Қазақстан нарығына сырттан келетін баспа өнімдері бұрын да аз емес болатын. Соның салдарынан отандық өнімдеріміздің кейінге ысырылып, шетқақпайланған сәттері де болған. Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері арасындағы кедендік бекеттердің жақында алынып тасталуына байланысты, бұл жағдай алдағы уақытта тіпті ушығып кетпей ме? Кез келген мемлекет үшін ең үлкен қауіпсіздіктің бірі – ақпараттық қауіпсіздік дейтін болсақ, шетелдік баспалардың әр алуан пиғылдағы, әртүрлі ниеттегі өнімдерінің елімізде емін-еркін таралуына қалай тосқауыл қоя аламыз? Жалпы, мұны шектеу мүмкін бе?
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы
Иә
– Шетелдік баспа өнімдеріне шектеу қою әрбір мемлекеттің қаруы деп білемін. Өзінің ақпараттық қауіпсіздігін ойлаған ел міндетті түрде сырттан келетін әдебиеттерді, басқа да ақпарат көздерін қадағалауы тиіс. Онсыз мемлекет есік-терезесі жоқ үй сияқты болып қалуы мүмкін. Бұл – соның ішіндегі халық біресе оңнан соққан желдің артынан жүгіріп, біресе солдан соққан желдің ығында кетіп, қара тобырға айналады деген сөз. Және ол халық тек қана қара тобырға айналып қоймайды, күні ертең бірінің жағасын бірі жыртып жататын, идеологиялық тұрғыда, соның ішінде діндік, тілдік, мәдени жағынан алтыбақан алауыз болып шыға келуі ықтимал. Соның алғашқы нышандары қазір бізде де көрініс бере бастады.
Демек, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін, өзге идеологияны насихаттайтын, әсіресе бізді отарлаған мемлекеттің жымысқы саясатын қайта жүргізуді көздейтін ақпарат құралдарына тоқтау қою, тыйым салу, оларды ауыздықтап, тым болмағанда азайту – мемлекеттің парызы.
Онсыз тәуелсіз мемлекет болу мүмкін емес. Қазіргі уақытта қару рөл ойнамайды. Бүгінгі замандағы ең үлкен қару – идеология. Мысалы, Америка дейтін ең мықты мемлекет әлемді күшімен емес, киносымен жаулап алды. Сөйтіп, америкалық өмір үрдісін бүкіл әлемге зорлап таңды. Сондықтан біз енді ақпарат құралдарымызды, кино мен әдебиет сияқты идеологиялық қаруларымызды соларға қарсы қоя отырып, өз мүддемізге пайдалануымыз қажет, соларды күшейтуіміз керек. Яғни қаржыны қаруға төкпей, ұлттық ақпарат құралдарына, мәдениетке төгу керек. Өйткені XXI ғасыр қарулардың емес, идеологиялық қақтығыстардың аренасына айналатыны айдан анық. Бұл – кімнің идеологиялық қаруы күшті болса, сол әлемді билейді деген сөз.
Соңғы жылдары, атап айтқанда, «Мәдениет туралы» заң қабылданғалы бері «шетелдік фильмдердің өзімізге оңтайлысын, жас ұрпақты солақай тәрбиеге ұрындырмайтын, жөні түзулерін көрсету керек» деген шарт қойыла бастады. Міне, осы талап шетелдерден келетін баспа өнімдеріне, газеттер мен журналдарға да қойылуы тиіс. Тағы бір жағымды жағдай – биылдан бастап Қазақстан прокатындағы шетелдік өнімдер міндетті түрде қазақ тіліндегі субтитрмен жүретін болды. Бұл өте дұрыс саясат деп ойлаймын. Мұның бәрін осыдан 20 жыл бұрын, яғни Тәуелсіздігіміздің басында-ақ қолға алуымыз керек еді. Қазір, мысалы, қазаққа қазақ оқ атып жатыр. Осының өзі – шетелдік идеологияның, түрлі діни ағымдардың құрбанына айнала бастағанымыздың көрінісі. Ал бұл – өте қауіпті жағдай. Егер идеологиямызды бір тәртіпке түсіре алмасақ, қадағалау, шектеу болмаса, етек-жеңімізді мүлде жинай алмай қалуымыз ықтимал.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ, жазушы, «Өлке» баспасының директоры
Жоқ
– Кеденнің ашылу жағдайына байланысты, шетелдік баспа өнімдерін шектеу қазір мүмкін емес. Яғни жат өнімдер бізді енді бұрынғыдан әлдеқайда көп мөлшерде баса түседі. Мұның бір себебі, шетелдік баспа өнімдерінің өзіндік құны біздің өнімдерімізге қарағанда анағұрлым арзан болып келеді. Мысалы, Ресейде баспа өте көп. Соның арқасында неше түрлі кітаптар шығып жатыр. Әрине, оның ішінде керектісі де бар. Бірақ керексіз, біздің тәрбиемізге, мүддемізге кереғар, ұрпағымызға пайдасыз әдебиеттер де жетіп-артылады. Міне, соның бәрі нөпір болып келіп жатыр. Бүгінде кітап дүкендерінің 95 пайызы тек қана ресейлік кітаптардан тұрады. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Ал бұған тосқауыл қоюдың бір-ақ жолы бар. Яғни соларға балама ретінде жақсы кітап шығару үшін баспалардың жағдайын жақсартуға өкімет тікелей араласуы, дұрыс көзқараста болуы тиіс. Дәл қазіргі жағдайда баспа өнімдерін шығаруға қажетті нәрсенің барлығын, мейлі ол қағаз болсын, бояу болсын, бәрін-бәрін Ресейден, Қытайдан, басқа да Еуропа елдерінен сатып аламыз.
