Қоғамда «мүгедектердің репродуктивтілік және отбасылық жоспарлау құқығын шектеу керек, себебі ол мүгедектер үшін қосымша қиындықтар тудырады, балалары ауру болып туады, жетіспеушілікке ұрындырады» деген пікір айтылуда. Бұл ретте қоғамдық пікірді зерттеу, талдау орталығының жетекшісі Айжан Шәбденова: «Бұл проблемаларға ешкім назар аудармайды. Мүгедектерге лайықты кеңес беру, заманауи контрацептивтік дәрілермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілмейді», – дейді. Яғни қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетер қамқорлығының жеткіліксіздігі салдарынан мүгедек нәзік жандыларымыздың бала асырап, сәбилі болу мүмкіндігі шектеліп келеді.
Осы тақырыпқа орай мамандардың пікірін біліп, мәселені шешу жолдарына үңіліп көрген едік.
Сәуле ДИҚАНБАЕВА, медицина ғылымының докторы, профессор:
Иә
– Мүмкіндігі шектеулі жандардың бала асырап, бала туу мүмкіндігін уақытша шектеу керек. Өйткені дәл бүгінгі күні олардың бала асырап, тууына біздің қоғам тиімді жағдай жасап отырған жоқ. Тіпті балалы мүгедектер түгіл, мүгедек жандардың қара басына жағдай жасалмаған. Оларды жұмыспен қамту орындары мүлдем жоқтың қасы, олардың жүріп-тұруына мүлдем жағдай жасалмаған, ешбір мекемеде мүгедектер үшін пандустар орнатылмаған. Сондықтан мүгедек арбасына таңылған жандар үйден шықпай, төрт қабырғаға қамалып отыруға мәжбүр. Осы орайда мүгедек жанның құқының тапталғаны аздай, оның сәбиінің де құқының тапталуына жол бермеу үшін ғана шектеу енгізуге болады деп ойлаймын. Бұл жерде мүгедек жандардың еш кінәсі жоқ. Қалыптасып отырған жағдайға мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесіне жеткілікті көңіл бөлмей отырған қоғам кінәлі.
Сондықтан тез арада мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғамның басқа да мүшелеріндей тиімді өмір сүруге жағдай жасау керек.
Дәл қазір мүгедек ана бала асырап алғысы келсе, біріншіден, қаптаған құжаттар кедергі болса, екіншіден, материалдық жағдай қиындық тудыруы мүмкін. Сондықтан заңға өзгеріс енгізіп, мүгедек жан бала асырап алған жағдайда жоғары жәрдемақы тағайындалып, баласына да, өзіне де күтуші жалдайтындай мүмкіндік туғызу керек. Бала туғысы келсе, дәрігерлік кеңестер мен қоғам қамқорлығын аямай, қиындықсыз босануына жағдай жасау керек. Сондықтан осынау тиімді жағдайлармен қамтамасыз еткенше, мүмкіндігі шектеулі жандардың ана атануына шектеу енгізе тұру керек. Ал қоғам осы уақыт ішінде мүгедектердің ана атануына дайындалып үлгеруі қажет. Әйтпесе дәл қазіргі қоғам мүгедектерді ана атандыруға дайын емес.
Соңғы мәлімет бойынша елімізде 563,1 мың мүгедек бар екен. Ол жалпы халықтың 3,4%-ын құрайды. Бұл аз көрсеткіш емес. Ендеше, қоғамның осы бір тобын қамқорлыққа алып, тиімді жағдай жасауға мемлекет мойын бұрғаны жөн.
