Алдағы уақытта құрылыс компанияларының жоғары табысына салық енгізілуі мүмкін. Салықтың жаңа түрінің артық-кем тұстары өткен аптадағы Өңірлік даму министрлігінің отырысында да сөз болды. Министрлік мамандары «құрылыс компанияларының жоғары табысына салық енгізу тиімді, өйткені олар үй бағасын өсіріп көрсеткен сайын салынатын салық мөлшері де ұлғая бермек. Ал құрылыс компаниялары артық табысын салыққа төлегісі келмегендіктен үй бағасын жөнсіз қымбаттатпайды. Ал бұл тұрғын үй бағасының арзандауына алып келеді» десе, енді бір мамандар «олар бәрібір ұтылмайды. Тұрғын үй бағасын көтеру арқылы салығын төлеп отыра береді. Ал бұл айналып келгенде онсыз да жыл өткен сайын қымбаттап бара жатқан тұрғын үй бағасының одан сайын шарықтауына әкеліп соқтырады» деген пікірде. Ұсыныстың артық кем тұстарын, «Алаш айнасы» мамандар пікірімен салмақтап көрген еді.
Иә
Дайрабай ҮСІПБАЕВ, «Қазимпэкс Ақтау» қорының директоры, экономист:
– Әрине бұл жағдай ең алдымен тұрғын үй бағасына әсер ететіні сөзсіз. Құрылыс компаниялары қайткен күнде де ұтылмайды. Құрылыс заттары қымбаттаса да, жоғары табысына салық енгізілсе де тұрғын үй бағасын қымбаттату арқылы өз пайдасын көріп отыра береді. Бұдан айналып келгенде халық зардап шегеді. Содықтан өз басым маман ретінде құрылыс компанияларының жоғары табысына салық енгізу тұрғын үй бағасының қымбаттауына әкеліп соғады деп толықтай айта аламын. Осылайша құрылыс компанияларының жоғары табысына салынатын салықты құрылыс компаниялары емес қарапайым халық төлейтін болады.
Екінші жағынан алып қарағанда бізде адами фактор да мұндайда қатты әсер етеді. Елімізде кез-келген адам салықтан қашуға әрекет жасайды. Сол жолда нешетүрлі қитұртқы әрекеттерге барады. Салықты көтерген сайын сол салықтан қашудың сан түрлі әдістерін ойлап табады. Қазір елімізде бұл ешкімге де жасырын мәселе емес. Қай саладан болмасын салықтан қашудың сан түрлі жолдарын қарастырып жүрген адамдарды кездестіруге болады. Ал өркениетті елдерде салық мөлшері соншалықты көп емес. Салық мөлшері аз болған сайын халық та өз еркімен салық төлеуге асығады. Ал салықтың жаппай төленуі қоғамымыздағы көлеңкелі қаржының азаюына алып келеді. Мемлекеттің де қоржыны томпая түседі. Сондықтан бізде де салықты жөнді жөнсіз тықпалауды азайту керек секілді. Салық мөлшерін көбейткен сайын біз мемлекеттің қоржынына түсетін қаржыдан қағыламыз. Көпті аңсап жүріп, аздан құр қаламыз. Осы орайда құрылыс компанияларының жоғары табысына салық енгізуді де қолдамас едім. Елімізде баспана мәселесі онсыз да ушығып тұр. Елімізде басында баспанасы бар тұрғындардан гөрі, біреудің жалдамалы үйінде тұрып жатқан отбасылар көп. Әсіресе жас отбасыларды баспанамен қамтудың тиімді жолдары табылар емес. Тұрғын үй кезегінде тұрған адамдардың саны да азаймай тұр. Мұндай жағдайда біз тұрғын үй бағасына әсер ететін кез-келген нәрседен қашуымыз керек. Керсінше еліміздегі құрылыс компанияларына жағдай жасап, тұралап жатқан құрылыстардың тезірек бітуіне, тұрғын үй бағасының арзандауына, жас отбасыларды арзан баспанамен қамтамасыз етудің жолдарын қарастыруымыз керек.
Шыны керек елімізде мақтаныш ететіндей, сапалы құрылыс үлгісін көрсететіндей құрылыс компаниялары жоқ. Айтулы құрылыстардың барлығын шетелдік құрылыс компанияларына тапсырамыз. Яғни Отандық құрылыс компанияларының қалыптасуына, дамуына жағдай жасап жатқанымыз жоқ. Осы орайда бұл салық та еліміздегі құрылыс компанияларына тиімді жағынан әсер етпейді деп айтар едім. Бәлкім салықтың бұл түрін кейінірек көтеру керек болар. Бірақ дәл қазір қарапайым халық үшін тиімсіз.
Жоқ
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
– Жоқ, менің ойымша құрылыс компанияларының жоғары табысына салық енгізу тұрғын үй бағасының қымбаттауына әсер етпейді. Өйткені әрбір құрылыс нысанының алдын ала белгіленген сметалық құны болады. Құрылыс компаниялары қайткен күнде сол сметалық құнның айналасында жұмыс істейді. Қайта, менің ойымша, құрылыс компанияларының жоғары табысына салық енгізу тұрғын үй бағасының арзандауына әсер ететін секілді. Өйткені құрылыс компанияларына құрылыс нысанының бағасын қымбаттатқаннан пайда жоқ. Бәрібір құрылыс нысанының бағасы өсіп, құрылыс компаниясының табысы жоғарылаған сайын салық та көбейе бермек. Сондықтан артық пайданың жоғын түсінген құрылыс компаниясы құрылыс нысанының бағасын жөнсіз қымбаттатпайтын секілді. Бұл тұста халықтың сұранысы мен қабілеттілігін де ескеру керек. Егер құрылыс компаниялары бағаны қымбаттатса, сұраныс болғанмен, қаржылық мүмкіндігі жоқ халық ондай үйді сатып ала алмайды. Яғни, өнімін сата алмаған құрылыс компаниясы құрыдымға кетуі мүмкін. сондықтан олар тұрғынүй бағасын қымбаттатпайды деп ойлаймын.
Бірақ осы орайда айта кетер жайт, өз басым құрылыс компаниялары жоғары табыс табады дегенге сенбеймін. Өйткені менің мамандығым құрылысшы. Бұл саланы жақсы білемін. Менің тәжірбиемде құрылыс компаниялары жоғары табысқа жетіп, мол пайдаға кенелген емес. Тұрғын үй саласында ешқашанда жоғары табыс болмайды. Өйткені құрылыс саласында шығын өте көп. Құрылыс нысанының ішкі және сыртқы жұмыстары қыруар қаржыны талап етеді. Құрылыс материалдары да удай қымбат, оның сыртында құрылысшылардың, жұмысшылардың ай сайынғы жалақысы бар. Соншалықты қыруар шығыннан құрылыс компаниялары жоғары табыс таба алмайды. Егер құрылыс компаниясы жобалау сметасында бағаны асырып көрсеткен болса, онда жоғары табыс болуы мүмкін. Кейде құрылыс компаниялары өздері бас мердігер, өздері құрылыс жұмысын жүргізіп, бастан аяқ жүрген соң құжаттары арқылы бәрін тас түйін қылуы мүмкін. Бірақ бұл сирек жағдай. Дегенмен, құрылыс компанияларының жоғары табысына салық енгізу туралы ұсынысты ұтымды дей алмаймын. Ал егер алда жалда бұл ұсыныс қабыл бола қалса, бұл жағдай, бәрібір, тұрғын үй бағасының қымбаттауына әсер етпейді. Өйткені құрылыс компаниялары тұрғын үй бағасын көтерген сайын салықты да көбірек төлейтін болады. Сондықтан негізсіз бағаны көтермеуге де тырысады.
Негізі қазіргі жағдайды алып бағамдасақ, еліміздегі құрылыс компанияларының жоғары табысына салық енгізу тұрғын үй бағасына әсер етпейтініне көз жеткізуге болады. Өйткені заңға бағынған кез келген құрылыс компаниясы сметада көрсетілген құнның аясында ғана жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені оларды бақылап отырған қадағалаушы мекемелер көп. Құрылыс саласының қағидасының өзі осы. Сондықтан жөнсіз даурығудың негіз жоқ секілді.
Бейтарап пікір
Амалбек ТШАНОВ, Қазақстанның құрметті құрылысшысы:
– Құрылыс компаниялары бәрін салыққа төлеп өздері табыссыз жұмыс істейді дегенге сену қиын. Бәрібір олар өздері көздеген табысын тұрғын үй бағасын көтеру арқылы немесе сапасыз құрылыс материалдарын пайдалану арқылы шығарып алады. Тіпті айналып келгенде олар да істеп жатқан жұмысынан пайда көруі, табыс табуы керек қой. Неге салық, анау мынау деп шүйліге береміз?! Одан олардың өздеріне жағдай жасауға мүмкіндік берейік. Елімізде беделді Отандық құрылыс компаниясы қалыптасса жаман ба?! «Құрылыс компаниясының жоғарғы табысына салық салу арқылы тұрғын үй бағасының арзандауына әсер етеміз» деу – күлкілі. Бәлкім бұл сөз жүзінде мүмкін шығар. Бірақ біздің елімізде, әсіресе, тұрғын үй бағасына құрылыс компанияларының жоғары табысына салық сала отырып арзандатуға қол жеткізу мүмкін емес нәрсе. Бәрі қымбаттап жатқанда тұрғын үй бағасы арзандайды дегенге сену қиын. Ең болмаса осы қалыпта ұстап тұрсақ та жаман болмас емес.