Жүргізушілердің сақтық үшін сыра, басқа да алкогольді заттарды қолданып, көлік басқаруына тыйым салынған. Медицина мамандары қымыздың құрамында да адамды масайтатын қоспалардың бар екенін анықтады. Осы жерде «жүргізушілердің қымыз ішіп, көлік руліне отыруына рұқсат беру қажет пе?» деген сауал туады. Бұл мәселеге қатысты қоғам өкілдерінің пікірін ортаға салған едік.
Амангелді Момышев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
Иә
– Қымыз – ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық сусынымыз. Қазақтар қымыздың денсаулыққа пайдасын, оның емдік қасиетін біліп, ат үстінде, басқа жерде болсын үнемі ішіп жүрген. Қымыздың мың да бір дертке шипа болатын артықшылығын өзге жұрттар енді ғана түсініп келеді. Қымыздың қуаты арқасында қазақтар талай ауру-апаттан аман қалған. Өздеріңіз білесіздер, қазір елдің барлығы темір тұлпарды тізгіндеп мінетін болды. Ал көлік жүргізген адамдардың барлығын «қымыз ішіпсің» деп айыптай берсек, қазақтың ұлттық брендіне айналдыруға ұмтылып отырған сусынымызды кім қолданады? Оны арнайы отырып ішудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Тәртіпке бағындырамыз деп, елді қымыздан жирендіріп алуымыз мүмкін. Тағы бір айтарым, ұлттық сусынымыз болғандықтан, қымызға тек денсаулықты түзейтін препарат ретінде қарамау керек, оны күнделікті шөлдегенде шөлді басу үшін де ішкен дұрыс. Қымыздың адамды есінен адастыратын артық градусы жоқ. Оны ішіп алып, жол ережесін бұзып не болмаса жол апатына ұшыраған адамды кездестірген жоқпын.
Біздің балаларымыз қазақтың барлық жақсы қасиетін бойына сіңіріп өсуі керек. Мысалы, ұл-қыздарымыз қымыз, шұбат ішіп, торсықтай болып жүрсе, қандай жақсы. Кейде ұзақ сапарға кетіп бара жатып, жол бойында киіз үй тігіп, қымыз сатып отырған сатушыларды көресің. Ал егер осындай қымызханаларды қаланың ішінен көптеп ашатын болсақ, халық та қымызға үйреніп, оны үнемі қолданатын еді. Біз шетелдерден келген қонақтарға қандай байлығымызбен мақтана аламыз. Далиған дархан даламызбен бірге, олар біздің тағамдарымызды да татып көру керек. Дәл қазақ сияқты ешқандай халық қымызды бабына келтіріп, дәмін шағарып дайындай алмайды. Біздің әжелеріміз, аналарымыз қымызды дайындаудың барлық технологиясын игерген деуге болады. Енді оны ары қарай дамытып, ұрпақтарға үйретудің уақыты жетті. Бұл жерде айтарым, бізде қымызды насихаттау жағы жетіспей жатыр. «Ұлттық байлығымызды таныта алмай жатқанда, жүргізушілердің қымыз ішіп, көлік басқаруына рұқсат бермеу — ағаттық» деп ойлаймын. Мені қуантатын бір жағдай, қазір көп адамдар тойларда дастарханға қымыз қоятын болды. Бұл – кейінгі ұрпақ үшін де жақсы өнеге. Мейрамханаларда, тамақтанатын кейбір орындарда міндетті түрде қымыз болады. Сондай-ақ қарапайым ауыл тұрғыны үшін қымыз сату жақсы бизнес болып тұр. Бұл, біріншіден, мал санын арттыруға, ауыл халқының, әлеумет жағдайының көтерілуіне мүмкіндік береді. Баз біреулер қымыз сыра сынды адамды масайтады дейтін болар. Бірақ менің айтарым, арам суды ұлттық сусынмен ешқашан да шатастырмау керек. Егер олай ойласақ, қателескеніміз. Барлық азаматтарды осы пікірді қолдауға шақырамын.
Қанат Мұсағұлов, республикалық «Ақ Орда» қозғалысы төрағасының орынбасары:
Жоқ
– Қымызды насихаттап, әлемдік деңгейге қазақтың ұлттық сусыны екенін танытқанымыз дұрыс. Қазақтың жүйрік ат мініп, құмай тазы ұстап, одан қалса, қымыз ішіп, етті де жей білетін халық екенін әлемге әйгілеуіміз керек. Біз біраз уақыт ұмытып қалған ұлттық құндылықтарымызды қайта тірілтіп келеміз. Бұл жерде ұлттық тағамдардың да маңызы ерекше дер едім. Қазір қымыздың қасиетін барлық елдер танып білді. Оны емдік қасиеті үшін Еуропаның медицина мамандары науқастарға ішуге ұсыныс жасайды екен. Бірақ Еуропада қымыз ішіп алып, көлік жүргізіпті дегенді естігенім жоқ. Себебі олар қымыздың құрамында адамның бойын босаңсытып, басын айналдыратын қоспалардың бар екенін біледі. Бізде де дәл солай, ешкім қымыз ішіп, көлік руліне отырмайды. Мәселен, сіз де басыңыз айналып, көзіңіз бұлдырап тұрса, темір тұлпарға мінбейсіз. Алматы сияқты көлігі көп ірі қаладағы жолдарда жүргізушіге сәл қия кетуге де болмайды. Еркінсіп, тізгінді сәл жіберсеңіз, қатер төнуі мүмкін.
Осындайдан болатын Алматыдағы жол-көлік апатын жиі көріп жүрміз. Көлік басқаратын адам әрқашан сергек, ойын тұнық ұстауы керек. Қазір жол апатынан қаза табатындар саны артып кетті. Ол талай боздақтың қыршын өмірін қиды. Еуропадағы сияқты емес, біздегі жолдар тар. Кейбір жол тораптарында мәшинелер бір-біріне үйкеліп бара жатады. Жол инспекторлары тұрмайтын жерлермен көліктер тіпті «ұшып» өтеді. Олардың не ішіп алғанын бір Алланың өзі біледі. Ал олар жол апатына ұшырамағанда қайтеді!? Менің ойымша, егер сақтығымызды ойласақ, жүргізушілерге қымыз ішіп, көлік басқаруға рұқсат бермеу керек. Исламда халал және харам деген дүниелер бар. Рас, қымыз халал сусынға жатады. Бірақ, жаңа айтқандай, ол адамның басын айналдырады. Қымызды ішетін жер көп қой. Мәселен, жұмыстан кейін үйге келіп ішсең болады. Көлігіңді бір жерге қойып, көшеде ішуің мүмкін. Демалыс күндері отбасыңмен шүйіркелесіп іш. Тек оны пайдаланғаннан кейін көлікке отырмасаң болды. Себебі тағы да айтайын, ол өзің, отбасың үшін өте қауіпті. Бұрынғыдай емес, қазір қымыз ішетіндер саны артып келеді. Әрине, ата-бабамыз қымыз ішіп, атқа қона берген. Дегенмен ат пен автомобильді шатастырмау керек. Сондықтан егер сақтығымызды ойласақ, жүргізушілердің жол үстінде қымыз ішуіне рұқсат бермеу қажет.
Түйін
Гүлнұр АЗИЗОВА, заңгер:
Қымыздың құрамында белгілі бір мөлшерде алкоголь бар. Оны ішкен адам масайып, өзін жайсыз сезінуі мүмкін. Ал кейбір адам қымыз ішкенде, денсаулығында жағымсыз реакция пайда болады. Мен азаматтардың қымыз ішіп, көлік жүргізуіне қарсымын. Менің ойымша, ұлттық сусынымыз денсаулыққа пайдалы болғанымен, оны қолданатындар қазір аз. Сондықтан жүргізушілердің қымыз ішіп, көлік басқаруына рұқсат беру мәселесін тоқтатқанымыз дұрыс.