Күні кеше ғана «Ортақ тарихи тамырластық – Еуразиялық одақ құру факторы» деген тақырыппен өткен Ресейдегі интеграциялық клубтың кезекті отырысында Ресей Ғылым академиясы, жалпы, Тарих институтының директоры Александр Чубарьян мырза Қазақстан мен Ресей бірігіп, ортақ тарих оқулығын жазу ісі туралы талқылау жүріп жатқанын мәлімдеген-ді. Сол-ақ екен, еліміздің қайсыбір ғалымдары Чубарьян мырзаның мәлімдемесіне ілесіп, «алдымен Ұлы Отан соғысын жазу, одан кейін тың игеруді жазып, ұжымдастыру мен ашаршылық кезеңдеріндегі ортақ тарихты бір жүйелеп алсақ, кейін біріге отырып әрі қарай тереңдете беруге болады» деді. Осылайша бірқатар ғалымдарымыз Қазақ елі мен Ресей елінің бірлесіп тарихты жазуын қолдап та отыр. Керісінше, қайсыбір ғалымдар «бұл үрдіс қазақты тағы да Ресейдің ықпалына көнуге апарады, мұнымен келісу – ұлттық намысты аяқасты ету» деп те пікірлер білдіруде. Сонымен, екі елдің бірігіп тарихты жазуы дұрыс па, әлде бұрыс па? Біз арнайы сауалды мамандардың талқысына салдық.
Мұрат ҒЫЛМАНОВ, ҚР ҰҒА академигі, профессор:
иә
– Мен бұл пікірді қолдаймын. Әрине, мұндай пікірде екенімді біреулер жақтырмас. Дегенмен бұл мәселенің көтерілуінің астарында үлкен мән жатыр. Біз Ресей мен Қазақстан тарихын екі ел бірігіп жазуға бейілміз. Себебі Қазақ елінің 300 жылдық тарихы Ресей мұрағаттарында сақтаулы. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақтаңдақтарымызды, тың игеру кезіндегі тарихи деректерді былай қойғанда, одан әрісі ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты, ашаршылық жылдарындағы тарихи мұралардың барлығы Ресей мұрағаттарында ақтарылмай, зерттелмей, шаң басып жатыр.
Сондықтан еліміздің тарихына қатысты құнды деректерді қолымызға тигізгіміз келсе, мұндай әрекетке барған жөн. Екі елдің тарихын «екі ел ғалымдары бірігіп жазатын болса, сауатты, құнды дүниелер шығады» деп ойлаймын. Ресей елінің тарихына қатысты да біздің мұрағаттардан да біршама дүниелер табылады. Біз неліктен «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасын қабылдадық. Біздің тарихымызда ала-құлалық болғандықтан, қазірде қазақ тарихын қайта жазу керек болып отыр. Арғы тарихты қозғап, тереңге бармай-ақ қояйын. Бір ғана Екінші дүниежүзілік соғыстың ашылмаған ақтаңдақтары көп. Бұған қатысты кейде жеңіл, елге қисынсыз да хабарлар тарап кетеді. Мұның барлығы жеңіл «сенсация» іздейтіндердің салдарынан орын алып отыр. Мысалы, өткенде ғана Кеңес Одағының даңқты батыры Әлия Молдағұлованың мүрдесі Ресей жеріне қатысты Псков облысының бұрынғы Печевка ауылы маңында жүргізілген іздестіру жұмыстары кезінде ғана табылып, қайта жерленді. Бұл – бір ғана дерек. Ал мұндай деректер жетіп-артылады. Сол Әлияның мүрдесін іздеуге де Ресей мамандары, ғалымдары бірлесті. Осылайша, ойлап қарасақ, біздің тарихымызды қайта жазу барысында Ресей ғалымдарының еңбегі, бірлесуі өзінен-өзі қажеттілік болады. Ендеше, неге олардың да еңбегін пайдаланбасқа?! Бұл арқылы «қайтадан Ресейдің ықпалына жығыламыз, мүддеміз аяқасты болады» деп дабыра салудың қажеті жоқ. Сондықтан өз басым мұны қолдаймын. Тарих сабақтастығы ретінде екі ел тарихын бірлесіп жазу керек деген ойдамын.
Амангелді АЙТАЛЫ, мемлекет және қоғам қайраткері:
жоқ
– Бұған мен түбегейлі қарсымын. Бұл үлкен қитұрқы саясаттың көрінісі деп есептеймін. Қазақтың тарихын тек қана қазақтың көзіменен, қазақтың сөзіменен жазу керек! Қазақтың басынан кешкен қайғы-қасіретін қазақтан өзге ешкім түсіне алмайды. Сондықтан өз тарихымызды өзіміз ғана жазғанымыз жөн. Қазақ-Ресей қарым-қатынастарында қазақ халқы – әр уақытта да отарланған ұлт, Ресей отарлаушы ұлт болып келді. Ал отарланған ұлт пен отарлаушы ұлттың саясаты ешқашан бір арнаға тоғыспайды.
Мысалы, тәуелсіз Үндістанның бірінші премьер-министрі болып Джавахарлал Нерудің тұсында Үндістанның тарихы қайта жазылды. Ол Англия халқының немесе басқа елдің емес, әрине, Үндістан халқының көзімен жазылды. Сондықтан бұл қитұрқы саясатқа Қазақ елінің тарихшылары ұлттық намысы болса, ешуақытта келіспеуі керек. Ұлттық намыс арқылы тарихты бұрмалауға жол бермеу керек. Ресейдің әуелден қалыптасқан, жалпы, саясаты қазақты тұқырту, шамасы келсе, қазақты шоқындыру, қазақтың ұлт-азаттық көтерілісін басу, санамызға орыс тілін, орыс мәдениетін таңу болды. Біз күні бүгінге дейін сол отарланған саясаттан арыла алмай, қазақ интеллегенциясының санасында күні бүгінге дейін атеистік, коммунистік көзқарас, билікке табыну, басқа да кешегінің іздері көрініп тұр. Бұдан нақ қазір үлкен қасірет көріп отырмыз. Біз әлі де сол отарлану саясатының салдарын санамыздан өшіре алмай жүрміз. Әсіресе тіл, мәдениет, тарих мәселесіне келгенде ақсап жатырмыз. Жалпы, ұлтқа қатысты дүниелерде тереңдік, таразылау, шынайылық болсын десек, әрдайым ұлттық мүддемізді биік ұстағанымыз абзал. Ұлттық сезім – ең бір терең сезім, өз тілін білмесе де, өзін тегіне қарай ұлтқа жатқызу – кең тараған үрдіс. Сондықтан отарлау саясатының салдарынан арылту мақсатында қазақ ұлтының болашағы үшін ешкімге жалтақтамай, қазақтың тарихын өзіміз жазып шығуымыз керек. «Қазақстан мен Ресей тарихын екі ел ғалымдары бірігіп жазсын» деген пікірге қос қолымды көтеріп қарсы шығамын. Керегі жоқ! Әр ел өз тарихын өзі зерделеуі тиіс. Келер ұрпақ үшін біз осыны жасауымыз қажет.
Бейтарап пікір
Ерлан СЫДЫҚОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Менің бұл ретте айтар пікірім, әркім өз тарихын өзі жазуы керек. Қазақтың тарихын қазақ тарихшыларынан артық ешкім білмейді. Рас, 300 жылдық тарихымызға байланысты құжаттар Ресей мұрағаттарында жатыр. Кезінде КСРО бір мемлекет болып тұрған кезде ортақ тарих жазылды. Сондықтан сол ортақ тарихты жазған Ресей ғалымдарының арасында қазақтың тарихын жіті білетін тарихшылар болуы әбден мүмкін. Осыны ескерсек, көмек ретінде сол тарихшыларды жұмылдыруға да болады. Мысалы, осы арқылы Қазақстан КСРО құрамында, Қазақстан Ресей империясының құрамында деген жеке-жеке зерттеу кітаптары болуы керек шығар. Ал жалпы ортақ тарихты бірігіп жазу қажет емес. Ресей ғалымдарының идеяларын, зерттеулерін пайдаланғымыз келсе, оны да арнайы сілтемесін беріп пайдалануға болады. Дегенмен де бүкіл тарихты бірлесіп жазу туралы идеяны аса қолдамаймын. Ақиқаты, қазақтың тарихына қазақ ғалымдарының өзінің жаны ашуы тиіс. Өзімізден артық қазаққа жаны ашитын жан жоқ. Сондықтан қазақтың тарихшылары, этнографтары, басқа да ғалымдары өз тарихымызды өзіміз жазып шыққанымыз дұрыс.