Қазіргі қазақ қаламгерлерінің шығармаларын әлем тілдеріне аударатын арнайы орталық ашу керек пе?

Қазіргі қазақ қаламгерлерінің шығармаларын әлем тілдеріне аударатын арнайы орталық ашу керек пе?

Көркем аударма – шығармашылық адамынан дарын мен шеберлік талап ететін күрделі де жауапты сала. Орыстың атақты ақыны, аудармашы В.Жуковский әдебиеттегі осы бір салмақты сала жөнінде «Прозаны аударушы – автордың құлы, поэзияны аударушы – автордың бәсекелесі» деген еді. Демек, аудармаға көлденең көк атты оңай кірісіп кете алмасы анық. Ал бүгінгі жаһандық заманда қазақ әдебиеті әлем тілдеріне аударылмай, көсегесінің көгермейтінін қаламгерлеріміз қынжыла айтып жүр. Сондықтан көркем аударма бүгінде әдебиетіміздегі үлкен түйткіл болып отыр. Осы орайда «қаламгерлеріміздің шығармаларын шет тілдеріне аударумен айналысатын арнайы орталық керек пе?» деген сұрақ туады. Бұған жазушыларымыздың өздері не дейді?


Әкім ТАРАЗИ, жазушы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері:
иә
– Қайта құру кезінде Жазушылар ода­ғында Олжас Сүлейменов бас хат­шы, мен қарапайым хатшы болып жүр­ген уақыттарда біз өкіметке қайта-қайта ұсыныс айта жүріп, жазушылардың шы­ғар­маларын шет тілдеріне аударумен айналысатын үлкен бір басқарма құр­ған­быз. Оған қомақты қаражат бөлінген. Кеңес үкіметінің құлауына байланысты, өкінішке қарай, бұл басқарма жабылып қалды. Сол кезде қазақ әдебиетіндегі шығармаларды орыс тіліне, басқа да тілдерге аударуға дағдыланып қалған азаматтарымыз күнкөрістің қиындауына орай жан-жаққа ыдырап кетті. Кей­бі­реу­лері басқа мамандықтарға кетті, енді біреу­лері базар аралап кетті де, үлкен іс тоқтап қалды. Кеңес үкіметі бізге жат мем­лекет еді ғой. 
Ал енді өзіміз егеменді ел болдық деп қуа­нып, алақайлап жүргенімізде жас мем­ле­кетіміз аяғынан тік тұрып кетсінші деп бұл мәселені біраз уақытқа дейін көтерген жоқпыз. Жазушылардың қаламақы мәсе­ле­сін де уақытша көтермеуге тырыстық. Со­нымен, міне, Тәуелсіздігімізге 20 жыл толды, осы екі мәселе сол қалпында қалып қойды. Қазір осы аударма мәселесін айтып жүрміз, бірақ құлақ асатын ешкім жоқ. Ешкім үндемеген соң, салың суға кетеді де, тыныш отырасың. Халқының саны жағы­нан, жер көлемі жағынан, эконо­микалық мүмкіндіктері жағынан бізден әлдеқайда тө­мен Грузия сонау кеңестік кезеңнің өзін­де-ақ қаламгерлерінің шығармаларын шет тілдеріне аудару мәселесін керемет жолға қойған болатын. Біздің жазушыларымызды шетел білмейтін, ал грузин жазушыларын көптеген шетелдіктер танитын. Олар шы­ғар­маларын кемінде жиырма тілге ау­да­ратын. Осы дәстүрді олар әлі күнге дейін сақтап отыр. Ал біз кезінде мемлекет ашып берген басқарманы жауып тастап, әйтеуір, әупірімдеп жүрміз. Шығармалары шет тіл­де­ріне аударылмай, ешбір қазақ жазу­шы­сының бағы жанбайды. Мен бұрын «орыс­ша шықпай, оңбайсың» деп қал­жыңдайтынмын. Ал қазір «ағыл­шын­ша шықпай, оңбайсың» деп әзілдеп жүр­мін. Бүгінде дүние­жүзінде 1 млрд 600 млн адам ағыл­шын тілінде сөйлейді. Ағыл­шын тілін білетіндер қытай­лар­дан да көп. Ең болмаса шы­ғар­ма­ла­рымыз ағылшын тіліне аударылса жақсы болар еді. Меніңше, ал­ды­мен шет тіл­де­ріне аударатын ау­дар­ма­шы­лардың орта­лық­та­рын Ал­ма­тыдағы, Астанадағы іргелі университеттерден, шет тілдері универ­си­тет­терінен, өнер ака­де­мия­ла­рынан ашу керек. Бүгінде газет тілінде ауда­ра­тын аудармашылар бар, көркем әдебиетті ауда­ра­тын­дар си­рек. Қарапайым ау­дарма мен көркем ау­дар­­маның арасы жер мен көк­тей. Сон­дық­тан өзімізде мық­ты аудар­ма­шы­лар­ды дая­р­лау үшін арнайы мамандарды шақы­рып, көркем ау­дармаға ыңғайлы жас­тарды іріктеп, олар­ды көркем аудар­маға баулу қажет.


Әуезхан ҚОДАР, ақын, аудармашы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
жоқ
– Біздің елімізде кез келген салада жос­пар­лау көп. Әуел баста қолға алын­ған жақ­сы бастамалар кейіннен нау­қан­шыл­дыққа айналып кетеді. Мысалы, қазақ тілін да­мытамыз деп түрлі бағдар­ла­малар жасалып жатыр. Бірақ осыдан шыққан нәтиже қо­мақ­ты деп айта ала­мыз ба? Қазақ тілі бізге дейін де өмір сүрген және бізден кейін де өмір сүре береді. Тәңірінің жаратқан тіліне жеке біреу­дің ықпалы әсер етпейді. Сол сияқ­­ты әдебиетті де белгілі бір шартқа ба­ғын­­дыруға келмейді. Егер қазақ қалам­гер­лерінің шығар­ма­ла­рын әлем тіл­деріне ауда­ратын орталық ашы­латын болса, бұл ұйым­ның тек аудар­ма­шы­лар­дың мүддесіне жұмыс істейтініне күмәнім бар. Әрине, елі­міздегі аударма­шы­лардың басын біріктіріп, олар­дың әрқай­сысы әдебиеттің қай саласын ау­дарып жүргенін іріктеген жөн.
Бірақ бізде белгілі бір ұйым жұмыс істей бастаса, тек сол ұйымның басшы­ла­ры ғана пайда көріп жатады. Аудар­машылардың жағдайын ойлайтын орталық олардың қаламақы алуына, есімдерінің шығармашылық ортаға танылуына, беделдерінің көте­рі­луіне қызмет етуі керек. Алайда дәл қазіргі біздің қоғамда осын­дай орталық ашылса, одан әде­биет­ке, аудармаға қатысы жоқ адамдар ұпайын тауып кете ме деп күдіктенемін.
Мен өз басым аударма саласында отыз жыл жұмыс істеп келе жатырмын. Көр­кем аударма менің шы­ғар­машылығымның өзекті бір саласы болғандықтан да, мен ешқашанда аудармадан бас тартқан емеспін. Әлі де талай аударма жасаймын деп ойлаймын. Алайда егер мен белгілі бір орталыққа бағынышты болсам, маған өзім қаламайтын шығар­ма­лар­ды аударуға тапсырмалар берілуі мүм­кін. Мұндай жағдайда мен жұмыс істей алмайтын шығармын деп ойлаймын. Мен Абайды, Мағжанды орыс тілдеріне аудар­дым. Осы еңбектерім үшін «Алаш» сый­лығын иелендім. Мұның бәрі – халықтың көз алдында, бірақ мен аудармаларымды біреудің нұсқауымен жасаған емеспін. Көркем аударма – тапсырыспен емес, адам­ның өз жүрек қалауымен, шығар­ма­ш­ылық шабытына байланысты туатын дү­ние. Ал аудармашылар белгілі бір орта­лық­қа бағынышты болса, ол жерде міндетті түрде тапсырыстар болады. Бұл қалам­гер­лердің еркін шығармашылығына бөгет болуы мүмкін. Сондықтан бұл – өте күрделі мәселе. Қазақ қаламгерлерін әлем тілдерін аударумен айналысатын орталық мем­ле­кет­тен қаржыландырылатын болса – онда аудармашылар саяси дүниелерді аударады деген сөз. Ал шығармашылық адамы үшін саясаттан әдебиет, мәдениет маңыздырақ. Жалпы, аударма әрі күрделі, әрі қарапайым дүние. Сондықтан көркем аударма мәсе­лесіндегі қандай да бір түйіткілдер өте үй­ле­сімді, нәзік түрде жүргізілуі керек. 

Бейтарап пікір
Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы, филология ғылымының докторы, профессор:
– Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын әлем тілдеріне аударумен шұ­ғыл­данатын орталықтың мемлекеттік деңгейде, мемлекеттің жәр­демімен ашылғаны дұрыс. Белгілі бір деңгейде тапсырыстардың болуы да заңды. Алай­да тапсырыс жөнді болуы үшін көрнекті қаламгерлеріміздің шы­ғар­маларын іріктеп отыратын комиссия құрылуы қажет. Мемлекеттің қарамағында болғаннан кейін аудармашыларға төленетін қаламақы, жалпы, материалдық жағдай сенімдірек болады. Бүгінде мемлекеттен руханиятқа бөлінетін қаржының көлемі молайып келеді. Сондықтан ірі-ірі шығармаларымыз орталық арқылы шет тілдеріне аударылуы тиіс. Өйткені жаһандық уақытта қазақ әдебиетін шетелге таныту деге­ні­міз – өзгеге қазақтың рухани әлемін таныту. Көркем шығармаларды ау­дару үшін қазақ сөзінің құдіретін түсінетін, сөздің мәйегін ішкен ау­дар­­ма­шылар тартылуы тиіс. Сондай-ақ тек үлкендерді ғана емес, жас­тар­ды да аудармаға бейімдеп, кәсіби аудармашылар даярлау керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста