Аяқ асты тосын жайға тап болып, отбасы құру жайлы жоспарымыз бұзылғалы тұр. Осы жағдайдан кейін туған-туыстар мен құрбыларым «отбасы құру туралы жоспарыңды өзгерт» деп отыр. Бұл сүйген адамымның алдында сатқындық болмай ма? Төрт жыл дос болып, әне-міне үйленеміз деп уағдаласқан адамға қиянат жасау емес пе? Ол аз десеңіз, Мәліктің ата-анасы келіп сырға да салып кеткен. Оған қоса ...
Негізі Мәлік екеуміз бір өңірдің тумасымыз. Семейде оқып жүргенде мақаншылықтардың кездесуінде танысқанбыз. Мәлік мал-дәрігерлікте оқып жүрген екен, ал медициналық университетте оқитынмын. Жерлестердің сол кездесуінен кейін Мәлікпен жақын араласа бастадық. Көп ұзамай қарым-қатынасымыз махаббатқа ұласты. Былтырғы жылы екеуміз де оқуымызды бітірдік. Мәлік ауылында мәл дәрігер болып жұмыс істеп жүрген. Мен аудан орталығындағы ауруханға дәрігер болып жұмысқа орналастым. Мәлікпен жиі кездесіп тұрдық. Осы жазда шаңырақ көтеруді жоспарлағанбыз. Бұл ойымызды туысқандар да құптап, науырыз мерекесі қарсаңында Мәліктің ата-анасы сырға салып кетті. Қудалық пен тойды тамыз айында өткізуге келіскен. Көп ұзамай той болатын күнді белгілеу керек болатын. Бірақ...
Бірақ сәуір айының соңында Мәлік аттан құлап, ауыр жарақат алды. Дәрігерлердің айтуынша, құлаған кезде тасқа қатты соғылып, бел омыртқаға зақым келген. Екі бел омыртқасы сынып, қазіргі уақытта екі аяғы сал болып қалды. Өмір бойы мүгедек болып қалуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, мұндай жарақаттан соң жүріп кететіндер жоқтың қасы. Мұндай науқастардың тұрып кететініне сенім жоқ екенін өзім де білем. Ол жайлы университетте оқып жүргенде профессорлардан талай естігем. Сондықтан да оның бұл дерттен айығып кетеріне үмітім жоқ. Енді тұрмысқа шығу шықпауды білмей, басым қатып отырған жайым бар.
Анам «кешірім сұрап, сырғасын қайтарайық. Олар да түсінер. Сен енді бар өміріңді мүгедек жанмен өткізбейсің ғой» дейді. Анамның ойын құрбыларым да құптап отыр. «Бүгін аяушылықпен тұрмысқа шыққаныңмен, қанша уақыт бірге тұратындарыңды бір құдай біледі. Ерте ме, кеш пе бәрібір ажырасасың. Одан да осы бастан Мәліктен бас тартып, басқа жігіттің етегінен ұста. Босқа өміріңді өксітпе» дейді. Әрине, олардың жанашырлықпен солай деп отырғанын түсінем. Бүкіл ғұмырыңды мүгедек жанға арнау, отбасы құрап оны күту, онымен өмір сүру оңай емес екенін мен де ұғам. Тіпті ол мүмкін де емес сияқты көрінеді. Бірақ...
Бірақ, менің туған-туыстан да, құрбыларымнан да жасырған сырым бар. Ол сырды оларға қалай айтам? Бірақ, айтпасам да, ертең-ақ ол сырым ашылатынын білем. Сондықтан ол сырды бүгін айту керек пе? Білмеймін... Өз ақылым жетпеген соң, туған-туыс пен құрбыларымнан жасырған сырымды сіздерге айтып, ақыл-кеңес сұрағалы отырмын. Не сыр екенін топшылап та отырған боларсыздыр. Сырым мынадай.
Сырға салу салты жасалған соң арада көп өтпей ауруханада түнгі кезекшілікте болып, науқастарды қарап жүргем. Медбикелердің бірі «сізге бір жігіт келіп тұр» деді. «Таныстар болса, телефон соғар еді, шамасы науқастардың бірінің туысы болар» деп ойладым. Есік алдына шықсам, Мәлік тұр. Оны көріп қуанып қалсам да, «қайдан жүрсің, неге келдің, жайшылық па, неге телефон соқпадың?» деп сұрақтың астына алып жатырмын. «Қаншама рет телефон соқтым көтермедің» дегенде барып ұялы телефонымды кабинетте қалдырып кеткенімді білдім. Кешірім сұрап, бөлімдерді бір аралап қайтқанға дейін күтіп отыра тұруын сұрап, Мәлікті кабинетке ертіп бардым. Кабинетте аз-кем бөгеліп, (не себепті бөгелгенімді өздеріңіз де біліп отырған шығарсыздар) науқастарды қарап шығуға бөлімдерді аралап кеттім.
Асыға жүріп бөлімдерді аралап шықтым да, кабинетке келдім. Кешкі астың уақыты болып қалған. Өзіміз құралпы медбике келіншектен тамақ әкеліп беруді өтіндім де, аса бір тығыз шаруа болмаса, мазаламауды сұрадым. Тамақ ішіп болған соң әңгімелесіп, теледидар қарап отырдық. Мәлік бүгін осында қалып, аудандағы шаруаларын бітіріп ертең түс ауа ауылына қайтатынын айтты. Сол күні Мілікпен төсектес болдым. Сырға салынды, жазда үйленеміз деп шешіліп қойған соң ол ісіміме өкінген жоқпын. Бірақ көп ұзамай-ақ ол ісіме өкінерімді қайдан білейін?! Тағдыр осындай тосын сый тарту етерін кім білген.
Таяуда аяғым ауыр екенін білдім. Дәрігер болсам да, сенбей, «бәлкім олай емес шығар» деп ойлағам. Бірақ солай болып шықты. Дәрігер ретінде оған толық көз жеткіздім. Енді не істерге білмей басым шыр айналып жүрмін. Баланың тағдыры не болмақ? Кейде шарасыз күйге түсіп «баланы алдырып тастасам ба екен» деп те ойлаймын. Бірақ оның жазығы қанша? Ал, одан кейін бала көтере алмай қалсам ше? Жоқ әлде тағдырдың салғанын көтеріп, Мәлікке тұрмысқа шығып, осы бір бала қанағат тұтсам ба? Өйткені бұдан кейін Мәлік әке атана алмасы анық. Бірақ, шынымды айтсам, өзімнің бұл сынды көтере алатыныма сенбеймін. Егер арада бала болмаса, Мәлікпен оңаша сөйлесіп, бір ортақ шешімге келер едік. Оның мені түсініп, кешіріп, бағымды байламасына сенем. Қазір қинап тұрған баланың жағдайы. Не істемек керек? Қандай шешім қабылдағаным дұрыс болады? Ақыл-кеңес беріңіздерші!
Маржан, Шығыс Қазақстан облысы