Әрбір Жаңа жыл келген сайын қоғам арасында «бұл – бізге жат мереке» және «бұл – әлемге ортақ мейрам» деген пікірдің арасында тартыс жүріп жатады. Григориан кестесіндегі Жаңа жылға қарсы уәж айтушылар жиі кездесіп жатқанымен, оны тойлаудан бас тартып, желтоқсанның 31-і күні сағат кешкі 10-нан кейін жатып қалатын адамдарды да кездестіруге болады. Енді біреулер осы Жаңа жылды қазақыландырып, біржола өзімізге икемдеп алуды ұсынады...
Жәди Шәкен, жазушы:
Иә
– Самарқанның көк тасы жібігенде, тіршілік жанданып, жер оянғанда атап өтілетін өзіміздің Наурыз мейрамымыз бар. Бұл – біздің ежелгі түркілер заманынан келе жатқан мерекеміз. Тек түркілер емес, көптеген шығыс халықтары, парсы жұрты да тойлайтын ұлы мейрам. Қазақтың «Әз Наурыз» деген тіркесінің астарында көп мән жатыр. Әз дегеніміз – нағыз мереке деген мағына беріп тұр. Логикалық тұрғыдан алсақ та, Жаңа жыл тойланғаннан кейін жаңа тіршілік басталуы керек. Қарап отырсақ, жан-жануарлар әлемі, судағы тіршілік, жәндіктер мен өсімдіктердің барлығы үшін жаңа жыл көктем басталғанда келеді. Яғни бұл – адамның қолымен жасалатын емес, тылсым әлемнен берілетін мереке. Бірақ біз оны қыстың қаһары тарқамаған, тіршіліктің өлі шағында тойлаймыз.
Қысқасы, логикаға да келмейді ғой. Бұл Жаңа жылды тойлаудың зиянды тұстары өте көп. Біріншіден, жұрт жаппай шыршаларды кеседі. Бұл – табиғатқа жасалған қастандық, тіршілікке қарсы шығу ғой. Ал түркілердің Наурызы, керісінше, көк шыққаннан ләззат алып, тіршіліктің жалғасуына сүйсінуден тұрады. Екіншіден, Жаңа жылды атап өтудің дәстүрі қандай? Есепсіз арақ-шарап ішіледі, бас жарылады, көлік апаттары орын алады. Яғни пайдасынан зияны көп. Оның үстіне, бұл мерекенің астарында христиан дінінің мәнінің бар екені белгілі. Әрине, батыс әлемі оны әлемге ортақ мереке еткісі келеді. Қазір жер бетіндегі халықтардың басым бөлігі Жаңа жылды осы христиан күнтізбесінің басталуы бойынша атап өтеді. Одан біржола бас тартуға біздің ерік-жігеріміз жете қояды деп айта алмаймын. Қазір тіпті көптеген мұсылман елі мен түркі халықтары да осы мерекені еншілеп жатыр. Дегенмен кез келген жаман әдеттен арылуға болады. Бір кездері адамдарымыздың бойына ажырамастай болып сіңіп кеткен коммунистік идеяның бір мезетте құлағаны сияқты сананы оятса, кез келген парадигманы, қасаң қағидаларды құлатуға болады.
Христиандық Жаңа жылды әлсірету үшін өзіміздің Наурыз мерекесін атап өтуге барынша көп күш жұмсауымыз керек. Сонда керексіз мерекелер өзінен-өзі санадан өшіп, санаттан шығып қалады.
Тасбай СИМАМБАЕВ, Сенат депутаты:
Жоқ
– Біз қазір зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан біздің осы Жаңа жыл мерекесін атап өтуімізде діни астар жоқ. Біз оны тек жыл санауының қаңтар айынан басталатындығы үшін ғана құрметтейміз. Күнтізбе аяқталған соң, еліміздің барлық мекемелері жылдық есеп береді, тіпті отбасылар да өз ішінде жыл барысында қандай жетістіктерге жеткендерін саралайды. Жаңа мезгіл басталғандықтан, адамдар бір-біріне шаттық тілейді, бақыт пен денсаулық тілейді. Ал дін жағын ойлап жатқан ешкім жоқ. Исаның туған күні үшін деп тост көтеріп жатқан бір адамды көрсетіңізші маған. Олай емес қой. Әлемнің көптеген елдері осы мерекені тойлап жатқан соң, оның үстіне өзіміз де солардың күнтізбесін пайдаланып жатқан соң оны тойлаудан бас тартудың қажеті жоқ.
Оны тек діни мемлекеттер ғана тойламайды. Ал біз діни мемлекет емеспіз ғой.
Егер оны жат мереке дейтін болсақ, онда тіпті григориан күнтізбесін ауыстыру керек болады ғой. Себебі бұл жыл санау кестесі де христиан дінімен байланысты. Ал соны ауыстырғаннан не ұтамыз? Барлық әлемге теріс қарап, «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп теріс қарап отырып алғаннан қандай да бір артықшылық көретін болсақ, мен келісер едім.
Мен осы Жаңа жылды тойлатудың дәстүріне өзгеріс жасайық деген бастамаға келісер едім. Мысалы, қандай?
Біріншіден, қаржы ысырап болмауы керек. Шашып-төгіп, миллиондаған ақшаға шетелден әнші шақыртып, голливудтықтарды қонақ етіп шашылғанды ұнатпаймын. Меніңше, Жаңа жыл жақындағанда арақ-шараптың да саудасын тежеу керек.
Екіншіден, Жаңа жыл мерекесін де қазақыландыруға болады ғой. Мысалы, еуропалық бүлдіршіндер Сантаны күтеді, орыс балалары Аязатаны күтеді, сол сияқты кейбір елде, Латын Америкасының халықтарында Аязатаның образы жергілікті аңыз кейіпкерлерімен алмастырылған екен. Сол секілді бізде де жаңажылдық кейіпкерлерді өзімізден қарастырып, осы мерекеде бүлдіршіндер үшін қазақша ойындар көрсетіп жатсақ, құба-құп. Жалпы, мен Астанадан бүлдіршіндерге арналған қазақы ойындар орталығын салуды ұсынып жүрмін. Қайбір жылдары қазақ мектептеріндегі Жаңа жылды атап өтуде «Тазша бала», «Қаңбақ шал» секілді кейіпкерлердің араласып кеткені бар. Бұл – жақсы құбылыс қой. Сол секілді бұл мерекенің діни мәніне назар аудармай-ақ, жыл санауының бастауы ретінде құрметтеп, оған қазақы рең беріп атап өтуімізге болады.
Түйін
Статистикалық деректерге сүйенсек, осы желтоқсан айының соңғы күнінен бастап Жаңа жыл тойланатын қаңтардың алғашқы бес күні арасында жай кездері шамамен жиырма тәуліктен бір айға дейінгі уақытта орын алатын қылмыстар мен апаттар көрініс береді екен. Ендеше, бұл мерекені агрессиялық келбетінен айыру үшін, ең алдымен, арақ-шараптың саудасына бақылау қою керек. Ал бұл мерекені қай деңгейде қарсы алып, қалай тойлайтыны – азаматтардың өз еркінде.