Түрмелердегі гуманизация қылмыскерлерді тезге сала ма?

Қылмыс – қасақана және абайсызда жасалатын өкінішті іс. Абайсызда бақытсыздыққа ұшырап қалып, бармағын шайнап, өткеніне өкінумен темір тордың ар жағында арымен арпалысып жататын жандардың жан дүниесіне кім үңіліп көрді? Түрмеде темірдей тәртіппен қатар, адамның жан дүниесін қасаңдатып жіберетін қатыгез әрекеттердің де орын алып жататынын жақсы білеміз. Сондықтан да қазіргі таңда еліміздегі еңбекпен түзеу колонияларын гуманизациялау қаншалықты тиімді болмақ? Жалпы, түрмелерді гуманизациялау қажет пе? Бұл жайындағы қоғамдық пікір екіге жарылады. Бірі «қылмыскер басымен істегенін мойнымен көтерсін» десе, екіншісі «қылмыскерге тең құқылы адам ретінде қарап, оны қоғамға қайта оралтуымыз қажет» дейді. Енді біреулер «түрмедегі гуманизация – жәбірленуші жаққа жасалған әділетсіздік» дегенді де алға тартады. Былай қарасаңыз, қай пікірдің де жаны бар тәрізді. Оны оқырманның өзі саралай жатар.

Ереймен Ауғанбаев, заңгер
ИӘ
Иә. Түрмелердегі гуманизацияны іске асырып, оны белгілі бір деңгейге жеткізу үшін тек қана заң мен қаулы қабылдау жеткіліксіз. Онымен мәселе шешілмейді. Түрмелердегі тұрмыстық жағдайды түзетумен қатар, онда отырғандардың құқықтарының заңдық тұрғыдан сақталуын қатаң ескерген жөн.
Қоғам мен халық арасында «түрмеде отырған адам түзелмейді, керісінше бұзылып кетеді» деген пікір бар. Бұл пікірмен ішінара келісуге болады. Түрмелерде гуманизация болмай, жағдай солай болады. Қылмыскер қылмыскер болып қала бермек. Ол үшін не істеу керек? Ол үшін түрмедегі қылмыскерге туған-туысымен, бала-шағасымен жиі кездесу мүмкіндігін жасап тұру керек. Хат алмасуға, телефон, интернет арқылы байланыс жасауды қамтамасыз ету қажет.
Сол кезде олар түрмеде отырғысы келмей, отбасына оралғысы келеді емес пе? Отбасы проблемасынан, бала тәрбиесінен хабардар болып отырған қылмыскер де адам емес пе, түрмеден тезірек босап, ол да бала-шағасын тығырықтан алып шыққанды қалайды. Осындай сезімді тудыратын жағдай жасалу керек түрмелерде. Ондай мүмкіндік болмаса, түрмедегі ережеге қылмыскердің еті өліп кетеді. Жиі көрмеген туған-туыс, отбасынан гөрі, оған камераласы жақын болады. Түрмеге – жақ, қоғамға жат болып кетеді.
Шетелдің түрмелеріндегі жағдайды оқып, біліп жүрміз. Дамыған шетелдерде түрмедегілерді, ең бірінші, қоғамдағы жаңалықтардан хабардар етіп отырады. Ал қоғамнан хабардар болып отырған қылмыскер қоғамға қайта оралуды ойлайды. Ал біздегі түрмелердің бәрі бірдей газет-журналмен, жақсы кітап қорымен қамтамасыз етілген деп айта алмаймыз.
Тағы бір мәселе, түрмелердегі білім беру мәселесін шешу қажет. Түрмеге түскен көптеген қылмыскердің білімі жоқ. Оларға білім беріп, қолына тиісті куәлік қағазын ұстатса, түрмеден шыққан соң сол қағазбен болсын, күнін көреді емес пе? Бізде темір тордың ар жағынан келген адам қоғамда жұмыссыз қалады. Ол отбасын немен асырайды? Амалсыздан қайтадан қылмысқа баруға мәжбүр болады. Міне, гуманизация осындай деңгейге көтерілгенде ғана қылмыскерлерді тезге сала аламыз.

