істен шыққан дүниелерін жөндеп жүретін едік.
Осылайша менің ата-анам бөлек шықты. Дүниеге тағы туған бауырларым мен қарындастарым келді. Әкемнің інілері де үйленіп олардың да балалары болды. Ата-әжем барлық немересін бірдей жақсы көріп тұрса да маған деген көңілдері ерекше еді. "Атасының баласы" деп бүкіл немерелерінің өзі маған ерекше ілтипатпен қарады. Ата -анам бөлек тұрса да мен ешқашан ол үйге барып қонған емеспін. Анамды туыс әпкемдей көрдім. Анам да маған жеке жерде "балам" деп еміренген емес. Көрші ауылдағы нағашыларыма ата-анам қыдырып бара кезде, бала емеспін бе қызығып кетемін. Соны байқайтын болу керек, атам "құдалар үйіне барып кел" деп жіберетін еді. Құданы құдайындай сыйлаған қазағымның тәрбиесі қандай еді шіркін, туған нағашы әжем мен атам мені "құданың баласы келді" деп, ерекше сый-сыяпаттарын көрсетіп, жылы-жұмсақтарын аузыма тосып жатады. Ол кісілер өмірі бетімнен сүйген емес. Нағашы әпкелерім мен ағаларым да іштей тартып тұрса да сыртқа шығармайтын еді. Мен де негізі әкем мен анамның кім екенін сезсем де оларға жақындау деген ойыма келген емес. Маған ата мен әжемнің махаббаты жетерлік еді. Кішкентай кезімде аяғым сынып ауруханада әжеммен бірге жатым. Атам анамды емес, әжемді жіберді. Алтыншы сынып оқып жүргенде мектепте тәртіп бұзып, ұстазым "бар әкеңді шақырып кел!" деп әкемнің атын айтқанда, "менің әкем ол емес" деп есікті тарс жауып ыза болып шығып кеткенім есімде.
Мен оқу бітіріп, қалаға оқуға кеттім. Алматыдағы әскери оқуға түсіп, жарты жылдан соң оқудан шығып кеттім. Әкеме айтпай атама арнап хат жаздым. Әкем білсе менің оқудан шығуыма рұқсат бермейтінін білем ғой, сондықтан атама арнап жаздым. Негізі менің қайда оқуға баратынымды не істейтінімді әкем шешетін еді. Әкесінің сөзін қимады ма білмеймін, әкем қанша ыза болса да маған ұрыспады. Білем, мен атамның жанды жерін басып, өзінің маған деген махаббатын пайдаландым. Кейіннен мен басқа оқу орнына түсіп, қызметке тұрдым. Атам қайтыс болды. Өзімді далада қалғандай сезіндім. Бірақ әжем атамның жоғын білдіртпеді, барлық балаларына айтып менің жағдайымды жасатып отырды. Әкемнің барлық інілері өз балаларынан бұрын ең бірінші менің жағдайымды жасауға тырысты. Соған үйренген мен біраз өмір сүру жағынан әлсіз болдым. Бір қиындық түссе ағаларыма жүгіремін. Дайынға үйреніп қалған маған біраз қиындау болды. Тіпті туған інімнің өзі менің ағам сияқты еді. Ол мен сияқты ерке өспеген қаталдыққа үйренген, өз мәселерін шешіп тіпті маған үйретіп отыратын. Ата мен әжем сияқты құнды заттарымды төсегімнің басына қойып қоятын әдетім бар еді, қазір күлкім келеді. Ақшамды да сол төсек басына жасыратын едім.
Әскери жұмысқа тұрған соң әскери өмір буыныңды қатайтады екен. Отбасылы болдым. Жауаптылық, мықтылық деген қасиеттерді бойыма сіңіре бастадым. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген әжем де өмірден өтті. Қимастықпен қоштастым. Кейде отырып қатты сағынатын кездерім де болады. Атамның тері сіңген тақиясының иісін аңсаймын. Әжемнің мейірімге толы әжім басқан қатпарлы қолдарын сағынамын. Менің риза болатыным ата-анам әкем мен анама ешқашан қарсы тәрбиелеген емес. Олар туралы тек жақсы сөз айтып отырды. Тіпті есімдерімен атауға үйретпей анамды "тәте" деп айтқызды. Қанша атаң мен әжеңнің баласы болсаң да туған анаңды тартып тұрады екенсің! Білмеймін, ата әжем қайтыс болғаннан соң ба қазір анамды іштей тартып тұрамын. Кейде бетінен сүйіп еркелегім де келіп кетеді, бірақ олай жасауға батылым бармайды. Анам да басқа балаларынан қарағанда маған еркеше қарайтын сияқты. Қолында барын бірінші маған беруге тырысып, көп көңіл аударып жатады. Бірақ ол кісі де ашық еміреніп, еркелеткен емес. Тек сыртымнан атымды еркелетіп айтатынын байқадым. Арамызда бір сыйластық пен шектеу бар. Нағашы әжем әлі күнге дейін мені "құда бала келді" деп жатады. Немерем демейді "құда бала" деп қояды. Ол кісінің де маған деген мейірімі ерекше екенін байқаймын. Адам болғасын бәрін сезесің ғой. Ал әкемнің туған-іні қарындастары мені нағашыларым мен анамнан қызғанып жатады. Арасында анама "біздің балада неңіз бар" деп әзілдеп қояды.
Қазір менің де балаларым өсіп келеді. Айналдырған екі балаңды қалай бересің? Бір жағынан ата-анаңа бақтырып, қартайғанда қиналдырғым да келмейді. Ата-анам менің балаларымды қолына алатындай үйде отырған жандар емес, қызметте. "Қазіргі бала тәрбиесі қиын. Қалада өз қолдарыңда болсын, ауылда жағдай жоқ баланың болашағына балта шаппалық, анда-санда каникулда жіберіп тұрсаңдар да болады!"- десе, кейде "өзімнің балаларымды бақпағанмын, барлығын енем баққан. Қартайғанда бала бағар шамам жоқ" деп әзілдейді. Ата мен әже тәрбиесін бойыңа сіңіру деген ерекше екенін қазір ұққандаймын. Бойыңа бір мейірімділік пен сөзбен айтып жеткізе алмайтын ерекше қасиеттер беріледі екен. Бірақ, бір "әттегені-айы" бар екен. Ол туған бауырларыңа алыс боласың! Қанша тартып тұрсаң да арамызда бір суықтық бар. Олар бір төбе мен бір төбе. Атам мен әжемнің көзі кеткен соң кейде өзімді жалғыз қалғандай сезінетін кездерім де болады. Бірақ, ата мен әже тәрбиесін көрген мен өзімді бақыттымын деп ойлаймын, өйткені ата мен әжесін көрмеген достарым маған қызығып жатады.
Қазіргі уақыттың ата-әжелері "современный" болып кеткен сияқты. Немерелерін алыстан иеленіп отырады. Ал бауырына басуды қиындық көретін сияқты. Кейбір әжелер қалада тұратын балаларын жұмыста деп еріксіз қолдарына алып жатады. Қазіргі заманда баланың өз ата-анасында болғаны дұрыс сияқты. Бауырына салудың пайдасы қандай? Ата мен әже тәрбиесін көрген баланың ерекшелігі неде? Ата-әженің өздерінің баласы қылып «меншіктеп» алған дұрыс па?