Түбі бір түркі халықтарына ортақ тіл қалыптастыру мүмкін бе?

Әлемдегі жаһандану жайында әр ұлт өзіндік болмыс-бітімін сақтап қалу үшін жанталасуда. Осы тұрғыда, әсіресе, сан жағынан да, жер көлемі жағынан да аз халықтарға тіпті қиын. Ол үшін бір-біріне тілі, діні ұқсас халықтардың ынтымақтаса өмір сүруі қажет. Бүгінде түркі әлемінде АҚШ пен Батыстың әсері қатты байқалады. Сарапшы мамандар «түркі халықтары сыртқы экспансиядан сақтану үшін интеграциялануы қажет» дейді. Қазіргі уақытта түркі дүниесінің біртұтастығын қамтамасыз ете алатын түрлі идеялар ортаға салынуда. Соның бірі – түбі бір түркі халықтарына ортақ тіл қалыптастыру идеясы. Бірақ бұлай болуы мүмкін бе? Бұл жолы да пікір екіге жарылды.

Айдос Қартаңбайұлы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті сарапшысы:

Иә
– Түркі халықтарына ортақ тілді қалыптастырудың екі тетігі бар: біріншісі – орта ғасырда пайдаланылған ортатүрік тілін қайта жандандыру. Өйткені ғасырлар қойнауында қалып қойған бұл тілдің өн бойында барша түркі тілдерінің табиғи заңдылықтары сақталған. Оның терминологиялық негізі де бір. Екіншісі – қазіргі уақытта жиі айтыла бастаған латын графикасы негізінде ортақ жазбаша тіл кеңістігін қалыптастыру. Жалпы, бұл – түркі әлемін талайдан бері толғандырып жүрген идея. Кезінде 1993 жылы Анкара қаласында түркі халықтары басшыларының үлкен саммиті өткен. Ол жерде күн тәртібіне қойылған негізгі мәселелердің бірі біз айтып отырған түбі бір түркі халықтарына ортақ тіл қалыптастыру болды. Онда латын графикасына сүйене отырып, күллі түркі жұртшылығына ортақ әрі түсінікті болатын жаңа әліпби жасау жайы талқыға түскен.

Сол саммитке жиналған басшылар ортақ тіл мәселесін бірігіп шешеміз деп уағдаласып тарасқан. Алайда үлкен мінберден айтылған ірі мақсаттар белгілі жағдайлармен жүзеге асырылмай келеді. Себебі кезіндегі Кеңес Одағы ықпалынан енді босап шығып, тәуелсіздікке жаңа қол жеткізіп отырған Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан сынды бірқатар мемлекеттер өз алдына жеке-жеке әліпби қабылдай бастады. Осылайша, әркім өзіне тартып, ортақ әліпби қалыптаспай отыр. Дегенмен бүгінгідей жаһандану дәуірін бастан өткеріп отырған түркі халықтары өздеріне түсінікті жазу мен тілдің қалыптасқанын қалайды. Мысалы, ортақ әліпбиді жасау барысында қазақтан өзге кейбір халықтардың ң, қ, ө, ғ сынды жоғалып кеткен ұлттық сипаттағы ерекше әріптерін қайта қалпына келтіруге әбден болады. Түріктердің өздері төл дыбыстарын беретін әлгіндегідей сипаттағы үш-төрт әріп таңбаларынан айырылып қалған. Ал бауырлас, тамырлас халықтар ортақ тілде ұғынысып, қарым-қатынас орнататын болса, жоғарыда атап кеткендей тілге байланысты олқылықтар бірте-бірте жойылар еді.

Меніңше, бұл мәселе түркі мемлекеттері басшыларының деңгейінде қайта қарастырылу қажет сияқты. Себебі ортақ тіл мен жазу қалыптастыру арқылы түркі халықтарының өзара рухани-мәдени интеграциялануын дамыта түсуге жаңа мүмкіндіктер ашылады. Түркі халықтарының бас біріктірсе алапат күшке ие болып кететіндігінен өз заманында Сталин де қатты сескенген. Тілдік түбірі мықты әрі терең тілі бар 50 шақты түркі халықтарын ыдыратып, отарлау саясатын оңай жүргізу үшін оларды бір-біріне айдап салу, әсіресе, тілдік қорын әлсірету сол кезеңде бастау алған. Оның үстіне Кеңес өкіметі орыс тілін жымысқы саясатпен құрамындағы үлкенді-кішілі ұлт пен ұлыстың ортақ тіліне оңай айналдыра білді. Ақыры түбі – түркі, діні бөлек, тілі басқа біз сияқты халықтарды империялық Ресей әбден орыстандырды. Олардың шовинистік санасы түркі тілдерінің дамуына балта шауып отырды. Бұл дерттен әлі құтылы алмай отырмыз. Ал түбі де бір, діні де бір, тілі де ұқсас түркі халықтарын біртұтас идеяға біріктіру аса қиын шаруа болмас. Сондықтан да, рухани интеграцияланудың алғышарттарын орындау үшін алдымен ортақ тіл мен әліпби қалыптастыру қажет. Біздің заңдарымызда орыс тілі ұлтаралық тіл ретінде айқын көрсетілген. Алдымен осындай тұсаулардан босау керек. Айналып келгенде мұның өзі Халықаралық құқықтық нормаларға қайшы талаптар. Себебі әрбір ұлт өзгемен қатынас тілін өзі таңдау қажет. Осы жерде орыстың тілін қазақтар аттай қалап алды деп айтуға болмас. Әзірге түркі дүниесін түгендеп жүрген жалғыз ТҮРКСОЙ ұйымы ғана. Олардың да негізгі мақсаттары – түркі халықтарына ортақ мәдени кеңістік қалыптастыру, ортақ тілде жұмыс істейтін интернет кеңістігіне жол ашып, ақпарат құралдарын іске қосу. Осының бәрі ешкімнің күштеуінсіз,табиғи сұраныстан туындап отырған мәселелер.