Мұрат ӘБЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
Жоқ
– «Гуманизациялау» сөзі латын тілінің humanus сөзінен шыққан, яғни «мейлінше адамгершілікті ету» деген мағынаны білдіреді. Дегенмен біздің өмір сүретін, жұмыс істейтін, айып тағатын қағидаттарымызға негізделген заңдарымыз да жалпыадамзаттық құндылықтарға сүйенген. Ал бұл құндылықтар адам әділетсіздік жасағанда өз кінәсін сезініп, қоғамның оны теріс көруін, ал егер ол қылмыс жасаса, қоғамнан аластатылып, түзеу жұмыстары арқылы жазалануын көздейді. Бұл ретте мен түзеу мекемелерінің жүйесін гуманизациялау керек деген пікірмен келіспеймін. Қылмыскерлерді ұстаудағы гуманизациялауды олардың іс-әрекеттерінен жапа шеккен адамдарға деген адами қарым-қатынастан бөлектеп қарауға болмас, сірә. 
Қылмыскердің жағдайын мейлінше адамгершілікке сай етсек, көйлегін көк, қарнын тоқ, уайымын жоқ етсек, бұл – жәбірленуші жаққа әділетсіздік жасағанымыз. Мұндай жағдайда жапа шеккен жақ жазалау жүйесіне көңілі көншімей, қылмыскерді өзі-ақ жазалаудан тайынбайтыны анық.
Гуманизациялау – қосымша бюджеттен кіріс көздерін іздеп жүргендердің немесе қылмыскерлер әлемінің мүддесіне анархия мен жазасыздықты орнатқысы келетіндердің кезекті амалдары. Мен гуманизациялаудан кейін сыбайлас жемқорлықтың одан бетер өршіп кетуінен қорқамын. Қомақты қаржы беріп қойғандарға асқан адамгершілікпен қарым-қатынас жасалса, берері болмағандардың көрер гуманизациясы да шамалы деген сияқты жүйе қалыптасуы мүмкін. Ал, негізінен, дұрыс заңдарға негізделген түзету жүйесінде, әлбетте, мына заңдарды сақтаған жөн. Яғни, белгіленген тәртіп бойынша тамақтандыру, демалу орындарының болуы, жұмыс беру және медициналық қамтамасыз ету сияқты нормалардың сақталуы. Демек, әрбір сотталған азамат пара беру арқылы емес, түзелу жолына түсу арқылы, адал еңбек етіп, тәртіпке бағынса ғана ол міндетті түрде бостандыққа ерте шығатынын ұғынғаны дұрыс. Түрмеге түскен күннен бастап азаптап ұрып-соқпайтынына, тәрбиелеймін деп таяқтың астына алып, мүгедек етіп тастамайтынына, қамауда ұстап қана қоймай, туберкулез бен ЖТҚБ-ні қоса жұқтырып бермейтініне көзі жетуі керек.
Бүкіл әлем әділетті заң қабылдау мен оны адал орындаудан артық ештеңе ойлап таба алған жоқ. Алайда қазіргі мәселе Қылмыстық-атқарушылық жүйе комитетінің адал да тәртіпті қызметкерлері турасында болып тұр. Міне, ең бірінші соларды гуманизациялап алу керек.
Біз әкімшілік жақын тартқан «белсенділер» басқарып, қарапайым жазасын өтеушілерге қысым көрсететін «қызылдар аймағының» болуына жол бермеуіміз қажет. Тіпті «заңдағы қылмыскерлердің» билік құратын «қара аймағы» да болмауы тиіс. Бұл екі жағдайда да биік дуалдардың ар жағында қоғамның көзі жетпейтіндей сыбайлас жемқорлықтың күшті жүйесі құрылады. Яғни сотталғандардың бас амандығы үшін олардың туыстарынан қомақты қаражат жинаумен айналысатын жүйе. Бұл дұрыс емес. Заң мен әділеттілік қана билік құрғаны жөн.

Түйін
Түзету мекемесінде істейтін бір танысым өз басынан өткен мына бір оқиғаны айтып еді. Жазасын өтеуші асханада орындыққа аяғымен шығып отырса керек. Бақылаушы оған «аяғыңды түсіріп отыр» деп ескерткені сол екен, әлгі сотталушы сол мезетте «құқығымды шектедің» деп өз-өзіне қол жұмсаған. Соңы сотқа дейін барады. Ал судья жазасын өтеушінің «әңгімесіне» иланып, түрме қызметкерін соған жығып берген. Өйткені мұндай шешімге бармаса, тағы да түрмедегінің құқығын таптаған болып саналады. Ал мұндай жағдайды адам құқығын қорғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар қалт жібере ме? Гуманизация, әрине, жақсы ғой. Тек ертеңгі күні осындай бассыздықтарға жол бермесе болғаны. Немесе Алла Сурикованың «Хочу в тюрьму» деген киносындағыдай жұртты жақсы жағдай жасайтын түрмеге қарай үгіттемесе болғаны.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста