ТүркіПА түркітілдес мемлекеттер арасындағы саяси ұйым құрудың алғышарты бола ала ма?

ТүркіПА түркітілдес мемлекеттер арасындағы саяси ұйым құрудың алғышарты бола ала ма?

Жаһандану кезеңінде әлем халықтары арасында ұлт пен ұлт, ұлыс пен ұлыс интеграцияланып, идентификация үрдісі үдеп тұрған шақ. Географиялық жағынан жақын орналасқан мүдделес мемлекеттер өзара одақ құрып, бір терінің пұшпағын илеуде. Жұмыр басқа осындайда түбі бір түркі жұртына неге ортақ саяси одақ құрып, халықаралық саясаттан өз орнын ойып алмасқа деген ой келеді. Жақында Әзірбайжан астанасы Баку қаласында өткен түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының бірінші отырысы болып өтті. ТүркіПа-ның Регламенті мен Жарғысын бекіту, Хатшылығының орналасатын жері туралы шешім қабылданған жиын біраз мәселені реттегендей болды. Осы орайда туындаған «ТүркіПА түркітілдес мемлекеттер арасындағы саяси ұйым құрудың алғышарты бола ала ма?» деген сауалға мамандар былайша жауап берді.

01181

Гүлшат Нұрымбетова, Мемлекет тарихы институты Еуразиялық мәселелер және салыстырмалы саяси зерттеулер бөлімінің бастығы:

Иә
– Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын құру идеясының басында Президент Нұрсұлтан Назарбаев тұрғаны белгілі. Елбасы оны ең алғаш рет 2006 жылы түркітілдес мемлекеттер басшыларының 8-саммитінде ұсынған. Бұл ұсыныстан көп ұзамай-ақ өткен жылғы Парламент төрағаларының конференциясында жүзеге асырылды, яғни құрылым ретінде дүниеге келді. Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын құрған елдердің үстіміздегі жылдың 29 қыркүйегінде алғашқы пленарлық мәжілісін өткізуі қуантарлық жайт болды. Осы мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы елдер арасындағы саяси ұйымды құру жолында жасалған маңызды қадам болды деп айтуға толық негіз бар.

Себебі түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясы екіжақты парламентаралық байланыстарды дамытумен қатар, көпжақты қатынастарды орнату арқылы бұл мемлекеттердің қарым-қатынасын одан жоғары деңгейге көтерері сөзсіз. Әсіресе, саяси, экономикалық, мәдени және тағы басқа салалардағы ынтымақтастықты тереңдетеді. Ал бұл өз кезегінде мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты ықпалдасу үдерісі деңгейіне жеткізуі тиіс. Кез келген халықаралық ұйымның құрылу тағдырына, тәжірибесіне көз салсақ, онда бұл ұйымдардың бірде-бірі бірден саяси ұйым ретінде қалыптаспағанын көреміз.

Мысалы, қазіргі кезде әлемдік саясатқа ықпал етіп отырған Еуроодақтың өзі 1951 жылы Германия мен Францияның болат пен көмір тасымалы жөніндегі келісімінен басталды. Бір жылдан кейін бұл келісімге Бельгия, Нидерланды, Люксембург, Франция, Италия қосылып, экономикалық интеграциялық қоғамдастық құрды. Кейіннен шекарасы кеңіп, одақ құрылды. Осыдан барып қана саяси мәселелермен шұғылдана бастады. Ал бұған қарағанда, түркі тілдес мемлекеттердің ортақ тарихы, ортақ мәдениеті бар. Және Парламенттік Ассамблея деген – құрылымдық деңгейдегі орган. Яғни бірден саяси мәселелермен айналысуға еш кедергі жоқ. Саяси ұйымға, саяси бірлікке айналу – ықпалдасу шеңберінің ең жоғары деңгейі. Сондықтан бұл деңгейге жету үшін түркітілдес алты мемлекеттің ауызбірлігі қажет. Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы ортақ істерді, ортақ жобаларды жүзеге асыру арқылы саяси ұйым негізін қалауға мүмкіндігі бар. Сондықтан бұл Парламенттік Ассамблея осы елдер арасында болашақта саяси одақ құруға алғышарт бола алады деп ойлаймын. Тек, оған, нақты шешімдер мен мемлекеттердің ерік-жігері керек.

nurlan-erimbetov-11

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:

Жоқ
– Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы саяси одаққа алғышарт бола алмайды. Бұлай болуын қолдамаймын. Түркітілдес мемлекеттер мәдениеттен өзге салаларда біріге алады дегенге сене алмаймын. Алты бірдей елдің үкіметінің қолдауымен мәдениет министрліктері деңгейінде құрылған ТҮРКСОЙ ұйымы рухани-мәдени салада жақсы жұмыс істеп келеді. Яғни түбіміз бір болғаннан кейін тарихи-мәдени тұрғыда ынтымақтаса алып отырмыз. Ал бұл мемлекеттер өздерінің саяси ұстанымдары, саяси жүйесі бойынша, бір-бірімен аса қабыса қоймайды. Саяси одақ құруға қарсы болған себебім, бұл жерде Түркия негізгі рөлді алғысы келеді. Ал ортақ саяси ұйым болғаннан кейін, барлық мүше мемлекеттер тең жағдайда болғаны дұрыс. Түркияның көшбасшылыққа ұмтылуы да тегін емес. Қанша жылдан бері Еуроодақ табалдырығынан аттатпай келе жатыр ғой.

Сондықтан Түркияның анда-санда туыс мемлекеттерді жинап, ұйым құрам деп, Батыс әлеміне қыр көрсетіп қоятыны бар. Мемлекеттердің өзара ұйым құруға үш үлкен себеп болады. Біріншісі, экономикалық байланыс болу керек, екіншіден, мемлекеттердің прагматикалық көзқарастары тоқайласуы шарт. Үшіншіден, ұйым құруға шынымен құлықты мемлекеттер стратегиялық шынайы әріптестік орнату қажет. Міне, осы үш критерий бойынша алып қарайтын болсақ, түркі тілдес елдермен саяси одақ құрамыз деп айта алмаймыз. Оған қарағанда, тіл, дін, этнос тұрғысынан алғанда үш қайнаса сорпамыз қосылмайтын Беларусь, Қытай, Ресеймен тығыз қатынастамыз. Себебі бұл мемлекеттермен жоғарыда атап өткен үш мәселенің барлығы қамтылады. Яғни одақ құруға басты фактор бола алмайды. Мысалы, әлемде француз тілінде сөйлейтін мемлекеттер көп, ағылшын тілінде сөйлейтін елдер де аз емес, тіпті испан тілінде латынамерикалық мемлекеттердің барлығы сөйлейді.

Егер барлығын тіл шешетін болса, неге солар саяси одақ құрып, Еуроодақтан асып түспейді? Демек, мәселе тілде емес. Түркі елдерінің арасында одақ құру 20 жылдан бері айтылып келе жатыр. Егер шын ниетті болып, қажеттіліктер орын алып жатса, осы уақытқа дейін құрылатын одақ құрылатын еді. Сондықтан Парламенттік ассамблеяның саяси да, геосаяси да болашағы аз деп білемін. Қазақстан қазір аймақтағы көптеген ұйымдарға мүше. Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясына мүше болуымыз да сыртқы саясаттың бір көрінісі. Одақ құрылғаннан кейін мемлекеттер арасында бір-бірімен әр салада алмасулар жүреді. Ал біз осы түркі тілдес елдерден не аламыз? Қандай үлгі береді? Бауырлас елміз деген Өзбекстанның ұстанымы бізге әлі күнге дейін түсініксіз, Түрікменстан жабық жағдайда күн кешуде. Түркия бізді Батыс әлемі алдындағы көзірі ретінде пайдаланғысы келеді. Қазіргі кезде прагматикалық көзқарастар мен ұстанымдардың дәуірі. Сондықтан біз өзімізге пайдалы жолмен жүргеніміз дұрыс деп ойлаймын.

Түйін
Рухани құндылықтарын қайта жаңғыртуға енді ғана кіріскен сәтте жаһандану жағадан алды. Ол аз дегендей, экономикалық дағдарыс қыспаққа алды. Кім біледі, егер біз, түркі әлемі біріге алсақ, тіліміз бен бай әрі ортақ тарихымызды қорғап, әлемдік қауымдастық бас иетін біртұтас одаққа айналар ма едік.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста