Саяси партияларға қаржы көздері мен шығындарын жариялауды міндеттеу керек пе?
Жуырда көрші Ресейдегі «Единая Россия» партиясының белсенділері саяси партиялардың қаржы көздері мен шығындарын жыл сайын жалпақ жұртқа жариялауды міндеттеу керек мәселе көтерді. Бұған дейін партияның есеп-қисабын Федералдық салық қызметі мен Орталық сайлау комиссиясы тексеріп келген екен. Ал партиялар сайлауға жұмсаған ақшаның есебін берумен шектеліп келген. Ресейдегі саяси процестердің көрші елдермен сабақтаспай қоймайтыны сөзсіз. Біздегі «Саяси партиялар туралы» Заңның 18-бабында «саяси партияның жылдық қаржылық есебi жыл сайын республикалық баспасөз басылымдарында жарияланады» деп жазылғанымен, өкінішке қарай, күнделікті өмірден ондайды кездестіріп жатқанымыз жоқ. Сарапшылардың бірі саяси партияларға қаржы көздері мен шығындарын жариялауды міндеттеу керек деген ой білдірсе, келесі сарапшылардың бұған айтар уәжі жоқ емес. Бұл тақырып – сарапшылардың ой-көкпарында.
Руслан ЖАНҒАЗЫ, саясаттанушы:
иә
– Саяси партиялардың қаржы көздерін және шығындарын жариялауды міндеттеу – күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституция күніне арналған кеңесте Ата Заңымызға толықтырулар енгізілу мүмкіндігін атап өтті. Бұл жаңалық сарапшылар қауымдастығы тарапынан үлкен қолдауға ие болады деген сенімдемін, өйткені көптен бері күткен саяси реформаларды жүзеге асырудың реті келіп отыр. Демократиялық модернизация шеңберінде – партиялардың саяси жүйедегі рөлін арттыру; сайлау тетіктерін одан әрі жетілдіру және биліктегі тепе-теңдікті сақтай отырып, парламенттің дәрежесін арттыру секілді мәселелер өзекті болып тұр. Жалпы, халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, саяси партиялардың қаржы көздерін келесі тәртіпте жіктеуге болады:
– партияға өту кезінде төленетін және мүше болу жарналары;
– институционалдық қайырымдылық шаралардан түскен қаржы;
– партияның кәсіпкерлік әрекетінен түскен қаржы;
– мемлекеттің қаржыландыруы;
– жеке қаржыландыру.
Солардың алғашқы екеуі қысқартылып, төменде келтірілген үшеуі соңғы кездері ұлғаюда. Бұл – әлемдік үрдіс.
Әрине, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, саяси партиялар кәсіпкерлікпен айналыса алмайды. Алайда сайлау нәтижелері негізінде Парламент Мәжілісіне өткен саяси партиялар мемлекет тарапынан қаржыландырылады.
Осылайша, саяси партиялардың қаржы көздері өтпелі кезеңдегі олардың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазақстан халқы немесе электорат саяси кеңістікте өзін партия есебінде іс-әрекет етіп жүрген саяси күштердің қаржы көздерін білуі тиіс деп ойлаймын. Себебі әрбір саяси партияның артында нақты қаржы-өндірістік топтар тұрғаны баршамызға аян. Елде қабылданып жатқан саяси шешімдердің қисынын түсінуіміз қажет. Неліктен кейбір партиялардың қолында медиа холдингілер шоғырланған, ал қалған партиялар өзіне тұрақты жұмыс істейтін ақпарат құралдарын аша алмай жүр? Осы секілді мәселелерді реттеп, барлығына ортақ және бірдей саяси мүмкіндіктер беру – бүгінгі күннің міндеті. Осыған орай саяси партиялардың қаржы көздерін жариялауды міндеттеуіміз қажет деп санаймын.
Мақсат ЖАҚАУОВ, саясаттанушы:
жоқ
– Саяси институттарымызды дамытуда арнайы заңнамалар қабылдап, қолдау көрсетуді жолға қойып жатқан мемлекетпіз. Соның ішінде саяси партияларымыз ешқандай коммерциялық мүддені көздемейді, яғни коммерциялық емес ұйым ретінде өзінің құқықтық мәртебесі бар. Саяси партияның мүшелері бекіткен жарғы бойынша жарнадан түскен қаражатпен өз бюджеттік қорын толықтыруға құқылы. Алпауыт елдердегідей ірі партиялардың кіріс-шығысын жариялауды талап ету мәселесі – белгілі бір саяси мақсаттан туындаған амал-әрекет. Егер де саяси алаңда партиялар билікке тойтарыс бере алатындай деңгейі өсіп бара жатса, көп жағдайда олардың қаржы көздерін іздей бастайды. Партиялар халықаралық сыртқы ұйымдардың қаржысымен жұмыс істеуі әбден мүмкін.
Саяси партияның қаржы көздері мен шығысын жариялауды талап ету, бір жағынан, мемлекеттік қауіпсіздікті сақтау мүддесінен туындағанымен, шын мәнінде, бұдан олардың әлсіз тұстарын іздестіру мақсаты көрінеді. Кез келген партияның бюджеті мүшелерінің жарнасынан құралып, жасақталатындықтан оны жарияламауға да құқы бар деуге болады. Партияның өмір сүруінің өзі де жариялықпен байланысты. Жариялықпен өмір сүретін партиялардың өз мүшелерінің мүдделерін білдіріп, ашық түрде қоғаммен қайнасып, саяси өмірге араласатындықтан, ол қадағалауды қажет етпейді. Өйткені демократиялық принциптерді жоққа шығарған сияқты болып шығады. Партия – үкіметтен құрылатын мекеме емес, арнайы құзыретті орган емес. Партия өз табиғатына сай демократиялық принциптер негізінде жұмыс істеуі керек. Сондықтан партияның қызметін қаржылық қадағалау қажеттілігі туындап тұрған жоқ. Керек десеңіз, біздегі партияларды алатын болсақ, олардың бюджеті жариялайтындай қауқарда да емес. Сайлаудан сайлауға дейін «шықпа, жаным, шықпамен» өмір сүретіндіктен өздерінің аймақтардағы филиалдарын, кеңселерін ұстап тұруға да қиналып жатады. Онсыз да жағдайы жетіспей жатса, олардан мұны талап ету қаншалықты дұрыс? Заң бойынша Парламентке өткен үш партияға мемлекет тарапынан қаражат беріледі, ал қалған партиялардың қоғамға саяси ықпалы бәсең болып жатса, оларға қандай талап қоясыз? Бұл дегеніміз бюрократиялық жолмен тоқпақтау болып шықпай ма? Сондықтан бұл мәселені азаматтық қоғамды дамыту үшін ойлап тапқан керемет дүние деп айтуға болмайды. Қаржылық қауқарсыз, қалтасы тесік партияны тексеру ақылға қонымсыз болмақ.
Бейтарап пікір
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, Қазақстан халықтық коммунистік партиясының Алматы филиалының хатшысы:
– Саяси партия өз ой-пікірін ашық айтатын қоғамдық ұйым болуы керек. Ресейде партияларға қаржы көзі мен шығындарын жариялау мәселесінің көтеріліп отырған себебі АҚШ-тың көптеген ұйымының Ресейдегі 30 пайыз үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландырып отыр деген әңгімеден туындаған. Сол себепті Ресей үшін партиялардың қаржы көздерін тексеру – ұтымды ұстаным. Ал Қазақстанда бұл мәселені іске асыру мүмкін емес. Себебі бас партиядан бастап, басқа партиялар ашық болатын болса, КХКП әрқашан да ашық болуға дайын! Партияның жариялығы – халық үшін жетістік. Өйткені әрбір адам жарнаға берген 30 теңгесі мен 30 мың теңгесінің қайда кеткенін білуі керек. Жарналық қызмет КСРО-ның Коммунистік партиясынан кейін жолға қойылмай келеді, себебі халықтың жарнаға деген құлшынысы да төмен. Партияның қаражаты деген айтуға да келмейтін болмашы ғана, сондықтан бұны міндеттеу Қазақстанға әлі ерте.