Түркі әлеміне ортақ латын әліпбиін енгізу мүмкін бе?
Түркі жұртшылығының, түркі әлемінің бірлігі ортақ жазудан басталады. Осы ойды қолдайтын бірқатар түркітектес елдер біртіндеп латын әрпін қабылдап, тарихи тамырластыққа қадам жасауда. Қазақ елі де сол түркі тұтастығына ұмтылып, технологияның тілін меңгеру, рухани тәуелсіздікке қол жеткізу мақсатында латын графикасына бет бұрып отыр. Дәл осындай сындарлы кезеңде біздің қоғам тарапынан «жалпы түркі әлеміне ортақ латын әліпбиін енгізу мүмкін бе» деген сауал да бой көтере бастады. Біз осы сұрақтың тізгінін мамандардың қолына ұстатқан едік...
Кенжехан Матыжанов, филология ғылымының докторы:
иә
– Жалпы, түркі әлеміне ортақ латын әліпбиін енгізуге болады. Бұл – жалпы түркітектес халықтардың арманы. Өйткені барлық түркілер ертеректе бір тілде сөйлеген. Кейіннен заман ағымына сай тегі бір халықтардың сөздерінің дыбысталуында түрлі өзгерістер пайда болған. Бұл жайт әр ел өз әліпбиін жасағанда да әсер етіп, әр ұлтқа сай төл дыбыстардың көбеюіне әкелді. Мәселен, қазақ тіліндегі «ә» «ү», «ө» әрпі көптеген түркі елінде жоқ. «Қ» әрпі бұрында түркі елдерінде болғанымен, кейіннен көпшілігінде қолданыстан шығып қалған. Яғни ортақ әліпби жасау мәселесі жолға қойылса, біз осындай төл дыбыстарымыздың жайын ескеруіміз керек. 1992 жылдар бедерінде болуы керек, Стамбулда түркі халықтарының үлкен бір жиынында бүкіл түркілерге ортақ әліпби мәселесі сөз болып, барлық халықтардың дыбыстарын қамтитын 34 әріптен тұратын латын әліпбиі жасалғаны айтылған еді.
Мысалы, біз сол әліпби айналасына топтасуымызға болады. Сол әліпби бойынша қазақтарда бар «ә» деген әріпті «а» әрпімен белгілеп, үстіне сызықшамен белгі қою арқылы «ә» деп оқуымызға болады ғой. Әрбір түркітектес халық сол жобадағы әріптік белгілеулерді ортақ дыбысталатын әріптерге бейімдеп пайдаланатын болса, біз ұтылмас едік. Бұл – бір. Екіншіден, ортақ әліпби дегенді шартты түрде қарастыру қажет. Бұл әліпбидегі 34 әріп жалпы түркі халықтарының сөйлеу ерекшеліктеріндегі дыбыстардың бәрін қамтиды. Демек, әр халық сол 34 әріп айналасында ұлтына тән дыбыстарды өздері реттестіріп ала алады деген сөз. Әріптің 34 болуы да міндетті емес. Қазіргі ғалымдарымыз айтып жүрген 26 дыбысты алып, осы ортақ әліпби белгілеріне сүйене отырып, өзіміздің ұлттық әліпбиімізді негіздеуге болады. Сонымен қатар латын әліпбиіне көшеміз дегелі бері ғалымдар түрлі нұсқаларды ұсынып жатыр. Меніңше, жалпы түркітектес халықтарға ортақ әліпби жасай алсақ, нұсқалардың ең ұтымдысы сол болар еді. Мысалы, «х» дыбысы түріктерде де, әзірбайжандарда да, қазақтарда да болуы мүмкін. Осы «х»-ны икс (х) белгісімен белгілейміз бе, жоқ әлде «h»-ны қолданамыз ба? Барлық халықтарда осы әріптер бір ғана белгілеумен белгіленсе, бізде ортақ дыбысталу пайда болады. Мәселен, «у» дыбысын әртүрлі белгілеуге болады. Сондықтан да әртүрлілік болмауы үшін негізгі ортақ дыбыстарды бір таңбамен берсек, тілдік тұрғыдан, жазу тұрғысынан түркілерге жақындай түсеміз. Осылайша ортақ дыбысталу жүйесі қалыптасып, түркітектес ұлттар ешқандай да кедергісіз бір-бірінің жазуын оқып, сөйлесе беруге жол ашылады. Бұл бастама халықтың тілін бір формаға түсіреді. Латын әліпбиі деген – тек таңба. Сондықтан да таңбаны дыбыстаудың ортақ жүйесін жасауды бүгіннен бастап ойлағанымыз, сол бағытта жасалған қадамды қолдағанымыз жөн.
