Оралмандарға арналған бағдарлама қандастар жайын толық шеше ала ма?

2008 жылдың 2 желтоқсанында Үкіметтің №1126 қаулысымен және Елбасының осы жылдың 3 шілдедегі №01-25-159 тапсырмасына сәйкес, «Нұрлы көш» бағдарламасы бекітілгені белгілі. Біреулер бұл бағдарлама тапсырмаға сай, құжатта көрсетілген әлеуметтік топтардың мүддесі мен жағдайына лайықтап жасалмаған деп сын айтады. Негізінде, бұл жоба шетте жүрген 5 миллионға жуық қазақты еліне қайтаратын бірегей бағдарлама болу керек еді. Оны жасағандар мен сол бойынша жұмыс атқаратындар аталған құжаттың бұл бағыттағы қуатына сеніп отыр. Десе де, оның күмән тудыратын кілтипанын көрсетуге дайын азаматтар да жоқ емес.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
Иә
– Жалпы, «Нұрлы көш» шеттегі қандастарды көшіріп әкелу үдесінен шыға алмайды. Оның кемшілігі тек шетелдегі қазақтарға ғана байланысты емес. Негізі, бұл бағдарламада үш түрлі әлеуметтік топ өкілдерінің көші-қон жайы қамтылған. Біріншісі – 1990 жылдардың басындағы ауыр кезеңде Қазақстаннан көшіп кеткен қазақ емес ұлыс өкілдері. Оларды қайтарып әкелу және банктен 5 пайыз көлемінде арзан несие беру жағы қарастырылған. Бұл жерде өзіміздің шеттегі қандастарымызға арзан несие бермей тұрып, оларға жағдай жасау туралы айтқанымыз артық шаруа. Екіншіден, еліміздегі болашағы жоқ ауылдарды, басқа өндіріс орындары бар өңірлерге көшіреміз дейді. Ал Қазақстанның әр аймағында мұндай елді мекендер облыс пен аудандардың шамамен 50 пайызын алып жатыр деуге болады. Сонда осыншама қазақтарды ұзақ жылғы мекенінен қозғап, қайда апарамыз?
Үшіншіден, шеттегі қазақтарды көшіріп әкелеміз деген ұран бар.
Меніңше, бұрын еліне кеткен басқа ұлыс өкілдерінің Қазақстанға қайта оралу мәселесіне бөлекше назар аударудың қажеті шамалы. Сосын жергілікті халықты отырған атақоныстарынан ары-бері сүйрелеу де  тиімді жол емес. Керек болса, өз мекендерінде дамытсын. Шетте жүрген ағайындардың келгені әбден дұрыс. Ол – ұлттық тұтастықтың кепілі. Бірақ бізде соларды әкелудің ұтымды жүйесі жоқ. Ең алдымен, жеке көші-қон министрлігін құру керек. Көші-қон комитетін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен бөліп, дербес мекеме қылған дұрыс. Бір қызығы, оралмандарды елге әкелу мәселесі комитеттің 4-5 бағыттағы жұмысының бір бөлігіне ғана жатады. Шынын айтқанда, шеттегі қандастарды оралту бағытымен бірде-бір адам дұрыс айналысып отырған жоқ. Ол үшін қызметке арнаулы мамандар алып, ертеңгі күні коррупцияға айналып кетпес үшін олардың жалақысын дұрыс төлеу керек. Сосын арнаулы жобамен жүйелі түрде оларды қазағы аз, геосаяси проблемасы бар жерлерге мақсатты түрде шоғырландыру қажет. Арнаулы заң жобасын жасау ісі де – кезек күттірмейтін мәселе. Жарайды, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша оларға үй берілді дейік, 4-5 пайызбен несие алған күннің өзінде жұмысы жоқ ағайын ертең оны қалай қайтарады? Сол жағы ойластырылмаған. 1982 жылы Түркия Шығыс Түркістаннан барған қазақтарға 5000 отбасына арнап үй салып берді. Олардың арасында жолдан қосылған аздаған өзбектер мен қырғыздар да болды. Түріктер сол қазақтарға бізден жақын емес еді. Ал біз кезінде өз жері мен елі үшін қан мен терін төккен қандастарымыздың ұрпақтарына жағдай жасағымыз келмейді. Әрине, тегін ештеңе бермей-ақ қойсын. Тек аяқтан тұрып кетуіне мүмкіндік тудырып, жылы лебіз білдірсе, соның өзі жетіп жатыр. Әлеуметтік жақтан демеу керек. Менің ойымша, оралманға берілетін ақшалай көмекті тоқтатып, оның бәрін бір бағытқа шоғырландыру керек. Сосын ол қаржыға қалалардың маңынан әртүрлі шаруашылық ыңғайына қарай отырып, шағын ауылдар тұрғызған тиімді болмақ. Сол ауылдарға бір қалыптан шыққандай үй-жай салып беріп, оны бес жылға дейін сатқызбай қойса, қандастарымыз баспанасы болған соң, тұрақтап  қалады. «Нұрлы көш» бағдарламасын оқып шығыңызшы, онда тек «оңтүстік пен орталыққа және солтүстікке көшіреміз» деген әңгіме ғана бар. Мен оның орысшасын да, қазақшасын да оқып шықтым. Елбасы қандастарына жаны ашып, ел тәуелсіздік ала салысымен «елге келіңдер» деп, шеттегі қазақтарға ұран тастады. Бірақ сол жұмысты шалағай шенеуніктер дұрыс атқармай отыр.

Қабылсаят ӘБІШЕВ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы:
Жоқ
– Бұл өзі жаңа басталып жатқан жұмыс болса, қалайша тиімсіз болады? «Нұрлы көш» – 2009-2011 жылдар аралығына жоспарланып жасалған бағдарлама. Оның ішіндегі «отандастар» деген атау иеленгендер еңбек миграциясының квотасы аясында келеді. Осы мақсатпен жылына 46 мың адамға рұқсат береміз. Олар келіп жатқан өзбек-қырғыздардан бөлек, мұнай мен газ және жоғары технологиялы өндіріс орындарында жұмыс істейтін мамандар болады. Бұлайша квотамен шектеу қоюдың басты себебі, отандастардың қотарыла келуінің алдын алу ғой. Ал шын мәнісінде олардан 46 мың емес, 40 адам да келмейтін шығар. Ал енді «Нұрлы көштің» оралмандарға байланысты мәселесін былайша шешу көзделіп отыр. Жалпы, бағдарламаға сәйкес оралмандарды орналастыру республика бойынша үш өңірге бөлінген. Осы өңірге көшіп келушілердің 80-90 пайызы оралман болады деп межеленуде.
Елдің ішіндегі көші-қон да онша ауқымды болмайды. Болашағы жоқ ауылдар мен экологиялық қауіпті аймақтардағы халықты көшіру жоспарланған. Бірақ орнығып отырып алған жұрт көше қоймауы мүмкін. Болмаса, басқа жаққа барғысы келетін шығар. Сондықтан бағдарлама 100 пайыз оралмандарға қызмет көрсетуі ғажап емес. Солтүстік пен оңтүстік өңірге баратындар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамсыз етуге бағытталады. Сосын шекараға жақын жерлерден жұмыс орнын ашып, сол жердегі халықтың сандық жақтағы басымдығын арттыру. Сонымен бірге басқа да мұнай-газ, металлургия секілді өндіріс орындарына жұмысқа орналастыру. Қазір Шымкент қаласында «Асар» деген шағын аудан салынып жатыр. Бірақ оған қажетті жер телімін оралмандар өздері сатып алған. Биылғы жылға арналып Көкшетау қаласында 270 үй салынып жатыр. Бұйыртса, алдағы қыркүйек-қазан айларында аяқталады деп отырмыз. Әйтсе де үйлер салынып жатқан жер аумағы – мемлекеттікі, бұл жерге әлі оралмандар келе қойған жоқ. Талап білдіруші қандастарымыз кәдімгідей келісімшартпен келіп кіреді. Банкпен заңды келісімге қол қояды, сосын біз ол кісілерді жұмысқа орналастырамыз. Сөйтіп, үйінің құнын ақырын төлей береді. Үйдің бір шаршы метрі – 270 доллар. Және де Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласында бұрынғы әскерилердің үйі қайта жөндеуден өткізіліп жатыр. Онда 200 пәтер бар. Оған да шеттен келген ағайын орналастырылады. Бір артықшылығы, ол баспаналарға берілетін несиенің пайызы төмендеу болады. Өйткені ескі үй болғасын жалпы бағасы да соған сай арзан. Курчатов қаласында жоспарға сай серпінді жобалар іске асырылмақшы. Міне, сонда ашылатын жұмыс орындарына қажет адамдар осы үйлерге қоныстанады. Ал 2010-2011 жылдары қаулыға сай, республиканың барлық өңірлерінде осы бағытпен жұмыс алға жылжиды. Бөлінген жердің барлық орналасуға қажетті инфрақұрылымдары реттеледі. Бұл туралы тапсырма беріліп, әкімдермен жиналыс өткізілді. Келесі жылы ақша бөлініп, ол облыстарға 1 пайыздық ставкамен үлестіріледі. Құрылыстың барлығы аяқталып, оралман ағайын орналасқаннан кейін келісімде белгіленген уақытта бюджеттің ақшасын қайтарып береді. Бағдарламаның тиімділігі мынада: оралмандар бұрынғыдай бүкіл республиканы шарлап, көшіп жүрмейді. Үкімет үйін салып береді, үй үшін берген несиенің пайызы төмен. Жұмысқа орналастыруға көмектесетін болып жатыр. «Жол картасы» бағдарламасына сәйкес, олардың қайтадан мамандық алуына жол ашылады. Және бұрынғы квота тоқтамайды, ақшалай жәрдемақының төрт түрі сол қалпы сақталады. Тек қаулыға сай, үйге деп берілетін көмек тоқтайды. Өйткені оларға дайын баспана беріліп отыр.

Бейтарап пікір
Қаржаубай Сартқожаұлы, Түрколог-ғалым:
– Елбасы идеясы өте дұрыс. Соған дұрыстап ақша бөліп, ретімен жүргізсе – жақсы-ақ нәрсе. Бөлінген қаражат жемқорлардың жемсауында кетпесе болды ғой. Пәленбай миллион жұмсадық деп, өздері қылғи салып отыра беруі мүмкін.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста