«Қызым – үйде, қылығы – түзде» деген мәселе қай заманда да алдымыздан кесе-көлденең шығып келеді. Мұны сан қырынан талқылауға болар ма еді, тек бүгінде қыздарымыздың шетелдіктерге тұрмысқа шығу жағдайы солардың барлығынан басып озып тұрғандай. Ата заңымыз бойынша, әрине, кімнің қай ел азаматына тұрмысқа шығамын десе де, өз еркі. Алайда мұның қайшылық туғызар тұсы жоқ па? Біз осы мәселелерді ескере отырып, қыздарымыздың шетелдіктерге тұрмысқа шығуын талқылауды жөн көрдік.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы, драматург:
Иә
– Әрине, қазақтың азаматы ретінде қыздарымыздың өзге ұлттың етегінен ұстап кетуіне қарсымын. Қазақтың қызы қазаққа тұрмысқа шықса, олар санымызды көбейтсе деген ой-тілек ұлтжанды азаматтардың әрқайсысының көкейінде жүрері сөзсіз. Сондықтан қазіргі кезде қоғамда орын алып жатқан қыздарымыздың жатжұрттық, тіпті бізге тілі де, діні де бөтен азаматқа шығуына қатты қынжыламын. Осыған тыйым салу қажет дер едім, бірақ ол дәл қазіргі біздің заңымызға қайшы келері сөзсіз. Сонда да осы тұрғыда бұл проблеманы қалай шешуге болатынына, яғни тосқауыл қоюға болатындай өз ұсыныстарымды айтқым келеді. Мысалы, бауырлас Түрікменстанда қыздарын алғысы келетін шетел азаматтарына белгілі бір мөлшерде, шамамен 50 мың доллардай қаржы төлеуі керек.
Бізде де қыздарымызды кім көрінгеннің жетегінде жібермеу үшін еліміздегі заң талаптарын қатайтып, ақшалай түрде салық салмаса да, «кемінде біздің елімізде бес жыл тұруы керек» дегендей қатаң талаптар енгізу керек секілді. Себебі бұл жерде мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі жатыр. Қалайша? Бүгінде қағаз жүзіндегі жалған неке деген шығып жатыр. Яғни белгілі бір мақсатты көздеп, соған жету үшін ғана некелесу. Міне, қыздарымызға үйленудің астарында біздің елдің азаматтығын алу, Қазақстанда қалу деген саясат жатуы мүмкін. Меніңше, ондайлардың көбі бір қазақтың қызын алып, бақытты отбасын құрайын деп жатқан жоқ. Үйленсе, бес жылда еліміздің азаматтығын алады, содан біртіндеп артынан тағы біреулерді тартады. Демек, бұл – Қазақстанды жатжерліктердің жаулап алуының бір жолы. Біздің басшылықтағылар осыны түсінбей отырғанына менің таңым бар. Осы мәселеге ешкім көңіл бөлмек түгіл, тіпті мән беріп те жатқан жоқ. Ал ең үлкен қауіп – осында. Ал біз оған көзжұма қарауымыздың салдарынан шеттен келіп, еліміздің азаматтығын ала алмай жүргендер үшін қазақ қызына үйлену азаматтық алудың ең оңай жолына айналды. Тіпті жасына да, басқасына да қарамай, ақша береді де, әлгіндей жалған некеге отыра береді. Ал АҚШ-та таяуда біздің елден барған екі қыз сол елде қалу үшін Америка азаматтарымен жалған некеге отырғаны үшін бес жылға сотталып кетті. Бұл жерде некенің астарында мемлекеттің қауіпсіздігі тұр. Бізге де дәл осындай қатаң талап керек. ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңын қайта қарап, осындай тұстарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу керек.
Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, ҚР Парламент Сенатының депутаты:
Жоқ
– Жоқ, тыйым салу деген дұрыс емес, ол еліміздің Конституциясына қайшы. ҚР Ата Заңында Қазақстан құқықтық демократиялық, зайырлық мемлекет деп жазылған. Сондай-ақ онда адамның жекеменшік құқығы мемлекеттің құқығынан жоғары деп жазылған. Сондықтан бұлай ету, жалпы, адам құқығын шектеу болып табылады. Біріншіден, кіммен, қандай ұлт өкілі, қай елдің азаматымен некеке тұрамын десе де, әр адамның өз еркі, адами құқығы. Екіншіден, махаббат. Адамның бақыты ол ешбір шекарамен шектелмейді ғой. Біздің Конституциямызда «адамның құқығы мемлекеттің құқығынан жоғары» деп жазылып тұрады. Ендеше, осылай анық жазылған құқықты таптауға қалай жол бермекпіз? Мүмкін, некеге тұру арқылы айталық, дәл осы жағдайда өзге елдің азаматы біздің елдің азаматтығын алуды көздейтін де шығар?..
Біздің заң бойынша ол азамат егер біздің азаматтығымызды алғысы келсе, өз елінің азаматтығынан бас тартып, одан шығуы керек. Егер соған келісіп, өз елінің азаматтығын біздің елдің азаматтығына айырбастауға шешім шығарса, онда ол да – өз құқығы. Айналып келгенде, басты мәселе – адамның құқығында, қандай бір ұлттың, мемлекеттің мүддесі емес. Біреулер айтар, мүмкін, кәрі қыздар санын солай азайту керек деп, мәселе онда да емес, кәрі болсын, жас болсын ол өз еркімен шетелдікке тұрмысқа шығуды дұрыс деп шешті ме, сезімі соны қалады ма, демек, еркі бар. Сонан соң тағы бір ескерерлік мәселе – қазақ қызына үйленген шетелдік азамат бәрібір біздің менталитетімізге кірігіп, мәдениетіміз бен тұрмыс-салтымызды қабылдайды. Сондықтан соның бәрін қабылдап, осы елдің азаматы болам деген адамның неге біз кеудесінен кері итеруге тиіспіз? Жалпы, мен ойлаймын, шетелдік азаматтың етегінен ұстаған қазақ қыздарының міндеті – сол азаматты қазақиландыру, біздің менталитетімізге бейімдеу. Ол біздің елімізде тұрып, заңымызға бағынып, мәдениетті қабылдап жатса, қайта біз одан ұтамыз.
Бейтарап пікір
Мақаш ТӘТІМОВ, демограф-ғалым:
– Қыз кімге тұрмысқа шығады, ол азаматтыққа байланысты емес. Некеге тұрғаннан кейін де қай елдің азаматтығын алу да – олардың өз еркі. Мәселе бұл жерде некелесуде де емес, адамның өмір жасы, ерлер санының аздығы деген мәселелер бар. Ал енді қыздарымыздың шетелдік азаматқа тұрмысқа шығуы біздің ұлтымызға ешқандай зиянын тигізбей ме десең, онда ол – басқа мәселе. Әрине, зиянын тигізеді, егер қытайға тиіп, одан тапқан балаңды қытай қылып тәрбиелесең. Ал, керісінше, неміске тұрмысқа шығып, одан туған баланың атын Мағжан деп қойып, қазақша тәрбиелесең, ол бізге ұтыс болады. Солай, керісінше, қазақстандық неміске тиіп, Германияға қоныс аударып, балаңның атын Фридрих деп қойсаң, онда зияны тиді деп соны айтуға болады. Қазақтың қызы ретінде ол бізге ұтылыс алып келген болып саналады. Міне, осылай деп түсіну керек. Ресми дерек бойынша, елімізде 350 мыңдай кәрі қыз бар, соның ең құрығанда 50 мыңы шетелдікке тұрмысқа шығып, күйеуі осында қалып, еліміздің азаматтығын алып, баласын қазақша тәрбиелесе, біз үшін пайда.