Арада үш ай өткенде аяғымның ауыр екенін білдім

Арада үш ай өткенде аяғымның ауыр екенін білдім

Мен өзімді дүниедегі ең нашар, ең ақымақ адаммын деп есептеймін. Әйтеуір, сыртым &ndash бүтін, ішім &ndash түтін. Айналаға өтірік күліп, бергі жағым жылтырағанмен ішкі дертім мені жегідей жейді.

 

Тұла бойы тұңғыш баласын бауырына баса алмай, шетелге қаңғытып жіберген ана қайбір оңушы еді?.. Мен өзімнің басымнан өткен оқиғаны жастарға сабақ болсын деп «Алаш айнасына» жазып отырмын. Мені танитындар бұл оқиғаны оқыса, менен теріс айналып кетер, сондықтан атымды өзгерттім. Батылсыздығым үшін көпшіліктен кешірім сұраймын.

 

Қалай бастарымды да білмей отырғаным... Мен әжемнің тұңғышынан көрген тұңғыш немересі болғандығымнан ол кісі мені алақанына салып өсірді. Өйткені әжем үшін менің әкем бүкіл әлем еді. Қалған алты баласынан әкемнің орны бөлек. Әлі күнге дейін солай.

 

«Жеті айлық болып дүниеге келгеніңде әжең сені адам қылып алды» деп үйдегілер айтып отыратын. Менің түрім де, мінезім де, тіпті қорқақтығым да әжеме ұқсайды. Кішкене кезімде қатты дауыстан, бөтен адамнан, иттен, қатты желден, найзағайдан қорқатынмын, қысқасы, қорықпайтын дүнием жоқ. Бірақ өзімнің кішкенелігім мен нәзіктігіме қарамастан 2-3 жасымда тақылдатып тақпақ жаттап, ән айтып, би билеп жұртты таңғалдырады екенмін. Сол кезде әкем менің айтқан тақпақтарым мен әндерімді «романтик» деген магнитафонға жазып алған таспалары әлі бар. Алғашқы баланың әр қылығы ата-анаға қызық қой. Кейіннен соңымнан сіңілім мен үш інім туылды. Үйдің үлкені болғандықтан үнемі анам маған «сен сабақты жақсы оқуың керек, өзіңнен кейінгілерге үлгі бол» деп айтып отыратын. Мектепте кілең беске оқитын оқушы болдым. Бірнеше рет аудандық, облыстық олимпиадалардың жүлдегері атандым. Мектептің барлық мәдени шараларына қатысудан алдыға жан салмайтын белсенділер қатарында жүретінмін. Әжем, ата-анам, туған-туыстарым мені мақтан тұтатын. Солардың үмітін ақтау үшін сабақты жанымды салып оқуға тырыстым.

 

9-сынып оқып жүргенде сыныптағы қыздар жоғары сыныптардың отырыстарына, би кештеріне барып жүргенде, менің үйден шығуға уақытым да бола бермейтін, оның үстіне анам сіңілім екеумізді кешке ешқайда жібермейтін. 10-сынып оқып жүргенімізде біздің сыныпқа көрші ауылдан жаңадан бала келді. Өзінің түрі сондай сүйкімді, бойы ұзын болатын, бірақ өте бұзық, қиқар бала екен. Сынып жетекшісі оны бірінші партаға менің жаныма отырғызды. Өйткені ол біздің ауылға директор болып келген апайдың баласы екен. Сондықтан оны жақсы оқитын қыздың қасына отырғызу керек болған болу керек. Сонымен, Арнұрмен парталас болдық. Оның түр-келбеті оқушыдан гөрі үлкен жігітке келетін. 10-сынып оқып жүрген кезде Арнұр бізден бір сынып жоғары оқитын Әлима деген қызбен жүрді. Екеуміз бірігіп Әлимаға хат жазатынбыз. Парталасым екеуміз кейде тату, кейде ренжісіп қаламыз. Оның бір орнында байыз тауып отыра алмайтын тынымсыздығына, кеудемсоқтығына жыным келетін. Кейде ашуым келгенде кітаппен басынан қойып қалған кездерім де болды. Сөйтіп жүріп 10-сыныпты да аяқтадық. 11-сыныпты оқып жүрген күндердің бірінде Арнұр маған: «Кейін екеуміз үйленгенде де мені кітаппен ұрасың ба?» демесі бар ма. Мен сасқанымнан: «Саған кім тиейін деп жатыр» дедім. Ол: «Бәрібір сені алмай қоймаймын» деді. Бірақ Арнұр сөзінде тұра алмады...

 

11-сыныптың жаңа жылынан бастап Арнұр менің қыр соңымнан қалмады, мектепке сөмкемді көтеріп барады, көтеріп қайтады, мереке сайын гүлін, сыйлығын әкеледі. Мектеп бітіріп қалаға кеткен Әлима жайына қалды. Туған күнімде таңертең сыртқа шықсам, жігітім қақпаның алдын гүлге толтырып тастапты. Сонымен, Арнұр екеуміз мектеп бітіргенше жұбымыз жазылмай жүрдік. Мен мектепті үздік бітіріп, Алматыға келіп ҚазҰУ-ға құжаттарымды тапсырып, емтиханға дайындалып жүрдім. Арнұр менен 10 күндей бұрын Алматыға келіп әскери оқу орнына тапсырған болатын. Мен емтихан нәтижесін күтіп жүрген күндердің бірінде Арнұрдың әскери оқу орнына түсуіне орай салтанатты ант қабылдау рәсіміне де қатыстым. Әскери оқу орнында оқу қиын, тәртіп қатал ғой. олардың сабақтары шілденің аяғында басталып кетті. Өзінің ұшқалақ мінезінен Арнұр әскери оқу орнында оқи алмай қиналды. Бір күні университеттен келсем, ол мен тұратын жатақхананың алдында мені күтіп отыр екен, ұнжырғасы түсіп кетіпті. Сөйтсем ол казармадан қашып кеткен екен. Арнұр маған оқығысы келмейтінін, ауылға қайтқысы келетінін айтты. Сол күні Арнұрды қайта казармаға қайтуға көндіре алмадым. Сөйтіп екеуміз оның анасына хабарласып мән-жайды түсіндірдік, ол кісі бір-екі күнде қалаға келетінін айтты. Анасы келгенде баласына ұрсып-ұрсып, ақылын айтып, оқуына қайта орналастырып кетті. Бірақ Арнұрдың шыдамы бір-ақ айға жетті. Ол тағы да маған ауылға қайтатанын, келесі жылы сырттай оқуға түсетінін айтып келіпті. «Екеуміз үйленейік, сен де сырттайға ауыс, ауылда тұрайық» деп мазамды алды. Ал мен болсам, оған екеуміз де оқуымызды жақсы бітірсек, үйленетінімізді, жақсы жұмысқа орналастынымызды, қалада тұратынымызды айтып, оны райынан қайтаруға тырыстым, егер әскери адам болғын келмесе, басқа мамандыққа ауысуды қарастырайық дедім. Ол біраз көнгендей болды да, бірақ көп ұзамай ауылға қайтып кетті. Арнұр кетіп қалғаннан кейін өзімді қалада жалғыз қалып қалғандай сезініп, біразға дейін көңіл қошым болмай жүрді. Мен тұрмысқа шыққанша Арнұрмен жақындаспауға өзіме сөз беріп, барынша тырыстым. Бірақ ол менің жанымды қоймады. Ол ауылға кеткен соң үш ай өткенде мен аяғымның ауыр екенін білдім. Алғашында өз-өзіме сенбедім. Анда-санда Арнұрмен телефон арқылы сөйлескенде жүкті екенімді айтайын деймін де, қысылып айта алмаймын. Маған сонша үміт артып отырған ата-анамды ойладым, ауылдағы пыш-пыш әңгіме көзіме елестегенде басым шыр айналды. Арнұрдың анасы менің ата-анама: «қыздарың екіқабат болған соң ұлым амалсыз үйленетін болды» деп айтатындай болатын да тұратын. Сонда әке-шешем жерге қарайды-ау деп өзімді-өзім жеп қойдым. Не істерімді білмей жүргенде уақыт өте берді. Маған ішімдегі баланы алдырып тастауды ойлаудың өзі қорқынышты болатын. Сөйтіп жүргенде құрсағымдағы нәресте қимылдай бастады. Не болса да баланы дүниеге әкелуге бел байладым. Бірақ ешкімге айтпадым. Ішім де аса білінбеді. Жатақханада қыздармен тұратынмын, қалада тұратын тәтеме анда-санда барамын. Ол кісі де ештеңе байқамаған секілді. Сонымен, босанатын уақытым жақындағанда тәтеме басқа қалаға практикаға барамын деп сылтаураттым да, перзентханаға жаттым. Екі аптадан кейін ай-күнім толып дүниеге қыз әкелдім.

 

Құшағыма кіп-кішкентай, тәп-тәтті бөпемді алғанда дүниенің бәрін ұмытқандай болдым, бірақ оны қайда апарарымды білмей далмын. Сонда маған бір дәрігер бөпемді уақытша бөбектер үйіне орналастыра тұруға болатынын, кейін қалаған уақытыңда алып кетуге болатынын айтып түсіндірді. Сонымен не керек, өз қолыммен баладан уақытша бас тартанымымды айтып, өтініш жаздым да, қызымды бөбектер үйіне орналастырдым. Босанған күнім бірінші семестрден кейінгі демалысқа дөп келген болатын. Екінші семестрде оқуымды қайта жалғастырдым. Сонда сенбі-жексенбі күндерін асыға күтетінмін. Демалыста сәбиімнің жанына барып 2-3 сағаттай онымен далада серуендеймін, мауқымды басамын. Сол 2000 жылдардың бас кезінде менің Тұмарым секілді тастанды бөпелер бөбектер үйінде өте көп болатын. Осындай бөпелерді шетелдік жұптар келіп жиі асырап алып жатқанын көзім көрді. Олар өздері асырап алайын деп жүрген балаларына күнде келіп, фотоға, камераға түсіріп, оны қыдыртып, қылықтарын қызықтап жүретін. Осылай күн зулап өтіп жатты. Жазғы демалыста ауылға бардым. Арнұр екеуміз бұрынғыдай телефонмен сөйлесуді де сиреткенбіз. Үйге бара сала әжемді құшақтап ұзақ жыладым. Әкем мен анама салқын ғана амандасыппын. Оны өзім де байқамадым. Көз жасымда көлдетсем де, ешкімге қаладағы өткізген күндерімді тіс жарып айта алмадым. Олар мені студент болып жақсы оқып жүр, ауылды сағынған ғой десіп жатты. Әжем ғана менің көзімдегі мұңды оқығысы келгендей жаутаңдай берді...

 

Ауылға барған күннің ертеңінде Арнұрды көрдім. Ол кешке қарай біздің ауланың маңына келіп, мені шақырып кел деп бір баланы жұмсаған екен. Мен Арнұрдың әлсіздігіне, жауапсыздығына ыза болып, өзімнің басымнан өткендердің бәріне іштей соны кінәлап жүргендіктен бе, оны тіпті сағынбаған секілдімін. Ал ол мені жылы қарсы алды. Әңгімелесуге зауқым болмаса да ананы-мынаны сөз етіп біраз отырдық. Мен оған екеуміздің арамызда бала бар екенін айтпадым. Бірақ уақыт өте келе айтармын, бір шешім қабылдармын деп іштей түйдім де қойдым.

 

Осыдан кейін 2-курстың қысқы демалысында ауылға келдім. Арнұр Павлодар қаласына сырттай оқуға түсіпті, бос уақытында ылғи ауылда, ата-анасының жанында екен. Осы кезде шыдай алмай Арнұрға екеуміздің кішкентай бөпеміз бар екенін, оны екеумізден басқа ешкім білмейтінін, осы уақытқа дейін ешкімге тіс жара алмағанымды айтып әбден жыладым. Ол мені құшақтап, қуанып, бірден менімен бірге Алматыға барып сәбиін көргісі келетінін айтты. Мен одан әзірге бұл жағдайды ешкімге айтпауын өтіндім. Сөйтіп, екеуміз Тұмарға бірге келдік. Үшеуміз бақытты отбасындай күні бойы бірге болдық. Арнұр екеуміз жаз шыға үйленетінімізді, сол уақытқа таман ата-анамызға бәрін түсіндіретінімізді ақылдасып, ол ауылға қайтты.

 

Көп ұзамай 2-курсты да бітірдім, жаз шыға сала ауылға асықтым. Бар ойым - Арнұрға тұрмысқа шығар кезде ата-анама барлық шындықты айтамын, олар мені кешірер ме екен деп қобалжып жүрдім. Ауылға келсем, үйдегі 11-сыныпта оқитын сіңілім, «сенің Арнұрың басқа қызбен жүріп жүр. Соған үйленетін шығар» деді. Жүрегім зырқ ете түссе де, сыртқа білдірмей, неде болса көрерміз дедім де қойдым. Кешке Арнұр келді, біртүрлі көзіме тіктеп қарамайды. Біраз отырғаннан кейін: «Өзің де естіген шығарсың, түсінесің ғой. Менің басқа қызым бар...» деп күмілжіді. Басым айналып, көзім қарауытып, аяғым дірілдеп кетті. Бірақ сонда да сыр білдірмей: «Бақытты бол!» дедім де бұрылып кетіп қалдым.

