Бұрын өзге ұлттың балалары пәтерге, дүние-мүлікке таласыпты дегенді жиі еститін едік. Сол кезде қазақ баласына ондай пендешілік жоламастай көретінбіз. Әсіресе, ауылдық жерде баласы шешесімен, бауыры әпкесімен үйге таласары үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін жайт еді ғой. Десек те, айналамызда болып жатқан құбылыстар заман ағымының ондай-ондайды біздің халыққа да әлдеқашан алып келгеніне көзімізді жеткізіп отыр. Баспанаға қатысты өзім көзбен көрген дау-дамайларды «Алаш айнасы» порталының оқырмандарына да айта отырғым келеді.
Біздің ауыл аудан орталығынан алшақ жатыр. Ерекше бір себеп болмаса, ол жаққа біреу-міреудің көшіп келе қоюы екіталай. Бұл жерде үй сатсаңыз, не жергілікті тұрғындардың бірі алады, не болмаса құрылыс материалына жарайтын болса, бұзып алу мақсатымен сатып алатындар табылады.
Соғыс ардагері, бір аяғын соғыстан бері сылтып басатын Қабылбек марқұмның үйі бір-ақ күнде тып-типыл болады деп кім ойлаған?!
Қабылбек марқұмға құдай бала бермеді. Алғашқы әйелін бала болмады деп тастаған ол кейін 5 балалы жесір әйел – Нұрбалаға үйленді. Нұрбаланың балаларының бәрі есейіп кеткен, қалада тұратын. Әлі есімізде, Нұрбала «Қабаң ұрсады» деп, анда-мында тыққыштап, балаларына май, оны-мұны беріп жіберіп жататын. Бұл екеуі алғаш қосылған жылдары Сағат атты кішкентай баланы асырап алды. Ол Қабылбектің үйде отырып жүкті боп қалған жиенінің баласы еді. Жылдар жылжып өтіп, Сағат та ержетіп, үйленді. Әлгі Нұрбала Сағаттың келіншегін отырса опақ, тұрса сопақ етіп, сыйдырмады. Сағатты келіншегіне айдап салып отырды. Кейін, екі балалы болғанда, ақыры келін төркініне кетіп тынды.
Күндердің күнінде өмірден татар дәм-тұзы таусылып, Қабылбек о дүниелік болды. Оның жылы өте салысымен, Нұрбала мен Сағат үйге таласты. Дағарадай 5 бөлмелі үйдің қора-қопсы, бау-бақшасының өзі неге тұрады! Бәрі де Қабылбек марқұмның тірнектеп жиғаны еді. Нұрбала өгейлігін жасап, Сағат екеу келісе алмай, дау сотқа дейін жетті. Ақыры сот Нұрбалаға мал-мүліктің жартысын алып берді. Үйді ала алмағанына опынған Нұрбала айналаның бәрін астан-кестең қылып, есіктің алдына күл шашып, ойына келгенін істеп кетті. Негізі, Сағат Нұрбаланың өгей шеше екенін білмейтін. Нұрбала екеуі қалада да бірге тұра беретін еді, оған өгей шеше өгейлігін жасап тынды ақыры.
Екі ортада ат шаптырым үйді қалада тұратын біреу бар-жоғы 500 мың теңгеге сатып алып, кірпішін бұзып әкетіп, орнын жылан жалағандай етті. Сөйтіп, майдангер Қабылбектің түтіні біржола өшті.
Үйге талас біздің ауылда бұдан соң да болды. Ауылымызда Бекжігіт атты кісі тұрды. Жеті қызы мен жалғыз ұлы бар-тын. Бекжігіт – заманында бай болған адам. Жалғыз ұлын тым еркелетіп өсірді. Ұлының жындылығы сондай, тіпті не істерін білмегенде үйден мылтығын алып шығып, мотоциклмен қуалап жүріп өрістегі қойларды бытырлатып ататын. Ержетіп, үйленгенімен, ол жындылығын қоймады. Арақ ішіп алып, ойына келгенін істейтін. Үйленсе де, ештеңе өзгермеді. Әлденеге көңілі толмаса, әйелін таяқтың астына алатын.
Ұлдарының мына түрі жүйкелерін тоздырды ма, кім білсін, Бекжігіт пен оның әйелі ешбір ауырып-сырқамастан, бірінің соңынан бірі қайтыс болды. Әке-шешенің көзі кеткен соң жалғыз ұлдары Мақсат тіпті құтырды. Қора толы малды апта сайын бір-бірлеп сойып, қалаға апарып сатып, сол жақта карта ойнап, арақ ішіп айлап жататын. Таяққа жыға бергесін әйелі кетіп тынған.
Сөйтіп жүргенде бір-екі рет істі болып, түрмеде де отырып шықты. Кейін қалада бір үй-күйі бар келіншекке үйленді. Бұл кезде оның ауылдағы үйі қаңырап, бір кездері Бекжігіт кірпішін өз қолымен қалаған ақшаңқан үй қаңырап тұрған-ды.
Мақсат ауылға келіп, осында тұратын әпкесін әкесінен қалған үйге көшіріп, өзі кері қайтты. Кетерінде нотариус арқылы үйден өзі бас тартатынын жазып, қажет құжаттарды рәсімдеп, қара шаңырақты әпкесінің атына түбегейлі аударды. Жылдар өте келе әпкесі Данагүл ауылдан қалаға көшкісі келіп, әлгі үйді саудаға қойды.
Содан бері Мақсат пен Данагүлдің арасындағы дау-дамай басылатын емес. Талай рет сот болды. Мақсат адвокат жалдап әкеліп, өзінің үлесіне таласты. Алайда кезінде өз еркімен барлық қағаздарды ресімдеп бергендіктен, сот оның таласуын дұрыс деп таппады. «Менің әкемнің өз қолымен салған шаңырағын сататындай сен кім едің соншама? Бұл үйге сіңірген бір тиындық еңбегің жоқ. Мен саған бұл үйді отын өшірмей, ие болып отырсын деп бергенмін», – дейді Мақсат. Былай қарасаң, Мақсаттың уәжі көңілге қонымды да. Алайда заң жағынан алғанда, әпкесінікі дұрыс.
Тіпті болмаған соң, Мақсат «үйді сататын болсаң, өртеп жіберемін. Маған да, ешкімге де жоқ», – деп, әпкесін ара-тұра ауылға барып қорқытып кететін болды. Сол қорқынышпен Данагүл үй сату туралы хабарландыру беруін қойды.
Негізі, қазақ үйге таласса, орыстан да әрман екен ғой. Қазақта не көп, туыс көп. Қайырбай шал өлгенде, жан-жақтағы балалары келіп оның қаладағы 5 бөлмелі пәтеріне таласып, соттасып, қырылып қала жаздады. Қыздары ештеңе талап етпегенімен, 5 ұлы бес жаққа тартып, іс насырға шапты. Тіпті соттың өзі балалардың ашкөздігіне таңғалып, жағасын ұстады. Үлкен ұлы тұрып, үйді толығымен өзіне қалдырғысы келетінін айтып, інілеріне тең көлемде ақша ұсынатынын айтқанда, әлгілер орындарынан өре түрегелді. Жандарындағы әйелдері бір-бір овчарка ит құсап, күйеулерін айтақтап, айылдарын бір жимай қойды.
«Қызғанған қызыл итке жем болады» деген, сот енді қыза бастағанда, Қайырбайдың ұмыт боп қалған тоқалы ортадан шыға келді. Ол тоқалмен қария бірнеше жыл бірге тұрып, кейін тоқал шалдың балаларымен сыйыспай, төркініне кетіп қалғанын білуші едік. Сөйтсек, қызығы алды екен. Тоқалекең кезінде Қайырбайды өзінің әкесіз тапқан үш баласына әке қылып жазуға көндіріп алыпты. Оны ешкім де білмепті. Енді әлгі үшеуі мүлікке ортақ болатын болды. Сөйтіп, туған балалар бір-біріне әкелерінің үйін қимай отырғанда, қыруар бөлігі өгей балаларға бұйыратын боп шыға келді.
Таяуда қаладан Аманжол құдамды кездестірдім. Көшеде асығыс кетіп барады екен. «Не шаруамен жүрсіз?» - деп едім, «Ой, несін айтасың, үйдің жыры ғой!» - деп, қолын бір-ақ сілтеді.
Сөйтсем, осыдан он жыл бұрын Аманжолға туған інісі сол кездегі ақша бағамымен есептеп, екі бөлмелі үйін коммуналдық қарыздарымен сатқан екен. Бірақ пәтер Аманжолдың атына ресімделмепті. Әне, міне деп жүріп, 10 жыл өткен. Бертін інісі бір пысықша келіншекке үйленіп, сол келіншек айдап салған ба, әйтеуір інісі үйін даулап: «Кезінде арзанға алдың, не ақша бер, не босат» деген талап қояды. Аманжол астында кісі тасымалдап нәпақасын айырып жүрген тап-тамаша көлігін сатып, 10 мың доллар береді інісіне. Біраз уақыт тыншығандай болған інісі біраздан соң оны азсынып, ақыры әңгіме ушығып, Аманжол мен інісі сотқа жүгінуге дейін барған. Бақса, інісіне жөн сілтеп, ағасына айдап салып отырған оның әйелі екен. Сонымен, сот әлі бітер түрі жоқ. Куәлікке туыстар шақырылып, дау-дамай өршіп тұрған жайы бар.
Жалпы, қазақ кең халық еді ғой. Қолдағы барын бауырынан аямайтын ел едік. «Болса, туғаныма болсын» дейтінбіз. Заман бұзылды ма, әлде адам бұзылды ма, жаңағыдай жолдан киліккендердің айдап салуынан ба, әйтеуір туған-туыс, ағайындылардың үйге таласып соттасуын жиі кездестіріп жүрміз. Алла тек қанағат берсін делік.
Автор: Жұматбек АЛДАБЕРГЕНОВ, Кереку
alashainasy.kz/