Қорықшыларды қаруландырмайынша, олардан табиғат байлығын толыққанды қорғауды талап ете аламыз ба?
Өткенде бір топ Мәжіліс депутаты Қазақстандағы қорық қызметі жұмысшыларына шабуыл жасау оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты өздерінің алаңдаушылығын білдірді. 2011 жылдың 1 шілдесінде ел Үкіметі №751 қаулысы бойынша қорықшылардың иір ойықты мылтық пен тапанша қолдануына шектеу қойған болатын. Кейіннен Іле Алатауы ұлттық қорығында қайғылы жағдай орын алып, 12 кісі жаппай экстремистердің қолынан қаза тапты. Бір өкініштісі, аталмыш қорықта құрбан болғандардың көбі жарып-кесу нәтижесінде өлтірілген. Яғни жақыннан қақтығысу кезінде болған. Сондықтан кейбір депутаттар «табиғат байлығын және өздерін толыққанды қорғау үшін қорықшыларды қайта қаруландыру керек» дегенді алға тартып отыр. Бұл пікірді қайсыбір қоғам қайраткерлері қолдаса, енді бір мамандар бұған қарсылық білдіруде. Сонымен...
Бақытбек ДҮЙСЕКЕЕВ, АШМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті жануарлар дүниесі басқармасының бастығы:
иә
– Негізі, мен қорықшыларды қаруландыруға қарсымын. Өйткені тапанша ұстау өте қауіпті. Мұздай қару тұрмақ, қазір травматикалық қарудың өзімен адамдар бірін-бірі өлтіріп қойып жатыр. Ал елімізде 300 мыңға жуық қорықшы бар деп есептейтін болсақ, олардың бәріне тапанша ұстатсақ, кейін оны қалай бақылаймыз? Мәселен, қазір бізде күштік құрылымдардың ғана қару ұстауына құқық бар. Басқа адамдарға мұздай қарулануға рұқсат берілмеген. Ертеңгі күні қорықшы біреуді ашумен немесе қызуқандылықпен атып қойса, оған кім жауап береді?
Тіпті бізде полицейдің өзі бір оқ атса, оны не үшін атты, не себептен мәжбүр болды, шүріппені басар алдында ескерту жасалды ма, оның барлығын өздерінің ішкі қауіпсіздік басқармасы толық тексеріп, қорытынды шығарады. Ал ертең қорықшы оқ шығындаса, оны кім бақыламақ? Шын мәнінде, оқ атуға мәжбүр болды ма, мүмкін ашумен немесе қаскөйлікпен атып тастаған шығар. Оның үстіне, қорықшылар айдалада, орман ішінде жүреді. Ал қазір неше түрлі лаңкестер, ұйымдасқан қылмыстық топтар көбейіп кетті, ертең олар қорықшылардың қаруын тартып алса, не болмақ? Сондықтан мен қорықшыларды тапаншамен қаруландырудың қажеті жоқ деп есептеймін. Одан да оларды жаңа техникамен, көлікпен, заманауи рациялармен жабдықтайық. Егер олардың бір-бірімен, арнайы құрылған жедел топпен, құқық қорғаушылармен байланысын күшейтсек, қандай тамаша болар еді. Егер орманда бір келеңсіздік орын ала қалса, олар дереу қоршаған ортаны қорғау полициясына немесе сол маңдағы ішкі істер органына хабарласса, бұл ретте құқық қорғаушылардың жедел әрекет етіп, жылдам келуін қамтамасыз етсек, онда біз қорықшылардың қауіпсіздігін сақтаған болар едік. Өйткені бес қаруын сайлаған бес-алты браконьерге қорықшы бәрібір бір қарумен қарсы тұра алмайды. Ал орман маңындағы құқық қорғаушыларды қажетті техникамен, жылдам жүретін көлікпен, тіпті тікұшақпен қамтамасыз етсек, оқиға орнына тез жетіп әрі қару қолдануда тәжірибесі болғандықтан, олар браконьерлердің бассыздығына зор тосқауыл болар еді. Шетелдерде осындай тәжірибе бар. Осыны неге қолданбасқа?!
Қазіргі уақытта аңшылық шаруашылығы қорықшыларының қолдарында қару жоқ деп айтуға болмайды. ҚР Үкіметінің 2000 жылдың 3 тамызында қабылдаған №1176 Қаулысы бойынша, аңшылық шаруашылығы қорықшыларына жұмыс бабында тегіс ұңғылы қару бекітіліп берілген. Қорықшылар осы қаруды заң бойынша сақтап, жұмысында пайдаланса жақсы болар еді.
Амангелді МОМЫШЕВ, қоғам қайраткері:
жоқ
– Қаруы жоқ қорықшының орманды күзетуге қауқары жетпейді. Оларды қаруландырмай, браконьерлердің әрекетін тыя алмаймыз. Сондықтан қорықшылардың қару ұстап жүруін заңдастырып беруіміз керек. Себебі олар мемлекет байлығы – табиғатымызды қорғап отыр. Қазір қалада қарап отырсаңыз, үлкен қорық емес, дүкен күзетшілерінің өзі қару, резеңке шоқпар ұстап жүреді. Қалада адам да, полицей де көп болғанның өзінде осылай етеміз. Ал айдалада, орман ішінде жалғыз өзі аң біткенді қорғап жүрген қорықшыны қауіпсіздігі үшін қаруландырсақ, оның несі айып?
Іле Алатауы қорығында 12 адам пышақталып өлді. Егер қорықшының қолында тапаншасы болса, олардың өзін де, қонақты да қорғауына мүмкіндігі болушы еді. Егер оларды қаруландырмасақ, материалдық-техникалық базаларын нығайтпасақ, онда оларға табиғатты толыққанды қорға деп қалай талап етеміз? Алдымен олардың жағдайын толық жасамай жатып, оларға қандай да бір талап қою орынсыз деп есептеймін.
Қорықшылық – қауіпті қызмет, тауда браконьерлер де, ішімдік ішкен туристер де кездеседі. «Сақтансаң – сақтаймын» демекші, қорықшылар кез келген жағдайда сақадай сай болғаны жөн. Сондықтан Іле-Алатауындағы секілді жағдайдың алдын алу үшін қорықшылардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң бұзушылармен күресті жақсарту мақсатында қорық қызметін қайта қаруландыруымыз керек. Сондай-ақ, жалпы алғанда, аңшылық шаруашылықтар мен қорық қызметтеріне мемлекет тарапынан басқа да қажетті көмек көрсетуіміз тиіс. Браконьерлер джиппен жөйткіп жүреді. Ал қорықшыларда – «Уаз» бен «Нива». Қаскүнемдер оларға тіптен жеткізбейді. Қазіргі таңда материалдық-техникалық базасы сын көтермейтін жергілікті табиғат күзетшілері мейманасы тасыған «қонақтардың» бассыздығына тісін қайрағаннан басқа түк те істей алмай отыр. Полиция мен орман және аң аулау шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері браконьерлер жайратқан киіктің өлекселерін тіркеп, өртеумен ғана шектеліп отырғандай. Сондықтан табиғатты қорғайтын, бақылайтын аң шаруашылықтарына, орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясына мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде қаржы бөлуіміз керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі құзырлы органдармен бірлесіп, табиғат-ананы «хан талапайға» салып отырған браконьерлермен күресудің жолдарын жетілдіруі тиіс. Қалай десек те, қорықшыларды қаруландырып, олардың материалдық-техникалық базаларын жасартпай, табиғат байлығы толыққанды қорғалады деп айта алмаймын. Ол үшін кешенді түрде бұған қатысты барлық шараны қолданғанымыз жөн.
Бейтарап пікір
Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы, профессор:
– Негізі, күштік құрылымдардан басқа адамдардың қолына қару ұстатпағанымыз дұрыс. Өйткені қорықшыда, күзетшіде қару бола беретін болса, оның зардабы да болады. Қару бар жерде қылмыс, адам өлімі көп болады. Бүгін қорықшыға қару қолдануға рұқсат берсек, ертең депутаттардың біз неге қару ұстамаймыз, ал шенеуніктердің «менің күзетшімнің қару ұстауына неге рұқсат жоқ?» деп, шықпасына кім кепіл? Сондықтан қаруды тек күштік құрылымдар пайдалануы тиіс. Ал қорықшыларға қару бермей-ақ, олардың қауіпсіздігін басқа жолдармен қамтамасыз етуіміз керек. Оларды рациямен т.б. белгі беретін байланыс құралдарымен қамтамасыз еткеніміз жөн.