Бірақ көлемі де, қағазы да, бояуы да бірдей біздің кітап пен Ресей кітабын бағасының арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Міне, мәселеге осы тұрғыдан келіп, баспа өнімдерін реттемесек, бәсекелестікті жоя алмаймыз.
Осы орайда екінші бір мәселе бар. Біздің кітап шығаруды бақылайтын, тендерлер дайындайтын Ақпарат министрлігі бүгінде не болса соның шығуына жол беріп отыр. Ешқандай іріктеу жоқ, кітаптардың сапасына қарамайды, кім не жазып, не қойып жатса да ешкімнің онда шаруасы жоқ. Соның салдарынан жұрттың бәрі кітап жазғыш болып кетті: не өзінің, не ата-бабасының өмірбаянын жазады. Сол себепті де кітап оқылмайды. Жұрт: «шығып жатқандардың бәрі – сондай кітап» деп ойлайды. Демек, нашар кітаптардың ортасында жақсы кітаптар көрінбей қалып жатыр. Оны насихаттау да жоқ. Осының кесірінен бізге шетелден, әсіресе Ресейден келіп жатқан нөпірді тоқтату, әсіресе қазіргі жағдайда мүмкін емес.
Негізі, сырттан келіп жатқан баспа өнімдеріне шектеу қою өте қажет. Себебі ұлтымызға, ұрпағымызға керектісін, пайдалысын ғана алуымыз керек қой. Өкінішке қарай, шытырман оқиғалы детективтер мен біреудің өмірбаянын, жатқан-тұрғанын жазатын арзанқол дүниелер қаптап кетті. Жұрт тіпті сондайды ғана оқитын болып кетті. Мұны шектеу мақсатында нақты бір шара қолдану біздің үкіметтің құзырындағы нәрсе деп ойлаймын.
Бейтарап пікір
Жарылқасын ДӘУЛЕТ, ақын, «Нұрлы әлем» баспасының директоры:
– Шетелдік баспа өнімдеріне тосқауыл қою мүмкін емес. Өйткені біз шекарасы жабық, томаға-тұйық мемлекет емеспіз. Ал бірақ шетелдік баспалардың көкейінде бірінші кезекте өз мүдделері, өз саясаты тұрғаны бесенеден белгілі. Сол себепті де, өнімдеріне біздің тарапымыздан тосқауыл қойыла бастаса, олардың қай-қайсысы болсын мемлекетаралық деңгейде шу көтеріп, байбалам салуы мүмкін.
Негізі, жат пиғылды өнімдер тек қана шетелдерден, яғни сырттан келіп жатыр деп ойласақ, қателесеміз. Қой терісін жамылған қасқырлар өз ішімізде жүріп-ақ әрекет етіп, көздеген ойына, мақсат-мүддесіне емін-еркін қол жеткізіп жүр. Мысалы, «Сорос» қорын алайық. Біздің телеарналарымыздағы дебат, ток-шоу тәрізді ми ашытатын, көптеген жобаларды, шын негізінде осы «Сорос» сияқты халықаралық және қайырымдылық қорлары қаржыландырып, демеушілік етеді. Сондағы туғызатындары – аяқсыз шу. Яғни кімнің не дегенін, қандай пәтуаға келгенін ақыр аяғында ешкім түсінбейді. Былай қарасаңыз, қазір телеарнада да, күнделікті өмірде де – сол шу-шұрқан, сол ұрыс-төбелес. Осындай саясаттың арғы жағында не жатқанын, кім тұрғанын, өкінішке қарай, қарапайым халық түсіне бермейді. Сөйтіп, еліктіруші топтардың жетегінде, ығында кете барады.
Жат пиғылды нәрсенің қай-қайсысын да шектей алсақ, әрине, құба-құп болар еді. Алайда демократияның атын жамылып, сыныққа сылтау іздейтіндер көп. Сондықтан бірдеңеге шектеу қой, тыйым салу оңайға түседі деп ойламаймын.