Әр елдің бала тәрбиелеу тәртібі әртүрлі. Мысалы, түріктер балаларын туа сала еңбексүйгіштікке үйретеді, ағылшындар перзенттерінің болашақта өз-өзіне сенімді болып өсуі үшін үнемі мақтап отырады деген сияқты тағысын тағы. Ал Жапонияда патриоттар мен нағыз еңбексүйгіш азаматтарды тәрбиелеу үшін мектепте өздері отыратын сынып бөлмелерінің еденін жуу жүктелген. Соңғы кездері мұндай тәртіпті біздің елдегі мектептерге де енгізу керек деген пікірлер жиі айтылып жүр. Алайда баласының еден жуғанын қолдайтын ата-ана кем де кем. Сондықтан бұл мәселеге қатысты қоғамдық пікір екіжақты. Бірі – еңбек еткеннің зияны жоқ десе, енді бірі – бұл жүйе балалардың еңбек күшін пайдаланып, ақша үнемдеу деп біледі. Біз өз кезегімізде «Жапониядағыдай еңбекке, тазалыққа баулу үшін мектепте еден жууды оқушыларға жүктеу керек пе?» деген сұрақты мамандардың қызу талқысына салып көруді жөн санадық.
Әбдімәжит ӨТЕШ, Алматы қалалық №178 лицейдің директоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі:
иә
– Жапониядағыдай еңбекке, тазалыққа баулу үшін мектепте еден жууды оқушыларға жүктеу керек. Өйткені баланың өзі білім алып отырған сынып бөлмесінің едені мен үстел-орындығын, терезесін жуғаннан денсаулығына да, ойсаулығына да зиян келмейді деп есептеймін. Бұл алдымен баланы еңбекке тәрбиелейді. Содан соң тазалыққа талпындырады. Сынып жууға кезекші болған бала тазалықтың сақталуын қадағалап отырады. Аяғы лас баланы сыныпқа кіргізбейді. Өйткені ол өзінің еңбегін бағалайды және сол арқылы өзгенің еңбегін де бағалауға да үйренеді. Осындай тәлім көрген бала ертең өскенде көшеге қоқыс лақтыра салмайтын болады. Біз шетелдердегі тазалықты айтып тамсанамыз, ондай тазалыққа олар қалай жеткені жайлы ойланбаймыз.
Қазір, шыны керек, «баламның шаңнан, судан аллергиясы бар» деп перзентінің мұндай еңбекке араласуынан үзілді-кесілді бас тартып, ат-тондарын ала қашатындар көп. Әрине, келісемін, терезенің сыртын оқушыларға жуғызуға болмайды. Бір кездері Маңғыстаудың мектебінде терезенің жақтауына шығып алып, жоғары қабаттағы терезенің сыртын жуып жүрген оқушыларды телеарналардың барлығы көрсеткен. Бұл дұрыс емес, қауіпсіздік шаралары сақталуға міндетті, дегенмен оқушыларға жұмыс істету керек. Мұндай жүйе осыдан бірнеше жыл бұрын бізде болған, содан азап шеккен ешкім жоқ. Сол Жапонияның мектептерінде, білуімше, еден жуушылар жұмыс істемейді. Болған күннің өзінде штат аз бөлінеді, яғни спорт және жиын өтетін үлкен залдар мен дәліздерді жууға ғана бірлі-екілі қызметкер жұмысқа алынады. Біз дамыған елдердегі осы тектес пайдалы, тиімді жүйелерді зерттеп, өзімізге керегін ғана алуымыз керек. Мысалы, Түркияда, Қытайда, Кореяда тәртіп жағы орнықты, мықты дамыған. Жасыратын несі бар, біз орыстан басқаның мәдениетін зерттеп, зерделеп, ештеңе үйреніп жатқан жоқпыз. Ал олар Америкаға қарап еліктейді. Батыстан үйренетін, мәдениетінен алатын ештеңе жоқ қой, еліктейтін не қалды?! Еуропада мәдени дағдарыс және біз сол ағымға еріп кетпейтіндей әрекет етуіміз керек. Иран, Малайзия мен Сингапур мәдениетінің де берері мол. Меніңше, осы аталған елдердің үздік, тәлім- тәрбиеге баулитын тәртіптік жүйелерін толықтай зерттеп барып, елімізге әкелгеніміз дұрыс. Егер шетелдердің бүгінгідей емес, жақсы жақтарын бейнелейтін БАҚ-тағы мәлімет көбейсе, ел арасындағы көзқарас та оңалып, қоғамдық тәртіп те оң ізге түсер еді.
Марианна ГУРИНА, «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті, Республикалық ата-аналар қоғамдық кеңесінің мүшесі:
жоқ
– Жапониядағы тәртіп пен халқының сана-сезімін біздің елмен салыстыру қиындау. Себебі жапондықтардың мектеп бағдарламасының өзі толықтай басқа, біздікіне ұқсамайды. Жапонияның мектеп оқушылары сынып бөлмелерінің едені тұрмақ, дәретханаларын да жуады. Оларда арнайы тігілген жұмыс киімі де бар және жапондықтар оқушылардың мұндай еңбегіне қарапайым дене қозғалысы, денені шынықтыру немесе тазалыққа баулу деп қана қарамайды, бұл – олар үшін мемлекетке келіп жатқан пайда, елдің ілгері жылжуына қосылып жатқан үлес. Жапонияда бала – ең сыйлы тұлға, мұғалімдік ең жоғары мәртебелі мамандық саналады. Ал біздің елде қалай?
