Жерді жекеменшікке сатуды тыйып, тек жалға беру тиімді болар ма еді?
Елімізде шамамен 1,5 млн гектар жер – жекеменшіктің қолында. ҚР Жер қорын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбековтің айтуынша, ауыл шаруашылығы құрылымдарының иелігінде – 861 500 гектар, заңды тұлғалардың меншігінде 371 000 гектар жер тіркелген. Республика аумағындағы жердің 33 пайызы, яғни 91 млн гектары ауыл шаруашылығына арналған. Оның 1 пайызы (1,5 млн га) – жекеменшіктің қолында. Былай қарағанда, соншалықты көп емес.
Алайда көп түйткіл осы статистиканың тасасында қалып қояды. Әсіресе жекеменшіктің иелігіндегі жердің тиімді пайдаланылмай отырғаны соңғы кезде көп айтылып жүр. Тағы да санға жүгінсек, елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 20 пайызы тиімсіз пайдаланылады. Қанша талқыланса да, күрмеудің шешілетін түрі жоқ. Бәлкім, жерді жекеменшікке сатуды тыйып, тек жалға берген дұрыс шығар?
Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы:
Иә
– Негізі, жерді сатқаннан гөрі жалға берген тиімді ме деймін. Өйткені жалдаушы белгілі бір мақсатпен алады ғой. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында болса, егін егіп, бақша салып не болмаса мал өсірумен айналысады. Ал егер жерді сатып алса, ол қараусыз бос қалуы да мүмкін. Қараусыз қалған соң жер азып-тозады, эрозияға ұшырайды. Ондай жағдай қазір көптеп ұшырасады.
Сол себепті жерді сатқаннан гөрі оны жалға беру тиімдірек болатын шығар. Жалға алған адам келісімшартта көрсетілген міндетін орындамаса, кері қайтарып алуға болады. Бұл арада мынадай мәселені де ұмытпаған дұрыс: жалға беру мерзімі үш, ары кеткенде, бес жылдан аспауы қажет.
49 жыл – тым көп уақыт. 49 жылдың ішінде қандай жағдай болатынын болжау қиын ғой. Мұрагерлік мәселесі бар дегендей.
Ал егер жалға берсе, ол мемлекетке де тиімді, жалға алушы да шығарған шығынын ақтауға тырысатыны анық. Себебі жерді сатып алған адам үшін ол қаржы сақтаудың бір түрі болып есептеледі. Осы тұрғыдан келгенде, жерді жалға беру тиімдірек болуы керек.
Екінші жағынан, осы кезге дейін талай жер жекеменшіктің иелігіне өтіп кетті. Енді соны шектейтін де кез келген сияқты. Жер мемлекеттің иелігінде болып, жекеменшікке жалға беруді өзі реттеп отырғаны жақсы. Ал келісімшарттарын орындамағандарды әкімшілік, азаматтық-құқықтық және тағы басқа жауапкершіліктерге тартуға болады.
Марат СӘРСЕНБАЕВ, заңгер:
Жоқ
– Жер де – тауар, сондықтан ол да сатылады, сатып алынады. Жер мемлекеттің де, жекеменшіктің де иелігінде болады. Ал енді жерді жекеменшікке алғаннан кейін, оны дұрыс пайдалану керек. Бұл, әсіресе, ауыл шаруашылығына тиесілі жерлерге қатысты. Егер ол жерді сатып алып, құр босқа қойып қойса, одан әлгі сатып алған адамға да, мемлекетке де ешқандай пайда болмасы анық.
Жерді пайдаланудың өз мақсаттары болады ғой. Сондықтан әлгіндей жерді сатып алып, пайдаланбай отырған адамнан жерді қайтадан мемлекеттің иелігіне қайтаруды талап ету керек.
Жалпы, Қазақстанда жер көп сияқты көрінеді. Бірақ біздегі әр өңірдің ерекшелігін де ескерген жөн. Өйткені бізде шөл және шөлейт жерлер көп. Ондай жерлерде ешқандай өсімдік өспейді, сондықтан өнім алу мүмкін емес. Біздегі ең құнарлы деген алқаптар – Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында. Әсіресе оңтүстік өңірдің топырағы құнарлы деп саналады. Сондықтан ондай құнарлы жерлер аз болғандықтан, оны дұрыс пайдалана білу керек. Былайша айтқанда, айналым болуы қажет. Сондықтан жерді сату жағынан қорқуға болмайды. Оны дұрыс пайдаланбай жатса, кері қайтарып алу механизмдерін қарастыруды ойлау керек. Егер сатқың келмесе, жергілікті әкімшілік мәжбүрлей алады. Сондықтан жерді сату-сатпауда тұрған ештеңе жоқ. Тек оны тиімді пайдалану жағын қадағалауды ұмытпау керек.
Түйін
Ғани ҚАЛИЕВ, «Ауыл» партиясының төрағасы:
«2003 жылы елімізде Жер кодексі қабылданған болатын. Біз сол кезде «жерді үкіметтің иелігінде қалдырып, оны пайдалану құқығы ғана сатылсын» деген ұсыныс енгізген едік. Ол өтпей қалды. «Жекеменшікке сатылса, айналым көбейеді. Жерді кепілдікке қойып, банктен несие алады» деген есеп те бар-тұғын. Бірақ жеті жылдың ішінде сатылуға тиіс жердің 0,7 пайызы ғана сатылған. Жер сатып, сатып алып жатқандар кемде-кем. Ал банк жерді кепілдікке алып, несие бермейді. Бізде жерді қалталылар мен шенеуніктер 49 жылға жалға алған. Өздері ауылда тұрмайды, жалға алған жерін де өз атына емес, өзге біреулердің атына рәсімдеп тастаған. Шынын айту керек, олар өз болашағын мемлекеттің мүддесімен байланыстырып отырған жоқ.
Қазір помещик пен жер олигархтары деген дамыған елдерде атымен жоқ. Тіпті Ресейде де жоқ. Елдің жалданып жұмыс істеуге ынтасы төмен. Мәселен, Германияда жерді өнім өндіретін адамға ғана сатады.
Қазір ауылдағы адамдардың көбінде жер жоқ. Содан жастар амалсыз қалаға жөңкіледі. Ал қалада оларды не күтіп тұр – не үй, не жұмыс жоқ. Қазақтың 70 пайызы – ауылда. Сондықтан бұл мәселенің әлеуметтік, экономикалық, саяси мәні де бар. Бүгінде айналым жердің 40 пайызы, жайылым жердің 70 пайызы игерілмей бос жатыр. Суармалы жердің 30-40 пайызы істен шықты. Жердің 52 пайызы – ұсақ шаруашылықтардың қолында. Олардың кішкентай жеріне үлкен техника, ғылыми жетістігі бар технологияны пайдалануға жарамайды. Сол себепті бәрін бір жерге шоғырландырып, жерлерін қосып, жұмыстарын жұмылдырса, жақсы болар еді. Сонда жылдың аяғына қарай әркім өз жерінің көлеміне қарай тиесілі пайдасы мен еңбекақысын алуы қажет. Айта кету керек, біз осы мәселе бойынша өз ұсынысымызды Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеткіздік. Ондағылар қолға аламыз деді.