Түрлі саладағы кәсіби мамандарды журналистикаға тарту жүйесін жасау керек пе?

Соңғы кездері қоғамымызда басқа саланың кәсіби мамандарын журналистикаға тарту мәселесі қозғалуда. Еуропаның көптеген елінде бұл жүйе таңсық емес. Ал бізге мұндай жүйе керек пе? Көтеріліп отырған мәселені мамандардың талқысына салып көрген едік...

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының президенті:

Иә

– Басқа саладағы заңгер, экономист, әлеуметтанушы секілді басқа да кәсіби мамандарды журналистикаға тарту жүйесін енгізу қажет. Бұл нағыз сол саланың қазанында қайнаған маманның тақырыпты жан-жақты ашуына көп көмегін тигізер еді. Бүгінгі таңда қазақ баспасөзіндегі журналистеріміз әмбебап болып алды. Экономиканы да, құқықты да, әлеуметті де, тіпті мәдениетті де талғамай жазып жатады.

Алайда әр саланың басын бір шалған соң, бір саланың тереңіне бойлап, зерттеп жаза алмай қалады. Ал бұл, айналып келгенде, журналистің барлық саланың мәселесінің бетін ғана сылап-сипап өтуіне алып келеді.

Қазіргі таңда тереңіне бойлап, зерттеп жазатын журналистер өте аз. Мақаланы мамандардың пікіріне сүйеніп жазады.

Ал сол саланы өзі жақсы біліп, көтерілген мәселеге кәнігі маман ретінде қарайтын болса, маманның беріп отырған пікірін өзі-ақ талдап жазар еді. Осы орайда егер заңгерлер мен экономистердің жазуға ебі болса, журналистикаға маманданып, баспасөзде жұмыс істегенін дұрыс санаймын. Көп жағдайда біз журналистиканы әдебиетпен шатастырып жатамыз. Ал кәсіби журналист дегеніміз – белгілі бір сала бойынша толық маманданған адам.

Журналист қай саланы жазса да, сол саланың білгірі болуы керек. Мысалы, банк саласында қызмет етіп жүріп, кейін журналистикаға ауысқан адамдар бар. Бұлардың жазғаны оқылымды. Өйткені салалық қызмет түрін де жете меңгерген, жазудың да қыр-сырын білген адам оқитындай етіп жазады. Оның не айтқысы келіп отырғанын оқырман түсінеді. Ал бізде көбіне түсінбей жазу бар. Орысша жазылған ақпаратты интернеттен алып, аударып, түсінбей жазған адамның білімсіздігі көрініп тұрады. Бұдан өзі де шатасады, оқырманды да адастырады. Сондықтан экономика тақырыбын журналист жазса да, экономист жазса да, түсініп жазғаны абзал.

Рас, соңғы кездері «журналистер көбейіп кетті» деген пікір жиі айтылып жүр. Осындайда онсыз да журналистер көп болып жатқанда, басқа саланың кәсіби мамандарын қайта даярлап, журналистикаға тарту арқылы тіпті көбейіп кетпейміз бе деген заңды сұрақ тууы да мүмкін. Алайда қазір журналистер көп болғанымен, сапалы журналистер өте аз. Қазір баспасөз баянын көшіріп беру арқылы журналист атанып жүргендер де баршылық. Ал бізге қай салада болсын сапалы журналист керек. Білікті журналист болу үшін сол саланы жетік меңгеруі керек.

Аязби БЕЙСЕНҚҰЛОВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің телевизиялық және радиожурналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент:

Жоқ

– Түрлі саладағы кәсіби мамандарды журналистикаға тарту жүйесін жасаудың қажеті жоқ. Себебі мұндай жүйені жасамас бұрын, ең алдымен, басқа саланың кәсіби мамандарын журналистикаға тартуға сұраныс бар-жоғын анықтап алу қажет. Ал мен бүгінгі таңда қоғамнан ондай қажеттілік көріп тұрғаным жоқ. Біз ол мамандарға аса қатты зәру емеспіз. Ендеше, оларды бостан-босқа дайындаудың қандай қажеттілігі бар?

Рас, қазіргі таңда барлық газеттердің әр салаға маманданған өздерінің журналистері бар. Олар осы бөлінген салалары бойынша өзінің ғана саласын қаузайды. Ал ұзақ уақыт бойы осылайша белгілі бір саланы ғана зерттеген журналист сол саланың нағыз майталман журналисіне айналады.

