Сайлауға дауыс беруді 16 жастан бастау дұрыс па?
Апта басында еліміздің Орталық сайлау комиссиясында өткен «Қазақстан жастарының сайлауға қатысу белсенділігін көтерудің жолдары» атты дөңгелек үстел отырысында тың ұсыныс айтылды. Жиында ОСК мүшесі Марат Сәрсембаев «еліміздегі сайлауларға қатысуды 16 жастан бастау керек» деген ойын ортаға салды. Әлемде баланы ертерек кәмелеттік жасқа жетті деп санайтын елдер бар. Мысалы, Фарьер аралдарында – 14, Кубада 16 жас кәмелеттік жас болып есептеледі. Десе де, дүниежүзіндегі мемлекеттердің дені баланы 18 жасқа жеткенде ғана толыққанды азамат қатарына қосады. Яғни сайлауға қатысуға, заң алдында азамат ретінде жауап беруге, көлік жүргізуге құқық береді. Елімізде сайлауға қатысуды 16 жастан бастаудың тиімді жері – электораттың қарасы көбейеді. Түсініксізі сол, үйде ата-ана, мектепте мұғалім ықпал ететін балада саяси таңдау жасай алатындай мүмкіндік бола ма? Осы мәселелерді ескере келе, «Сайлауға дауыс беруді 16 жастан бастау дұрыс па?» деген сауалды ой-көкпарға салып отырмыз.
Гүлнар Күнбаева, Ақтөбе облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы:
Иә
– Сайлауға қатысуды 16 жастан бастау деген әзірге ұсыныс қана. «Міндетті түрде осылай болсын» деп табандап тұрған да ешкім жоқ. Сондықтан бұл мәселені қоғамның талқысына түскен кезекті ұсыныс деп қараған жөн. Бұл мәселе жоғары мінберлерден емес, дөңгелек үстел отырысы деңгейінде ғана көтерілді. Ұсыныс берушінің өзі «біз үшін, әсіресе сайлау комиссиясы үшін сайлауға қатысуды 18 жастан емес, 16 жастан бастау керек дегенге қоғамның қалай қарайтыны қызық» деген болатын. Яғни бұл мәселе әлі де азаматтардың талқысынан, қоғамның сүзгісінен өтуі керек деп есептеймін.
Меніңше, сайлауға қатысуды 16 жастан бастау туралы ұсыныс қолдауға лайықты.
Себебі біздің мемлекеттік саясатымыздың өзі қоғамның қандай саласына болсын жастар контингентін көптеп тарту, олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу. Демек, саяси науқандарға да жастарды ерте бастан қатыстыра беру керек шығар. Он алтыдағы баланың ойлау қабілеті толыспайды деп айтуға келмейді. Қазіргі 16 жастағы жеткіншектердің көпшілігі кәсіптік білім алу жолында студент атанған. Яғни өмірлік көзқарастары қалыптасып келеді. Сондықтан оларды өздерінің өмір сүріп отырған ортасы, мемлекеттегі маңызды саяси оқиғалар бей-жай қалдырады деп ойламаймын. Егер 16 жастан бастап сайлауға қатысуға рұқсат берілсе, электораттың саны айтарлықтай өсіп, халықтың саясатқа қатысу көрсеткіші де жоғарылайды.
«16 жастағы бала оң-солын танымайды» дегенмен өз басым келіспеймін. Себебі қазіргі балалар үлкендер білмейтін технологияны меңгерген. Тіпті бастауыш мектептің оқушыларының өзін компьютерді пайдаланудың қас шебері десек те болады. Оның үстіне қазіргідей ақпараттық заманда жастардың саясатты, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларды білмеуі, одан қалыс қалуы мүмкін емес. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Орталық сайлау комиссиясы тарапынан ортаға салынған ұсынысты қолдауға болады.
Сайын Борбасов, саясаттанушы:
Жоқ
– Сайлауға қатысуды 16 жастан бастау туралы ұсыныс негізсіз. Себебі оған қажеттілік жоқ. Сайлау кезінде электораттың санын көбейтуді көздеп, мектеп жасындағы балаларды сайлауға қатыстыру – ақылға сыйымсыз дүние. Сайлау кезінде электоратты көптеп тартудың да өзіндік түрлі әдіс-тәсілдері бар. Саяси науқан кезінде еліміздің Орталық сайлау комиссиясы бастап, аймақтық сайлау комиссиялары қостап, сол әдістерді қолдана отырып белсенді түрде жұмыс істесе, кез келген азамат өзінің азаматтық борышынан бас тартпайды деп ойлаймын. Сайлауға 18 жастан қатыстыру әлемнің көптеген елінің тәжірибесінде бар. Бізде де солай. 18 жастан бастап қатыстырудан ешқандай да зиян көріп отырған жоқпыз.
Әрбір сайлау сайын дауыс берушілердің қатары көбейіп келе жатқанын да білеміз. Керек десеңіздер, АҚШ-тың Алабама, Вайоминг, Небраска штаттарында кәмелеттік жас 19 жас деп есептеледі. Канадада да солай екен. Шығыс Азияның кейбір елдерінде жастар 20 жасынан бастап саяси науқандарға қатыса алады. АҚШ-тың кейбір штаттарында, Африка елдерінде 21 жасқа толған адам ғана сол елдің толыққанды азаматы саналады. Бұл дегеніңіз – адамның саяси көзқарасы қалыптасқан, ақыл тоқтатқан жасында сайлау науқандарына қатысуға мүмкіндік беру деген сөз. Меніңше, ел азаматтарын сайлауға 18 жастан бастап қатыстыру дұрыс шешім. Себебі өзінің болашағын ойлап, мамандығын таңдауға қабілеті бар кез келген жас саяси таңдау да жасай алады деп ойлаймын. Ал енді 16 жастағы бала не біледі деп ойлайсыздар? Ата-ананың айтуымен колледждерде немесе сол мектебінде сабағын жалғастырып жүрген жеткіншектер ғой. Егер саяси науқандарға 16 жастан бастап құқық беретін болсақ, сайлау үрдісіне немқұрайды қараған болар едік. Неге десеңіздер, мектеп жасындағы бала үшін ата-анасы мен мұғалімі айтқан кез келген сөз – заң. Ал мұндай жағдайда 16 жастағы жеткіншек дұрыс саяси таңдау жасай алмайды. Егер балаларға 16 жасынан сайлауға қатысуға құқық берсек, сол жасты заңмен кәмелеттік жас деп тануға тура келеді. Ал 16 жасты кәмелеттік жас деп танығаннан кейін олардың көлік жүргізуге құқық сұрамайтынына кім кепіл? Ал бұл жағы қауіптілеу. Сондықтан электораттың қарасын көбейтеміз деп балаларды сайлауға қатыстыруымыз дұрыс емес. Сонымен қатар кез келген саяси маңызы бар науқандар кезінде бірінші кезекте сан емес, сапа тұруы керек. Еліміздің саны аз болғандықтан, электораттың да көп болмайтыны түсінікті ғой. Сайлаушылардың санын өсіреміз деп жеткіншектерді қолбала етпеуіміз қажет. Сайлаудың түрлі әдістерімен жұмыс істесе де, сайлауға 16 жастан қатысуға құқық беруге жеткізбеген дұрыс.
Түйін
Иә, ұсыныс болса да сайлауға жауапты комиссия мүшесінің айтқан ойы қоғам назарынан тыс қалған жоқ. Әртүрлі ақпарат құралдары өзінше сараптап, қоғам талқысына ұсынуда. Қоғам болған соң әртүрлі пікірдің болатыны заңдылық. Сондықтан түрлі пікірдегі азаматтардың дәйектерін ұсынып отырмыз. Десе де, жеті рет өлшеп, бір рет кесетін мәселелерді қоғам сүзгісінен өткізіп барып қабылдаған жөн шығар.