 

Жазғы демалысым бітпегеніне қарамай қалаға қайтып келдім де жұмысқа орналастым. Сабағым басталғанда да, бос кезімде жұмыс істеп, Тұмарға жиі-жиі барып тұратын болдым. Сөйтіп жүргенде күндердің күнінде мені қалаға Арнұр іздеп келіпті. Өзі ішіп алған. «Сені алып қашуға келдім. Анам құда түсіп алмаймыз, сені алып қашып кел деп айтты. Мен қызым екеуіңді алып кетуге келдім деді». Менікі жастық ақымақтық па, намыс па, білмеймін, мен оған «Менің басқа жігітім бар, Тұмар сенің қызың емес» дедім. Ол бірден есін жинап алды да: «Жоқ, ол менің қызым, менен аумайды» деді. Осы уақытта мен оның өздігінен өмір сүруге бейімделгісі келмейтініне, анасынан алыстамай тәтті-дәмдісін жеп үйінен ешқайда шыққысы келмейтініне көзім жете түскен еді. Өздігінен шешім қабылдай алмайтын ынжықтығына қарап мен оны жек көріп кеттім. Онымен ортамызда бала бар екенін біле тұра, алақандай ауылда басқа қызбен жүріп, махаббатымызға сатқындық жасады. Осының бәріне ашуланып, мен оған: «мен сені жек көремін, кет» дедім. Сол күннің ертеңінде ол маған ерегісіп көрші ауылдың 1-курсқа түскен қызын ауылға алып қашып кетіпті. Мен оны кейін сыныптастарымнан естідім. Сонымен, біздің арамыздағы байланыс үзілді.

 

Осы оқиғадан кейін менің бар ойым оқуымды бітіріп, өз аяғымнан тік тұрып, ата-анама айтып, Тұмарды асырап алу болатын. Сонымен, 4-курсты бітіріп, диплом алуыма санаулы күндер қалғанда қатты ауырып қалдым. Ұзақ уақыт төсектен тұра алмай жаттым. Осы уақыт ішінде Тұмарыма бара алмай, сағыныштан әбден сарғайдым. Ауыр науқастан бір жыл дегенде айықтым. Сөйтіп, алып-ұшып бөбектер үйне келсем, Тұмарым жоқ. Көз жасымды көл қылып меңгерушіден сұрасам, ол: «Бір жыл бойы баланы ешкім іздеген жоқ. Біз кішкене балаларды 3-4 жастан ары қарай мұнда ұстамаймыз. Сіз өз балаңыздан бас тартқансыз. Мен сізге оның қайда екенін айтуға хақым жоқ деді. Күні бойы бөбектер үйінің жанында жылап отырдым. Сонда қасыма бір тәрбиеші келіп, «Қызым, сенің балаңды шетелдік жұп асырап алды. Тұмар сондай сүйкімді бала ғой. Осында келгендердің бәрінің көзі соған түсетін. Осы уақытқа дейін ешкімге бермеп еді. Өткенде бір жұп қатты қиылып жүріп, Тұмарды асырап алып кетті. Көп ақша берген болу керек, сірә» деді. Тұмарым қазір қайда екен, балапаным. Менің Тұмарымды іздеп жүргеніме 10 жыл болды. Қазір өзім тұрмысқа шықтым, екі балам бар. Жолдасыма жас кезімде ойнап жүріп от басқанымды түсіндірдім. Менің бақытыма орай күйеуім өте жақсы адам. Екеуміз бір салада жұмыс істейміз, табысымыз да жетерлік. Ол маған қашанда қолдау көрсетіп отырады. Тек бар арманым - Тұмарымды табу. Қайтарып ала алмасам да, бір көруді армандаймын.

 

Мен басымнан өткен оқиғаны осы жақында ғана әжеме айтып бердім. Ол кісі анама өзі түсіндіріпті. «Екеуі де мені, балам-ай, сормаңдайым-ай» деп құшақтап жылады. Амал қанша, осыншалықты ақымақ болар ма едім?..

 

Арнұрдың да қазір бала-шағасы бар. Оның ата-анасы бұл оқиға туралы білетін болуы керек. Жақында Арнұрдың мамасын көріп қалдым. Ол кісі маған жылы шырай танытып: «Балам-ай, сендердің обалдарыңа қалдық-ау, бақытты бол!» деді де қойды.

 

Мен ешкімді кінәламаймын. Бәріне бір өзім, жалғыз өзім кінәлімін. Өкінішім өзегімді өртейді...

 

 

Автор: Мәдина, Алматы

alashainasy.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста