Қазақстан әйелдерінің демократиялық партиясын құруға қажеттілік бар ма?
Әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңында Түркияда нәзік жандылардың теңдігін қорғайтын жаңа саяси партия құрылды. Тек қана әйел саясаткерлерден тұратын саяси құрылым болашақта үлкен додаларға қатысуды мұрат тұтып отыр. Әйелдер партиясының құрылуына әркім әртүрлі көзқарас білдіреді. Десе де бұл құбылыс посткеңестік кеңістікке де жат емес. 1994-2007 жылдар аралығында Беларусь елінде «Надзея» атты саяси құрылым қызмет жасаса, Украинада дәл сондай әйелдер партиясы әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Осы ретте еліміздің белсенді әйелдері де «Қазақстан әйелдерінің демократиялық партиясын құру керек» деген идеяны айтып қалды. Осы ретте «Қазақстан әйелдерінің демократиялық партиясын құруға қажеттілік бар ма?» деген сауал төңірегінде пікір жиған едік.
Зүлфия БАЙСАҚОВА, Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының төрайымы:
Иә
– Өздеріңіз білесіздер, біздің елдің Конституциясы елімізде азаматтардың жынысына қарап саяси партия құруына мүмкіндік бермейді. Бұл белгілі бір дәрежеде дұрыс та шығар. Десе де мен Қазақстанда әйелдердің құқын қорғайтын саяси партия құрылуын қолдаймын. Иә, бізде бірнеше саяси партия бар. Ол саяси құрылымдарда әйелдер де қызмет жасайды. Бірақ бәрібір билікке ер-азаматтар жетеді. Қарап тұрсаңыз, біздегі ресми тіркелген, тіркелмеген оннан аса саяси партияның ешқайсысын да әйел басқармайды. Әйелдер проблемалары халықаралық мереке кезінде ғана кеңінен насихатталып, басқа уақытта тасада қалып қояды. Меніңше, Қазақстанда қазіргідей заң рұқсат бермей тұрған кезде саяси партияның негізгі белсенділерінің арасындағы әйелдердің үлес салмағын арттыру керек.
Яғни кез келген саяси партияның шешім қабылдайтын басшылықтарында 30 пайыз орын әйелдерге берілуі керек. Қазіргі кезеңде олардың қоғамдағы рөліне, қызметіне көңіл бөліну қажет деп білемін. Ал, негізінен, әйелдердің құқығын қорғайтын жеке партиясы болған тіпті жақсы. Әйелдердің жеке саяси партиясы құрылса, оған еліміздегі барлық нәзік жандылардың мүше болуы тіпті де міндетті емес. Ол саяси құрылым болғаннан кейін оның жеке бағдарламасы болады. Ал халық сол партияның бағдарламасына, саяси көзқарасына қарап қана мүше болады. Егер әйелдерге партия құруға рұқсат берілетін болса, тек қана әйелдердің құқығын қорғаумен ғана емес, саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерге де араласар еді. Қазір бізде әйелдердің бастамашылдығымен құрылған қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер өте көп. Осы арқылы әйелдердің қоғамдағы белсенділігі де артып келеді. Қоғамның түрлі саласында қызмет етіп, өте үлкен тәжірибе жинаған әйелдер қаншама?! Өздеріңіз білесіздер, жақында ғана Түркияда әйелдердің саяси партиясы құрылды. Сол сияқты Украинада да қызмет етеді. Демек, әйелдердің саяси партиясы қоғамның дамуына ықпал етпесе, зияны жоқ деп ойлаймын.
Майра АЙСИНА, Мәжіліс депутаты:
Жоқ
– Қазақстан әйелдерінің жеке демократиялық партиясын құруға ешқандай да қажеттілік жоқ. Біріншіден, Қазақстан – демократиялық, құқықтық мемлекет болғаннан кейін нәзік жандылардың саясатқа еркін араласуына жағдай жасап отырған мемлекет. Бұрындары заң шығарушы, атқарушы органдарда әйелдердің үлес салмағы аз болған, ал қазіргі кезде нәзік жанды саясаткерлердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Парламент Мәжілісінің өзінде – 19, Сенатында екі әйел депутат бар. Үкіметте де олардың саны артып келеді. Қазірдің өзінде үш министріміз бен жеті вице-министріміз әйел адам. Яғни бізде жынысына қарап алалаушылық жоқ. Біздің елдегі саясаткер әйелдердің пайыздық көрсеткіші Ресейдегі, Орталық Азия елдеріндегі пайыздық көрсеткіштерден жоғары екен. Биліктің тағы бір тармағы – сот жүйесінде де көптеген әйелдер жұмыс істеп жатыр.
«Әйелдердің жеке партиясын құру қажет емес» деуімнің тағы бір себебі – қазіргі кезде әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыруға барлық жағдай жасалып отыр. Іскер топтың 40-тан астам пайызын нәзік жанды бизнесмендер құрайды екен. Қазіргі кезде біздің елде әйелдердің бастамасымен құрылған бірнеше үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Осы қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер арқылы да мінберлерді пайдаланып, саясатқа қатысуға болады ғой. Қазірдің өзінде тек қана әйелдердің мәселесін көтеретін «Іскер әйелдер ассоциациясы», «Әйелдердің республикалық кеңесі» «Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы» сияқты т.б. бірнеше қоғамдық бірлестіктер бар. Олар өздерінің ой-пікірлерін ашық айтып жүр. Гендерлік саясаттың дамуына да үлестерін қосып келеді. Үлкен саясатпен айналысқысы келетін, саяси мансап қуғысы келетіндер болса, әйелдердің ғана партиясын құрмай-ақ, еліміздегі тіркеуден өткен он шақты партияның біріне кіру арқылы да өз мақсаттарына жетуге болады. Қазақстан құқықтық ел болғаннан кейін Ата Заң арқылы еліміздегі азаматтарды ұлтына, дініне, жынысына қарап алалауға жол бермейді. Мысалы, біздің «Нұр Отан» партиясының 52 пайызы – әйелдер. Яғни, саяси амбициясын, саяси көзқарасын сол партия арқылы жеткізіп жүр. Ал енді «Қазақстан әйелдерінің демократиялық партиясын құру» деген идеяның негізі жоқ. Қазақ мұндай жағдайды «үй ішінен үй тігу» дейді ғой. Өз басым бұл идеяны қолдамаймын. «Тіпті биліктен әйелдерге квота қарастырылу керек» деген ұсыныстар да айтылып жатады. Бұған да қарсымын. Кез келген азамат әйел болсын, еркек болсын олардың құқығы тең. Кім болса да белгілі бір қызметке біліміне, біліктілігіне, кәсіби тәжірибесіне сүйеніп жеткені жөн. Тіпті гендерлік саясатты дамытуды әлдеқайда ертерек бастаған Батыстың дамыған мемлекеттерінде әйелдердің партиясын құру туралы айтылмайды. Германия канцлері Ангела Меркель қазіргі деңгейге әйелдердің партиясын құру арқылы жеткен жоқ қой. Сондықтан Қазақстанда әйелдердің саяси партиясын құру қажеттілігі жоқ деп білемін.
Бейтарап пікір
Меруерт ҚАЗБЕКОВА, «Қазақстан кәсіпкер әйелдер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Меніңше, әйелдердің жеке саяси партиясын құрудың қажеті жоқ. Оған еліміздің Конституциясы да рұқсат бермейді. Яғни, біздің Ата Заңымыз бойынша ұлтына, дініне, жынысына қарай саяси партия құруға жол берілмейді. Әйелдерге өзге де саяси партияларға мүше болу арқылы саяси белсенділігін көрсетуге болады. Десе де еліміздегі халықтың 52 пайызы әйел бола тұра, бірде-бір қаланың, бірде-бір облыстың басшысы әйел емес. Осы мәселені де ескеру керек сияқты. Әйелдердің саяси белсенділігін арттыру қажет деп есептеймін.