Қоғамдағы жабайы тән саудасын заң қабылдау арқылы реттеуге бола ма?

Қоғамдағы жабайы тән саудасын заң қабылдау арқылы реттеуге бола ма?

"Жезөкшелер қажеттiлiктен туған, олар болмаса, еркектер көшедегi әйелдерге маза бермес едi", – дептi кезiнде Наполеон Бонапарт. Қазақ қоғамында бұрын болмаған сорақы жағдай нарықпен бiрге бiздi де "қарық қылды". Тән саудасы керемет бизнеске айналып, кейбiреулердiң баюына жарқын жол ашты десек, артық емес. Алматы, Астана, тiптi аудан орталықтарына дейiн қанатын жайған бұл үрдiс таралмаса, тыйылатын түрi жоқ. Жасырын да лас жолмен жасалған жыныстық қатынастан неше түрлi ауру жұқтырған жастарымыз көбейдi. Тiптi қорғансыз қыз-келiншектердi жәбiрлеп, өлтiргендерге не дерсiз?!. Бәрiнен бұрын қазақтың қанына жат осы кесел ұрпақ бойындағы тектiлiк пен тазалықты жойып, адами азғындауды арттыра түстi. Осыған байланысты бiреулер мұны бәрiбiр тоқтата алмаймыз, сондықтан оған рұқсат беретiн заң қабылдау арқылы реттеу керек десе, ендi бiреулерi бұны мүлде болдырмайтын қатаң заңмен құрдымға жiберу керектiгiн алға тартады.

Мақаш ТӘТIМОВ, демограф-ғалым
ИӘ

– Бұл мәселеге тым абайлап келу керек. Бұл – өте терең, саяси, әлеуметтiк сексуалды проблема. Мұны шетелдерде «сексуалды революция» дейдi. Бiз оған дайын болған жоқпыз. Осы мәселеге келгенде, «жезөкшелер үйi» деп тұрпайы атаудың қажетi жоқ. Мысалға, неге қазақша ұғыммен жұмсақтап, «хор қыздарының үйi» демеске. Ал жаңағыдай айтсақ, елдiң санасына түрпiдей тиетiнi анық. Осы тақырып жайында мен бәрiбiр өз идеямнан қайтпаймын. Бұған жеңiл-желпi, тайыз емес, шынайы көзқарас, ғалымдық пайым керек. Нарықтың жағдайында жаңағы үрдiске бiз дайындықсыз келдiк. Кеңестiк мектеп, қоғам, қазақы дәстүрлi қоғам болсын жастарды бұған дайындаған жоқ.
Бiздiң жастарымызда оны түсiнетiн, байыбына баратын бiлiм жоқ болып шықты. Теледидардан, газет-журналдан көрдi де, «өмiрдiң қызығы осы екен ғой» деп кiрiстi де кеттi. Бұл қазiр әбден жайылып, жалпыласып кеттi. Ендi оны ешкiм қойдыра алмайды. Мейлi, он жерден саяси шектеу қой, мың жерден дiни уағыз айт, оны тоқтата алмаймыз. Бiрақ мұның бiр емi – шетелдiк өркениеттi елдерден үлгi алу. Егер олардың жолын ұстансақ, көшеде, базарда, қуыс-қуыстарда жүрген жабайы, лас жыныстық қатынас тыйылады. Ондай болмас үшiн арнаулы заң қабылдауымыз керек. Егер қажет болса, жаңағы «хор қыздарының үйiн» заңдастыру керек. Бiрақ та ол үйге бәрi кiре бермейдi. Онда тек қолында лицензиясы бар, медициналық тексеруден өткен, дайындығы бар әйелдер ғана болады. Олар ай сайын денсаулығын тексертiп, лицензиясын жаңалап отырады. Барлық жағынан мемлекеттiң қарауында болып, салығын да төлейдi. Осы айтылғандар жүзеге асса, жабайы тән саудалап жүргендердiң 70-80 пайызының жолы қиылады. Егер осындай қатаң заң жүрсе. Соның өзi – бiзге үлкен жетiстiк. Мұны дұрыс iстеп, дұрыс түсiну қажет. Егер жеңiл-желпi ойлап, ойыншыққа айналдырсақ, айтқан әңгiмемiз көк тиынға тұрмайтын болады. «Хор қыздарының үйi» Франция, Жапония қатарлы елдерде заңдастырылған. Тiптi мұсылман елдерiнде де бар. Олардағы көп әйел алушылық, кәнизак ұстау дегендердiң өзi – осының мәдени жасырын түрi. Ал ендi оның ашық заңдастырылған түрi Батыстың өркениеттi елдерiнiң кез келгенiнде кезiгедi. Америкада да бар. Елдiң қарсы болатын себебi – оны түсiнбейдi. Түсiну үшiн терең ойлану қажет. Жезөкшелер үйiн ашу жөнiндегi мәселеге жайдақ санамен емес, оның түп-тамырына үңiлген байыпты оймен қарау керек. Мен жамандыққа белшеден батып жатқан iстiң ұтымды шығар жолын ұсынып отырмын. Оны мүлде шектеу деген мүмкiн емес. «Ит қорыған жерге өш» демекшi, оны жоғалтам дегенмен бәрiбiр тасада одан да сорақысы болып жатады. Өйткенi адамның табиғатын өзгерте алмайсың. Сондықтан менiң айтып отырғаным – жастарымыздың тағдырына, денсаулығына қатысты нәрсе. Олардың таза жүрiп, болашақта жақсы отбасын құруына көңiл аударғандықтан айтып отырмын. Айтылған пiкiрдi ойынға айналдыруға болмайды.

Бақтыбай ҚЫДЫРБАЙҰЛЫ, Астанадағы Сәдуақас Ғылмани қажы мешiтiнiң бас имамы
ЖОҚ

– Шариғат жолында ер мен әйелдiң некесiз қосылуын зинаға жатқызады. Тән саудасы – мүлдем ислам дiнiне сай келмейтiн нәрсе. Бұл ислам әлемiнде болмайтын дүние болу керек. Жезөкшелiкке ислам дiнi ғана емес, барлық дiндер қарсы. Саналы, ақылы бар адамның бәрi оны қолдамайды. Мұхаммед пайғамбарымыз: «Зина жасаған адамның иманы қашады, ондайлардың о дүниедегi орны тозақ болады», – деген. Тек дiнсiз адам ғана оларға заң аясында жағдай жасап беру керек деп айтады. Мен заңның құдiретiн бiлемiн, оны барлық адам мойындайды. Мысалға ойынханаларды алайық. Арнайы заң күшiне енiп едi, ойынханаларды еш қаладан таппайтын болдық. Ал бұл мәселеде де жоғарыдан заңмен нұсқау берiлетiн болса, түбiмен жойылып кететiнiне мен сенiмдiмiн.
Себебi мұндай азғындыққа халық та қарсы. Егер осындай жаман әрекет тыйылатын болса, бiздегi қаракөз қарындастарымыз жеңiл жолға бармас едi. Бұл ислам елдерiнде де бар деген пiкiрге мүлдем қосылмаймын. Ислам зинаға қарсы қатал жаза қолданады. Оларда жезөкшелер өлiмге кесiледi. Әйелi бола тұра, зина жолына барған еркек өлiмге кесiледi. Ал үйленбеген жастар қателiк жасаса, дүре соғылады. Оларда тек жаза қолдану ғана емес, алдын алу шарттары да бар. Исламда еркек пен әйелдiң қосылуындағы негiзгi мақсат – ұрпақ қалдыру. Құран Кәрiм аяттары мен хадисте уақыты келiп, мүмкiндiк туса, неке қидырып, отбасы құруға шақырады. Некесiз жүру қатты қараланады. Сондықтан мұны рұқсат берiп реттейтiн емес, шектейтiн заңмен мүлдем жоқ қылып жiберу керек. Бұл – жалпы қазақ халқына жат нәрсе. Бiз – таза өскен, тектi елмiз. Арамызда ондай масқараның болғанына намыстануымыз қажет. Арлануымыз керек және ешқашан жол бермеуiмiз керек. «Бөгде әйелге арам ойда болғаннан темiр бiзбен немесе жуалдыз инемен басыңның езiлгенi қайырлы», – дейдi хадисте. Мiне, бөтен жыныстымен некесiз азғындық жасамақ түгiлi, оймен, тiптi көзбен де зина жасауға құқың жоқ. Мысалы, Германияда жүргiзiлген зерттеулерге қарағанда, қыздарды зорлау көбiнесе сол қыздармен бiрге жүрген адамдар жағынан жасалынатыны анықталыпты. Сондықтан әйел затына ерлермен орынсыз аралас-құралас болуға аса сақтықпен қараған жөн. Әсiресе, мұны ата-аналардың қаперiнде ұстағаны абзал. Мұның бәрi адам психологиясын азғындыққа, жамандыққа итермелейдi. Соған етi өлген қыз балаларымыз әлгiндей тән сату дегендi оп-оңай әдетке айналдырады. Ал қиыншылық болған жағдайда ондай арамдықпен тапқан малың ешқашан адал болмайды. Қанша аш-жалаңаш болсаң да, азғындықпен нан табу – шығар жол емес. Атам қазақ «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген. Батыс елдерi солай iстейдi деп, бiздiң де елiктеуiмiз шарт емес. Бiз олардың жақсы жақтарын ғана алайық. Жаман жағын әбден таразыдан өткiзейiк. Ел басқарып отырған жергiлiктi әкiмдер аумақтарындағы осындай келеңсiздiкке өздiгiнен тыйым салу керек. Тек Ақордадан келген бұйрықты күтiп отыра берсек, не болғанымыз? Егер осындай азғындыққа өлiм жазасын қолданады десе, мен екi қолымды көтерiп қолдап шығамын. Себебi бұл бiздiң болашағымызға тығыз қатысты. Бәрiмiз ұл-қыз өсiрiп отырған ата-ана екенiмiздi ұмытпауымыз қажет.

Бейтарап пiкiр
Әкiм ТАРАЗИ,
жазушы:
– Мұндай нәрсе менiң намысыма тиедi, күйiнемiн. Бiрақ мұны проблема қылып көтерудiң қаншалықты қажет екенiн де бiлмеймiн. Ол –шындап келгенде, күнкөрiс көзi. Ерте заманнан берi бар құбылыс. Ол ақша билеген елдiң бәрiнде бар. Тiптi Кеңес Одағы кезiнде де үлкен қалаларда болған. Одан құтыла алмаймыз. Сондықтан, мүмкiн, заңдастырған да дұрыс шығар. Кейбiреулер бұған ата-анасын, болмаса бала-шағасын асырау үшiн барады. Оған, әрине, жаның ашиды. Сондықтан оларды «ой, ұятсыз» деуге хақың жоқ. Себебi қоғамның өзi оларға жағдай жасай алмады. Қоғам кiнәлi оған. Олар – нәпсi қуып жүрген адамдар емес, амал жоқтықтан солай жасап жүргендер. Сондықтан олардың алдында қоғам, бiз қарыздармыз. Олардың сондай жолда жүргенiн көргенде сен өзiңдi кiнәлауың керек. Мұндай келеңсiз жағдай қазақ қоғамында болмаса, тiптен жақсы болар едi. Бiрақ оның мүлде жолын кесемiн дегенмен, жасырын түрде күшейе беретiн секiлдi.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста