Бүгін – ескерткіштерді қорғаудың халықаралық күні. «Озған ел тарихын таспен жазады, ал тозған ел жаспен жазады» деген сөз бар қазақта. Өркениеттің өркешіне жармасып, ең бір дамыған елу елдің қатарына енеміз деп отырған біз осының қайсысына жатамыз өзі? Рас, тарихи құнды мұраларға баймыз, бірақ олардың көбі өзімізде емес қой? Біразы – Париждің Луврынан бастап, Еуропа елдерінің атақты мұражайларында, көбі – көршілес Ресейде. Қайтқаны – тек Тайқазан. Ал шеттен ала алмай отырған ең басты құндылығымыз – Кенесары бабамыздың бассүйегі. Сондай-ақ Парижде Әміренің дауысы, Қытайда қазақ дипломатиясының негізі –Абылайхан, Әбілмансұр хандардың императорлармен жазысқан хаттары секілді жазбалар түпнұсқасы жатыр. Осындай шетел мұражайлары мен мұрағаттарында жатқан тарихи құнды жәдігерлерімізді елге қайтару қаншалықты тиімді деген мәселені ой-көкпарға салып отырмыз.
Мырзан Кенжебай, журналист:
Иә
– Азаттық алған ел, ең алдымен, өзінің ұлттық нышандарын: тілін, үрдіс-салты мен дінін, мәдени сәулеткерлік және қолөнер туындыларын түгендеуден, яки кеткенін қайтарып, жоғалғанын тауып, көнесін жаңартып, жұртқа танытудан бастауы керек. 1988 жылы егемендік алмай тұрған кезде ел болып бірігіп, жұрт болып жұмылып, сонау Эрмитаждан Тайқазанды алдырдық емес пе? Зиялыларымыздың, жалпы халықтың белсенділігі сол кезде керемет еді. Сол қарқын осы күнде басылып қалды. Тіпті тарихи ескерткіштерін елемейтін, іздемейтін болып алды. Мысалы, жер бетінде теңдесі жоқ «Алтын Адамның» қазір қайда екенін ешкім нақты айта алмайды. Қазіргі мұражайларда тұрғаны – әншейін муляж, яғни көшірме ғана. Түпнұсқаны шетелге беріп жіберген. Себебі «үшінші елдерден» бермесін тартып алу – отарлаушы елдердің әдеті ғой.
Соның салдарынан қыпшақтың «Кодекс-куманикусынан» бастап біздің баға жетпес небір тарихи құнды мұраларымыз бір шеті сонау Еуропаның Лондон, Вена, Париж секілді қалаларында, Лувр, Эрмитаж секілді әлемге әйгілі мұражайларында тұр емес пе? Мәскеудегі қару-жарақ палатасында біздің ата-бабаларымыздың небір қылыш-найзасы, қалқаны тұр. Оны орыстар өзінікі етіп жазып қойыпты. Көрсеңіз, көзіңізге оттай басылады. Осы айтылған тарихи жәдігерлердің барлығын шетелдіктер өздерінің әкесінен қалғандай қылып, «міне, біз осындай мәдениетті халық болғанбыз» деп, жұртқа ұялмай көрсетіп жүр. Олай емес қой?! Біз болсақ осыны ойлаудың орнына, той тойлап, ақшаны шашып жатырмыз. Сол шашқан ақшамыздың оннан бір бөлігін тарихи құнды мұраларымызды жинауға жұмсап, шетелдіктердің «берсе – қолынан, бермесе – жолынан» жұлып алуымыз керек еді. Бірақ оны ойлаған ешкім жоқ. Қазақстанда «Қайтсек, қазақ ұлтының мерейін үстем қыламыз?» деп жүргендер аз. Оны былай қойғанда, «жер де, ел де – бәрімізге ортақ» дегенді күнде айтады. Католиктердің храмын, еврейлердің синагогын көбейтіп жатырмыз. Астанадағы Пирамиданың өзі өктем халықтан сескенгендіктен салынып отыр.
Шетелге мұнаймен, газбен ғана таныламыз деу – бекершілік. «Ештен кеш жақсы» дейді, сондықтан әлі де болса, шетелдерде жүрген жәдігерлерімізді қайтаруға күш салайық. «Қайтармайды» деп қояды, адамға дейін алмастырып алып жатқанда, олай деу – меніңше, боркеміктік, жалтақтық. Келісімшарт жасап, ақшаны аямасақ, онда бәрін де алуға болады!
Зейнолла Самашев, археолог, тарих ғылымының докторы, профессор:
Жоқ
– Дәл бүгінгі таңда жәдігерлерді қайтару мүмкін емес. Біріншіден, ешқандай ел өз мұражайларындағы құндылықтарды ешкімге бермейді. Мәселен, Қазақстанның ең көп жәдігері – көршілес Ресейде, әсіресе Қазақстанмен шекаралас Омбы, Томбы, Астрахань облыстарында, Мәскеу мен Санкт-Петербор мұражайларында. Ал Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы өз мұражайларындағы жәдігерлердің ешқайсысы тарихи отанына қайтарылмайтындығы жөнінде заң қабылдаған болатын. Сондықтан біз осындай жағдайда жалған ұраншылдыққа салынып, «қайтару керек» дегенмен, түк те шықпайды. Мен көптен бері осы мәселе турасында ойланып, шешудің біраз жолын тапқандаймын. Ең алдымен, шетел мұражайларында тұрған жәдігерлерімізге «Қазақстанның осындай бір жерінен, осындай жылы табылған» деп жазып қою керек.
Сонда біз Ресей мұражайын өз мүддемізге қызмет еткізген болып табыламыз. Ал бүгінде, өкінішке қарай, осы ескерілмей тұр. Мәселен, Эрмитажда Шығыс Қазақстандағы Бұқтырманың бойынан табылған айна тұр. Соның астына Қазақстаннан табылған деп жазғысы келмей, «Алтайдан табылған» деп жазып қойыпты. Алтай деген көп мемлекетке ортақ қой, қазақтың Алтайынан бөлек, Ресейдің Алтайы, моңғолдың, қытайдың да Алтайы бар. Мұражайға келген кісілер оны Ресейдің Алтайынан табылған екен деп ойлайды. Бұл осылай жалғасы береді, егер өзіміз осы жағын қадағалап, талап етпесек. Бірінші кезекте осы жағын қолға алу керек болса, екіншіден, қай елдің мұражайында қазақтың қандай жәдігерлері жүргенін түгелдей тізіп, суретке түсіріп, каталог шығару керек. Үшінші жолы – солардың барлығының көшірмесін жасап, еліміздің мұражайларына қою.
Жәдігерлерді әкелмеу керек дейтін тағы бір себебім, Ресей мен Еуропа мұражайларының жүйесі бізден жақсы дамыған, жаңа технологиялармен жабдықталған. Сондықтан ондағы әрбір зат жақсы сақталады, өңін бермейді. Ал енді сондай жерден «урапатриоттықпен» елге алып келе қояйық, бірақ оны сақтайтын жер бізде сондай жағдайда ма? Мұражайларымыз бар дегеніміз болмаса, олардың жабдықталуы жаңа заманға, халықаралық стандартқа сай келмейді. Сондықтан жап-жақсы тұрған жәдігерлерімізді осында алып келіп, шірітіп алуымыз әбден мүмкін. Міне, осының барлығын ойластырып, ақылмен тірлік жасау керек бізге. Тағы бір айта кетерлік жағдай – сандық технологиялардың көмегімен жәдігерлердің мультимедиялық бейнесін жасап, соның негізінде виртуалды мұражай жасасақ, тіптен керемет болар еді!
Бейтарап пікір
Әбдеш Төлеубаев, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Шетелдегі Қазақстанның мұраларын екі топқа бөліп қарастыруға болады. Жалпылай археологиялық ескерткіштер, көп кездеседі. Содан кейін Кенесары ханның бассүйегі, Шіліктіден табылған «Алтын адам» ескерткіші секілді қайталанбайтын дүниелер бар. Осындай қайталанбайтын өте құнды мұраларымызды халықаралық келісімшарттар арқылы қайтарған дұрыс болар еді. Ал енді, тіпті оларды қайтара алмаған күнде қазақ жерінен шыққан жәдігерлердің тарихи құндылығын зерттеп, сипаттамаларын жазып, тізімін жасап, альбом шығару керек. Ол арқылы біз қазір қайтара алмасақ та, ненің қайда екенін біліп жүреміз.