Салық – халық қазынасы. Салық жүйесінің мінсіз болуы – әр мемлекеттің экономикасының қаншалықты ашық және толымды екенін байқатса керек. Өкінішке қарай, біздің елдің салық жүйесін ала-құладан ада деуге келмес. Салыққа қатысты былықтың тізгінделмей отырғаны да шындық. Осындай түрлі кемшіліктердің салдарынан болар, енді мүгедек кәсіпкерлердің салық төлеу-төлемеу мәселесі өткір көтеріле бастады. Әрине, мүгедек кәсіпкерлерге салық төлетіп қойғанымыз елдігімізге сын. Бірақ соған итермелеп отырған жайттар етек алып бара жатқанға ұқсайды. Демек, қоғамдық пікірталастың туындауы орынды.
Ләззат ҚАЛТАЕВА, «Шырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
иә
– Әрине, босату керек. Бұл жерде тіпті пікірталас тудырудың керегі де жоқ шығар деп ойлаймын. Егер мемлекет оларға барлық жағдайды жасап отырса, мүгедектерден салық төлеуді талап етуге болады, әрине.
Өкінішке қарай, біздің елде мүгедек жандардың білім алуының, олардың жұмыспен қамтамасыз етілуінің өзі қиямет. Сөйтіп отырып, оларға салық төлеткеніміз қай сасқанымыз!
Мәселен, Жапонияны алайық. Онда мүгедектер арасында салық төлейтіндер бар. Алайда үкімет олардың тапқан табысына қарайды. Олардың күнкөрісіне жететін қаражатты молынан есептеп қойған. Егер сол көрсеткіштен артса, салық төлейді. Өркениетті елдердің көпшілігінде осы жүйе.
Мойындаймын, соңғы кездері бизнестерін мүгедек жандардың атына тіркетіп қойып, бірқатар жеңілдіктерге ие болып жүргендер пайда бола бастады. Әрине, бұл – алаяқтық, қылмыс. Салықтан жалтарып жүргендерді әшкерелеу қиын екені де рас. «Аңқау елге арамза молда». Бірақ өзімізді өзіміз алдап жүрміз ғой. Мүгедек жандарды осындай заңға қайшы әрекетке итермелеп отырған – сол кәсіпкерлер. Егер ішіп-жеуіне қаражаты жетіп тұрса, олар мұндай әрекетке барар ма еді?
Мүгедек жандар осылай да ақша табуға мәжбүр болып кетті ғой.
Мен қазір тек негізгі-негізгі деген ғана түйткілдерді тізіп шығайын:
– жәрдемақы тым төмен;
– инфрақұрылымдар мүгедектер жайын мүлде ескермейді;
– мүгедек жандарды ешкімнің жұмысқа алғысы келмейді;
– мүгедектерді психологиялық тұрғыда бейімдеу жағы қарастырылмайды;
– медициналық көмек әрі сапасыз, әрі өз деңгейінде емес;
– дәрігерлік-әлеуметтік сараптау комиссиясының (ВТЭК) жұмысында кертартпалық көп.
Міне, осындай қиындықтармен бетпе-бет келіп жүрген ғаріп жандарды салықтың барлық түрлерінен босатса, бұл игі іс болар еді.
Әрине, мүгедек жандар арасында қалталылар қатарына жататын кәсіпкерлер де баршылық. Мүмкін, соларға қатысты Жапониядағыдай заң қолдануға болатын шығар. Онда бұл пікірмен келіскен болар едім.
Қысқасы, мүгедек жандарға барлық жағдайды жасайық, мәселен, қоғамдық орындарда жүріп-тұруларына еш кедергі болмасын, көмекшілермен қамтамасыз етілсін және арнайы көлік жеткілікті мөлшерде болсын. Сонда оларға тіпті он екі мүшесі сау азаматтармен теңдей салық төлетсе де жарасады.
Азат ҚОНЫСБЕКОВ, кәсіпкер:
жоқ
– Әрине, мүгедек жандарға барлық жағдайды жасап, қолдау көрсеткеніміз дұрыс. Тіпті тиіспіз. Білуімше, еліміздегі мүгедектер саны жалпы халықтың 3 пайыздайын ғана құрайды. Бұл соншалықты көп емес. Оған да шүкір дейік. Халықтың азғана тобын құрайтын бұл санаттағы азаматтардан салық алып отырғанымыз, әрине, ұят. Бірақ оның екінші жағы тағы бар.
Ешкімге жасырын емес, қазір мүгедек жандардың атын, яғни құжаттарын пайдаланып бизнесін дөңгелетіп жатқандар баршылық. Мұндай алаяқтықтың бетін әшкерелеп, алдын алу да қиынға соғады. Қазір осы сынды әдіс-амалдарды өз пайдасына тиімді қолданып жатқандарға қатысты қылмыстық істер де қозғалып жатыр.
Біреулер, мәселен, бар байлығын қарт ата-анасының атына жаздырып қойса, енді біреулер тіпті бұл өмірде жоқ адамдардың құжаттарын кәдесіне жаратуда. Осының барлығы нені білдіреді? Біздің қоғам әлі де болса заңға бағынбайды. Заңды сыйлау мәдениеті дұрыс қалыптаспаған. Сондықтан да мүгедектерді салықтың барлық түрінен босату керек деген пікірге келіспеймін. Бұл менің тарапымнан қатты айтқандық. Оны мойындаймын.
Менің ойымша, кәсіпкерлікпен айналысқысы келген ғаріп жандарға жанашырлық танытып, жеңілдіктер көрсетудің жолдары жетіп жатыр. Оларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтуды, сондай-ақ бір күнге де жетпейтін бір айлық жәрдемақысын көбейтуді сұрап жүрген базыналарын тыңдап жатқанымыз да шамалы. Қайта осындай кемшіліктерімізді түзейік.
Бір сөзінде Қазақстан мүгедектер ұйымдары одағының төрағасы Әли Аманбаев: «Ешбір мемлекетте мүгедек жандардың сайлауға түсуіне еш кедергі жоқ. Білеміз, бізде де шек қоймайды. Алайда біздің елде ел қалаулылары арасында бірде-бір мүгедек жанды кездестіре алмайсыз. Парламентке не мәслихатқа мүмкіндігі шектеулі бір адамды тартса болады ғой. Қоршаған ортаға бейімделе алмай жүргеніміздің ең басты себебі – қоғамның бізді соңынан ерткісі келмейтіндігінде. Біздің аманатымызды жеткізетін бір «өкіліміз» болса, бірқатар проблеманың оң шешілуіне ықпал етер ме еді, кім біледі?!.» деген еді. Бәрін айт та, бірін айт, міне, осындай проблемаларды шешейік қайта.
Біздің, сіздер айтып отырғандай, мүгедек жандарды барлық салықтан босату арқылы алаяқтар санын көбейтіп алмасымызға кім кепіл?! Менің ойымша, бұрынғы КСРО кезіндегідей мүгедек жандарға деп жұмыс орындарын көптеп ашу керек. Оның құрылтайшысы мемлекет өзі болсын. Міне, сонда оларды барлық салықтан, төлемдерден босатып тастаса, дұрысы осы болар деп ойлаймын.
Ал мүгедек кәсіпкерлерді барлық салықтан босатуға әзірге ертерек. Ол үшін ең алдымен, жоғарыда айтып өткенімдей, қоғам заңды сыйлау мәдениетін үйренуі тиіс. Сонда әңгіме басқа болмақ.
Түйін
Ұсақ кәсіпкерлік, атап айтқанда, етікші, тігінші және сол секілді іспен айналысатындар арасында да мүмкіндігі шектеулі жандар жетерлік. Ісі дөңгелеп отырса, ондай кәсіпкерлер де салықты ауыртпалық танытпас еді дер едік. Ал жұмыс қалтқысыз жүріп отыру үшін айналымда ұдайы қаражат болуы керек. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры ғана емес, тағы басқа да ресурстық көздер арқылы осындай кәсіпкерлерге пайызсыз несие беріліп отырса, игі емес пе? Бірақ амал нешік, қолымыз қысқа-ақ. Мамандар айтқандай, мүгедек жандарды салықтан босатсақ, алаяқтыққа жол ашамыз. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерге басқа жағынан, мәселен, сергелдеңге түсіртпей, қағазбастылыққа ұрындырмай, құзырлы органдар қолдау көрсетіп, ешқандай заңнамасыз, таза адамшылық тұрғысынан көмек көрсетсек дейміз.