Сәлеметсіздер ме! Ешкімге айта алмайтын сырымды сіздерге ақтармақшымын. Түсінікті болу үшін барлығын басынан бастайын.
Мен 1999 жылы 9 сынып бітірген соң колледжге оқуға түстім. Оқып жүріп бір жігітпен таныстым. Ол тура мен тұратын микроауданда тұрады екен. Ол мектепте оқиды, бірақ менімен жасты. Екеуміз жақсы араласып кеттік. Келесі жылы қайта оқуға келген күні ол маған сөз айтты. Мен қуана қабыл алдым, өйткені мен оны сүйіп қалған едім. Солай жүріп ол он бірінші сыныпты бітіріп Астана қаласына жұмысқа кетті. Оқуға түсуге жағдайы болмаған еді. Сонымен мен қалдым. Апта сайынсөйлесу пункі арқылы сөйлесіп тұрамыз. Ол кезде ұялы телефон жоқ болатын. Біздің үйде де үй телефоны жоқ еді. Көршімнің телефонына хабарласатын. Мен колледжді бітірдім, қалаға сырттай ЖОО тапсырдым. Солай уақыт өтіп жатты.
2003 жылы тамыз айында ауылға келді. Ол аудан орталығында тұрады, ал мен ауылда тұрамын. Екеуміз кездестік оншақты күндей ауылда болды да, Астанаға қайтты. 28 тамыз еді сол күн. Әлі есімде. Келесі жылы үйленеміз деп сөз байластық екеуміз. Қайтадан сағыну, қайтадан телефон арқылы сөйлесу. Онсыз өмір сүре алмайтындай едім.
Сол жылы желтоқсан айында мені көрші ауылға алып қашып кетті. Қалай қалып қалғанымды өзім білмей қалдым. Солай өз өміріме балта шаптым. Не керек сүймейтін адаммен өмірім басталды. Оның үстіне не жұмысы жоқ, өзі ішкілікке құмар екен. Үш жылдан кейін қыз босандым. Күйеуім арақты бұрынғыдан да қатты іше бастады. Қанша жалындым, қоямын деп күнде құрғақ уәде берумен жүрді. Тағы бірінің артынан бірін екі ұл тудым. Арақ қойған күйеу жоқ. Қайта бұрынғыдан бетер араққа салынды. Жаз мезгілінде әркімнің жұмысын істеп азын аулақ ақша тапса, оның жартысы ішкілікке кетеді.
Өзім жеті жыл дегенде әзер жұмысқа орналастым. Ата-енем, қайным, қайын сіңілдерім жақсы кісілер, соларды қимай кеткім келсе де кете алмай жүрдім. Оның үстіне қандай болса да балаларым әкесін жақсы көреді. Оларды әкесіз өсіруге тағы болмайды деп жүре бердім. Бірақ күйеуім араққа қатты салынып кетті. Сонда да ата-анамнан оның арақты жаксы ішетінін жасырған болам. Қайдан арақ ішкен адамның түрі белгілі ғой. Олар да білді. Күйеуіме арақ қоймасаң болмайды балаларың өсіп келедй деп жай айтып қоятын. Қызым әкесінен ұяла бастады. Үйге жылап келетін. Сонда да қоймады. Ішкілік адамды наданға айналдырады екен. Күйеуім хайуанға айналды. Бұрын ішсе де тыныш ұйықтай қалатын. Кейінгі кездері концерт қоятынды шығарды. Таңға ұйкы бермейді. Балаларымның, ата -енемнің мазасы қашпасын деп үнсіз таңға алысып шыққан күндерім болды. Амал жоқ жұмысқа барасың. Бір күні бар күшімді жинап атама барлығын айтып кететін болып шештім. Ата-анамды шақырдым. Күйеуім тағы уәде беріп, атам жалынып жылап амалсыз тағы қалдым. Өзгерген ештеме жоқ үш төрт күн арақ қойғандай болып қайта бастады. Балаларымның үшеуі де оқу озаты. Солардан жақсылық көрсетсе екен Аллам.
Осылай өтіп жатқан күндерімнің бірінде ВК-дан алғашқы махаббатымнан "сәлем" деген смс келді. Сене алмай қалдым. Қал-жағдай сұрастық. Солай төрт күн вк -да хат алмасып тұрдық. Жағдай ушығып бара жатқан соң оны блокқа қойдым. Бірақ өзімнің ойым сонда болды. Өзімді зорға тежедім. Тура он күн дегенде телефоныма белгісіз номерден қоңырау түсті. Тұтқаны көтерсем алғашқы махаббатым. Оның досының інісі менің нағашы сіңіліме үйленген сол арқылы тауып алыпты номерімді. Не керек сол кезден бастап күніге тел аркылы сөйлесіп тұрдық. Бұл істеп жүргеніміз күнә екенін біле тұра жүрегіме қарсы тұра алмадым.
Кешке жұмыстан келіп балаларыма карағанда ертең онымен байланысты үзем деп ойлаймын, бірақ олай жасай алмадым. Мен осы жасағандарым балаларыма зияны тие ма деп Алладан қорқатынмын. Ал күйеуімнен еш қаймықпайтын хәлге жеттім. Қайта одан осылай өшімді алғандай болып жүрдім. Ол тек сенбі, жексенбі күндері хабарласпайтын, өйткені маған демалыс еді. 28 тамыз күні сенбі күні коңырау шалды. Неге звандадың бүгін үйдемін ғой десем, білмеймін сенімен бір күн хабарласпасам тұра алмаймын деді. Үйде ешкім жоқ еді. Екеуміз бір жарым сағат сөйлестік. Оған еш күйеуімнің ішетін айтқан емеспін. Сөйтсем ол бәрін біледі екен. Тура он ай сөйлессек те маған айтқан емессің күйеуіңнің ішетінін, саған ризамын деді. Екеуміздің қосыла алмағанымызға өкінем, анау-мынау деп тұтқаны қойғысы келмей зорға қойды. Оның да отбасы, әйелі, үш қызы бар. Сол күні кешке дейін ватсаптан қайта -қайта жазып қоймады. Кешке менің жүрегім ауырып жүрді. Түніне әншейінде мас болып келетін күйеуйм келмеді. Ұйықтап кеткенім сол еді жаман түстен оянып кеттім. Түсімде екеуміз поезда келеді екенбіз түсетін станцияға келгенде түсіп артыма қарасам ол түспей қалады. Поездың терезесінен колын бұлғап кетіп барады. Көздері мұңды. Мен сол жерде бір кісіге айтам поезды тоқтатыңызшы ол түсу керек еді деп, сөйтсем ол кісі маған "бұл экспериментный метро бұл қайтып келмейді" дейді де кетіп қалады. Оянып кеттім сағатқа қарасам түнгі екі екен. Дереу ВК-ға кірдім ол бірден он кеткенде болыпты. Солай таңга ұйықтай алмадым. Ертесі жексенбі хабарласпадық. Дүйсенбі күні жоқ, сол жоқ болғаннан не ВК-ға кірмеді, не ватсапқа кірмеді. Бір апта күттім.
Нағашы сіңліме жай хабарласқан болып сұрамақ болдым. Оның кайын ағасы менің сүйіктімнің жан досы. Соны сөз арасында сұрап койдым. Ол қайын ағам келіп кетті, жан досы қайтыс болған соған келген деді. Мен сене алмай қайта -қайта сұрай беріппін. 28 тамыз күні соңғы рет сөйлестік. Тура 13 жыл бурын 28 тамызда көрген едім соңгы рет. 28 тамызда он үш жылдан кейін соңғы дауысын естіппін. Сөйтсем сол күні кафеге барған сол жерде төбелес болып тілге келмей жан тапсырыпты. Міне содан бері 8 ай өтіпті. Мен осының барлығы екеумйздің жасаған күнәларымыздан деп ойлаумен келем. Әлі ұмыта алар емеспін оны. Алладан оның жанын жаннатта болуын сұрап отырамын. Балаларыма осы жасаған күнәларымның залалы болмаса екен деп Алладан сұрап отырам. Басқа амалым жоқ. Мүмкіндігінше күнәлі істерді жасамауым керек еді деп өзімді жей берем. Артында қалған айелі мен қыздарының обалына қалғандай болып тұрам. Күйеуім сол баяғы арақпен коштаса алмай әлі жүр.
Аноним