«Тең-теңімен, тезек қабымен» деген сөз бар ғой қазақта. Меніңше, осы сөз тегін айтылмаған. Отбасын құруға бел буған екі жастың келбеті де, жасы да, жан дүниелері де, мінезі де үйлесіп тұрғаны қандай жақсы. Алайда өкінішке орай, өмірде барлық адам бірдей өз теңін таба бермейді. Мен бүгін «Алаш айнасы» сайтындағы «Отбасы – ошақ қасы» айдарына сіңілімнің тағдыры туралы жазбақпын.
Біз бір отбасында жеті қыз тәрбиелендік. Анам өте қатал адам еді, қайта әкем өте жұмсақ, биязы мінезді кісі болатын, жарықтық. Ол кісі ешқайсымыздың бетімізден қақпай, анам бізге ұрысса қайта арамызға түсіп отыратын. Анамның бізді үй тірлігіне де үйретіп, үйден ешқайда шығармай қатал ұстағанының арқасында болар, үйде ылғи қыздар өссек те ата-анамыздың атына кір келтірген емеспіз. Өзім үйдегі 5-ші қызбын. Өзімнен үлкен әпкелерім де жасына жетіп тұрмыс құрды, Аллаға шүкір бәріміз өз отбасымызды айрандай ұйытып отырмыз.
Менің жасым қазір 40-тан асты. Өзімнен кейінгі екі сіңілмнің ең кенжесінің өзі жасы 28-де. Ата-анамыз өмірден қайтқан соң өзімізден кіші сіңілімізге ең үлкен әпкеміз бас-көз болды. Өйткен қалғанымыз әр қалаға тұрмысқа шығып кеттік. Ал үлкен әпкем біз туып-өскен Көкшетау өңірінде тұратын. Үйдің кенжесі Әсем кішкентайынан ерке болып өсті. Ақ дегені ақ, қара дегені қара болатын ол қыздың. Оның үстіне бізден кейінгі жастардың таным-түсінігі де біраз өзгерді ғой. Біз ұят санайтын дүниелер кейінгі жастар үшін қалыпты жағдай секілді болып кетті.
Әсем бойжетіп мектеп бітіргеннен кейін Алматыға келіп, менің қолымда тұрып оқыды. Өзі мектепті жақсы оқыды, жоғары оқу орнына да түсті. Әсем өте сымбатты, сүйкімді, тартымды қыз болып өсті. Бірақ мінезі біраз ұшқалақтау болатын. Елпілдеп, желпілдеп бір орында тұрмайды, оған біраз салмақтылық жетіспеді. Бойжетіп, ақыл тоқтатқан соң мінезі өзгерер деп ойлайтынбыз. Өзі тағы әнші. Даусы сыңырлап ән айтқанда оған назар аудармаған адам қалмайтын. Мен сіңілімнің бағының ашылғанын қаладым, өзін биязы ұстап, жақсы бір адамның етегінен ұстаса екен деп тілейтінмін.
Бірінші курс оқып жүргенінде әсем менің бақылауыма біраз көнетін. Менің рұқсатымсыз үйден ешқайда кетпейтін, кетсе де ескертіп кетеді, сабақтан уақытында келетін. Қалай екінші курсқа көшті ол солай өзгеріп кетті. Әрнәрсені сылтауратып үйге кеш келеді, түннің жарымына дейін жоқ болып кететінді шығарды. Мен оған сабырмен ақылымды да айттым, ұрсып та көрдім. Бірақ ол өз дегенін істейді. Күннен күнге ол өзгере берді. Бірде оның киімдері тұратын шкафты ашсам ылғи қымбат кіиімдерді әкеп тығып қойыпты. Үнемі қымбат әтір сеуіп жүретін болды. Тағы бірде алтын сақина, алқа тағып жүргенін байқап қалдым. Содан кейін шыдамай кетіп сіңіліме айқайлап ұрсып, ақшаны қайдан алғанын сұрадым. Ол үндемейді. Сіңілім үндемеген сайын қаным басыма шауып, ойым сан-саққа кетті. Сіңілім жезөкше болып кетті ме деген өз ойыма өзім сенгім келмейді, өзінен сұрауға тағы аузым бармайды. Менің әбден ашуланғанымды көрген сіңілім өзінің жігіті бар екенін, бұл қымбат киімдер мен әшекейлерді, әтірді сол әперетінін айтты. Мен дереу мені ол жігітпен таныстыр дедім. Ол маған жігітін таныстыратынын айтып уәде берді. Осыдан кейін біраз көңілім орнына түскендей болды.
Сонымен қояр да қоймай жүріп сіңілімнің жігітімен де танысатын болдым. Бар ойым сіңіліме сонша қымбат сыйлықтар сыйлап жүрген жігіттің кім екенін, ойы қандай екенін білгім келді. Сіңілім мені өзімен бірге жігітімен кездесетін мейрамханаға алып келді. Екеуміз бос орындардың біріне келіп отырдық. Сол кезде маған сіңілім, «Жігітім қазір келеді, сен тек бірден оған ашуланбашы, біз бір-бірімізді сүйеміз, түсінуге тырысшы» деді. Бір кезде жанымыза жасы елуге келіп қалған жігіт ағасы жақындап келді. Сіңілім орынан тұрып еді, әлгі кісі оның маңдайынан сүйіп амандасты да, маған қарап амандасқан ишарат жасады. Сол кезде сіңілім: «танысып қойыңдар мына кісі менің әпкем, мынау менің жігітім» дегенде шалқамнан түсе жаздадым.
19 жастағы өрімдей қыздың 50-дегі шалмен жүретінін басқа біреуден естісем, есі ауысқан шығар дейтін ем, ал өзімнің туған сіңілім қарны қабақтай, әкесіндей адамды жігітім деген кезде кірерге тесік таппадым. Ішімнен қатты ашулансам да өзімді өзім ұстауға тырыстым. Ол кісі маған өзінің отбасынан ажырасқанын, балаларының есейіп кеткенін, тек оларға материалдық жағынан көмек беріп тұратынын айтты. Ал менің сіңілімді шын жақсы көремін, бақытты етемін деп қояды. Жарайды, жас қызды сүйсе сүйіп қалған шығар, ал біздің қызға не жорық?
Мен әлгі жерден кеткенше асықтым. Орнымнан тезірек тұрдым да, сіңілімді де үйге кетуіміз керек деп дедектетіп үйге алып келдім. Сіңіліме жол бойы үндемедім. Үйге келген соң оған жылап тұрып бар ойымды ақтарып салдым. «Балапаным-ау, сен әлі жап-жассың, саған әлі жігіттің төресі кездеседі. Мына әкеңдей адамды қайтесің. Ата-анамыз тірі болса сенің бұл қылығыңа қалай қарар еді. Әпкелерімізге не айтамыз. Жезделеріңнен ұялсаң етті» дедім. Оның маған бар айтқаны: «Сен махаббатты түсінбейсің, мен оны сүйемін» дейді. Айтып сөзім өтпеген соң өзі шешсін деп біразға дейін үндемей жүрдім. Тіпті сіңілімнің үлкен адаммен жүріп жүргенін күйеуіме де айта алмадым. Мен жолдасымның алдында сіңілімді ылғи мақтап отыратынмын. Мынаны естісе жұртқа күлкі, дұшпанға таба болмаймыз ба. Оның үстіне сіңілім әнді жақсы айтатын болған соң ол сахнада өнер көрсетіп, біраз жұртқа танылып та қалған болатын. Әсіресе, біздің ауылдың адамдары Әсемді теледидардан көріп мақтан тұтып жүреді екен.
Мен сіңілімді қанша райынан қайтарғым келсе де ол дегенін істеді. Басқа әпкелерімді шақырып, олар да ақыл қосты. Тіпті оның оқуын ауыстырып, басқа қалаға алып кетпекші де болды. Бірақ ол «мені сүйгенімнен ажыратсаңдар, өлем» деп қорқытты бәрімізді. Балалықпен осы әрекетке барып отыр ғой, уақыты келіп, санасы кіргенде анау үлкен кісіні тастар дедік те жөніне қалдырдық.
Ол үшінші курс оқып жүргенде әлгі үлкен кісімен бірге тұратын болды. Біздің үйден заттарын алып, сол кісінің үйіне көшіп алды. Сол кезде соңғы рет мен оған: «Әсем-ау, андағы шал ертең қартайып өледі, сен жап-жас болып балаңды құшақтап қаласың ғой, ойлансаң етті» дедім. Ол менің сөзімді құлағына да ілмеді, осыдан кейін мен онымен мүлде сөйлеспей, арақатынасымды үздім.
Әсем өзі таңдаған адаммен небәрі 5 жыл өмір сүрді. Араларында бір ұл қалды. Соңғы үш жылда Әсемнің күйеуі қатты науқастанып, соңында көз жұмды. Ал сіңілім 24 жасында бір баласын құшақтап жесір қалды. Ол тіпті осы уақыт ішінде ана болудың жауапкершілігін, баланың қадірін де түсінбеген секілді. Күйеуі қайтыс болғанан кейін тіпті баласына дұрыс қарай алмай, оның баласын менің алдымдағы әпкем өз балаларымен бірге өсіріп, тәрбиелеп отыр. Қазір ол бала 6 жаста. Кішкентай сәби үнемі анасын аузынан тастамай, оған барғысы келетінін айтатын көрінеді. Бала қазір әпкеммен Жезқазған қаласында тұрады. Ал Әсем болса қазір Алматы қаласында тұрып жатыр. Мен әлі күнге онымен араласпаймын. Соңғы рет күйеуінің жаназасына бардым. Естуімше, қазір ол өзінен бірнеше жас кіші жас жігітпен азаматтық некеде тұрып жатыр екен. Өліп-өшіп сүйген адамынан туған баласын да ұмытып кетті. Сіңіліме қашан сана кірер екен?
Назгүл, Алматы