Сейсмологиялық болжамдарды алдын ала жария етуге тыйым салу дұрыс па?

Сейсмологиялық болжамдарды алдын ала жария етуге тыйым салу дұрыс па?

Жақында Қырғызстан үкіметі сейсмологиялық болжамдарды жариялауға тыйым салды. Бұл – халықты дүрліктіріп алмау мақсатымен қолға алынған шара. Қырғыз үкіметінің айтуынша, сейсмологиялық болжамдардың барлығы ең әуелі төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікте сараптамадан, тексеруден өтіп барып халыққа жетуі тиіс. Айта кетейік, қырғыз жеріндегі сейсмологиялық тұрақсыздықтың салдары бізге де қаупін төндіріп келе жатқаны белгілі. Біздегі сейсмологиялық мекемелер де апатқа қатысты болжамдарды жария етуге келгенде сараң. Бұл дұрыс па? Қоғам өкілдері мен аталған сала мамандары осы жөнінде ой таразылайды.

tanatkan-abakanov-1

Таңатқан АБАҚАНОВ, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Сейсмология институты» ЖШС директоры:

Иә
– Ел ішін дүрліктірудің неше түрлі жолдары бар. Соның бірі – табиғат апаттары туралы, ауа райының қолайсыздығы жайлы жалған немесе нақтылығы анықталып бітпеген, яғни зерттелмеген болжамдар жасау. Оның көрінісі біздің елде де бар. Мен халықты дүрліктіріп алмау үшін, алыпқашпа сөздерді көбейтпеу үшін сейсмологиялық болжамдарды жариялауға болмайды деп есептеймін. Мәселен, Жапония, Ресей, АҚШ сынды елдерде жер сілкінісі туралы ақпараттарды алдын ала бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияламайды. Ондай мәліметтер алдымен министрлікке не басқа да құқықты орындарға жіберіледі. Солар жариялау қажет деп тапса ғана, оны жұрт естиді. Бізде де дәл сондай.  Сейсмологиялық институт жасаған болжамдар алдымен Төтенше жағдайлар министрлігіне тапсырылады.  Ал енді мен сіздерге сейсмологиялық болжамдарды жария етудің кері жақтары туралы айтып берейін.

Біріншіден, сейсмологиялық болжамдар жасауға жаны құмар адамдар болады. Олардың айтқан болжамдары кейде ақпарат құралдары арқылы тарап кетеді. Оның рас-өтірігін саралап жатпай, содан ел арасында түрлі дүрлігулер пайда болады. Бұл ең алдымен адамдардың, керісінше, қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Екіншіден, бұл экономикамызға кері ықпалын тигізеді. Яғни адамдар жұмыс орындарын тастап, үдере көшіп кетуі мүмкін. Соның кесірінен жұмыс орындары бос қалып, еңбек өнімі, кіріс қысқарады. Үшіншіден, болжам жасауға жаны құмар жандардың жасаған болжамдарынан адамдардың институттарға, министрлікке сенімі азаяды. Түрлі анықталмаған болжамдарды қайта-қайта естіп, азаматтар мезі болады. Менің бір айтқым келгені, сейсмологиялық болжамдардың бәрі министрлікте, құқықты органдардың қолдарында болғаны жөн. Солар жариялау қажет деп тапқанда ғана, оны халық естуі керек. Мәселен, біздің сейсмологиялық институт тіпті журналистерге де болжамдар туралы ақпарат бермейді. Олар ақпаратты тек министрліктен ала алады. Біз мұны сақтық үшін жасаймыз. Тағы бір мысал айтайын, Жапонияда туристік саланың бізден жақсы дамығаны өздеріңізге мәлім. Ал осы елде жиі жер сілкініп тұрады. Егер жапондықтар жел сілкінісі туралы болжамдарды үнемі беріп отырса, ол елге қандай турист барады? Жапондықтар бұл жағын жақсы ойлаған. Әрине, біз – еліктегіш халықпыз. Бірақ анау анадай, мынау мынадай жасады екен деп, қателікке бой алдырмауымыз керек. Артынан опық жеп қалуымыз мүмкін. Қазақ «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деп бекер айтпаған. Сондықтан да бәрін алдымен ақыл таразысына салу керек.

belgibay-shahmetov-1

Белгібай ШАХМЕТОВ, ҚазМҰУ психиатрия, психотерапия және наркология кафедрасының доценті, медицина ғылымының докторы:

Жоқ
– Әрине, мұндай пікірлер жұрт арасында айтылып жүр. Оған тыйым салған елдер де бар. Бірақ мен оған қосылмаймын. Менің психиатрия саласындағы біраз тәжірибем көрсеткендей, кейбір адамдар түрлі қатерлі жағдайларды алдын ала біліп, соған іштей дайындалмаса, денсаулығын былай қойғанда, мінезіне сызат түсуі мүмкін. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Яғни сейсмологиялық болжамдарды адамдар алдын ала біліп отыруы тиіс. Бұл азаматтардың психологиялық жағынан ретке келуіне көмектеседі. Бұл – бір. Біздің жерімізде де қанша заманнан бері түрлі апатты жағдайлардың болғаны белгілі. Олардың кейбірін халық алдын ала білсе, кейбірін тіпті білмеген де. Апатты жағдайлар туралы білгендіктен, адамдардың көбі аман қалды. Бергі техника дамыған заманды айтпағанның өзінде, ата-балаларымыз тылсым табиғаттың бар құдіретін түсіне білген.

Табиғат апаттарын, күннің райын ертеден болжап отырған. Соның арқасында малын ыққа айдап, ықтасын тауып, жандарын аман сақтап қалып жүрген. Тіпті жаз жайлауға, қыс қыстауға да табиғаттың құбылыстарын алдын ала болжап барып көшкен. Ал қазір ше? Қазір бізде ондай көрегендік қасиет жоқ, табиғаттың сырын ұғар сұңғыла адамдарымыз да арамызда некен-саяқ. Сондықтан халық сейсмологиялық институттың, басқа орталықтардың көмегіне жүгінеді. Ал олар алдын ала болжамдар жасамаса, жұрт қайда барады, кімнен болжам сұрайды? Сондықтан сейсмологтар табиғаттың өзгерісін үнемі халыққа жеткізіп отыруы қажет. Екіншіден, сейсмологиялық болжамдар адамдардың техникалық жағынан дайын болуы үшін керек. Мәселен, біреулердің үйі ескі болуы мүмкін,  біреулердің жұмыс орындарының тозығы жеткен шығар, олар қайткен күнде апаттарға дайындық жасауы керек қой. Егер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы болжамдарды естімесе, оларға біреу келіп айтып бере ме? Әрине, жоқ. Біреулер болжамды жариялау халықты дүрліктіреді, экономикалық шығындарға алып келеді деп айтатын болуы керек. Мен онымен толықтай келіспеймін. Біз экономикалық шығындардан бұрын адамдардың тағдырын, олардың болашағын ойлауымыз керек. Біздің Конституциямызда мемлекеттің басты байлығы адам деп көрсетілген. Халқы болмаса, мемлекет қайдан болады?! Сондықтан тағы қайталап айтайын, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сақтығын ойлайтын болсақ, сейсмологиялық болжамдарды алдын ала таратқан дұрыс.

Бейтарап  пікір

Ғабиден Жайлин, заң ғылымының кандидаты:
– Әрине, егер қауіпті жағдай болса, сейсмологиялық болжамдарды алдын ала жария еткен дұрыс. Себебі оған адамдар алдын ала дайын болуы қажет қой. Кейбір жағдайларда халықтың төтенше жағдайларға әзір еместігі көрініп қалып жатады. Тағы бір айтарым, біз қауіпсіздік шараларын күшейтуге баса көңіл бөлуіміз керек. Оқыс оқиғалардан қалай сақтану керектігін халық кез келген уақытта біліп жүргені жөн.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста