Ұлттық сипатқа ие ою-өрнекті ұлттық киім, ұлттық бедерлі кәдесый, қазақы бұйымдар, тіпті қазақтың ұлттық тағамдарының бағасы да әрқашан қымбат болып келеді. Содан кейін бе, ұлттық бұйымдарды кез келген қазақтың төрінен кездестіре бермейміз. Бәрін қойшы, ең болмаса құлақ құрышыңды қандырар қоңыр үнді домбыра әр үйдің төрінде тұрып, қазақтың қара домалақ баласы кішкентай кезінен ұлттық аспабымызды ермек етіп өссе қандай ғанибет болар еді?! Бұл – қазақ баласының ұлттық құндылықтарды бала кезінен бойына сіңіріп өсуіне де мұрындық болар ма еді?!
Осы орайда «ұлттық бұйымдардың кез келген шаңырақтан табылмауына олардың бағасының қымбат болуы әсер етіп отырған жоқ па?» деген ой еріксіз келеді...Ұлттық бұйымдардың қолжетімділігін арттыру үшін ең болмаса наурыз айында кәсіпкерлерді салықтан босатсақ ше?!.
Бахаргүл ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Әдемі-Ай» компаниясының бас директоры:
Иә
– Әрине, бұл өте жақсы бастама болар еді. Өз басым бұл пікірді қолдаймын. Ұлттық бұйымдар бағасын арзандатудың маңызы ерекше. Осы орайда ұлттық бұйымдар бағасын арзандату мақсатында наурыз айында кәсіпкерлерді салықтан босату қажет-ақ. Наурыз мерекесінің бір ай көлемінде тойланатынын ескерсек, осы ай бойына ұлттық бұйымдардың бағасы арзандаса, халық оны жаппай сатып алып, үйлеріне қойса, жарасымды болар еді. Жаңа жылда шыршаны жылтырақпен безендіріп, төрге орнату әр отбасында дәстүрге айналған. Оның орнына наурыз айында әр үйдің көрнекі жерінде ұлттық нақыштағы бұйымдар орын тапса, бұл да болса наурыз тойының сәні болар еді.
Алайда бүгінгі таңда сапалы, халықтың сұранысына сай, бағасы төмен кәдесыйларды өз елімізде шығаруға мүмкіндік мүлде төмен болып отыр. Оған бірінші себеп – біз сол заттарды шығаратын құрылғыларды сатып ала алғанымызбен, оларды іске асыратын мамандар жоқтың қасы. Сондықтан көршілес елдердің қоржынына ақша салуға мәжбүрміз. Ал, екіншіден, аяқтан тік тұрып кетуге кедергі болатын қағазбастылыққа қоса, салық органдары тарапынан тексерудің көптігі кедергі келтіреді. Бір бұйымды шығаруға патент алып, оны тіркеуден өткізу үшін біраз уақыт қажет. Айналып келгенде, мұның бәрі кәдесыйлардың бағасының арзан болуына, өз елімізде өндіруге қиындық келтіреді. Сондықтан ұлттық бұйымдар шығаратын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау қажет. Соның ішінде ең болмаса салық органдары тарапынан жеңілдік болса тіпті жақсы болар еді. Осы орайда ұлттық бағытта ұлттың ұлы мұраларын жаңғыртып, қазақ халқының өнерін жаңа бағытта жарнамалап жүрген жандарды мемлекет тарапынан салықтан босату және басқа да жеңілдік түрлерін қарастырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Кәсіпкерлерді салықтан босату арқылы олардан кәдесыйлардың сапасын арттыру туралы талап қоюға да мүмкіндік бар. Шекара асып келетін болғандықтан, кедендік салықтың өзі әжептәуір. Осындайда еріксіз егер кәдесыйларды толығымен өзімізде жасауға мүмкіндік туса, оған ең болмағанда салықтық жеңілдіктер болғанда, оны сан түрлі етіп түрлендіруге де мүмкіндік туар еді деген ой келеді. Ал, өкінішке орай, түрлі қиындықтар өз елімізде жасаудың мүмкіндігін келтірер емес. Егер мұндай жеңілдік жасалса, ұлттық өнеріміздің қыр-сырын ашатын кәдесыйларды арзан бағамен бүкіл қазақтың төрінде тұратындай етіп сатуға болар еді.
Нұрлан ӨНЕРБАЕВ, қоғам қайраткері:
Жоқ
– Кәсіпкерлерді салықтан босату, босатпау идеясының қаншалықты дұрыс екенін білмеймін. Бірақ ұлттық бұйымдардың бағасын арзандатуға қарсымын. Өйткені ол күнделікті тұтынатын азық-түлік тауары емес. Оны күн сайын сатып ала да бермейміз. Ұлттық бұйымдар жасайтын зергер, шеберлердің өзі санаулы ғана.
Оның үстіне, қазір қоғамда «Ұлттық бренд дегеніміз не?» деген мәселе көп көтеріліп жүр. Сондықтан мұндай бұйымдар арқылы ұлттық брендімізді де көрсетуге болады. Жалпы, кәдесыйлар ұлтымыздың насихатын арттырып, елімізді танытуда таптырмайтын жарнама деуге де болады. Осы орайда оны арзандатудың еш қажеттілігін көріп тұрғам жоқ.
Халқымыз оны жылына бір рет Наурыз мерекесінде ғана сатып алады. Мәселен, құндыз бөрікті қажет еткен адам оны жылына бір рет немесе екі жылда бір рет қана сатып алуы мүмкін. Яғни қар жауған кезде ғана сатып алынатын нәрсені сол кезде ғана арзандату күлкі тудыратын нәрсе. Осы секілді ұлттық бұйымдар бағасын арзандату мақсатында наурыз айында ғана кәсіпкерлерді салықтан босату да аса дұрыс ұсыныс емес секілді. Осы орайда ұлттық құнды дүниенің бағасын түсіруді де қолдай алмай отырмын. Мүмкін, ұлттық бұйымдардың бағасын арзандатқаннан гөрі оның жарнамасын, насихатын арттыру арқылы әр қазақтың үйінде тұратындай жағдай жасау керек шығар. Егер насихатын арттырсақ, кәсіпкерлердің ұлттық бұйымдары да тезірек өтер еді?!
Негізі, ұлттық кәдесыйлар ұлттық мереке мен кешегідей халықаралық дәрежедегі олимпиадалық ойындар кезінде ғана көптеп сатылымға түседі. Басқа кезде шетелден келетін туристер ғана сатып алуы мүмкін. Ал олардың ұлттық бұйымдарымызды қымбатқа сатып алуы олардың құндылығын одан әрі арттырады.
Бейтарап пікір
Бауыржан ОСПАНОВ, кәсіпкер:
– Біздің ұлттық бұйымдарымызды көбінесе базарлық ретінде шетелдіктер сатып алып жатады. Ал олардың алдында ұлттық бұйымдарымыз қымбат бағада тұрса, керемет емес пе?! Бойында патриоттық рухы қалыптасқан әрбір қазақстандық та ұлттық бұйымдарымызды қай бағада болмасын сатып алуға қиналмауы керек. Бүгінгідей нарықтық заманда салықтық жеңілдік жасау арқылы олардың бағасын арзандатуды сұрау дұрыс емес. Олардың бағасының қымбат болуының өзі оларға деген сұраныстың бар екенін көрсетеді. Ендеше, сұранысы бар нәрсенің бағасын арзандатып қайтеміз?!