Соңғы уақыттарда отандық телеарналар әсіресе депутаттар тарапынан өткір сынның нысанасына айналып келеді. Шынында да, қазір «көк сандықтың» тетігін басып қалсаң, небір сұмдықты көз алдыңа алып келеді. Бұл мәселені қазақ қоғамы шырылдап айтқалы қашан! Осы мәселені халық қалаулылары таяуда тағы да қозғап, ҚР байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев пен еліміздің Бас прокуроры Қайрат Мәмиге арнайы депутаттық сауал да жолдаған болатын. Онда отандық телеарналар көрсетілімін қадағалайтын қоғамдық комиссия құру керектігі жөнінде ұсыныс айтылған. Егер де бұл ұсыныс қабылданып, аталған комиссия құрылатын болса, отандық телеарналар заңға бағынып, өз көрсетілімдерін қаншалықты ұлттық идеологияға негіздей алады? Тақырыпты талқыға салып көрсек...
Сағынбек ТҰРСЫНОВ, Мәжіліс депутаты:
Иә
– Қоғамдық сананы қалыптастыруда, бала тәрбиесінде бұқаралық ақпарат құралдарының, оның ішінде телеарналардың алар орны ерекше. Балалардың күнделікті уақытының қанша сағатын теледидар алдында өткізетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан телеарналарда көрсетілетін түсірілімдердің сапасы мен мазмұнына аса мән берілуі қажет деп ойлаймын. Еліміздің «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңында «порнографиялық және арнаулы сексуалдық-эротикалық сипаттағы радио, теледидар бағдарламаларының эфирге шығарылуына, сондай-ақ кино және бейне өнiмiнiң көрсетiлуiне, қатыгездiк пен зорлықты насихаттауға тыйым салынады» деп жазылғанына қарамастан, қай арнаны алып қарасаңыз да, атыс-шабыс, қантөгіс немесе эротикалық сипаттағы шетелдік фильмдер мен бағдарламалар, клиптер ұдайы көрсетіледі. .
БАҚ туралы заңның 14-бабының 3-тармағы бойынша 2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап алкогольдік өнімдерді жарнамалауға тыйым салынған. Алайда ретрансляцияланатын ресейлік арналардағы сыра немесе басқа ішімдіктердің жарнамасы біздің эфирде үздіксіз көрсетілуде. Бұл Қазақстанның заңнамаларына қайшы. Сондықтан аталған заңның орындалуын қамтамасыз ету және балалар мен жастар тәрбиесін жақсарту мақсатында телеарналар көрсетілімін қадағалайтын қоғамдық комиссия құру керек-ақ. Мұндағы негізгі мақсат Тәуелсіз мемлекетіміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жас ұрпақтың патриоттық бағыттағы дұрыс тәрбие алуына барынша жағдай жасау болып табылады. Қазіргі уақытта еліміздің ақпараттық кеңістігін өзгенің дүниесі жаулап алды. Мысалы, БАҚ туралы заңда 2003 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелдік теле-радио бағдарламаларды отандық арналар арқылы ретрансляциялау көрсеткіші 20 пайыздан аспау керек делінген. Бірақ тайға таңба басқандай етіп жазылған осындай заңдық нормаларды қадағалап отырған ешкім жоқ. Ең бірінші кезекте осы заңның 14-бабының ретрансляциялауға қатысты тұсындағы «Бұл талап кабельдiк және эфирлiк-кабельдiк теледидарлар тарататын хабарларға қолданылмайды» деген сөйлемді мүлде алып тастау қажет. Олай болмаған күнде, әсіресе біздің телеарналар заңымызға пысқырып та қарамастан, өз білгендерінше әрекет етуде. Сондықтан да қысқа мерзім ішінде отандық телеарналар көрсетілімін қадағалайтын қоғамдық комиссия құрмай, БАҚ туралы заңның орындалуына бақылау жасай алмаймыз. Аталған комиссия құзыры еліміздегі қаптаған коммерциялық теле-радиоарналар мен кабельдiк теледидарларға да жүруі тиіс. Бірқатар дамыған шет мемлекеттерде телеарналардың эфирлік көрсетілімдеріне айтарлықтай ықпал ете алатын қоғамдық комиссиялар жемісті жұмыс істеп отыр. Мұндағы басты мақсат – тиісті заңдардың орындалуына әсер ету.
Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, «Алматы» телеарнасы бас директорының орынбасары:
Жоқ
– Мемлекетімізде БАҚ туралы заң бар. Бірақ оның орындалу барысы мүлде қадағаланбайды. Осыдан келіп электронды бұқаралық ақпарат құралдарының эфирінде ала-құлалық пайда болды. Себебі осы заңның дұрыс жұмыс істеуіне жауапты министрліктер мен сот, прокуратура сияқты құзырлы орындар дәл осы жағдайда бейқамдық танытып келеді. Қазір бізде заң қызметкерлерінен көп ешкім жоқ. Алайда олар шағым түспесе, оңайлықпен қимылдай қоймайды. Сайып келгенде, телеарналар мен радиолардың эфирлік саясатын қадағалап, оларға кәдімгідей ықпал ете алатын мекемелер жетерлік. Біз осы бағыттағы жұмыстарымызды күшейтуіміз керек. Әйтсе де телеарналардағы заңбұзушылыққа қатысты журналистер қауымын жаппай кінәлай беруге болмас. Жалпы, отандық телеарналардың көрсетілімдерін ретке келтіру керектігі жөніндегі мәселені қазақ журналистері мен зиялы қауым баяғыдан-ақ көтеріп келеді.
Ал біздің жоғарыда отырған депутат мырзаларымыз «жерден жеті қоян тапқандай» сәті келгенде аяқ астынан «мәселе көтергіш» бола қалатын сияқты. Әрі-беріден соң, еліміздің әр саласына қатысты қыруар заң сол депутаттардың қолынан өтеді емес пе?! Олар өздері шығарған заңдарды өздері орындата алмай отырып, тиісті орындардың құзыретін қоғамдық комиссия құзыретіне ысыра салмақ па? Сонда «халық қалаулылары» не істейді? Бұл жауапкершілікті өзгенің мойнына арту емес пе? Неге біз осы қит етсе белгілі бір заңның орындалуын бақылап отыратын қоғамдық комиссия құруға әуеспіз? Мұндайда қазақ «қойшы көп болса, қой арам өледі» демей ме?!. Қазір елімізде мұндай аты бар да, заты жоқ қаншама комиссия бар! Ал солардың айтқан сын-ескертпелерін есепке алып, шешімдерінен нәтиже шығарып отырған біреу бар ма? Қалай десек те, заңның күші әсер ете алмаған эфирдегі былықтарды ешқандай саяси салмағы мен беделі болмайтын қоғамдық комиссия реттей алады дегенге сену қиын. Мәселені бұлай шешуге тырысу біздегі заңдардың әлсіздігін көрсетсе керек.
Мысалы, бір телеарна күніне бір сағаттан астам уақыт сектасымақ әлдебір дін өкілдерінің уағыздарын ашықтан-ашық беріп жатыр. Міне, отандық телеарналарға жаны ашитын депутаттар жалпылама байбалам салғанша, осындай нақты мысалдар келтіріп, нақты шешімдердің қабылдануына ықпал етсе, игілікті іс болар еді. Ал мұндай пәрменді мәселелерді шешуге келгенде қоғамдық комиссияның дәрмені болмайды.
Бейтарап пікір
Қанат ТІЛЕУХАН, «Стан» ақпараттық бейнепорталының продюсері:
– «Отандық телеарналар көрсетілімін қадағалайтын қоғамдық комиссия құру керек пе» деген сауалға «иә» деп те, «жоқ» деп те жауап беруге болады.
Аталған комиссияның құзыреті мен міндеттері қандай болмақ? Жергілікті телеарналар оның айтқанына көне қояр ма екен? Егер осындай комиссия құрылатын болса, біз эфирлерімізді қаншалықты тазалай аламыз? Қалай болған күнде де бұл идея бізге тығырықтан шығатын жолды нұсқай алмайды. Демек, телеарналардың жұмысын қадағалап отыратын қоғамдық комиссия құрудың аса бір қажеттігі туындап отырған жоқ. Мысалы, Парламенттің жанындағы Қоғамдық палата үлкен бір саяси шешімдердің тууына ықпал ете алып отыр ма? Жалпы, қоғамның мәселесін қоғамның өзіне ысыра салуға болмайды. Таяуда ғана «31» телеарна басшылығы «Тіл туралы» заңды орындай алмай отырғандығын ресми мойындады. Бұл жөнінде ақпарат құралдары жарыса жазды да. Бірақ осындай заңбұзушылық әшкере бола отырып, Ақпарат министрлігі мен басқа да құзырлы орындар белгілі бір шешім қабылдап, ешқандай да шара қолдана алмады. Бұл біздегі БАҚ туралы заңның орындалуын тиісті орындар қажетінше қадағаламайды дегенді білдіреді.