Әлима БЕЙСЕНБАЕВА, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары:
Жоқ
– Жоқ, бұл пікірге үзілді-кесілді қарсымын. Мүгедек қыз-келіншектердің барлығы дерлік ана атанып, сәбилі болғысы келеді. Мәселен, біздің қоғамдық ұйымымызда 350-дей қыз-келіншек бар. Олардың барлығының өмірге деген ынтызарлығы, күш-қайраты, ерік-жігері он екі мүшесі сау қыз-келіншектерден кем емес. Тіпті тағдырмен тайталасып, сау қыз-келіншектен бетер балалы болуға үмітті дей аламын. Олар мүгедек арбасына таңылғанымен, балалы болып, оны өсіруді, жеткізуді қалайды. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандардың бала асырау және бала туу мүмкіндігін шектеу керек деген пікірмен келіспеймін.
Айта кетерлік жайт, бізге медицина қызметкерлері тарапынан үнемі шектеулер қойылады. Мүгедек арбасына таңылған адамдарға бала деген сөзді мүлдем аузына алуға болмайтын адамдардай қарайды.
«Сен бала туғаныңмен, ол мүгедек болады, ауру болады» деп, тіпті гинекологиялық кеңес те бермейді. Мәселен, былтыр жеке оңалту бағдарламасының аясында шипажайда демалу үшін №12 емхананың гинекологінің тексеруінен өтуім керек болды. Сонда аталмыш емхананың гинекологы «саған гинекологтің не керегі бар? Екіқабат болуға болмайды саған» деп, менің құқымды аяқасты етті. Ал шын мәнінде мен де, Қазақстан Республикасының азаматшасымын. Басқа жандардай отбасын құруға, сәбилі болуға, дәрігерлерден кеңес алуға құқым бар. Бұл – бір ғана менің басымдағы жағдай емес. Барлық мүгедек қыз-келіншектердің басындағы жағдай. Дәрігерлер мүгедектердің барлығына бірдей мүмкіндігі толық шектелген, кемтар жан ретінде қарайды. Мәселен, мен тек аяғымды сылтып басамын. Сол үшін неге ана атанып, бала асырап, бала тумауым керек?! Бүгінде арамызда арбаға таңылған мүгедек келіншектің өмірге әкелген баласы 5-сыныпта оқып жатыр. Сап-сау, денсаулығында еш кінәрат жоқ. Бұл секілді мыңдаған мысалдарды келтіруге болады. Осы орайда дәрігерлердің мүгедек қыз-келіншектер дүниеге әкелген балалардың денсаулығы дұрыс болмайды дегені мүлдем қате пікір деп айта аламын. Рас, өмірге әкелген ананың басында материалдық жетіспеушіліктер болуы мүмкін. Бірақ өмірге сәби әкелер алдында мүгедек ана осының барлығын ойлап, іштей дайындалады. Сәбиін ешкімнен кем қылып өсірмеуге тырысады деп айта аламын.
Айта кетер жайт, шетелде ана атанғысы келетін мүгедек қыз-келіншектерге барлық жағдай жасалған. Тіпті оларды босандыратын арнайы орындар да бар. Бір ай бұрын Эстонияда іссапарда болдық. Сонда көзіміздің жеткені – оларда мүгедек қыз-келіншектерге деген көзқарас мүлдем басқа. Мүмкіндігі шектеулі жан аяғы ауырлаған сәттен бастап дәрігердің қамқорлығына алынып, медициналық кеңес беріліп, ана болуға даярланады екен. Ал біздің елімізде жағдай жасаудың орнына шектеу қоюды айтады. Бұл олардың құқын бұзу болып табылады.
Бейтарап пікір
Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА, Адам ұрпағын өрбіту институтының директоры:
– Мүгедек болғанымен, олардың мүмкіншілігіне қарай отырып, ана атандыру қажет деп ойлаймын. Мәселен, мүгедек болғанымен, аяғы ғана кеміс болса, одан ана атанудан келіп-кететін еш зиян жоқ. Ал мүгедек ананың психикалық ауытқушылығы болса, сәби сүюге шектеу енгізген жөн. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жанның бәрін бірдей жаппай бала асырап, сәби сүюден шектеу дұрыс емес. Тек олардың мүмкіндігі мен мүгедектік түріне мән беру керек.