Әлі есімде, осыдан бірнеше жыл бұрын бір мектептің директоры сабаққа боянып келген оқушы қыздың бетінен еден жуатын шүберекпен ұрып, әлгі қыз мектептің терезесінен секіріп кетіп көз жұмды. Бұл жердегі мәселе еден жуған, жумағанда емес, ересектердің балаларға деген бұрыс көзқарасында. Бізде әлі күнге кіші және аға буынның арасындағы тығыз байланыс қалыптаспаған. Ол аздай, мектеп бағдарламасы да дұрыс емес. Себебі қазіргі бағдарлама оқушыны сегіз сағат бойы мектепте байлайды. Сонда оқушыларға қалайша еден жууды да жүктемекпіз? Менің ойымша, қазақстандық білім беру мен жалпы мектеп бағдарламалары толықтай өзгерісті талап етіп тұр. Олай дейтінім, мектепте керексіз сабақ та, пайдасыз сағат та көп. Нәтиже бермейтін, баланың болашағына пайдасы жоқ пәндерден арылып, керек болса, сол балаларды еңбек пен тазалыққа баулудың басқа жолдарын іздесін. Министрлік оқушыларға дұрыс білім беруді білмесе де, жүктеме беруді жақсы меңгеріп алғаны ма? Өз басым балалардың бойындағы патриоттық сезімді оятып, еңбексүйгіштік пен тазалыққа деген құштарлығын арттырудың бір ғана жолы еден жуғызу деп ойламаймын. Қазірдің өзінде сенбілік сайын мектептің ауласынан бөлек, әкімдік жинамай кеткен көшелердегі қоқысты тазалап, ұятты заттарды қолымен тірнектеп жинап жүрген балаларға қарап жаным ашиды. Бұл – балаларды мазақ ету, қорлау. Егер біздегі менталитет балалардың қоғамдағы алатын орнын ескеріп, мектеп киелі ордаға айналғанда балалар талап пен міндетсіз-ақ сыныбын өздері жуып, тазалайтын еді. Патриотты күшпен тәрбиелей алмайсыз, сондықтан Жапониядағыдай еңбекке, тазалыққа баулу үшін мектепте еден жууды оқушыларға жүктеудің бізге керегі жоқ!
Бейтарап пікір
Гүлмира ТАЙГЕЛЬТИРОВА, Алматы қалалық №177 мектеп директорының оқу ісі бойынша орынбасары:
– Жалпы, қазақ халқы бала тәрбиесіне, соның ішінде баланы еңбекке баулуға өте қатты көңіл бөлген. Өкінішке қарай, қазіргі заманның ағымына қарай балаларымыз жалқаулыққа бой алдырып барады. Мектеп қабырғасында жалқаулықпен күресудің бір жолы – тазалық күнін жүзгізу деп есептеймін. Тазалық күні пайдалы әрі тиімді, тәрбие аларлық жақтары өте көп. Дегенмен сол күні қауіпсіздік жағдайын қатаң ескеру қажет. Тиімді жақтары – бала ұқыптылыққа, өзін қоршаған ортаны ластамауға, біреудің және өз еңбегін бағалауға үйренеді, ұжыммен жұмыс жасауға бейімделеді, эстетикалық талғамы жоғарылайды. Бірақ біз оқушының жас ерекшелігі мен денсаулық жағдайын ескеріп, өзіне сай тапсырма беруіміз керек. Сынып ішіндегі қауіпті орындардан да сақтандыруға міндеттіміз. Осы жағдайларды ескере отырып, балаларды еңбекке баулудың ешқандай артықшылығы жоқ деп есептеймін.
Анна ҚҰДИЯРОВА, Қазақстан Ұлттық психоанализ қауымдастығының президенті:
– Оқушыларға еден жууды міндеттемей тұрып, алдымен оларға қалай жуғызамыз, күштеп пе, әлде өз еркімен бе, соны анықтап алуымыз керек. Ал бұдан келіп туындайтын сұрақ отбасындағы тәрбиеге байланысты. Ол бала үйінде еден жуа ма, еңбек ұғымы ол үшін қандай? Жалпы, өз басым бұл идеяға қарсымын. Сонда мұғалімдердің шәкірттерін еңбек пен тазалыққа баулудың басқа түрін таппағаны ма? Баланың маңдайын қырып, бағасын шекесіне қойып берген де сол мұғалім емес пе?! Демек, ұстаздың өзі еңбектің не екенін білмейді деген сөз. Бұдан шығатын қорытынды – мұғалім еңбекті күштеу, білекке салу деп ұғынады. Әйтпесе ой еңбегімен де балаға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, еңбекті де, елін де сүйгіш азамат қып өсіруге болады. Мысалы 5-сыныптың өзінде ғылыми жоба жазып еңбектенуге болады емес пе?!