Ресейдің білім және ғылым министрі жатақхана бағасын студенттердің оқу үлгеріміне қарай белгілеу туралы ұсыныс айтып отыр. Бұл өзгеріс студенттердің оқу үлгеріміне жақсы жағынан әсер етеді деп күтілуде. Еліміздегі бірқатар мамандар көрші елдегі бұл ұсынысты Қазақстанда да қолданып көру жайлы айтуда. Жатақхана бағасын студенттердің оқу үлгеріміне қарай белгілеу студенттердің біліміне қаншалықты әсер етеді? Тақырыпты мамандар талқысына салып көрген едік...
Әлима СҚАҒИҚЫЗЫ, филология ғылымының кандидаты, доцент, Д.Қонаев атындағы университеттің оқытушысы:
иә
– Жатақхана бағасын студенттердің оқу үлгеріміне қарай белгілеуді мен қолдар едім. Өйткені студенттерді ынталандыру мақсатында бұл өзгеріс тиімді нәтиже береді деп ойлаймын. Мәселен, бабы келіссе де, бағы шаппай, грант иелене алмаған, бірақ бүгінде ақылы негізде білім алып жатқан жастар жетерлік. Олар оқу ақысына 300-400 мың төлегені аздай, жатақхана бағасына да жеңілдіктер ала алмайды. Грант иелене алмаған екен, ең болмаса одан кейінгі уақыттағы оқу үлгерімін ескере отырып, жатақхана бағасына неге жеңілдіктер қарастырмасқа?! Жақсы оқыған баланың еңбегі қашан да ескерілуі керек қой. Әртүрлі жолдармен оларды ынталандырып отыру одан әрі олардың өз мүмкіндігін көрсетуіне жол ашар еді.Мен де бірнеше оқу орнында оқытушы болып істеймін.
Студенттердің бүкіл жағдайы, оқу үлгерімі көз алдымда өтіп жатыр. Кейбір жекеменшік оқу орындарының оқу ақысы ғана емес, жатақханасының да бағасы ұшып тұр. Жатақханаға жыл сайын жөндеу жүргізе бермейді. Ендеше, жатақхана бағасын қымбаттата берудің қажеті қанша? Осы орайда айта кетер жайт, кейде студенттерге жатақхана жетіспейді деп жатамыз. Ал кейбір студенттік жатақханаларға сол оқу орнына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жанұялар қоныстанып алған. Ал сол оқу орнының студенттері жатақхана жетіспеді деп, арзанын іздеп, жердің түбінен пәтер жалдап, оқу орнына әзер қатынап жүреді. Сондықтан оқу үлгерімі жақсы студенттерге жатақхана бөлу кезінде де басымдықтар беру керек. Жақсы оқитын студент ешқашанда далада қалмауы керек. Ең болмаса грант иелене алмаса да, білім алу кезіндегі олардың оқу үлгерімінің ескерілуі студенттерді ынталандыратынына сенемін. Мүмкін болса барлық студент жатақханамен қамтамасыз етілуі керек. Ал студенттерге толық жатақхана жетпейтін қазіргі заманда олардың оқу үлгерімін ескере отырып, жатақхана бөлу, жатақхана бағасына жеңілдіктер қарастыру өте маңызды деп білемін.
Қазір жастардың білім алуы өте қиын болып кетті. Бәрін бірдей грантпен қамтамасыз ету мүмкін емес. Ал оқу ақысы өте қымбат. Жастар «әйтеуір, қайтсем де білім алсам екен» деген жанкештілікпен білім алып жатыр. Егер осындай жолдармен олардың оқу үлгеріміне мән беріп отырғанымызды оларға сездірсек, ең болмаса, білім алуға деген еңбектерінің ескерілгені оларды қуантар еді. Осы орайда мен жатақхана бағасын студенттердің оқу үлгеріміне қарай белгілеуді қолдар едім.
Қабиболла ЖАҚЫПОВ, Мәжіліс депутаты:
жоқ
– Жоқ, мен бұл ұсынысты қолдай алмаймын. Онсыз да мемлекет тарапынан бөлінген грант талапкерлердің бәріне бірдей жете бермейді. Амалсыз талапкерлердің қалған бөлігі ақылы негізде білім алуға мәжбүр. Енді грант бөлу кезінде оларды біліміне қарай іріктегеніміз аздай, тағы да оқу үлгеріміне қарай жатақхана беру кезінде де алаласақ не болғаны?! Студенттерді үнемі алалай беру оларға да психологиялық тұрғыдан әсер етеді. Ең болмаса, жатақхана бағасы студенттердің барлығына бірдей ортақ бағада болуы керек. Осы тұрғыдан келгенде, жатақхана бағасының студенттердің оқу үлгеріміне қарай белгіленуіне қарсымын. Онсыз да қазір жақсы оқитындар шәкіртақы алу кезінде басымдықтарға ие болады.
Мәселен, өте жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, университетте өтетін сайыстарда бой көрсетіп жүрген, барлық жағынан үлгілі шәкірттер Президенттік шәкіртақыға ие болса, тек қана «5»-пен оқитындар, грантқа ие болғандар белгілі бір дәрежеде жоғары шәкіртақы алады, ал грант ұтып алғандардың тағы бір бөлігі стандартты белгіленген шәкіртақы алып жүр. Біз жақсы оқитындардың өзін қазір бірнеше бөлікке бөліп, осылай алалап шәкіртақы беріп отырмыз. Енді жатақхана бағасына қатысты да осындай алалау енгізу дұрыс емес секілді. Негізі, еліміздегі барлық студент – мемлекетіміздің болашағы, еліміздің ертеңі. «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан болады?» Сондықтан мемлекет мүмкіндігінше алаламай, оларға бірдей жағдай жасаса, олар да елі үшін аянбай еңбек етіп, қызмет етуге тырысар еді. Сондықтан грант бөлу кезінде оларды біліміне қарай бөлгеніміз жетеді. Ең болмаса одан кейінгі уақытта оларға деген мемлекеттің қамқорлығы бәріне бірдей болуы керек деп санаймын.
Негізі, баланың ерекшелігі әрқилы. Біреулердің белгілі бір пәндерден сабақ үлгерімі төмен болғанымен, енді бір пәндер бойынша жоғары нәтиже көрсетуі мүмкін. Ал сен бәрін «5»-ке оқымадың деп, оларды алалау, ең аяғы жатақхана бөлу кезінде де жақсы оқығандарына ғана басымдықтар беру дұрыс емес. Бүйте берсек, бірқатар студенттеріміз бір күні жатақханасыз далада қалуы мүмкін. Сондықтан мен жоғарыдағы ұсынысты қолдай алмаймын. Мүмкін болса, барлық балаға мемлекеттің қамқорлығын көрсете білгенге не жетсін.
Түйін
Рахман АЛШАНОВ, Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, «Тұран» университетінің ректоры:
– Бірлі-жарым оқу орындары университеттердің ішкі тәртібіне сәйкес осындай өзгеріс енгізулеріне болатын шығар. Ал еліміздегі жоғары оқу орындарына жалпылама мұндай өзгеріс енгізу дұрыс емес сияқты. Негізі, жатақхана бағасын студенттердің оқу үлгеріміне қарай белгілеу арқылы жақсы оқитын студенттерді ынталандырып, нашар оқитын студенттерді жазалауға болады. Бірақ мұның бәрі әр университеттің ішкі тәртібімен бекітілмесе, жалпылама енгізетіндей ұтымды ұсыныс емес деп санаймын. Қазіргі таңда еліміздің жоғары оқу орындары жалпы министрліктің шығарған тәртібіне бағынғанымен, өздерінің ішкі ережелерін бекіткен. Мәселен, бір жанұяда бірнеше бала бір оқу орнында ақылы білім алып жатса, олардан белгілі бір құжаттарды талап ете отырып, олардың оқу ақысына пайыздық жеңілдіктер белгілейді. Бұл да болса студенттерді өздеріне тарту, ынталандыру мақсатында жасалып отырған шара деуге болады. Сол секілді кейбір оқу орындарының басшылары ұжымымен келісе отырып, жатақхана бағасын студенттердің оқу үлгеріміне қарай белгілеуіне болатын секілді. Ал арнайы бұйрықпен бекітіп, жаппай барша оқу орнына осылай міндеттеу артық дүние деп санаймын.