Өмір бойы бас бостандығынан айырылғандарға қатысты аппеляция мерзімін 15 жылға дейін азайту керек деген пікірмен келісесіз бе?
Өткен аптада ішкі істер вице-министрі Ерлік Кененбаев өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар жөнінде бірер ұсыныс айтқан еді. Соның бірі – оларға белгіленген аппеляциялық мерзімді қысқарту. Қазақстанның қылмыстық кодексі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар тек 25 жылдан кейін ғана мерзімнен бұрын шартты түрде босануға мүмкіндік алады екен. Ал шетелдік тәжірибеге сүйенсек, Британияда сегіз жылдан кейін, АҚШ-та – 10 жыл, Францияда 18 жылдан кейін аппеляцияға мүмкіндік беріледі екен. Қазақстандық сарапшылардың бұл туралы пікірі екіге жарылды.
Сауле Мектепбаева, «Халықаралық түрмелік реформасы» ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры:
иә
– Әрине, мен бұл ұсыныспен келісемін. Халықаралық нормаларға сүйенетін болсақ, бұл орынды ұсыныс болар еді. «Өмір бойы бас бостандығынан айыру жөніндегі Веналық ұсыныс» атты құжатта бұл мерзім 8-12 жыл аралығында жүзеге асырылу керек деп көрсетілген. Ал қазіргі кезде Қазақстанда бұл мерзім 25 жылды қамтиды. Бұл – өте ұзақ мерзім, халықаралық нормадан екі есе жоғары. Әлемнің көптеген елдерінде өмір бойына бас бостандығынан айырылуға кесілгендер 15 жылдан кейін аппеляция бере алады. Қазір Қазақстанда Қылмыстық кодекстің жаңа нұсқасы дайындалып жатыр. Меніңше, сол құжатқа осы айтылған ұсыныс енгізілсе дұрыс болар еді.
Өйткені, өкінішке қарай, бізде жаза тағайындалу барысында белгіленген мөлшердің жоғарғы сатысы жиі қолданылады. Сондықтан жазаның жоғарғы мөлшері төмен болғаны жақсы.
Ал Қазақстан бойынша жазасын өтеушілердің орташа есебі 10 жылды құрап отыр. Бұл өте үлкен көрсеткіш болып есептеледі. Қазақстандық судьялардың «үлкен сандарға», «ұзақ мерзімдерге» еті үйреніп кеткен. Нәтижесінде қазақстандықтардың түрмесі аузы-мұрнынан толып тұр. Пенитициарлық зерттеулер темір тордағылардың көптігі бас бостандығынан айырылғандардың шектен тыс ұзақ мерзімге кесілгендердің есебінен болып жатқанын дәлелдеді. Темір тордағылардың санын азайтуға түрлі амнистиялар көмектесе алмайды. Себебі ондай жеңілдіктер тек қысқа мерзімге кесілгендерге қатысты болады. Бізге амнистиядан гөрі, судьяларды қысқа мерзімге кесуді үйрету әлдеқайда тиімді болар еді. Бізде қылмыстық жүйені гуманды бағытқа бейімдеу бірнеше рет жүзеге асты.
Егер өмір бойға бас бостандығынан айырудың мерзімін қысқартатын болсақ, бұл біздің бүтіндей заңнамамызға әсер етіп, барлық қылмыстық үкімнің мерзіміне әсер етер еді. Сонда судьялар үкім жасау барысында жоғарғы мөлшерге емес, төменгі мөлшерге көбірек жүгінетін болады. Қазір Қазақстанда өмір бойға бас бостандығынан айырылғандардың саны аса да көп емес, шамамен 100 адамды құрайды. Бірақ солардың статусы бүкіл қылмыстық жүйенің статусына әсер етіп тұр.
Алтай Тайжанов, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, философия ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Жалпы, өмір бойына бас бостандығынан айыру дегеніміз – өлім жазасына кесілумен тең. Қазір бізде өлім жазасына мораторий берілген. Сондықтан енді оны да жұмсарту керек дегеніміз орынсыз болар. Еуропа елдері «қылмыскерді өлім жазасына кеспей, өмір бойына бас бостандығынан айыру керек» деген ұстанымды қолдайды, насихаттайды. Бірақ мен онымен келісе алмаймын. Олардың басшылыққа алып отырғандары – абстрактілі гуманизм. «Адамға жанды берген Құдай, ендеше, оны алатын да тек Құдай болу керек» деген сияқты түсініксіз философиялық «гуманизм» жатыр. Алайда дәстүрлі қазақ қоғамында қылмысы дәлелденген кісінің жанын алу жазасы болған.
Ондайды, арыға бармағанда, «Абай жолынан» да кездестіреміз. Яғни дәстүрімізде кісінің жанын алу бар. Алайда біз жас мемлекет болған соң, оның бағыты да маятник секілді өзгеріп тұрады. Біресе батыстық ұғымды қуаттап, Еуропаға бағыт бұрамыз, біресе Азияға бет аламыз.
Меніңше, ешкімге жалтақтамай барлығын өз орнына қою керек. Қылмыс шектен шыққан болса, оны өлім жазасына кесу керек. Қылмысы жеңіл болса, оны түзетіп, қоғам қатарына қосып жіберуге шынайы ықылас болуы керек. Кейде адам өлтірген мен мал ұрлағанның жазасы бірдей болып жатады. Ал ондаған адамның өмірін қасақана қырған адамға өмір сүру құқығын беріп қойдық.
Аппеляциялық мерзімді қысқарту мәселесін де қылмыстың салмағына қарай енгізу керек. Қандай адамдар өмір бойына бас бостандығынан айырылады? Негізінен, кісі өлтіргендер. Кісі өлтірудің де түр-түрі бар. «Кімді не үшін, қандай жағдайда өлтірді» деген сияқты сұрақтармен сұрыпталады. Яғни өлім жазасына қатысты мораторий алынып тасталмайынша, нағыз жендет қанды қол қылмыскерлер мен ортаңқол қылмыскерлерді бір деңгейде қарастырып, барлығына бірдей жеңілдік беру дұрыс емес болар еді.
Бейтарап пікір
Еңлік Нұрғалиева, «Еуразиялық құқық қорғау орталығы» қоғамдық қорының президенті:
– Өмір бойына бас бостандығынан айырылғандардың арасында терроризм үшін сотталғандар немесе педофильдер болады. Оларға қалай жеңілдік беруге болады? Яғни қылмыстың түр-түрі бар. Меніңше, олардың барлығына бірдей қарауға болмайды. Дегенмен бізге пенитициарлық жүйені гуманды бағытта дамыту керек. Мәселен, қателікпен сотталып кеткен адамдар болады. Сондықтан оларға ақтығын дәлелдеуге мүмкіндік берілуі керек. Ал өте ауыр қылмысы бірнеше рет қайталанған және бұлтартпас айғақтармен сотталғандарға жеңілдік беру дұрыс емес.