Шымкент тұрғыны Жанар Абдраимова Алматы маңындағы Өтеген батыр ауылында құлдықта болғанын айтты. Суррогат ана болуға өз еркімен барған қыз мәжбүрлі түрде төсек қатынасына түскен. Оқиғаны жәбірленушінің өзі баян етті.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астарлы ақиқат" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 
 Жанар Абдраимова 20 жаста. Бір баланың анасы. Шымкент қаласының тумасы. Өз өңіріне келін болған. Алайда жолдасымен жұбы жараспай ажырасып кеткен. 4 айлық ұлын өз еркімен бұрынғы енесіне беріп, кейін қайтып алған. Оған себеп желідегі жарнама. 
"Мен қазір әжеммен, баламмен бірге пәтер жалдап тұрып жатырмын. Жарнамадан суррогат ана туралы хабарламаны көрген соң, осындай жолмен ақша таппақ болдым. Ерлі-зайыпты ЭКО арқылы суррогат ана керек екенін айтты. Қасымда Тараздың бір қызы болды. Есімі Назерке. Екеуміз суррогат ана болмақ едік. Бала босанған соң 3 млн теңге береміз деген. Мен айына 70 мың теңге берсе болды. 3 млн теңге керек емес дедім. Себебі олар шынында балаға мұқтаж екен беп ойладым. Сөйтсем оларға бала емес, басқа нәрсе керек секілді. Алматыға кетерде баламды бұрынғы енеме қалдырып кеттім. Баламды беремін деп қолхат жаздым", - деді Жанар. 
Жанардың айтуынша, 10 күнде ерлі-зайыптының жақсы адамдар екеніне көзі жеткен соң анализ тапсырған. Анализден соң ерлі-зайыпты табиғи жолмен бала туып беруін өтіне бастапты.
"Біз табиғи жолмен бала көтересіңдер деген соң қаша бастадық. Кететінімізді айттық. Бізді үйге қамап, пышақпен қорқытып-үркіте бастады. Кететін болсақ, өлтіретінін айтты. Телефонымыз бен құжаттарымызды алып қойды. Біз ешкімнен көмек сұрай алмадық", - деді Жанар. 
Осылайша екі қыз 10 күн құлдықта болған. 55 жастағы азаматпен төсектес болған. Бұл жолға өз еркімізбен келгенімен, табиғи жолмен бала тууға, төсектес болуға келіскен емеспіз деді ол. 
Жанар Абдраимова мен Назерке амалын тауып, ол үйден қашып шығады. Полицияға арыз жазғанымен, бұл істің жылы жабылғанын айтады.
"Біздің өз еркімізбен келгенімізді айтып, істі жауып тастады. Назерке арызын қайтып алды. Мен тағы да арыз жазуға дайынмын", - деді Жанар. 
Жанар Абдаримованың арызы бойынша, іс қайта қозғалып, қайта қаралуы мүмкін. Бұл алдағы уақыттың еншісінде.
Stan.kz