Жалпыхалықтық декларация жемқорлықты жоюға ықпал етеді деген пікірмен келісесіз бе?
2015 жылдан бастап қазақстан халқы табысы туралы декларация тапсыратын болады. Ең алдымен табыс туралы декларацияны мемлекеттік қызметкерлер, Ұлттық компаниялардың қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері табыстайды. Ал, 2016 жылдан бастап кәмелет жасқа толған әрбір Қазақстан азаматы табысы туралы мағлұмат беруі тиіс. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, жалпыхалықтық декларация жемқорлықты жоюға, көлеңкелі экономиканың үлесін 20 пайызға дейін азайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ бюджеттік түсімді де арттырады. Оның айтуынша, Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың ең үлкен үлесі саудада – 22,9 пайыз, ауыл шаруашылығында – 15,6 пайыз, көлік саласында – 14,1 пайыз, жылжымайтын мүлік нарығындағы операцияларда – 12 пайызды құрап отыр. Алайда, «заңдық қоғам құрмайынша, жемқорлықты, көлеңкелі бизнесті жою мүмкін емес» деп қарсы пікір айтушылар да бар. Бүгін «Алаш айнасы» осы мәселені мамандар талқысына салып көрген еді.
ИӘ
Ғалым БАЙНАЗАРОВ, экономист:
– Егер шынымен де заң аясында жүзеге асатын болса, жалпыхалықтық табыс декларациясын енгізу жемқорлықты жоюға, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға ықпал етері анық. Табыс декларациясын ең алдымен шенеуніктер табыстауы тиіс. Қазіргі таңда олар табыс декларациясын тапсырып та жүр. Алайда, олар тек кірісі жайлы ғана емес сонымен қатар шығысы туралы мәліметті де табыстауы тиіс. Неге екені түсініксіз, біз оны кейінге шегеріп келеміз. Оны кешеуілдете берудің қажеті жоқ. Ресей енгізді ғой. Сондай заң қабылдады. Одан олар ұтпаса, ұтылмайтыны анық. Сонан соң қазақстандықтардың офшорлық есепшоттарын, шет ел банктердегі кез келген шоттарын жауып тастау керек. Ресей солай жасап отыр. Ондағы көптеген байлар ақшасын Ресейге қайта алып келді. Біздегі байлар да шет ел банктеріндегі ақшасын елге әкеліп, Қазақстан экономикасына салса, құба-құп болар еді. Қазақстан ақшаның шет елге кетуіне жол бермеу керек. Жалпыхалықтық декларация оң нәтиже берері сөзсіз. Қазіргі уақытта қарапайым халықтан декларация талап етілмейтін болғандықтан, жемқорлықпен табысқа кенеліп жүргендер жылжымайтын, жылжитын және басқа да мүліктерін солардың атына жаздырып қойып жүр. Тіпті, Алматыда «Кеденшілер көшесі» деген көше бар. Ол көшедегі зәулім сарайлардың бірі бірінен өтеді. Ол үйлер кеденшілердікі. Ал, 150 мың теңге жалақы алатын кеденші сол үйді қалай тұрғызды? Олардың астына мінген қымбат көлік қайдан келді? Балаларының астындағы қымбат көліктер ше? Жемқорлықтың арқасында екені айтпаса да түсінікті. Оны қарапайым халық та біледі. Оның бәрін туыстарының атына жазып қойған. Егер ертең барлық азаматтан табыс туралы декларация талап етілгенде мұның бәрі әшкере болады. Егер 70-80 мың теңге алатын қарапайым жұмысшының атында бағасы 500 мың доллар тұратын үй болса, ол оны қай табысыма сатып алдым дейді? Соған сай салық төлеген бе? Салық төлеменген болса, салықтан жалтарғаны үшін жазаға тартылады. Кім біреу үшін түрмеде отырғысы келеді? Сондықтан жалпыхалықтық декларация егізу жемқолықты толық жойып жібермесе де, оның азаюына, көлеңкелі экономика үлесінің кемуіне, бюджетке түсетін қаржының артуына ықпал етері сөзсіз.
ЖОҚ
Нұрболат АЙЕКЕШОВ, әлеуметтанушы:
– Жемқорлық, көлеңкелі бизнес әлемнің барлық елдерінде бар. Оны осы уақытқа дейін ешкім жоя алған жоқ. Жою да мүмкін емес. Өйткені, қашан да заңды айналып өтіп, жеңіл жолмен табыс табушылар болған, бола да бермек. Ол – өмірдің заңы. Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрады емес пе? Тіпті дамыған елдердің өзінде «көлеңкелі» экономиканың үлесі жалпы ішкі өнімге 10-12 пайыз аралығында көрінеді. Егер ақшаға шағар болсақ, бұл аз қаржы болмасы анық. Ал қазіргі уақытта бұл көрсеткіш «қауіпсіз деңгей» деп саналады. Ал, ресми дерек бойынша Қазақстанда бұл көрсеткіш 20 пайызға жуық екен. Ал, бейресми дерек көздері бұл көрсеткіштің одан екі есе артық екенін айтады. Міне жер асыты байлығы мол Қазақ елінің экономикасының қарыштап өспей отыруы осының салдары. Ал, мұны дамыған елдердің деңгейіне жеткізу үшін заңдық қоғам құру қажет. Заң жұмыс істемеген жерде ешқашан жемқорлық жойылмайды. Мысалы, мың доллар көлемінде жалақы алатын салық қызметкерлері, кеденшілер сондай-ақ соның арғы жақ-бергі жағында жалақы алатын шенеуніктердің тұратын үйлері мен мінген көліктерінің бағасы олардың ішпей-жемегендегі 50-60 жылдық жалақысының жиынтығына тең шығар?! Соны ешкім білмей отыр ма? Бәрі де біледі. Бірақ оларды тексеріп, жауапқа тартуы тиіс органдар көз жұма қарайды. Егер заңды іске асырушылар өз міндетін адал атқарып, заң шеңберінен шықпай қызмет атқарса, тәртіп орнары анық. Өкінішке қарай, бізде заңды айналып өтушілер, сол жолда оған қолғабыс жасаушылар көп. Олардың бәріне де сол тиімді. Бәрінің мүддесі, үлесі бар. Түйені түгімен жұтып, жазадан сытылып кетіп жүргендерді көзіміз көріп жүр ғой. Ал, 15-20 мың теңге пара алып, қамалып жатқандар да бар. «Заң алдында барлық адам бірдей» деген қағида үстемдік құрғанда ғана, жемқорлық жойылады. Қазіргі таңда, зәулім үйін, қымбат көлігін өзгенің атына жаздырып қойып жүргендер ертең жалпыхалықтық декларация енгізген соң да, амалын тауып сол әрекетін жалғастыра береді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 2,2 млн өзін өзі жұмыспен қамтушылар бар екен. Олардың арасында қорасында 2 сиыры мен 20 қойы, 10 тауығы бар азаматтар бар. Олар ешқандай салық төлемейді. Өйткені ақшалай кірісі жоқ. Ақшалай кірісі жоқ адамға қалай салық төле дейсің? Сонан соң жалданып жұмыс істейтіндер бар. Ауызекі келісіп, біреудің үйіне жөндеу жүргізеді де ақшасын алып жүре береді. Олар да салық төлемейді. Оларға салық төлету де мүмкін емес. Біз ең алдымен осылардың мәселесін шешіп алуымыз керек. Мені алаңдататын да осы мәселе. Ертең, біздегі шаш ал десе, бас алатындар өзін өзі жұмыспен қамтушы топтағыларды «табысыңнан салық төле» деп қудалап, ал ебін тауып екі асайтын ептілер сол баяғыша ымыра жасап, алшаң басқан күйде жүре бере ме деп қорқамын. Өйткені бізде заң болғанмен, оның құдіреті әмбеге бірдей жүре бермейді ғой.
БЕЙТАРАП ПІКІР
Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономист:
– Әрине, жалпыхалықтық декларация жемқорлықты, көлеңкелі экономиканы біржолата жойып жібере алмайды. Дегенмен оның азаюына ықпал етері сөзсіз. Осы уақытқа дейін жемқорлық жолмен жинаған дүние мүлкін өзгеннің атына жазып келгендер, бұдан былай олай істей алмайды. Табысын жасырып, салық төлемей келгендер енді тиісті салықтарын төлейтін болады. Яғни бюджетке түсетін түсім де артады. Тек қағаз жүзінде керемет, ал іс жүзінде басқаша болып жүрмесе болғаны. Өйткені, біздің елде мұндай жағдайлар жиі кезігіп тұрады.