Қазақта «той дегенде қу бас домалайды», «той – Тәңірдің несібесі» деген секілді тойды дәріптейтін мәтелдер көп. Тойдың да көптігі сонша, тіпті кейде қазақ осы «барын тойға шашу үшін» өмір сүре ме деп те қаласың. Әрине, адам өміріндегі әртүрлі қуанышты ағайын болып атап өткенге не жетсін, дегенмен... Құр мақтан мен даңғойлықтың, қыр көрсетудің, өзінде жоқ болса да, тыраштанып, қарыз бен несие алып, той жасаудың не қажеті бар? Мәселен, көршілес Тәжікстан елі тойға 150 адамнан артық қонақ шақырмайтындай заң қабылдап, тойынғандыққа тойтарыс берді. Бәлкім, етек-жеңді жиятын кез бізге де келген шығар? Және бір қынжылтатыны, кейінгі кезде кейбір экстремистік пиғылдағы діндарсымақтар той үстінде уағыз жүргізіп, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрге күйе жағып, елдің мазасын кетіретін оқиғалар жиілеп кетті. Жалпы, қазақ тойын бір ретке келтіру мүмкін бе? Осы ойды біз қоғам талқысына салып көруді жөн көрдік.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы, драматург:
Иә
– Дүниежүзінде ең көп той жасайтын осы Орталық Азия болса, соның ішінде қазақтар дер едім мен. Бүгінде көршілес, бауырлас елдерде біртіндеп заман талабына бейімделу жүріп жатыр. Дұрыс айтасыздар, мәселен, Тәжікстанда қазіргі таңда Президенттің жарлығымен тойға 150 адамнан артық адам шақырмау туралы заң бекітілді. Өйткені онсыз да әлеуметтік жағдайы сын көтермейтін елде той халықты одан сайын діңкелетіп тастаса керек. Қазақстанның экономикалық жағдайы әрине, бүгінде көш ілгері. Дегенмен тойдың мәселесіне байыппен қарайтын кез бізге де жетті.
Оның екі себебі бар: біріншіден, материалдық шығын, екіншіден, той бәсекеге айналып, мазмұнынан арылып барады. Бірінші бәсеке – тойға шақырылған кісі санынан. Біреу 200 қонақ шақырса, екіншісі одан асып 300-ден асыруға тырысады. Екінші бәсеке – «бәленшенің тойына бәлен деген кісі келіпті» деп, тойға атағы мен мансабы жоғары адамдарды шақырудан жарыс.
Қазақ тойының басты кемшілігі – көп сөзділік, яғни айтары бар ма, жоқ па, кез келген ақыл айтып, жиналған қауымның уақытын алады. Мен өзім осы тост сөйлеу дегенге үзілді-кесілді қарсы адаммын. Реформаны толассыз тілекті қысқартудан бастап, даңғаза әуеннің үнін бәсеңдету керек. Жиналған жұрт бірін-бірі естіп, емін-еркін сөйлесіп отыруы үшін музыканы естілер-естілмес етіп, көңілге сәл желпу беретіндей ету керек. Тағы бір жаман үрдіс: мықты адам той жасаса, ол жағымпазданудың үлгісі болады. Оған жұрт бірінен-бірі асыратындай сыйлық жасап, небір мақтан сөздің легін ағытады. Мұны мен, әрі-беріден алғанда, пара алудың мәдениетті бір түрі деп айтар едім. Осыдан біраз бұрын мемлекеттік қызметте істейтін азаматтардың ағыл-тегіл той жасауына шектеу қою туралы жақсы бастама көтеріліп еді, неге екені белгісіз, басылып қалды. Соны қайта қолға алу керек. Содан соң Тәжікстандағыдай 150 адам демесек те, тойға шақырылған адамдар санын шектеу керек. Қазақтың «жиған-тергенің тойға шашылсын» дегеніне мен өз басым қарсымын.
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
Жоқ
– Қазақ, Абай айтқандай, «мал шашпақ» халық емес, шығынды жөнімен жасайды. Қазір біреулер «той концертке айналып кетті» болмаса «көп сөйлеп, жиналысқа айналдырып алдық» дегендей тойға түрлі сын айтып жүр. Оның несі жаман? Меніңше, бәрі де өз ретімен, дұрыс жүріп жатыр. Себебі той бір атадан тараған ағайынның басын қосып, бауырмалдықты нығайту жолындағы қазақтың бірден-бір даналық іс-әрекеті дер едім мен. Қазір өзі онсыз да той заманға лайық сипат алып келе жатыр: арақ ішу азайды, тойда ата-бабамыздың өсиет сөздері мен адамгершілікке баулитын уағыз айтатын асабалар да шығып жатыр.
Демек, той рухани әңгіменің ортасына айналып жатыр. Бұл – жақсылықтың нышаны. Ал енді түбегейлі реформаны қажет ететін бірден-бір нәрсе болса, ол қазақтың тойы емес, өздерін жоғары қауым өкілі санайтын шенеуніктер мен байшыкештердің жабық түрде өткізетін корпоративті кештері деп айтар едім. Міне, соларға уағызшыны жіберіп, иманды еске салып, тәубаларына келтіру керек.
Ал қарапайым қазақтың тойы қазіргі күні қазақтың салт-дәстүр, жөн-жоралғысын насихаттап, оны дамытатын, ұрпаққа ұлағаттайтын бірден-бір рухани басқосу дер едім. Одан өзге күллі қазақы салтты жаңғыртып, өнерімізді өрге сүйрейтін бір мекеме не арнайы орталық бар ма? Ендігіде бізге осы жақсы беталысымызды жалғастыру керек. Тағы бір айтарлығы, біз тойда тек әнші, бишілерді ғана емес, аспаздардың да атын атап, олардың мәртебесін өсіруіміз керек.
Бейтарап пікір
Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ, сатирик, асаба:
– Қазір «тойды еуропалау керек» деп, торт кесу ме, әйтеуір, білгендерін қосып, тойды өзгертуге тырысып жатқандар көп. Бірақ қанша жерден еуропаша ортасына балдағыдай дөңгелендіріп билетіп қойсақ та, ерлер фрак, әйелдер қысқа етек көйлек кисе де, той бәрібір ата-бабамыздан келе жатқан қазақы мінезден таймайды. Меніңше, қазақтың тойына реформа жасаймын деп әуреленудің қажеті жоқ. Алайда, екінші жағынан, қазір, шынында, көктемде бір, күзде бір той жасайтындар табылып жүр. Бұл енді – шамадан тыс кеткендік. Бұрын оны ауылдың ақсақалдары реттеп, «қой, ағайынды шаршатасың, жыл сайын жасама, көз, сөз болады» деп отырған. Қазір сөзге тоқтау, ақылға жүгіну деген қалып барады. Егер өзгеріс енгізу керек болса, мен айтар едім, бүгінгідей «тойына депутат келіпті, пәлен деген атақты әнші келіпті» деп ел сөз қылу үшін жасалатын бәсеке тойды доғару керек. Ондай тойға барып, жиіркеніп те кеткен адаммын. Өзім екінші қызымды ұзатқанда небәрі төрт-бес адамға басында беташар сөз сөйлеттім де, ортаға өзім шығып: «Мен осында келген әрбіріңіздің маған деген сыйластықтарыңызды, тілектеріңізді білемін, сондықтан оны сөзбен айтып жатудың қажеті де жоқ, осымен сөз жоқ», – дедім. Ешкім қарсы болған жоқ, той да жақсы, ықшам өтті.