Дархан Қыдырәлі, алаштанушы ғалым:

Жоқ
– Меніңше, түркі халықтарына ортақ тіл қалыптастыру мүмкін емес. Себебі түбіміз бір болғанымен, тілдік айырмашылығымыздың бар екендігінің өзі – біздің байлығымыз. Ортақ тіл жасауға байланысты 90-жылдардың басында Түркияда біраз әрекеттер жасалды. Бұл жөнінде көптеген ғалымдар пікір таластырды. Бірақ бұл бастамалар аяқсыз қалды. Бұған әсер еткен негізгі факторлардың бірі – бүгінде көптеген түркітілдес ұлттар дербес елге айналып, әркімнің өз жолын ұстануында. Бұған қоса, дәл қазіргі кезеңде әр мемлекет ешкімнің өзіне үстемдік жасауына жол бермейді. Әр ұлт алдымен өз тілін дамытады. Ал ортақ тіл қалыптастыру қойыртпақ тіл қалыптастыру болады. Бұл жерде ортақ тіл жасаудан гөрі, графикамыз ортақ болса, бір-бірімізбен түсінісу оңайға соғар еді. Мұны латын графикасының негізінде жасауға болады. Бірақ бұл жуық арада орындала қоймайды.

Кезінде Қырым татары Исмаил Гаспринский осы төңіректегі идеяларды жүзеге асыруға талпынып көрген. Ол ортақ тілді араб тіліне сүйеніп отырып жасауды ұсынған. Гаспринский өзі шығарған «Тәржіман» газетінде жалпы түркі халықтарының тілін біріктіруді көксеген, ортақ әдеби тіл қалыптастыруды мақсат тұтқан ойларын ортаға салған. Бірақ ғалымның бұл әрекетінен нәтиже шықты деп айта алмаймыз. Кейін тарих сахнасына келген оның шәкірттері тұтас түркі тілінің қалыптаса алмайтындығын, бірақ белгілі бір аймақтық деңгейде тілдердің топтасуы мүмкін екендігін алға тартты. Мәселен, Мұстафа Шоқай Түркістан-Шағатай тілі қағидасын ұстанды. Осы ретте ол «Яш Түркістан» сынды басылымдарды Орта Азия халықтарына түсінікті тілмен шығаруға әрекет етіп отырды. Ол уақыттарда шағатай тілін түркі жұрты бірдей қабылдай беретін. Бірақ ол ортақ тіл деңгейіне көтерілді деуге келмейді. Осы уақытқа дейін біздің әдеби тіліміз әбден қалыптасып кетті. Бұл бағытта, әсіресе, Ильминский, Маловтар бастаған ресейлік миссионерлер мен ориенталист ғалымдар түбегейлі жұмыс жасады. Қарап отырсаңыз, 100 жыл бұрын ғана бір-бірін жақсы түсініп, бір аймақта емін-еркін араласқан туыс халықтар қазір бір-бірінен алшақтап, мүлде өзгеше өң-сипатқа ие болып отыр. Әркімнің ұстанған бағыты, геосаяси орны бар дегендей.

Жалпы, ортақ тіл қалыптастыру барысында бәрібір белгілі бір тілге үстемдік беруге тура келеді. Бұл тілдің бұзылуына алып келеді.

Бейтарап пікір
Ахмет Аляз, «Қазақстан–Заман» газетінің бас редакторы:
– Бұл идеяны жүзеге асыруға болады, бірақ бұл – заманның еншісіндегі дүние. Бұған жету үшін ұзақ уақыт қажет. Қалай болған күнде де осы төңіректегі мәселелерді қолдан жасап, саясатқа айналдырудың қажеті жоқ. Алайда қазіргі уақытта түбі бір түркі халықтары бір-бірімен тілмашсыз түсіне алмайтын жағдайға жетті. Егер де біз бір-бірімізбен рухани-мәдени байланысымызды арттырып, етене аралас-құралас бола бастасақ, ортақ тілге деген сұраныс өзінен-өзі туындайды. Дегенмен бұл – ең алдымен ғалымдарға жүктелетін шаруа. Олар бірінші кезекте ортақ термин мәселесін ретке келтіруге, оларды қолданысқа енгізуге күш салулары керек. Мысалы түріктер қазақша үйді – ев дейді, жоқ дегенді иоқ дейді. Міне, көптеген осындай ұқсастықтарды бір қалыпқа сыйғызуға болады. Болашақта ортақ тіл мен жазу дүниеге келіп жатса, кезінде түрік алфавитінен түсіп қалған кейбір әріптер қайта қалпына келер еді.

Жалпы, түркі тілдерінің арасында бәлендей алшақтық жоқ. Мысалы, қазақ тілі мен түрік тілін меңгерген адам басқа да түркі тілдерін оңай түсінетін болады. Жалпы, кез келген түркі азаматы бірігу идеясын санасының түкпірінен оята білуі қажет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста