Құрбанкүл Құдайқұлова мектепте оқитын қызының аяғы ауыр екенін айтып арызданды. Қаршадай қызды қармағына түсірген 24 жастағы жігіт екен. Алмат Қалжанов жасөспірімді аламын деп алдап, төсектес болған көрінеді. Сүйіктісінің жүкті екенін білгенде, жер жұтқандай жоқ болып кетіпті.
Бұл туралы “Астарлы ақиқат” бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматылық Құрбанкүл Құдайқұлова әлі дүниеге келмеген немересінің әкесін іздеп жүр. Айтуынша, Алмат есімді жігіт үйде ешкімнің жоқтығын пайдаланып, 15 жастағы қызын азғындаған. Оң-солын енді таныған жасөспірім сүйіктісінің сүйем-күйем деген сөздеріне сеніпті. Мектеп оқушысын жүкті еткен жігітті қазір полиция іздеп жатыр.
“Мені құрбым Whatsapp” желісінде бір топқа қосты. Мен ол жерден шығып кеттім. Сол жерден мені Алмат көріп, жекеме жазды. Танысайық деді. Солай таныстық. Кездесуге шақырды. Өзінің Қызылордада туғанын, Алматыда әжесімен бірге тұратынын айтты. 1997 жылғы екенін айтты. Солай кездесіп жүрдік. Ол мені бір күні үйіне апарды. Сол үйде төсек қатынасына түстік. Анам жұмыста болғанда онымен үйіне барып жүрдім. Бастапқыда қарсы болдым. Ол оған көнбеді. Екі айдан кейін аяғым ауыр екенін білдім. Мен оған жүктілігім айтып едім, ол мені ұратын болды. Кейін жоқ болып кетті”, – деді Диана.
Айтуынша, Алмат Диананы өз достарынан қызғанып, тіпті баланың өзінен екеніне сенбестік білдірген.
“Алматтың туған күні болды. Үйіне бардық. Ол ішімдік ішті. Мені ұра бастады. Солай көшеге қуып жіберді. Достары мені қуып жетіп алды. Біз достары болып басқа пәтерге бардық. Сол жерде Азамат деген досы болды. Оның қызы болатын. Ол өз қызын қызғандыру үшін менімен суретке түсті. Сол суретті Алмат көріп мені ұрды. Бала Азаматтан шығар деп күдіктенді”, – дейді оқушы қыз.
Заңгерлердің айтуынша, кәмелетке толмаған қыз баламен жыныстық қатынасқа түсу қылмыс. Егер жігіт жыныстық қатынас кезінде қыздың жасын білмеген болса, онда жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін.
Алматтың арбауына түсіп аяғы ауырлап қалған Диана мектеп формасын киіп, партада отырар шағында аурухана аралап, ана атануға дайындалып жүр. Сәбиім сау болып дүниеге келсе деп тілейді. Себебі болашақ әкесі сан рет сабаған көрінеді.
Арымда таптағаны аздай жазықсыз жала жапты дейді жасөспірім. Жанына батқаны бұл емес. Адал деп ойлаған Алматым өзге қыздарды да қан қақсатып қашып жүр деп күйінді.
“Алматтың басқа қыздан баласы бар деп естідім. Бірақ үйленбеген. Басқа да қыздармен жүреді. Сондықтан жазасын алсын деймін”, – деді Диана.
Алмат Қалжановқа іздеу салынды. 24 жастағы жігіт 15 жастағы қызды жүкті етіп қашып кетті деп айыпталды. Диананың анасы Алматтың достарымен, жақындарымен сөйлескен. Алайда қызын ұзатуға ниетті емес.
“Қызымның анализдері дұрыс шықпады. УЗИ-ге түсіп еді, алдырып таста деді. Бірақ біз алдырмаймыз дедік. Одан кейін дәрігерге де бармадық. Баланы дүниеге әкеледі деп отырмыз. Қызымды күйеуге берейін деп те отырған жоқпын. Алматтың ата-анасы хабарласып қызыңызды аламыз деген. Бірақ Алматты өзі хабарсыз кетті дейді”, – деді ол.
Құрбанкүл Құдайқұлова күзетші болып жұмыс істейді. Қызының жігітпен 5 айдан бері кездесіп жүргенін жақында ғана білген. Жұмыс уақытында қызы Алматпен кездесіп, тіпті үйге қонбай қалатын күндері болған. Қызының жүктілігін білген сәтті полицияға хабар берді. Енді істі тәртіп сақшылары қолға алды.