«Тасқа басылған қағаз басылымдардың дәурені өтіп барады» деген пікірмен келісесіз бе?
Ғаламтор құлашын кең жайғалы қағаз басылымдардың құритыны жөніндегі пікірталас толастар емес. Дегенмен түрлі болжамға қарамастан, қағаз түрінде шығатын ақпарат құралдарының саны азайған жоқ. Әлбетте, кез келген бұқаралық ақпарат құралы аудиторияның ауанына қарайды. Сол себепті де газет атаулы интернет-үлгіні қатар жүргізуді жөн көреді. Шынында да, соңғы жылдары батыста да, Ресейде де қымбатқа түсетін қағаз баспасөздің басынан бақ кете бастады. Мәселен, әлемдегі апталықтар ішіндегі ең әйгілі, ең беделді деген Newsweek биылдан бастап қағаз түрінде шығуын тоқтатты.
Мамандар қағаз басылымдардың таралымы жыл өткен сайын құлдырайтынын, 2017 жылға қарай АҚШ-та баспадан шығатын БАҚ-тың мүлде қалмайтынын, 2026 жылы Ресейдің ірі қалаларындағы БАҚ-тың да осы күйге жететінін айтады. Бұл батыл болжамның орындалар-орындалмасын, әрине, уақыт көрсетеді. Әзірге біз жоғарыдағы сауалды білікті мамандардың талқысына салуды жөн көрдік.
Әлішер Елікбаев, Voxpopuli.kz жобасының жетекшісі:
иә
– Әлбетте, мен бұл жайында бірнеше жылдан бері айтып келемін. Қазір қағаз басылымдардың тұрақты оқырмандары есейіп, егде тарта бастады. Ал оқырмандардың белсенді тобы, яғни жастар электронды ақпарат құралдарына басымдық береді. Меніңше, күндердің күнінде тасқа басылып шығатын газетті біз ұшақ ішінде ғана (өйткені ұшақтың ішінде мобильді құралдарды қосуға рұқсат бермейді) оқитын дәрежеге жетеміз. Сондықтан қағаз газеттің ғұмыры қаншаға созылатыны – уақыттың еншісінде. Қазір газет шығарудың арзанға түспейтіні белгілі.
Оны дайындаудың өзіне қаншама уақыт жұмсалады десеңізші. Газет бетінде жарық көретін дүниелер компьютерге теріледі, содан соң беттеледі, баспаханаға жөнелтіледі. Баспаханадан шыққан соң оны жер-жерге тарату жұмысы тағы бар. Осының бәрі белгілі бір мөлшерде шығын шығаруды қажет етеді. Ал интернет кез келген ақпаратты оқырманға жылдам жеткізе қояды. Жаңалықты жаздың да, салып жібердің. 10-15 минуттың ішінде тарап кетеді. Онымен салыстырғанда, газет – қашанда орасан күш жұмсауды қажет ететін әрі шығыны көп ақпарат құралы.
Есіңізде ме, бұрындары музыканы күйтабақ ойнатқышпен тыңдайтын кезде дүкендерде дөңгелек пластинкалар сатылатын. Әрине, оның дауысы керемет еді. Алайда уақыт өте адамдар одан да бас тартты. Себебі күйтабақтың орнын заманауи құралдар басты. Қазір сол пластинкаларды күндіз шам алып іздесең де таппайсың. Тек арнайы дүкеннен ғана сатып алуға мәжбүрсің. Міне, тасқа басылатын газет те күндердің бір күнінде осылай жойылады. Рас, біздің елімізде бұл үдеріс өзге елдермен салыстырғанда баяу жүруі мүмкін. Бірақ қазір басылымдардағы жарнама көлемі азайып келеді. Қайта газетке қарағанда журналдардың жағдайы тәуір. Олар бір амалын тауып, әйтеуір, жарнаманы көбейтуге тырысып бағуда. Дегенмен газет бетіндегі жарнаманың құлдырауы да қалыпты, бүкіл әлемде болып жатқан құбылыс.
Ал мобильді құрылғылардың бағасының қымбат екені өз алдына жеке тақырып. Қымбат болғандықтан да қолжетімді емес. Қарапайым планшеттің өзін 200 долларға сатып аласың. Әйтсе де ертеңгі күні олардың құны тиын тұратындай дәрежеге жеткенде, қағаз газеттің керегі болмай қалары сөзсіз. Оның үстіне еліміздің алыс аймақтарына да интернет орнату газетті жеткізуге қарағанда оңайға түсетінін де ескерген жөн.
Шәмшиддин Пәттеев, «Түркістан» газетінің бас редакторы:
жоқ
– Расында да, соңғы жылдары ондай әңгіме көп айтылып жүр. Кейбір деректерге қарасақ, тасқа басылып шығатын бұқаралық ақпарат құралдары азайып, есесіне электронды порталдар көбейіп барады. Ал екінші жағынан, дүниежүзі бойынша қағаз басылымдар азаюдың орнына, керісінше, көбейіп келе жатқандай. Мәселен, Түркияда, тіпті технологиясы соншалықты жетілген Жапонияның өзінде қағаз басылымның саны артқан көрінеді. Иә, қайсыбір кинофильмде газет-журнал, телевизия жойылады деп төндірткен. Бірақ кез келген нәрсенің өз орны бар екенін ұмытпаған дұрыс.
Расында да, өмірімізге интернет ендеген сайын ақпарат құралының қағаз нұсқасы азаю мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды. Бүгінгі оқырманның, әсіресе жастардың интернетке әбден үйреніп алғанын мойындау керек. Бірақ қандай да бір газеттің айтары болса, танымал болса, оның өзіне берілген адал, тұрақты оқырманы болса, ол газеттің ғұмыры да ұзақ. Одан кейін газет оқу, кітап оқу мәдениеті деген бар ғой. Ал оқу мәдениеті біртіндеп қалыптасады. Сондықтан қағаз газеттің мүлде жойылып кетеріне көзім жетпейді.
Екінші бір ескеретін жайт, интернетте жарияланатын ақпаратқа ешкім жауап бермейді. Ол шынайы ма, жалған ба, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Құдды, дуалға жазып кеткен жазу секілді. Ақ-қарасын ажырату да кейде қиын.
Бұл жағынан алып қарағанда, үлкен ақпарат беруде, оны талдауда, дайын күйде оқырманға жеткізуге келгенде газеттің жөні бөлек. Себебі мұнда кез келген мәлімет әбден електен өткізілгеннен кейін ғана жарық көреді. Интернетте жарияланатын орасан ақпараттың өзі оқырманды шаршатып та жібереді, тіпті мезі етеді. Өйткені мұндағы мәліметтер газеттегідей електен өткізілмейді. Әрине, бүгінгі заман ағымына қарай, белгілі бір дәрежеде интернет те керек. Әйтсе де ақпаратты қорыту деген бар. Мұны тек газетте жүзеге асыруға болады. Оның үстіне газет жауапкершілік мәселесіне қатты мән береді. Газеттің әр сөзі салмақты, онда жарияланатын дүниелердің тәрбиелік мәні бар. Рас, ауытқып кететін кейбір газеттер де бар, дегенмен олар көп емес.
Тоқетерін айтқанда, қоғам алға жылжыған сайын жаңа, анағұрлым жетілдірілген технологиялар шыға береді. Бірақ соған қарамастан, газеттің қағаз нұсқасы да ешқашан жойылмайды. Әйтеуір, сіз бен біздің ғұмырымызға жетеді деп ойлаймын.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Түйін
Әлем бойынша қағаз басылымның жағдайы соншалықты мүшкіл емес. Африкада, Таяу Шығыста және Азияда тасқа басылатын баспасөз өрістеуде. Таралымы ең жоғары 15 газеттің тізімінде үндінің бес, қытайдың екі басылымы бар екен. Оның үстіне Үндістанда интернет кең таралған жоқ. Сондықтан әлемдік тұрғыдан алғанда тасқа басылатын БАҚ-тың жуық арада құритын түрі жоқ.
Қағаз газеттің дес бермей тұруына тағы бір себеп бар. Бұл – мобильді құрылғылардың толық жетілмеуі. Мәселен, Ресейде 2011-2012 жылы электронды оқулыққа көшу тәжірибесі көп кітаптың орнына бір құралмен сабақ оқудың жеңіл екенін дәлелдеді. Алайда планшеттің көзге зиянды екені анықталды. Ал көзге зияны жоқ E-Ink дисплейі бар покетбуктың бояуы қанық емес. Бірақ нарықты жаулағысы келетін өндірушілер бұл олқылықтың да орнын толтыруға тырысуда. Әйтсе де «Аргументы и факты – Казахстан» апталығының бас редакторы Сергей Кузовников айтқандай, ең үздік техниканың өзі парақтау функциясын ешқашан алмастыра алмайды.