Құрметті «Алаш айнасының» оқырмандары бұл хатымды оқып біраз оқырмандар мені сөгетін де шығар. Бірақ мен нақ қазір ештеңеге өкінбеймін.
Әңгімені басынан бастасам, менің жасым 36-ға келеді. Екі баланың анасымын. Алматы облысы, Қарасай ауданында тұрамын. Мамандығым - есепші. Құрылыс компанияларының бірінде есепші болып істеймін. Үлкен қызым 13-те, екінші қызым 11-де. Қазір жалғыз тұрамын. Екі қызымның әкесімен заңды түрде ажырасуға арыз беріп қойдым. Алдағы айдың 19-да некені бұзуға қатысты сот отырысы болады.
Осыдан төрт-бес жыл бұрын менің «қазіргі күйеуіммен ажырасамын» деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін еді. Тіпті «отыз беске қарай аяқ басқанда күйеуіме бір ұл тауып берсем» деп те армандайтынмын. Бірақ қазір ол ойдың барлығы тас-талқан болып, күйеуіме әбден суынып, тіпті ара-қатынасымыз бекуге келмей мен ажырасуға бел будым.
Көптеген қыздар тәрізді мен де 21 жасымда алып қашудың құрбаны болдым. Өзімнің сүйген жігітім бола тұра, мені біздің ауылдан біршама шалғай ауылда тұратын жігіт 21 жасымда алып қашты. Басқа қыздар тәрізді жер төпелеп жыладым, бетімді тырнадым, тіпті өзімді-өзім өлтірмек те болдым. Бірақ алып қашқан жігіттің ел-жұрты қаумалап үйіне қамап ұстап отырып көндірді. Артымнан қуғыншы болып келген өзімнің әке-шешем де «жігіттің жұрты жақсы жер екен, осы үйде қал, аттаған босағаңа адал бол» деді де, мені тастап кете барды. Ол кездері менің жаныммен құлай сүйген адамымның бар екені, ол екеуміздің болашаққа құрған жоспарларымыздың бар екендігі ешкімді толғандырмады да, ол жайында ешбір пенде сұрамады да. Осылай қарабайыр, сүреңсіз күндерім сүймеген адамымның қойнында өтіп жатты. Ауылда тұрған жылдары селт етіп көңілім серпіліп, бір жиын-тойға барып көңіл де көтермеппін. Бар тапқаным, бірінен кейін бірі екі қызды өмірге әкеліп соларды бағып-қағумен көңілім алданды. Осылай жеті-сегіз жыл өмірім өтті. Ауылдың мектебінде есепші болып қызмет істедім, күйеуім қала мен ауыл ортасында таксилетіп адам тасып табыс тапты. Әйтеуір елден қалмай өмір сүрдік. Күндердің күнінде күйеуім Алматыға көшуді ұйғарды. Сөйтіп, 2006 жылы Алматыға келдік. Міне, содан бері тоғыз жыл өтті. Бастапқыда маған жұмыс табу оңай болмады. Күйеуімнің негізгі мамандығы технолог еді, ол келіп бірден Алматыда бетон шығаратын зауытқа жұмысқа кірді. Артынша бірер айдан кейін мен де бір құрылыс компаниясына жұмысқа тұрдым. Екі жыл ішпей-жемей табысымызды жиып жер сатып алдық. Содан кейін біртіндеп үй салып алдық. Осылайша айналасы үш жылдың ішінде Алматыдан баспаналы болдық. Күйеуім зауытта біреулермен келісіп бетон шығарып, қосымша табыс та тапты. Әйтеуір неғұрлым аяққа тұрып кетуге тырыстық. Осылай ел қатарына біртіндеп қосыла бастадық. Кішкеше ес жия бастағаннан кейін мен де жан-жағыма қарасам өзім қатарлы әйелдердің көпшілігі астына көлік мінген, сұлулық салондарына бара бастаған. Ақырындап мен де өзіме-өзім күтім жасай бастадым. Құрбыларымнан кезінде өзім құлай сүген алғашқы махаббатымның Алматыда екенін естіп білетінмін, бірақ осында келгелі «оны кездестіремін-ау, арамызда қайтадан бір қарым-қатынас орнайды ғой» деп мүлде ойламайтынмын. Бірде қаладағы сауда орталықтарының біріне сауда жасауға барғанмын. Дүкеннің ішін аралап жүріп, оны яғни алғашқы махаббатымды кездестірдім. Бірден көзіме оттай басылды. Жүрегім лүпілдеп, жүгіріп барып оны құшақтауға шақ қалдым. Ол да жүгіріп келіп, жік-жапар болып амандасып, жай-жапсарымды сұрап жатыр. Мен екі қызымның бар екенін, тұрмысқа шыққанымды айтып жатырмын. Ол да өзінің екі қызының бар екенін, үйленгенін айтып жатыр. Екеуміз осылай біраз сөйлестік, дүкеннің дәмханасына барып тамақтандық. Әңгіме арасында түйіспеген тағдырымыз жайлы да айтылып қалды. Сөйтіп, бір-екі сағат уақытымызды бірге өткізіп, бір-біріміздің байланыс телефондарымызды алмасып «қайтара кездесерміз, хабарласармыз» деп қоштастық. Содан шамамен бір жарым айдай өткенде ол өзі хабарласты. Ол аралықта мен оны мүлде іздемедім, телефон да шалмадым, хабарласпадым да. Ол хабарласып, кездесуге шақырды. Мен әрине келістім. Екі қызым мен күйеуіме құрбыларыммен кездесуге баратынымды айтып, кешкісін жұмыстан кейін онымен кездестім. Екеуміз дәмханаға барып ас ішіп, арасында қызыл шараптан алып отырып біраз шер тарқатыстық. Міне, осыдан кейін біздің арамыздағы кездесу жиілей түсті. Бара-бара ол менің қасымда жиі қалатын болды. Мен де оған әбден бауыр бастым. Бұрындары студент кезімізде де мен оның қамқорлығын, маған соншалықты бәйек болып, ерекше қорған болатын мінезін жақсы көретін едім. Міне, сондай мейірімге шөлдеп жүрген кезім еді бұл. Осылайша біз жасырын түрде төрт жыл қатарынан кезесіп жүрдік. Ақыры былтырдан бері екеуміз де заңды түрде қосылуға бел байладық. Өйткені біз бірге болуды соншалықты армандаған едік. Осылайша мен алғашқы махаббатыммен қосылу үшін өзімнің 14 жыл бойы бірге тұрған күйеуіммен ажырасқалы отырмын. Олай етпесіме болмады, себебі қазір менің аяғым ауыр. Бірақ бұл бала күйеуімнен емес. Осы уақытқа дейін ажырасуға келісім бермей жүрген күйеуім менің басқа адамның баласын көтеріп жүргенімді білгеннен бірден менен теріс айналды. Енді ол менімен үйді бөліске салу үшін соттасып жатыр. Ол үйді салуда екеуміздің де ортақ үлесіміз бар екенін білемін. Әрине, біз бұл үйді екі қызымыздың жағдайын жасау үшін, солардың қызығын қызықтау үшін салдық. Күйеуім бізге жағдай жасамады емес, жасады. Бірақ шынын айтуым керек, 14 жылдың ішінде мен одан өзім қалаған жан жылуын ала алмадым. Қазір өкінбеймін. Қанша жерден үйсіз-күйсіз қалсам да, мен өзімнің сүйген адамымның қасындамын. Ол әркезде де мені қолдауға дайын. Бір ішім жылитыны ол өзінің әйелін, екі қызын ештеңесіз қалдырып кеткелі отырған жоқ. Ол екі қызы мен әйеліне бір үйді басыбайлы бергелі отыр. Ал маған 2015 Жаңа жылды қарсы алатын күні қайтадан үйленуге ұсыныс жасады. Ол менің екі қызымды да өз қыздарынан кем етпей бауырына басатынын айтады.
Рас, қазір мені өз туыстарым да, құрбыларым да сөгеді. Тіпті араларында «отыздан асқанша, қырыққа таяғанша есің кірмеген ақымақсың» дегендері де болды. «Алғашқы махаббатым» деп «отбасын ойрандадың» деп туыстарым менен сырт айналды. Бірақ ең бастысы - мен қазір қапастан құтылғандай күн кешіп жүрмін. Қазақ «жақсылық көрсең де өзіңнен, жамандық көрсең де өзіңнен» деуші еді ғой. Енді мен де соған бекініп «осы әрекетімнен жақсылық көрсем де, жамандық көрсем де өзімнен» деп отырмын...
Айзада, Алматы қаласы
Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz
Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30