Қазақ киносының тұралап тұрғаны қаржы тапшылығынан ба?

Қазақ киносы тұралап тұр дегенге біреу келісер, біреу келіспес. Дегенмен киномыз дамып, киноөндірісіміз өркендеп кетті деп айта алмайтынымыз айдан анық. Әйтеуір, «қазақ киносының деңгейі сәл-пәл көтеріліп келеді» деп өзімізді-өзіміз жұбатып қоямыз. Ақиқатын айтсақ, әлемдік деңгейді айтпағанда, қазақ киносының өз халқымыздың арасында беделі бетегеден төмен болып тұрғанын мойындауымыз керек. Өйткені кемшілігімізді өзге біреу сыртымыздан күліп, бетімізге басқанша, өзіміз біліп, түзеткеніміз жақсы емес пе? Күні кеше елімізде дүркіреп өткен «Шәкен жұлдыздары» байқауының кезекті жүлдесі сарапқа салынды. Алайда өз елімізде өткен байқауда жүлдегерлер арасынан қазақ фильмдерінің қарасын тағы да көре алмадық. Әлемдік дағдарысқа дейін де гүлденіп кете қоймаған қазақ киносына қазіргі қаржы тапшылығы «сыныққа сылтау» болғандай ма, қалай? Әлде қазақ киносы қаржылық дағдарыстан емес, рухани дағдарыстан шыға алмай тұр ма?

Сатыбалды Нарымбетов, режиссер:
Иә

– Қазақ киносы тұралап тұр дегенге ке­ліспеймін. Тұралап деген – мүлде жоқ, шар­уасы тынған деген сөз. Ал еліміздегі ки­ноның дамуына белгілі бір мөлшерде әлемдік қаржы дағдарысы кедергі жасап тұр дегенге келісемін. Қазақ киносы кино­театрлардан көрсетіліп жатпағандықтан ғана, кинолар туралы білмегендіктен ғана көпшілік ауызды қу шөппен сүртіп, қазақ киносын сынауға дайын тұрады. Бізді, ре­жиссерлерді, «неге өзбектер секілді кино түсірмейсіңдер» деп жазғырып жатады. Ал біздің фильмдеріміз шетелден қанша жүлде алып жатыр. Ол жүлделерді шетел­де қазақ режиссерлерінің әдемі көздері үшін беріп жатқан жоқ қой, фильмнің са­па­сы үшін береді. Өзбектер мен қырғыздар түсірген кинолардың шетелден жүлде алып келгенін естідіңіздер ме? Ал мен естіген емеспін.
Біздің бес фильм байқауға қатысса, үшеуі жүлдегер атанады. Шетелдерде өте­тін байқауларға құрығанда 20-30 ел­ден фильмдер қатысады. Ал ол жақта фильм­деріміз жүлдеге ілігу үшін пара да бермей­міз, өйткені олар пара алатын қазақстандық МАИ емес. Егер көпшіліктің көзіне сүйел бол­са, онда «Қазақфильмді» жауып тас­тайық!   «Жапалақты таспен ұрса, жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң, бәрібір жа­палақ өледі» демекші, қазаққа қандай кино түсірсең де, жақпайсың. «Жібекті тү­те алмаған жүн етеді» дейді. Барлық фильм­­дер жүз пайызға керемет деп айта ал­маймын. Дегенмен әр фильмнің өз көрермені бар, халықтың барлығына жағу мүмкін емес қой.  Тіпті  Голливуд фильм­дерінің өзі елдің бәріне жүз пайыз ұнай бермейді. Қазақстанда кино түсіру, қазақ көрерменіне жағу өте қиын. Тарихи кино тү­сірсең, ертеңінде әрбір екінші қазақ та­рихшы болып шыға келеді. Жалпы, әлем­дік деңгейде кино түсіретін режис­серлер қай елде де өте аз. Ресейде Никита Михалков пен Алексей Герман  екеуінен басқа әлемдік режиссер бар ма? Жылына 750 фильм түсіретін Қытайдың өзінде атақ­ты режиссер санаулы. Жапонияда жылына түсірілетін фильмдер 300-ден асып жығылады. Атақтылары екі-үшеу ға­на. Режиссер жоқ екен деп өлеміз бе? Соң­ғы екі жылда бұрынғыға қарағанда, кино саласына мемлекет көңіл бөле бас­тады. Жоғары жақтағылар киноның идео­логиялық мықты қару екеніне енді көздері жеткендей. Сондықтан қазір қаржыны әжептәуір бөлуге тырысып жатыр. Алайда әлемді жайлаған дағдарыс қазақ  кино­сының дамуына аздап тежеу болып тұр. Тек қазақ киносы емес, әлемдік кино өн­дірісінде қаржыдан тарығу байқалады. Ай­талық, Голливудта бұрын жылына 700 фильм түсірілетін болса, қазір тең жартысы ғана түсіріліп жатыр. Ресейде бір жылда 300 фильм  түсірілсе, бүгінде оның 60 пайы­зы тоқтап қалды. Осы жылы «Қазақ­фильмде» 15 фильм түсіру жоспарланған еді, дағдарысқа байланысты  қазір өн­діріске тек бес-алтауы ғана жіберілді.    

Данияр Саламат, режиссер:
Жоқ

– Қазақ киносының дамымай тұрғанын, ки­ноөндірісіміздің тұралап тұрғанын тек қар­жы тапшылығына, әлемдік дағдарысқа әкеп тіреп қойғанымыз артықтау болады. Себебі қазақ киносын түсіру үшін кей жағдайда аса бір қыруар қаржының қажеті де аздау. Айталық, әуесқой режиссер Еркін Рақышевтің фильмдері соншалықты қымбатқа түсірілме­ген ғой. Ең бастысы, қазақи кестелі, қазақы мен­талитетімізге, дүниетанымымызға сай фильмдерді біз видеоформатта-ақ түсіре бе­руімізге болады. Сондай-ақ бұл кинола­ры­мыз­ды, ең алдымен, өз халқымыз көре ала­тындай шағын көлемде прокатқа шығаруға болады. Ал бұған соншалықты көп қаржы кет­пейді. Қазақ режиссерлерінің өз ұлтымыз­дың ұғымына сай түсірген фильмдері елін сүйетін ұрпақ тәрбиелеуге, ұлттың мәртебесін көтеруге, өткенімізге үңілуге септігін тигізер еді.
Видеоформаттағы фильмдердің тағы бір пайдасы – қазақы болмыстағы фильм­дерді көптеп түсіруге мүмкіндік туады.  Егер біз қазақ киносын тек пленкаға түсі­ріп, үлкен киноның заңдылықтарымен ха­лыққа жеткіземіз десек, ол жаңсақтық болады. Өйткені бізде кинопрокат жүйесі дұрыс жолға қойылмағандықтан, қыруар қаржы жұмсап түсірілген кинолар еш пай­да әкелмей жатқанын көріп жүрміз.  Пайда әкелу үшін бізде халықтың тығыз­дығы жетпейді. Сондықтан, менің­ше, дәл қазіргі кезде «Қазақфильмде» болсын, «Қазақ­стан» арнасында болсын, өзіміздің ұлты­мыздың таным-түйсігіне, халқымызға ар­нал­ған фильмдердің бірлестігі болу керек секілді. Осы бірлестік сапалы әрі халқы­мызға қолжетімді видеофильмдер түсірсе құба-құп болар еді. Жалпы, осындай мо­дель­мен қазір Өзбекстан жұмыс істеп жатыр. Өзбектер өздерінің ұлтына, жер­гілікті халқына арналған видеофильмдер түсіріп, сонысымен өздерінің ұлттық рух­тарын көтеріп отыр. Дәл осындай күш бізге жетпей тұр. Біздегі «Қазақфильм» ки­но­студиясында түсіріліп жатқан фильм­дер, өкінішке қарай, ұлттық таным, бол­мыс тұрғысынан алғанда, өзімізден алыс­тау болып тұр. Мұның да өзіндік себебі бар. Өйткені осы уақытқа дейін кино мамандары тек Мәскеуде даярланды ғой. Олар қазақы тіршіліктен сәл-пәл алшақтау еді, тек асфальт мәдениетін ғана игеруге мәжбүр болды. Соның нәтижесінде, дүбә­ралау фильмдер өмірге келді. Ал мұндай фильмдерден халық өзінің бет-бейнесін көре алмағандықтан, әрине, бас тартады. Ал енді шетелдегі фестивальдар үшін түсі­рілген фильмдер ұлт үшін құнды болмаса да, психологиялық тартыс секілді басқа да категориялар арқылы екшейтіндей ерек­шеліктері де, ұтымды тұстары да бар.  Оны жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен қа­зақ халқы дербес мемлекет құрып, дүние­жүзіндегі бәсекеге қабілетті елдермен иық теңестіруге талпынып тұрған шақта бізге ұлттық болмыстағы фильмдер қажет-ақ. Бұл үшін дәл қазіргі таңда бізге ең жетіс­пейтіні – танымы қазақы кино мамандары. Ғажап туындылар тудыру үшін қаржы – басты кедергі емес.

Бейтарап пікір
Бауыржан Нөгербек,
киносыншы:
– Кино – қыруар қаржыны қажет ететін үлкен өндіріс. Сондықтан киноға, ең алдымен, идеологиялық қару және бизнес ретінде қарау керек. Бізде осындай көзқарас қалыптаспаған. Тек белгілі біреудің мерейтойы болғанда ғана  сол туралы кино түсіру ойға алынады. Кино түсіруге қаражат бөлу жүйе­сі де дұрыс қалыптаспаған. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы бірден берілмей, бірнешеге бөлініп берілетін болғандықтан, бір фильмді түсіру 3-4 жылға дейін созылып кетіп жатады. Ал шетелдің тәжірибесінде бір фильмді ұзаса 4-5 ай ғана түсіреді. Киноға деген көзқарас кеңестік кезең­дегідей қалып қойған. Киноны жасау бар да, тарату ретке келтірілмеген. Жекеменшік кинотеатрлар көп те, мемлекет құзырындағы кинотеатрлар жоқ.  Сондықтан осы мәселенің барлығы кино туралы заңмен реттелу қажет­­­тігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан бізге ең қажеті – кино туралы заң.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста