Соңғы кездері елдегі зейнетақы жүйесіне байланысты қилы-қилы пікірлер айтылып жүр. Мәселен, көптеген мемлекеттік емес ұйымдар мен сарапшылар нақ қазіргі жағдайда елдегі зейнетақы жасын ұзарту қажеттілігін қаузауда... Зейнетақы жүйесі реформаланғаннан кейінгі тәжірибелеріміз айғақтағандай, бізде қазақстандықтардың жинақтаған орташа зейнетақы жинағы өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Бұл көрсеткіш елдегі ерлер мен әйелдер арасында да анағұрлым айырмашылық түзіп отыр. Мысалы, 2011 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша, ер адамның орташа зейнет жинағы 181 мың теңгені құраса, ал әйелдердікі – 144 мың теңге. Арадағы айырмашылықты ескерген мамандар таяу болашақта зейнеткерлік жасын ұлғайту қажеттігін, осы арқылы еліміздегі азаматтардың зейнет жинағын көбейте алатынымызды алға тартуда. Ал енді бұл үрдіс дұрыс па, әлде бұрыс па? Зейнеткерлік жасын ұлғайту қаншалықты оңды ұсыныс?! Біз осы сауалды арнайы мамандардың ой-пайымына салып көрдік...
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
иә
– Егер астарына үңіліп, өзіндік талдау жасасақ, мұндай пікірлермен келісуге болады. Бүгінде көптеген елдер зейнеткерлік жасын ұлғайту арқылы азаматтарының зейнет жинағын көбейтіп, зейнетақы қорларындағы қаржыны айналымға шығарып жұмыс істетуде. Мысалы, жапондарда әйелдер 80 жасында, ерлер 85 жасында зейнетке шығады. Осы уақыт аралығында олардың зейнет жинағының да көлемі өсіп, кейін бейнетінің зейнетін көріп, алаңсыз өмір сүреді... Корей халқының да зейнеткерлік жасы тура осы іспетті. Осыған байланыстыра айтарым, біздің елімізде де зейнеткерлік жасын ұлғайту керек. Қазірде бізде зейнет жасынан кейін де жұмыс істей беретін азаматтар бар.
Еңбек кодексінің 7-бабына сәйкес, елімізде зейнетке шыққан адамның өзінің қызметін ары қарай жалғастыра беруіне ешкім тыйым салмайды. Тіптен осы үрдіске жүгіне отырып та зейнет жасын ұзартуға болады.
Бұдан соң біздің еліміздегі орташа жалақы дамыған және дамушы елдердің орташа жалақысымен салыстырғанда тым аз. Жалақысы аз адамның зейнет жинақысы да мардымсыз. Зейнет жасын ұзартудың кейін қарттыққа жеткенде материалдық жағдайды жақсартуға кәдімгідей көмегі тиеді. Жалпы, заңда көрсетілгендей, зейнет жасына жету адамның еңбекке жарамсыздығын білдірмейді. Мұнда көрсетілген жас тек зейнетақы төлемі жасалатын кезеңді айқындайды. Зейнет жасына дейінгі және зейнетке шығу мерзіміне жеткен азаматтарға арнап еңбекпен қамту бойынша арнайы бағдарлама қабылдап, оларға құқықтық кеңес жағынан көмектесу қажет. Осы істі үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік қорғау қызметтері мен ұйымдары белсенді түрде қолға алатын болса, зейнет жасына жеткен адамдардың мәселесін белгілі бір деңгейде шешуге болады. Әрине, бұған бірден көшу мүмкін емес. Ол үшін алдымен қоғамды дайындау керек. Егер бұл ұсыныстар үкіметтік тараптан қолдау табатын болса, онда үйлестіру жұмыстары ретінде бірінші кезекте ерлер мен әйелдердің зейнет жасын теңестіру қажет. Бұдан соң халықтың өмір сүру ұзақтығына арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген абзал. Негізінен, қазіргі статистикалық деректерге жүгінсек, 2011 жылы қаладағы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 66-69 жасты құраса, ауыл тұрғындарының жасы – 65-67 жас. Осы жас аралықтарына қарап, арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп барып, зейнет жасын ұзартуға болады. Сол арқылы зейнетақы қорларындағы қаржы көлемін өсіріп, ол қаржыны мақсатты түрде айналымға шығарып жұмыс істету керек...
Серікболсын ӘБДІЛДИН, экономика ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Мен мұндай ұсыныстарды, пікірлерді қолдауға үзілді-кесілді қарсымын. Біздің еліміз орташа өмір сүру жасының көрсеткіштері бойынша әлем бекіткен межеге де әлі жете алмай отыр. 60 жастық межені бағындыра алмай бақилық болып та кеткен азаматтар қаншама?! Осындай жайттарды көріп-біліп отырып, мен мұны қолдай алмаймын. Зейнет жасын ұзарту нақ қазіргі уақытта қажеттілік емес. Менің бұл қайшы пікірімді базбір сарапшыларымыз «жалқаулық, енжарлық» деп бағалауы да мүмкін. Негізінен, өзі қазаққа қойылатын негізгі айыптың бірі – жұрт қазақты жалқау дейді. Бірақ орыс оқымыстысы Леонид Мордвинов қазақтың еңбекқорлығын өз еңбегінде жіктеп тұрып дәлелдеген.
Мысалы, ол: «Қазақтың малы көп. Еуропалықтарға қарағанда қазақтың малы сегіз есе артық. Бірақ қазақтың жерінің құнарсыздығы тағы сол еуропалықтармен салыстырғанда он есе төмен», – деп жазады. Еуропалық сарапшылардың бағамдауынша, қазақ бір отбасын асырау үшін Батыс елдеріне қарағанда 80 есе артық күш жұмсайды. Жалқау халық осылай әрекет етпейді ғой. Қазақ – жалқау емес, еңбекқор, бейнетқор халық. Қазақ тер төгіп, бейнет көріп барып зейнетке жеткен. Егер қазақ жалқау, енжар болатын болса, еуропалықтардан 80 есе артық күш жұмсап, тіршілік кешуден әлдеқашан түңіліп кетер еді. Аңғарсақ, физикалық күшті қажет ететін ауыр жұмысқа жегіліп жүрген де – сол қаракөздер. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайызды құрайды, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 4,5 пайызға тең. Қайсыбір мамандардың айтуынша, Қазақстанда 467 мыңға жуық халық жұмыссыз. Ойлап қарасақ, біз әлі де халықты жұмыссыздық қамытынан арылта алмай отырмыз. Сөйте тұра зейнеткерлік жасын ұзартқымыз келеді. Қазір қылшылдаған орда бұзар жігіттер жұмыссыз «екі қолға бір күрек» таба алмай жүр. Мұндайда алпысты алқымдаған қарияға кім жұмыс орнын бере қоймақ? Сонда біздегі ақсақалдар 60-тан асқанша жұмыссыз не зейнетақысыз сенделуі керек пе? Жалпы, ТМД аумағы бойынша өзге елдер зейнет жасын ұзартуды мүлде ойлап отырған жоқ. Мәселен, Ресей, Белоруссия, Тәжікстан сынды мемлекеттерде ерлердің зейнетке шығу жасы – 60 жас, ал әйелдердікі – 55 жас. Ресей Федерациясында да таяуда осы мәселе талқыға түсті. Дегенмен ресейліктер халықтың зейнетке шығу мерзімін сол қалпында қалдыру керек деген тоқтамға келген. Бұл – қолдайтын, келісетін дүние емес... Сондықтан мен қарсымын.
Бейтарап пікір
Үсен АМАНБАЕВ, экономист ғалым:
– Өздеріңіз білесіздер, Грекияда мемлекеттiк шығынды қысқартуға бағытталған үкiмет бағдарламасына қарсы наразылық шеруі ұйымдастырылғаны белгілі. Сол мезетте халықтың наразылығын тудырған мәселе – мемлекеттiң жалақыны төмендетiп, салық мөлшерiн көбейтуi және азаматтардың зейнетке шығу жасын ұзарту сияқты реформалары. Осылайша Грекия үкiметi 45 млрд бюджет тапшылығын жабуды көздеген. Ал мұның арты әлгіндей жағдайларға апарды.
Ал нақ қазірде біздің Үкіметіміздің дағдарысты еңсере алатынына халықаралық сарапшылар үлкен сенім артуда. 2008-2009 жылдар аралығында дағдарыс кезеңінде сауатты шешім қабылдауымен Қазақстан Үкіметі мұны дәлелдеді. Осыған байланысты айтарым: Үкімет қандай шешім қабылдаса да, ол шешім халықтың жағдайына қарай бейімделуі керек...