Төтенше жағдайларға қатысты жүйеге жаңашылдық енгізу керек. Бұл ретте еліміздегі «Тәуекелді бағалау тобы» орталығының мамандары «Жаман айтпай, жақсы жоқ», қарапайым халық әлдеқандай төтенше жағдай орын ала қалса, тек Үкіметке ғана иек артпай, белгілі бір қоғамдық орындар да халыққа демеу бола білгені жөн» деседі. «Ол үшін халықты төтенше жағдайлардан міндетті сақтандыру жүйесіне енгеніміз жөн» деген аталмыш топ өкілдері бұл үрдістің халық қауіпсіздігін реттейтініне кәміл сенімді. Әйтсе де, керісінше, бұған қатысты қайсыбір тарап «халық қауіпсіздігін міндеттеп сақтандырудың мүмкін еместігін» де алға тартып отыр. Сөйтіп, «халықты төтенше жағдайлардан міндетті сақтандыру жүйесін енгізу дұрыс па, әлде бұрыс па?» Біз осы сауалды арнайы мамандардың ой талқысына салып көрдік...
Өмірәлі Қопабаев, заң ғылымының докторы, профессор
Иә
– Өз басым мұны қолдаймын. Бізге осы жүйені әлдеқашан заңмен негіздеп, міндеттеу керек еді. Мұны айтып отырған себебім – қандай да бір төтенше жағдай орын ала қалса, азаматтардың қауіпсіздігі бірінші кезекте тұруы тиіс. Бұл – белгілі жайт. Десек те, көптеген жағдайда халықтың қауіпсіздігі ескерілмей, қарапайым халық шығын көріп жатады. Осыны көңілге түйіп бағамдаған көршілес елдердің біразы міндетті сақтандыру жүйесіне еніп те жатыр. Бұған қатысты Қытай Халық Республикасы мен көршілес Ресей елін алуға болады. Әсіресе Қытай елі оңтүстік-батыс аумағында жиі болатын жер сілкінісінен кейін арнайы міндетті сақтандыру үрдісін мықтап қолға алды. Сол тәрізді Ресей елі де ел аумағында қалыптасып кеткен түрлі оқиғалардан кейін сақтандыру жүйесіне осы бөлімді енгізді.
Айта кету керек, бізде «Сақтандыру қызметі туралы» Заң бойынша әрбір адам өз өмірін сақтандыруға, қамсыздандыруға құқылы. Десек те, ол заңда төтенше жағдайларға қатысты сақтандыру жүйесі міндеттеп көрсетілмеген. Тіпті біздің еліміздің азаматтарының бұл мәселеге бейжай қарайтыны соншалық – халықтың 70 пайызы өз өмірін сақтандыруға келгенде енжарлық танытады екен. Бір қызығы, жұртшылық мал-мүлкін, астындағы көлігін, баспанасын, банктегі қаржысын сақтандыруға келгенде тым ширақ қимылдайды. Ал өз өмірін сақтандыруға келгенде бұл жайт керісінше қалыптасып отыр. Негізінен, сақтандыру жүйесі еліміздің экономикалық саласына оң ықпал етсін десек, біз осы саланы нақты жүйелеуге кіріскеніміз абзал. Ол үшін алдымен өндіріс орындарындағы қауіп-қатер сипаты, ондағы адам өмірін сақтандыру үрдісі, түрлі апатты жағдайлар орын алғанда адам өмірі қалай сақтандырылуы керек, сақтық әдіс қорлардың жұмысы қалай ұйымдастырылуы қажет, міне, осы мәселелерді сауатты жүйелеп алған жөн. Содан кейін барып халықтың сақтандыру компанияларына, сақтандыру қорларына деген сенімі күшейе түседі. Негізінен, сақтандырудың жалпы жүйесі үш бөліктен тұрады: бірінші – қоғамдық қорғау жүйесі;
екінші – әлеуметтік сақтандыру (қорғау) және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі, үшінші – жалпы сақтандыру және өмірді сақтандыру. Енді осы аталған сақтандыру жүйесіне төтенше жағдайларға қатысты бөлім енгізсек, өз басым мұны дұрыс деп есептеймін. Себебі қазірде технологиялық жағынан қуатты деген мемлекеттердің өзінде жер сілкініп, топан су басып, төтенше жағдай қалыптасып жатыр. Міне, осы тұста бізге де сақтанудың барлық шараларын қарастырған абзал...
Тасбай СИМАМБАЕВ, сенатор
Жоқ
– Мен мұны қолдамаймын. Себебі біздің отандық нарықта қазірдің өзінде ірілі-ұсақты түрлі сақтандыру компаниялары топтап саналады. Олардың қайсыбірі заңсыз әрекеттерге барып, халықты алдап, елдің қаржысын қанап жүр. Сондай-ақ елдегі сақтандыру компанияларының басым бөлігі бюджетке табыс түсіріп, салық төлеп жатқаны да шамалы. Демек, олардың жұмысын одан әрі жүйелеп, халықты міндеттеп сақтандыру жұмысын енгізудің қажеті жоқ. Бұл, әрине, сақтандыру қорлары мен компаниялары үшін халықтан қаржы қарпып қалуға тиімді болар. Бірақ бұл жерде қарапайым халыққа тиімділік көріп отырған жоқпын. Мысалы, халық қолындағы қаржысын төтенше жағдайдан сақтануға салды делік, бірақ сол сақтандыру қорлары мен сақтандыру компаниялары төтенше жағдай орын ала қалса, халыққа қомақты қаржы беріп, төтенше жағдайдан кейінгі жағдайын мамыра-жай етіп береді деуге сену қиын.
Өкініштісі, қазір «ел аман, жұрт тыныш» заманда жұрттың көбі сақтандыру жарналары бола тұра сақтандыру компанияларына алданып қалып жүр. Мәселен, көлікті сақтандыру жүйесі бізде дамымаған, көлігіңіз сақтандырылған күннің өзінде көлік апатына ұшырай қалса, азаматтар шығынның толық құнын алып жүрген жоқ. Сондай-ақ елде мүлікті сақтандыру жүйесі де дамымаған. Бұл орайда тіптен «ауызды қу шөппен сүртуге» тура келеді. Өмірді қамсыздандыру жүйесінің тек жобасы ғана бар. Саналы түрде мұны да нақты тәжірибеде пайдаланып көргендер жоқтың қасы. Енді келіп төтенше жағдайға қатысты міндетті сақтандыру жүйесін енгізгіміз келеді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, төтенше жағдай орын алып жатқан тұста кім-кімнің жоғын түгендеп жатады?! Ондай сәтте халықтың қауіпсіздігін тек Үкімет қана мойнынан алады. Бұл тұрғыда Үкіметте арнайы жобалы-жоспарлы жүйе бар. Осыған орай айтарым – міндетті сақтандыру жүйесін енгізу қоғам қажеттілігі емес. Күні ертең бұл орайда сақтандыру жүйесін жүргізген сақтандыру компанияларының жауапкершілікті мойнына артатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Қайталап айтамын, қандай да бір төтенше жағдай орын алса, халықтың қауіпсіздігі Үкіметтің бақылауында болуы тиіс... Жалпы, Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап, нарықтық қоғамдық қатынастарға сай халықты әлеуметтік қорғаудың өзіндік жүйесі құрылған. Міне, болашақта осы жүйені одан әрі жетілдіргеніміз жөн...
Бейтарап пікір
Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:
– Бүгінгі күні сақтандыру жүйесі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық қатынастардың маңызды және қажетті элементтерінің бірі болып отырғанын атап өткен жөн. Міндетті сақтандыру жүйесінің сақтандырудың басқа түрлерінен (мүлікті, көлікті және т.б. сақтандыру) айырмашылығы – ол еңбек қызметіне араласа алмауы себепті материалдық қамтамасыз етілмеуден азаматтарды қорғауды қамтамасыз етеді. Біздегі сақтандыру қызметінің басты түйткілі халықтың қалай сақтануды білмеуінен емес, сақтануға мүмкіндік беретін табысының аз болуынан туындап отыр. Шетелдерде кез келген азамат өзінің ертеңгі өмірін қамтамасыз етуді, қиын жағдайда тал қармап қалмауды басты қажеттіліктерінің бірі деп санайды. Сол үшін де сақтандыру компанияларын өздері іздеп барып, олармен ерікті түрде шарт жасасады екен. Өкінішке қарай, біздің елімізде ертеңгі күнін ойламақ тұрмақ, бүгін қалай жан бағарын білмей, шақшадай басы шарадай болып жүргендер көп. Демек, сақтығымызды қапысыз қамдау алдымен азаматтардың табысын көбейту міндетін алға қояды. Сақтандыру нарығына халық алаңсыз кіріксін десек, ел азаматтарының тапқан табысы көбеюі керек...