Бақытжан Хасанов, филология ғылымының докторы:
жоқ
– Түркітектес 30-дан астам тіл бар дейміз. Сол тілдердің өзіне ғана тән дыбыстары бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сол себепті де жалпы түркі әлеміне ортақ латын әліпбиін енгізу мәселесін айтпас бұрын алдымен осы тілдік ерекшеліктерді түпкілікті зерттеп алғанымыз жөн. Мәселен, кейбір түркі халықтарының мәдениеті, дүниетанымы өзгеше, діні бөлектері де кездеседі. Осыған орай, тіл теориясының маманы ретінде айтарым, тіл мен мәдениет еш-уақытта бір-бірімен қиылыспайды, керісінше өмір бойы бір-бірімен күресумен болады. Яғни әр халықтың өзіне тән ерекшелігін бұзуға, оған қарсы шығуға ешкімнің хақы жоқ. Ортақ латын әліпбиін енгізу деген мәселені қозғау үшін сол тілдерге сай заңдылықтардың бұзылмауын қадалағанымыз жөн. Ол үшін әрбір әлеуметтік тілдің, әлеуметтік лингвистиканың, мәдениеттік лингвистиканың, тілдік мәдениеттің қажеттілігіне терең бойлай алуымыз қажет.
Бұл мәселеге тіл теориясы тұрғысынан келмесеңіз, қателесесіз. Өйткені туыс тілдер арасында бір-бірімен кереғар келетін жайттар көптеп кездеседі. Жалпы, дыбыстық жүйеде 80-90 пайыз ұқсастық болуы мүмкін. Бірақ қазақ тіліне тән үндестік заңы басқа тілдерге тән емес. Мысалы, ұйғырлардың, өзбектердің үндестік заңы бұзылған. Осы тұрғыдан келсек те, қайшылыққа тап боласыз. Яғни ортақ әліпби енгізген кезде біздің немесе басқалардың үндестік заңы бұзылады деген сөз. Мысалы, қазір көптеген журналист «қазақ радиосы» деп сөйлейді. Орфоэпия заңдылығы бойынша «қазағ радиосы» деп айтуымыз керек. Ортақ әліпби жасасақ, осындай ерекшеліктер жойылып кетуі мүмкін. Жалпы түркі әлеміне ортақ латын әліпбиін енгізу жайы бұған дейін де айтылып келді. 15-20 жыл бұрын өзбектер бізбен ортақ тіл жасау жөнінде де қадамға барғысы келді. Қазір өзағаңдар ортақ тілді былай қойып, өздерінің әліпбиін дұрыстай алмай отырғанын жақсы білеміз. Менің бұл сөзіме қарап, «жалпы түркі әлеміне ортақ латын әліпбиін енгізуге болмайды» деген ұғым тумауы керек. Бізге теориялық жағынан ортақ әліпби жасауға болады. Ол үшін фонетикалық тұрғыдан, функционалдық тұрғыдан әрбір дыбыс зерттеліп, соның негізінде тілдің өзгешелігіне мән беріп, тілге залал келмейтіндей жолды таңдап алуымыз керек. Осылай ғылыми тұрғыда зерделей алмасақ, социофонетикалық зерттеу жүргізбесек, ортақ әліпби енгізудің қажеті шамалы. Тағы да бір мысал келтірейін. Егер ортақ әліпби қазақ тілінің фонетикалық, дыбыстық жүйесіне негізделе жасалса, оны қос қолдап қолдауға болады. Бірақ мұны өзге ұлттар қалай қабылдайды? Меніңше, ортақ әліпби енгізгеннен гөрі әрбір тілдің ерекшелігін ескере отырып, ортақ қор құру қажет сияқты.
Түйін
Ұлы дала төсін тұлпардың тұяғымен дүбірлеткен, әлемдік өркениетте ойып тұрып орын алған көк түріктің ұрпағы түптің-түбінде ынтымағы ұйысқан тұтастыққа айналады. Біздің бүгінгі мамандардың пікірінен ұққанымыз – осы. Демек, сол түркілер тұтастығын, түркілер интеграциясын ортақ жазу ғана жеделдете алады деген пікірге сенейік. Біздің айтпағымыз – осы.