Cәуір келісімен жаздың болғанын күтпестен жұмыста өтініш жазып, еңбек демалысын алдым да ауылға тартып отырдым. Тарбағатайға барып, көптен көрмеген әке-шешем мен туған-туыспен қауышып мәре-сәре болып, бір жасап қалғаным бар.
Аз күн ауылда аунап-қунап, қолғабыс етті деген атым болмаса, көбіне ағайынды аралап, айтшылап жүріп алдым. Күнде қонақта қонақ. Мұндай мерекеге толы күндер маған майдай жақты. Ауылдағы сыныптастар мен қатарластармен бас қосып және біраз тойлаттық. Биыл мектеп бітіргенімізге он жыл толғалы отыр.
Сіздерге қызық болар, бірақ мен үшін осы демалыста күтпеген жағдай орын алды. Сегізінші сыныпта ғашық болып, Меруерт есімді өзімнен бір сынып төмен оқитын қызбен қол ұстасып жүргенім бар. Өлердей ынтық едім. Кейіннен дос-жаранның әжуәсіна шыдамай, өзімше тастап кеткем. Әрине, сүйтетін едім. Кейіннен ер жетіп, әркім арман қуып әр тарапқа кеттік. Бірақ менің жүрегімде Меруерт мәңгіге сақталғанды. Уақыт өте келе ол да ұмытыла бастаған. Кейде болмаса, үнемі ойымда жүрмейді.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын Меруерттің тұрмысқа шыққанын досым мазақтап жеткізіп, мені қыжыртып еді. Кейінен дәм-тұзы жараспай ажырасқанын да естігем. Бірақ қайда екенінен хабарсыз болғанмын.
Бұл жолы ауылда ойда жоқта Меруертпен жолығып қалмасым бар ма?! Кезекті қонақта құрдастармен бірге ол да арамызда болды. Сауық кеші түн ауғанша созылып, кеш тарасқанбыз. Отырыста аз-маз сөйлескеніміз болмаса, ашылып сөйлесе қойған жоқпыз. Бірақ... Оған сол сәтте баяғы бала махаббатым еске түсіп, көңілім ауды да тұрды.
Отырыстан кейін үйді үйге тарастық. Ретін келтіріп, Меруертпен бірге қайттым. Ол да соны қалап тұрғаны анық-тын. Жолай әрнені сөз етіскен болдық. Айтуына қарағанда, тұрмысқа шыққан соң дәм-тұзы жараспаған екен. Оның үстіне енесі де отырса опақ, тұрса сопақтың керін келтіріп, әр нәрседен мін іздеп түртпектей беріпті. Бала көтермедің деп тағы сөгіпті. Кінәні өз баласынан екенін білмеді дейді Меруерт. Сосын шыдамаған ол өзі кетіп тыныпты. Осыны тындап отырып мен оны қатты аядым. Реті келсе оған қолымнан келгенше қамқорлық танытқым келді. Қоңыр көзі күлімдеп тұрғанымен түбінде терең мұң жатқаны анықтап қараған адамға бірден білінеді.
Өткен мен кеткенді сөз етісіп, екеуіміз оның үйіне қалай таяп қалғанымызды білмей қалдық. Айтар әңгіме таусылмаған соң ауыл сыртындағы белге қарай шығып кеттік. Бала күнімізде кешкілік шығып кетіп, ауылдың үстінен қарап, болашақ арманымыз туралы айтушы едік. Бұл жолы да сөйттік. Бірақ арманымыз туралы әңгіме болмады.
Сыртынан қарағандай қыздай көрінетін алғашқы махаббатымыз екеуіміз дөң басында үнсіз қалыстық. Іштей бір-бірімізді ұғып отырғандаймыз. Бірақ мен арам пиғылға барғым келмеді. Меруертті ондайға қимадым. Әрі өзі де тәрбие көрген үйдің қызы болғандықтан әркіммен бір қыдырып, сауық пен сайранды аңсап тұратын қыз емес. Менің жұмыс жайымды сұрады. Үйленбей жүргенімді ұмыт қалдырған жоқ. Қысқасы, аз сөйлессек те көп сырымызды білістік.
Аз күн демалыста ешкімнің назарына ілікпей түн ішінде бірнеше рет кездестік. Әр кездесуде жақсы әңгімелер айтылған соң мен қатты ынтыға түстім. Ашығын айтқанда осы күнге дейін кездесіп жүрген қыздар Меруерттің қасында ештеңеге татымай қалған сияқты. Бар ойым Меруертпен кездесу болады да тұрады. Шынымды айтсам, оған үйленгім келді. Бірақ мұныма үйдегілер қарсы болары анық. Ақыр соңында мәмілеге келетіндері де анық шығар. Ауылдан қайтарда Меруертпен қимай қоштастым. Бала күнді оймақтай еріндері қызарып, өзіне еріксіз арбап тұрады. Жігіттіктің жөні осы екен деп және әдептен асқаным жоқ. Көкейде бір ғана ой. Ол Меруертті алып, отау тіксем бе деген терең ой, күтпеген мақсат. Енді қалада басым қатып, не істесем екен деп қалың ойдың құшағында жүрмін. Не істесем екен? Меруерттің маған кет әрі емес екенін ішім сезеді. Бірақ ата-анам мен туған-туыстарыма қалай айтсам екен? Басым қатты...
Тілек Нұрпейісов, Астана қаласы.