Араққа салынған жездем үшін алаңдаймын...
"Отбасы - ошақ қасы" айдарының оқырмандары, әпкемнің жағдайы жаныма батқан соң Сіздерге хат жазуға бекіндім. "Арақ" деген пәлені кім ойлап тапты екен, сол пәледен құтылу жолы бар ма? Сол арақтың кесірінен бір отбасы тағдыры құрдымға кеткелі тұр!
Мен екінші курс студентімін. Әкем - электрик, анам - кітапханашы. Әпкем және інім бар. Айтайын дегенім, өзіме қатысты емес. Жаныма батып жүргені туған әпкемнің күйеуі, яғни жездеме байланысты.
Әпкем Күлсара осыдан он бес жыл бұрын жездем Серікке тұрмысқа шыққан. Қазір үш балалары бар. Жездеммен бес жыл кездесіп, бірін-бірі сүйіп үйленген еді. Екеуі де бір ауылдың балалары. Бірін-бірі бала кезден біліп өскен.
Жездемнің де ата-анасы да жақсы адамдар. Құда мен құдағи болып біздің отбасымызбен қарым-қатынастары да тамаша. Жездемнің де екі інісі және бір қарындасы бар.
Бір ауылда өскен Күлсара әпкем мен Серік жездем Қарағанды қаласында бірге оқыған. Екеуі де жоғары оқу орнын тәмамдап, диплом алған соң шаңырақ көтерген. Күлсара әпкем-мектепте математика пәнінен сабақ береді, ал жездемнің өз жеке тірліктері бар. Өздеріне жететін шағын бизнесі де бар десем болады.
Сырт көрген адам қызығатындай ұйып отырған шаңырақ. Сырты бүтін, іші түтін десе де болады. Ол отбасының басқа түскен қасіреті-жездемнің араққа құмарлығы. Осы араққа құмарлық бір жанұяның шырқын бұзып отыр. Жездем ішпеген күні-адам, жездемнен артық асыл адам жоқ. Ал, бір ішсе апталап, айлап ішуге бар. Ішкен кезде апталап үйге қонбайды, тіпті айлап жоғалып кетеді. Басқа қалаларға да ішіп кетеді. Әпкем барлық жағдайды жасауға тырысты. Оңай берілмеді. Әпкем жездемді дін жолына да итермелеп көрді, әулиелердің жатқан жерлеріне де апарды, мал сойып қан да шығарды. Дәрігерге қаратып та көрдік. Наркологиялық орталыққа апарып қазіргі медицина қолданып жүрген ампула тігу, құлыптау-кодирование де жасатты. Бірақ еш нәтиже жоқ. Уақытша қояды да артынан қайтадан әдетіне басады.
Емшілердің қазақ-орыс, татарына дейін барды. Әпкем жылап та ұрысып та айтты. Әбден ішіп болғанна кейін ант су ішіп, «енді қоямын» деп артынша сол әдетке басады. Араққа салынған адам өзі ақылға келмесе, емдетудің, дұғалаудың, жылаудың пайдасы онша жоғары емес деп ойлаймын. Бірақ алкогольге тәуелділікті жазылмайтын ауруға жатқызуға болмайды деп те ойлаймын. Әпкемнің қаншама денсаулығы, қаншама ақшасы кетті осы арақпен алысамын деп. Мен сол үйде тұрғандықтан бәрін көріп, бәрін біліп жүрген соң әпкем үшін де жездем үшін де жүрегім ауырады. Жездемнің бір жақсысы ішсе әпкемді ұрмайды, миын жеп сөйлемейді. Тек сол айлап апталап қаңғырып кетеді. Кіммен, қайда не істеп жүр белгісіз. Қалта телефоны да сөндірулі. Қалтасында ақшасы таусылып, араққа тойынған соң өзі келіп тұрады. Әпкем бір жылап, бір айқайлап күйеуін кешіріп күн кешіп жатыр.
Ата-анам осыдан он жыл бұрын бір баласы бар кезде жездем бір ай үйге келмей қойғанда «ажырас» деген еді, әпкем тыңдамаған. Анам «мұндай күйеу керек емес, бір ғана бала барда ажырас, балаң үшін өмір сүр» дегенде әпкем тыңдамай қойды. Содан кейін ата-анамызға бір рет те айтқан емеспіз. Әпкем күресе-күресе өзі шаршады. «Бұлай күнім мен түнімді жылаумен өткізгенше ажырасып кеткенім дұрыс шығар» дейді. Жездем де араққа салынып жүріп бір жамандыққа ұрына ма деп те қорқамын. Ажыраспай қалай шығуға болады осы қиындықтан, оқырман. Естіп, көрген-білгендеріңіз болса ақыл қосып, кеңес берсеңіздер екен. Қызылордалық емші бала арақты қойғызады деп те естіп едік, сол жайлы білгендеріңіз болса да айтсаңыздар екен.
Динара