 Адамда белгілі бір тақырыпты ұзақ жылдар жазғаннан кейін, сол салаға қатысты білім қалыптасады. Осындай жолмен қазіргі таңда талай редакция өз журналистерін өздері шыңдап алып жатыр. Айта кетер жайт – шетелмен салыстырғанда, бізде маманданған шағын топтарға арналған газет-журналдар аз. Ал Еуропада шағын аудиторияға арналған басылымдар өте көп. Мәселен, экономикалық журналдарда экономиканың майын ішіп, жілігін шаққан экономист-журналистер қызмет атқарады. Мұндай газет-журналдар бар болғаннан кейін, оларда мұндай мамандарға сұраныс та баршылық. Ал бізде мұндай деңгейде қалыптасқан сұраныс жоқ. Сұраныс болмағаннан кейін ертеңгі күні оқытқан мамандарымыз жұмыссыз қалады. Маманды көптеп шығаруды емес, білікті маман даярлауды мақсат ету керек. Ал мұндай жүйе шетелде бір жолға қойылған. Мәселен, немістің «Грунер унд Яр» (Gruner & Jahr) атты баспа концерні бар, аталмыш концерн өзіне қажетті мамандарды өзі даярлайды, Генри Наннен атындағы арнайы журналистік мектебі жұмыс істейді. Міне, сол оқу орнына Еуропаның барлық елдерінен неміс тілін білетіндерді жинайды. Кейде бір орынға 100 адамдық байқау жүреді. Ал бізде журналистикада бір грантқа бес-алты адамнан таласады. Олар мамандарды сапалы дайындайтыны соншалық – бұл оқу орнына қабылданғысы келетін шәкірттер саны өте көп. Алайда аталмыш оқу орны жылына небәрі 60 қана шәкірт қабылдайды, оқу тегін, қаржысын концерн көтереді, оған қоса ай сайын 700 евро шәкіртақы төлейді. Оқу «мен сияқты істе!» принципі бойынша жүргізіледі, яғни ұстаз-тәлімгер жетектеп жүріп, журналистік шеберліктің қыр-сырына баулиды. Бағы жанғандар 10 айда журналистік диплом алып шығады. Ал бұл оқу орнын бітірген мамандар жұмыссыз қалмайды. Шәкірт оқуға қабылданған күні-ақ болашақ жұмыс орнын біледі және соған бейімделіп, оқу бағдарын анықтайды, артық-кемі жоқ, нақты білім алып, журналистік карьераға жол ашады. Көріп отырғанымыздай, батыста біздегідей лекті маман даярлау емес, нақты тұлға шығаруға ден қояды. Осы үлгіні біздің холдингтер де үлгі етсе, мамандарды әрі сапалы, әрі білікті етіп шығаруға мұрындық болар еді. Біз жылына қаншама маман даярлап жатсақ та, жергілікті баспасөздерде маман мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Аудандық газеттерде жастар жоқ, кілең зейнет жасына жақындағандар. Осыдан келіп газет сапасы да төмендейді, оқырманға да обал! Біз жыл сайын мыңдаған шәкірт тәрбиелейміз, оның тең жартысы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Оның үстіне сапалы маман аз деп, басқа саланың кәсіби мамандарын журналистикаға тартуды көздейміз. Одан гөрі аз да болса саз маман даярлауға ден қойсақ, көп нәрседен ұтар едік.

Бейтарап пікір

Рима ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА, филология ғылымының кандидаты, доцент:
– Қазіргі таңда журналистикаға екінші мамандық ретінде маманданғысы келген азаматтар өздері-ақ журналистика факультетін бітіріп жатыр. Мәселен, әнші Мәдина Сәдуақасова, актер Рахман Омар қазіргі таңда біздің журналистика бөлімінде дәріс алу үстінде. Арнайы екінші мамандыққа баулитын курстар ашпай-ақ, тіпті басқа саланың кәсіби мамандарын журналистикаға тарту жүйесін жасамай-ақ, қалаған азаматтар өздері-ақ оқып жатыр. Меніңше, әркімнің өз қалауы бойынша оқығаны дұрыс деп санаймын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста