Алып қашудың құрбанымын

©nur.kz

Жақында «Алаш айнасынан» «Қыз алып қашу адам ұрлау ма?» деген мақаланы оқып осыдан он жыл бұрын өзімнің басымнан өткен оқиға көз алдыма келді. Мен алып қашудың құрбаны болған жанның бірімін. Қыз алып қашуды кім қалай түсінеді, өзі біледі ғой. Біреулер алып қашу қазаққа тән дәстүр, біреулер қылмыс деп жатады. Менің ойымша егер екі жас өз жүрек қалауымен отау құруға бел байласа, жігіт қалыңдығын құда түсіп алса да, алып қашып кетсе де әбестік болмас еді. Бірақ өкінішке қарай, көп жігіттеріміз ұнатқан қызына сөз салуға жігері жетпей бас салып алып қашып кетеді. Ал сол қыздың өзін ұнатпақ түгілі танымайтынында шаруасы жоқ.
Мен еліміздің оңтүстігінде Бәйдібек ауданында туып өстім. Отбасында төрт ағайынды едік. Екі ағам және бір әпкем бар. Әпкем деп отырғаным – өзімнің сыңарым Шолпан. Менен 15 минут үлкендігі бар. Анам өмір бойы мектепте ұстаздық еткен жан. Ал әкеміз ауылда беделді адам еді. Ол кісі біздің кішкене кезімізде ауыр науқастан қайтыс болды. Төртеумізді өсіріп-жеткізу анама ғана жүктелді. Үлкен ағам Талғат Шымкент қаласында жоғары оқу орнын бітіріп, ауылдың мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып орналасып, бізге әкеміздей қамқорлық жасады. Үйленді, балалы-шағалы болды. Ал екінші ағам мектепті жақсы бітіріп, Алматыдағы қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетіне түсті. Оқуын бітіріп, жарты жылға Түркияға оқу практикасына барғанда ол адам қолынан қаза тапты. Самат ағамның қазасынан кейін анамның денсаулығы нашарлап кетті. Сыңарым Шолпан екеуміз анамыз бен үлкен ағамыздың қас-қабағына қарап, олардың көңіліне кірбіің түсірмеуге тырысып өстік. Мектепте жақсы оқыдық, кешке көшеге шығу, би кештеріне бару дегенді білмейтінбіз. Он бір жылдықты бітіргеннен кейін Шолпан Алматыға оқуға кететін болды. Ал мен алысқа кетуге анамды қимай бір жыл жоғары оқу орнына тапсырған жоқпын. Келесі жылында Кентау қаласындағы университетке түстім. Апта сайын анамды көру үшін үйге келіп тұратынмын. Мен Шолпан секілді нәзік, ұстамды емеспін. Мінезім еркекшоралау, тікмінезділеу болған соң, анам мені «ұлым да, қызым да осы» деп еркелетіп отыратын.
Он сегізге толған қыз бала нағыз бойжетіп, құлпырып тұрған гүл секілді ғой. Студент кезімізде жанымдағы құрбы қыздарым әдемі көйлек киім, биік өкше аяқ киім киіп, боянып, сыланып жүргенде мен үстімнен джинсы шалбар мен жейде, аяғымнан жайпақ аяқкиім тастамайтынмын. Жатақханада тұратын қыздарға жігіттер келгіштеп жүреді. Бірақ өзім жігіттердің өзіме сөз айтпақ түгілі маған қарата әзілдегенін көтере алмай, ренжіп қалатынмын.
Бір күні сенбі-жексенбіге ауылға барып келмекші болып автобекетке келдім. Ары тұрдым, бері тұрдым ауылға қарай жүретін автобустар көрінбеген соң такси ұстамақшы болып, жеңіл көлік тұрағына қарай жүріп едім жаныма келіп бір машина тоқтады. «Қарындас, қайда барасыз?» деді көліктің терезесінен басын қылтитқан жігіт. Әлгі жігітті бір жерден көрген секілдімін, есіме түсіре алмаймын. «Шаянға» дедім. «Мен де сол жаққа бара жатырмын, отырыңыз» деді. «Е, ауылдың адамы екен ғой деп көлікке отырып алдым. Қаладан шыға бергенде әлгі жігіт: «Қазір жолдан тағы екі адамды ауылға ала кетейік, олар мені тосып отыр» деді. Мен үндемей отыра бердім. Мен отырған көлік үлкен жолдың бойындағы бір үйдің алдына келіп тоқтады. Әлгі үйден тағы екі жігіт шықты да көлікке отырды. Жігіттердің біреуі маған жылы амандасты. Көлікке отырғанан маған тесіліп қарап отырды да: «Сіз мені танымадыңыз ба, мен Әсетпін ғой. Сізбен бір бөлмеде тұратын Асылдың ағасымын» деді. Алғашында көлікке жігіттер отырғанда кәдімгідей қорқып кеткем, әлгі жігіттің мені танитынын, Асылдың ағасы екенін айтқанда көңілім орнына түскендей болды. Әсет жол бойы мені әңгімеге тартып, ананы-мынаны сұрап келе жатты. Мен де ашылып сөйлей қоятын адам емеспін, оның үстіне танымайтын жігіттермен қандай әңгіме айтасың, сұрақтарына қысқа ғана жауап беріп отыра бердім. Бір кезде рөлде отырған жігіт Әсетке қарап, қалай қарай жүреміз дегендей ымдап бірдеңе сұрағандай болды. Әсет үйге қарай тарт деді.
Осы кезде байқадым, көлік біздің ауылға емес, басқа бағытқа қарай кетіп барады екен. Мен дереу жүргізугшіге: «Аға, қайда бара жатырмыз, мені түсіріп кетіңіз» деп айғай салдым. Жанымдағы Әсет пен тағы бір жігіт үндемейді. Жүргізуші де естімеген адамға ұқсап отыр. Біраз уақыттан кейін Әсет: «Жаным, ашуыңды басшы, қазір бәрін түсіндірем. Мен сені жанымдай жақсы көрем, қанша уақыттан бері сені сыртыңнан бақылап жүрмін, бірақ жақындауға батылым бармады. Асылдан бүгін сенің ауылға баратыныңды естіп, сені үйімнің босағасын аттатқым келді» деді. Әлгінің мына сөздерінен кейін не дерімді білмей ашуға булығып, көзден жасым пора-пора болып, не айтып, не қойғанымды білмедім. Ол мені өзінің қайратты қолдарымен құшақтап ашуымды басқысы келді. Мен болсам, «мен сені танымаймын да ғой, жібер мені» деп айғайлай беріппін. Сасқанымнан «менің жігітім бар, мен оны сүйемін, жібер, ағама айтамын», қойшы әйтеуір, ауызма келгенін айттым. Бірақ қолына бір түскен қызды жіберетін оңтүстіктің жігіттері ме? Менің тулағаныма, шулатқаныма қарамастан үш жігіт мені Кентау қаласының шетіндегі бір үйге әкеліп түсірді. Үйдегілердің бәрі келін түсетінін алдын ала біліп сақадай-сай дайын отыр екен. Менен басқаның бәрі мәз. Бүкіл кемпір-сампыр келіп «бақытты бол айналайын» деп маңдайымнан сүйіп жатыр, біреусі әкеп басыма орамал тақпақшы. Орамалды таққызбай қолыма ұстап тұрып алдым. Әсеттің әжесі, апасы, әпкелері, көрші-қолаң барлығы мені жан-жақтан үгіттеп-ақ жатыр. Шақшадай басым шарадай болды. «Анам мен ағамды шақырыңдар, мен бәрібір бұл үйде қалмаймын» дедім. Туыстарым келсе де, тек ертесі келеді, жол алыс, жедел жету қайда. Не болса да, өзім танымайтын, ұнатпайтын адамға қор болғанша таң атқанша тізе бүкпеуге бел будым. Жанымдағылар не десе де, босағадан аттамай, түнімен түрегеліп, аяғымнан тік тұрдым. Ертеңінде анам мен ағам келді-ау, әйтеуір. Әсеттің туған-туысы менің жақындарымды «құда келді» деп қарсы алып бәйек болып жатыр. Анамды көргенде жылап көрістім. Байғұс анашым да мені көріп бір сөз айта алмай тек жылай берді. Жалпы қазақта босаға аттағаннан кейін ақ жаулықты әжелердің сөзін аттап кетуге болмайды деген жазылмаған заң бар ғой. Үлкен кісілер анам мен ағама, «бәріміз де осылай тұрмысқа шыққанбыз. Сүймеймін, күймеймін деген не сөз, әлі-ақ бақытты болып кетеді қыздарыңыз» деп жан-жақтан жабылып жатыр. Сонымен қойшы, ағам менің көз жасыма қарамастан «басыңа салды ма көнесің, осында қаласың» деді. Ағам ауылға барғанда қарындасын тиген күйеуінен айырып алып кепті деген сөздерден намыстанды ма, менің тағдырымды бір-ақ сөзбен шешті. Анам да, мен де ағама қарсы келе алмадық. Сөйтіп мен өзімнің көңілім қаламайтын адамның келіншегі болып шыға келдім.
Той да өтті, улап-шулаған жұрттың бәрі тарады. Ал мен Әсеттің жанында, оның отбасында өзімнің жан жараммен жалғыз қалдым. Айлар сырғып өте берді, бірақ мен өзімді қанша қинасам да, Әсетті жақсы көре алмай қойдым. Оның отбасындағылардың қылығы да маған ерсі болып көрініп тұратын. Тіпті олармен бір дастарханда отырып, шай да құйып бергім келмейтін. Мүмкін менікі жастық болған шығар, білмеймін, әйтеуір тағдырыма көндіге алмадым. Әсет менен 7 жас үлкендігі болса да, өзі мені қалап алғаннан кейін аз да болса көңілімді табуға, жанымды түсінуге тырыспады да. Көңілсіз өтіп жатқан күндердің бірінде аяғымның ауыр екенін білдім. Бұл туралы Әсетке айтқанымда «Е, енді менен қайда кетесің» дегені ме міз бақпаған адамдай жүре берді. Аяғым ауыр кезде Әсетті жақсы көруге тырысудың орнына одан сайын жек көріп кеттім. Екеуміз қит еткен нәрсеге шарт та шұрт ұрсысып қалатынды шығардық. Осылай қатты сөзге келіп қалған күндердің бірінде Әсеттің маған қолы тиді. Өзім жарылардай әрең тұрғанда бұл менің төркініме кетіп қалуыма себеп болды. Үйге барған соң ағама күйеуімнің ұрғанын айттым. Ол Әсетті шақырып алып: «Мен қарындасымды кім көрінгенге ұрғызып қойып қарап отырмаймын. Енді ол сенің үйіңе бармайды» деді. Осы сөзден кейін Әсет өз жөнімен кете барды. Ал мен болсам, анаммен, аға-жеңгемнің бала-шағасымен бірге тұрып жаттым. Ай-күнім жетіп дүниеге ұл әкелдім. Ұлым қырқынан шыққан кезде әкесінің туыстары бір келіп төбе көрсетті. Бірақ ағам Әсеттің өзі келіп кешірім сұрамай, мені және баламды ешқайда жібермейтінін айтты. Бірақ Әсет оралмады, ол тіпті ұлын да көргісі келмеді. Міне, балам қазір 10 жасқа кеп қалды, бірақ әкесін осы уақытқа дейін көрген емес. Менің барым да, бақытым да балам. Егер балам кейін әкесін көргісі келсе қарсы болмаймын, Димашым өскенде оған бәрін түсіндіруге тырысамын. Естуімше, Әсеттің қазір басқа отбасы, бала-шағасы бар. Неге Әсет мені алып қашарда менің сезімім туралы ойламады? Өзін жақсы көрмейтінімді біле тұра менің өміріме неге қиянат жасады? Шіркін, ағам мені босағадан аттамай, тізе бүкпей таң атырған күні үйге алып кетсе, осылай болмас па еді. Жалған намыс үшін қарындасын жат біреуге қиды, енді келіп қарындасының әкесіз бала тәрбиелеп жатқанына қарап іштей қынжылып жүр.

Айман, Шымкент

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста