Ұлықтау қажет болса, аспанға көтеріп жіберетін халықпыз ғой. Олимпиада ойындарынан олжалы оралған оғландарымызға барынша құрмет көрсетіп келеміз. Алматыдағы велоклубтардың бірін Александр Винокуровтың есімімен атадық. Сондай-ақ Алматыдан Илья Ильин атындағы спортзал аштық. Өскеменде Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі бой көтермек. Ал Маңғыстауда Әділбек Ниязымбетов атындағы бокс кешені салынатын болады. Басқа спортшыларымыз да мұндай құрметтен кенде емес. Осы қарқынмен жақын уақытта Олимпиада жүлдегерлерінің барлығы бір-бір спорт ғимаратын «иемденуі» әбден мүмкін. Рас, Олимпиада жампоздарына қандай құрмет жасасақ та жарасады. Бірақ қазақ спортының ардагерлері тұрғанда, спорт кешендеріне жастардың атын бергеніміз дұрыс па? Міне, көпшілікті ойландырған осы сауалды мамандардың «ой-көкпарына» салған едік.
Алексей КОНДРАТ, ҚР жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті:
иә
– Әлбетте, ардагерлерді де ұмытпау керек. Мүмкіндік туып жатса, ардагерлерді де ұлықтап тұруымыз қажет. Шүкіршілік дейміз, бүгінде спорттық мектептеріміз аз емес, бәріне жетеді. Бірақ спорт кешендерін қаңғырып жүрген қайдағы біреулерге беріп жатқан жоқ қой. Атасақ, Олимпиада чемпиондарының атымен атаймыз. Ал бізде олар көп емес. Осы жолы ғана маңдайымыз жарқырады. Ендеше, қолда бар алтынды бағалайық. Әлде спорт сарайының атын иемденгісі келген басқа үміткерлер бар ма? Рыпакова болсын, Ильин болсын, спорт кешендерін «иемденіп» жатқан басқа жас саңлақтар болсын, олар бұл құрметке лайық.
Яғни мен мұны дұрыс бастама деп білемін. Пайдалы тұстары да өте көп. Қажет десеңіз, тізбектеп те бере аламын.
Дұрыс түсініңіздер, «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» деген нақыл бар. Демек, спорт кешенін, мейлі ол жас болсын, бірақ Олимпиада чемпионының есімімен атағанымыз жақсы ырым. Ол өз мәртебесіне сай жұмыс жасайтын болады. Мұндай атауға ие спорт мектептерінен болашақта талай әлем чемпиондары тәрбиеленіп шығуы әбден мүмкін.
Ақша және басқа құрметтер өз алдына. Ал спорт сарайын Олимпиада жеңімпазының атымен атау – оның есімін тарихқа мәңгілікке қалдырады. Ұмыт қалмайды. Мәселен, 50 жылдан кейін бүлдіршіндер осы спорт кешеніне қарап, Илья Ильин, Бақтияр Артаев немесе Ольга Рыпакованың Олимпиада жеңімпазы болғанын жаңылмай, бірден айта алады.
Егер спорт кешенін немесе мектептерді Олимпиада жеңімпаздарының атымен атасақ, онда соларға ұқсағысы, солар секілді болғысы келіп, спортпен шұғылданатын жастардың да қатары өседі. Мәселен, бүгінгі бүлдіршіндер басқа мықтыларды емес, Олимпиада чемпионы атанған Ольга Рыпакованы жақсы біледі. Сондықтан бұл жеткіншектерді жеңіл атлетикаға тартудың да оңтайлы жолы деп білемін. Нәтижесінде бұқаралық спортты да дамытуға себепкер болады.
Бүгінде «Бәйтерек», «Астана» «Спутник» деген сынды спорт кешендері мен мектептері аз емес. Мен бұл атауларды жай мысал ретінде ғана алып отырмын. Неге соның орнына Илья Ильин атындағы спорт мектебі, Винокуров атындағы велокешені деп атамасқа? Өздеріңіз де айтып көріңіздерші, «Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі». Өте әдемі естіледі. Келісесіз ғой?!
Рас, бұл спортшылар жас, уақыты келеді. Одан гөрі ардагерлерді ұлықтайық деушілер де табылады. Дегенмен егер Ольга Рыпакова Лондон Олимпиадасының жеңімпазы атанбағанда, Өскеменде жеңіл атлетика кешенінің құрылысы қолға алынатын ба еді, жоқ па, ол жағы белгісіз. Яғни Олимпиада ойындарында атой салу арқылы жампоздарымыздың өздері жаңа спорттық құрылыстардың басталуына мұрындық болып отыр. Жас немесе егде деп қарамайық, ең бастысы, бұл спортшылар мұндай құрметке лайық. Өскемендегі спорт сарайын Рыпакованың атымен атау туралы ұсынысқа Елбасының өзі келісімін берді. Мен де қолдаймын.
Несіп ЖҮНІСБАЙ, белгілі спорт журналисі, жазушы, спорт қайраткері:
жоқ
– Ұлықтаудың, құрметтің жөні осы екен деп, кешендерді жас спортшылардың атымен атау мүлдем дұрыс емес. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Алдымен ардагерлерді ұлықтап алайық, жастарға кезек келеді. Бұл позициямды Лондонда жүргенде-ақ ашық білдіргенмін. Олимпиада ойындарында өскемендік орыстілді тілші Шығыс Қазақстаннан Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі ашылайын деп жатқанын айтты. Бұл түбірімен дұрыс емес нәрсе екенін сол кезде оған да, басқаларға да ашып айттым. Сіздерге де түсіндірейін. Біріншіден, қазақтан шыққан Олимпиаданың тұңғыш жүлдегері, оның ішінде күміс медаль иесі, марқұм Ғұсман Қосанов тұрғанда спорт кешеніне Ольга Рыпакованың есімін беру дұрыс емес.
Отандық жеңіл атлетикада одан асқан саңлақ әлі шыққан жоқ. Ол да Өскемен өлкесінің тумасы. Оның үстіне, Ғұсекең қиын кезеңде Олимпиада жүлдегері атанған.
Дұрыс түсініңіздер, мен мұндай үрдіске Ольга Рыпакованы немесе Александр Винокуровты жек көргенімнен айтып тұрған жоқпын. Мен де оларды бір адамдай құрмет тұтып, еңбегін бағалаймын. Әр жеңісіне қуаныштымын. Бірақ бір ғана Олимпиада чемпионы болды екен деп, мәңгілікке тарихта қалатын атты беруді құп көрмеймін. Ол дәрежеге жету үшін спортшы халықтың жүрегін мәңгілікке алуы тиіс. Сондай-ақ халықтың қанымен туған атақты адамның деңгейіне көтерілсін. Тері де, қаны да халыққа сіңсін. Мысалға айтар болсам, Ғұсман, Әмин, Әбдісалан ағаларымыз Әбілсейіт Айханов, Тимур Сегізбаев секілді халықтың символына айналуы керек. Міне, спорт кешендерін біреудің атымен атағымыз келсе, бірінші кезекте осындай ардагер ағаларымызды ұсынайық. Бір күнгі жеңімпаздарды емес, халықтың жүрегінде спорттың, жеңістің символы ретінде қалған осындай ағаларымыздың атымен спорт кешендерін атайық. «Қариясы бар ауылдың дариясы бар» дейді. Бұл тұлғаларымыз әлі күнге ел игілігі үшін аянбай тер төгіп, халықтың жүрегінен өшпестей орын алған.
Басқа спортшыларды айтпағанның өзінде, мен тіпті спорт мектептерін Александр Винокуровтың атымен атағандарды да құптамаймын. Өйткені ол да әлі жас. Халқына еңбек сіңірсін. Қолынан келеді, дауым жоқ. Олай болса, ел санасында жеңістің символына айналсын.
Жалпы, спортшыларды басқалай да ұлықтап жүрміз ғой. Сол аз ба? Үкіметіміз қап-қаптап ақшасын да беріп жатыр. Жаяу жүрмесін деп көлікке де отырғызуда. Баспаналарын да алып берді. Жоғары наградаларды да кеуделеріне тақты. Еңбектері лайықты бағаланып жатыр ғой. Бұдан басқа қандай құрмет керек? Енді символдық дәрежеге жету үшін одан ары еңбек етсін, халқына қызмет көрсетсін. Әйтпесе, ашығын айту керек, «бүгін бар, ертең жоқ» болып кетуі де ғажап емес. Ал бүгінгі жеңістері үшін олардың атымен спорт кешендерін атап қойып, ертең жеңімпазымыз басқа бағытты ұстанып кетсе, 50 жылдан кейін өскелең ұрпақтың «мынау кім?» деген сұрағына не деп жауап береміз? «Ол тек Олимпиада чемпионы ғана болып қойған жоқ. Қартайған шағына дейін халқына аянбай еңбек етті. Сол үшін оның есімі спорт кешеніне берілген» деп жанарымызды жасырмай айту үшін ертеңімізді бүгіннен бастап ойлануымыз керек.
Мен спорт кешенін анаған беруге болмайды, мынаған беру керек деп алалап отырған жоқпын. Бірақ халықтың қанына сіңіп кеткен тұлғаларымызды ұлықтап алғанымыз жөн болар еді. Сондықтан асығыс шешім қабылдап қойған басшыларға өкпем қара қазандай.
Бейтарап пікір
Қайрат ЗАКИРЬЯНОВ, Қазақтың Туризм және спорт академиясының президенті:
– Біржақты жауап беру қиын. Бұл жерде әрбір ұсақ нәрсенің өзін ескеру қажет. Оның спорттық жетістіктерінен бөлек, халық алдындағы еңбегін де саралап өткен дұрыс. Дегенмен бізде Олимпиада чемпиондары көп емес. Және де адалдықпен қол жеткізген Олимпиада алтыны барлық додалардың бас жүлделерінен де биік тұрады. Сондықтан спорт кешендерін Олимпиада жеңімпаздарының атымен атауды құп көремін. Алайда егер менің алдымда Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов немесе Ольга Рыпакованың атындағы спорт кешенін ашу туралы таңдау тұрса, мен ойланбастан алғашқыларды таңдар едім.