Міндетті мүшелік жарнаны енгізсек, кәсіподақ жалпыхалықтық сипатқа ие болмас па еді?

Міндетті мүшелік жарнаны енгізсек, кәсіподақ жалпыхалықтық сипатқа ие болмас па еді?

Елімізде әлі күнге жұмысшы мен жалпы еңбек қатынастары төңірегінде шешімін таппаған мәселе өте көп. Әсіресе қыз­меткер мен жұмыс берушінің арасындағы ке­лең­сіз­діктер бүгінгі қоғамда кең етек алған. Сондықтан соңғы кездері кей мамандар сонау Кеңес үкіметі тұсында бол­ған мүшелік жарнаны міндеттеу жүйесін қайта қал­пына келтіруді  ұсынып жүр. Мамандардың айтуынша, егер мүшелік жарна халыққа бұрын­ғы­дай қайта міндеттелер болса кәсіподақтар жал­пыхалықтық сипатқа ие болуы әбден мүм­кін. Әйтпесе қазіргі кәсіпорындардың ішінен құрылған кәсіподақтар кәсіпорын бас­шыларына тәуелді болып қалған. Сол се­бепті де еңбек адамдарының құқығын қор­ғай алмай отыр. Ал кәсіподақтар фе­дера­циясының құзыреті шектеулі. Осы ретте қоғамдық пікір де екі түрлі. Бірі «мүшелік жарна қайта мін­дет­телсін» десе, бірі «ол нарық за­манына сай емес», – дейді.


Амалбек ТШАН, мемлекет және қоғам қайраткері:
иә
Егер біз бұрынғы Кеңестік кәсіподақ жүйесін қай­­та қалпына келтірер болсақ екі қол­дап қолпаштап, қуанар едім. Бұрын бү­кіл халық кәсіподақтың мүшелігіне өтіп, мү­шелік жарнаны ай сайын, міндетті түр­­де аударып отыратын. Сондықтан оның құзыреті де, беделі де мықты бол­ды. Әрине ол заманғы кәсіподақтың дең­гейін, оның қоғамдағы рөлін қа­зіргімен салыстыруға мүлдем келмейді. Де­сек те, бүгінгі демократия­лық даму процесінде бұрынғыдай кә­сіп­одақтар болатын болса, жұмысшы қа­уымның  та­лай мәселесін шешкен болар еді. Бірақ бұл жүйені толықтай ескілігі­мен көшіріп алудың қажеті жоқ. Міндетті жарна тө­леу­дің тәртібі де, міндеті де қазіргі за­манға сай, лайықты болуға тиіс. Ше­телдік тәжірибеге сүйеніп, да­мыған ел­дердің бағытымен құрылған кәсіподақ еш уақытта ұтылмайды.
Бұрын әр салаға бөлінген ұйымдар қа­зір де өз саласы бойынша халыққа қызмет ет­се, халықтың жағдайын жасаса бұған еш­кім де қарсылық білдіріп, наразы бол­мас еді. Тек бұл жүйені қолдайтын заң қа­жет. Кәсіподақ дегеніміздің өзі – өндірістегі жә­не өндірістен тыс салалардағы қыз­меткерлерді біріктіретін, өз мүшелерінің әлеу­меттік-экономикалық құқықтары мен мүд­делерін қорғау үшін құрылатын ерікті ұйым­дар емес пе. Демек, қызметінің си­паты мен кәсіби мүдделерінің ортақтығына қа­рай ұйымдасқан азаматтардың бұқа­ра­лық ерікті қоғамдық бірлестіктері тек қарапайым халық үшін қызмет етуі тиіс. Тағы бір үлкен мәселе – жалпы кәсіподақ жайлы түсініктің түзу болуында болып тұр. Кәсіподақтың ең басты міндеті және мақсаты ақша, яғни жарна жинау болмауы тиіс. Мысалы, бұрын кәсіподақтар елімізде спорттың дамуына қаншама үлес қосты. Тіпті сол кәсіподақтың өзінің спорттық командалары болатын. Сонымен қатар жұмысшылардың денсаулығын сақтау, жылда медициналық тексерістен өтіп, ши­па­­жайларда демалу үшін тегін жолдамалар бе­рілетін. Ол жинақталған жарналар кө­біне қарапайым жұмыс­шыларға табыс­та­лып, қаржылай көмектер көрсетілетін, бас­пана беру мәселесі де кәсіподақтың кө­мегімен шешілетін. Өмір болғаннан кейін өлім-жітім дегендей қиыншылықтар кездеседі. Мейрамдарда, атаулы күндер­де, сонымен қоса кәсіпорынның ішіндегі қо­сымша қаражатты қажет ететін шара­лар­ға да ақша сол жинақталған жарнадан жұмсалатын. Ол заманда қазіргідей на­рық­тық экономика ұғымы жоқ, керек де­сеңіз тоңазытқыштың өзін кезекке тұрып ала­тынбыз. Әрине, мұнымен айтпағым, бұ­рынғы жоқшылық заманына қайта ора­лу емес, жаңа кәсіподақтың жаңа заманға сай өзіндік форматы болса деймін. Жеке басым демократиялық даму жолындағы жаңа кәсіподақтардың болуына тілек­тес­пін. Әрине қазір де кәсіподақтар бар, бірақ аты болғанымен қоғамда ат­қаратын рөлі, құзыреті жоқ. Оған заңдық тұрғыда қолдау жоқ. Сондықтан Парламент халықтың мүддесі үшін қызмет ететін кәсіп­одақтарға қатысты жаңа заң жобаларын дайындауы керек деп есептеймін.


Алтай ТАЙЖАНОВ, қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор, академик:
жоқ
– Қазақстандықтардың әлеуметтік жағ­дайын, халықты жұмыспен қамту стра­тегияларын Кеңестік үкіметпен са­лыс­тыруға болмайды. Ол кезеңде жұрт­шылық жаппай жұмыспен қамтылды, жұ­мыссыз бос жүргендер болған жоқ. Ал қазір жұмыссыз да көп, өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтып отырғандар да көп. Бі­рақ сол өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр­ған азаматтарды жұмысы барлардың қа­тарына кіргізе алмаймыз. Жалпы, кез келген сұраққа оның тарихына барлау жасап барып жауап беруіміз керек. Кәсіподақ деген сөздің өзі «кәсіп» және «одақ» деген сөздерден құралған. Яғни кәсіп қылып отырған адамдардан құ­рыл­ған одақ. Біріншіден, мысалы, ба­лық­аулаушылардың, дәрігерлердің, ұс­таздардың кәсіподағы бар. Сол сияқты қап­тап кеткен ұйымдардың саны бар да са­пасы жоқ.
Екіншіден, сол әр сала бойынша құрыл­ған кәсіподақтар егер біріксе, неліктен өз саласы бойынша қоғамда болып жатқан маңызды проблемаларды қарастыр­майды? Проблеманы шешудің жолдары, ұсы­­ныс­та­ры, заңдық негізде іске асыру де­ген сияқты әре­кеттер неге қолға алын­бай­ды? Үшін­шіден, қазіргі кәсіподақтардың бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істе­мей­тіндігінен ұжым­дағы жұмысшыларға қысым көр­сетіліп, құқықтары бұзылып жатса да ешкім кө­ңіл бөлмейді. Сонда ол кә­сіп­одақтың кімге қажеті бар? Егер кә­сіподақтар жұмыс­сыз­дық мәселесіне ара­лас­са, жалақы мәселесін шешсе, жұмыскер мен жұмыс берушілер арасында шиеленісті оқиғалар болмас еді ғой?! Лениннің өзі «кә­сіподақ – коммунизмнің мектебі» де­ген. Ал ком­му­низм дегеннің өзі – ең жо­ғарғы сатыдағы қоғам. Адамдары сана­лы, ой-өрісі кең, рухани бай болған заманда сол құндылықтың барлығын кәсіподақ тудырған болатын. Ал қазір керісінше, кә­сіп­одақ десе бірден ақша жеудің айласын ой­лай бастайтындар көбейген. Бір ғана мысал келтірейін, бір кездері міндетті сақтандыру деген жүйе пайда болды. Халық таңғалып, «нені сақтандырамыз?» десті. Сөйтсек, көліктерді сақтандыру мін­дет­телген екен. Қарап тұрсаңыз, ол көлік сіз­дікі, жекеменшігіңіз, мүлкіңіз. Оған қол салуға ешкімнің құқығы жоқ. Сақтан­дырғым келсе сақтандырам, келмесе сақ­тандырмаймын. Ал шенеуніктер мен кәсіп­кер­лерге бәрібір. Ақшаға бел­шесінен ба­тып отырғандарды халықтың жайы қай­дан қызықтырсын?! Конститу­циядағы құқыққа шабуыл жасауға бол­майды. Ата Заңымызда жеке мүлікке өзгенің қол са­лып, сен үшін шешім қа­был­дап, міндет­теу­ге болады деп жазыл­ма­ған. Жалақы да – жеке мүлік. Еңбек еттім, ақша таптым, қайда жұмсаймын, қайда аударамын өзім білем. Біз қалай болған күнде бұрынғы мүшелік жарнаны қайта енгізе алмаймыз, ал міндеттеу тіпті мүмкін емес. Онсыз да жұмысы жоқ қарапайым халық жарнаны төлемек түгіл, зейнетақы төлемі мен салығына да ақша таппай отыр емес пе?!

Бейтарап пікір
Қайрат Жаңабеков, ҚР Кәсіподақтары Федерациясының Жастармен жұмыс жөнінде Комиссиясы төрағасының орынбасары:
– Кеңес үкіметінде кәсіподақтар әлеуметтік қор ретінде қарастырылған. Сол себепті Үкіметтен қосымша қаржы да бөлініп отырды. Ал қазір кәсіпорындар мұндай қорға қызметкерінің алатын жалақысының тек бір пайызын ғана аударады. Есептеп көрсек, ол бір пайыз тым аз ақша, тіпті 12 айда да мардымды іске жарайтын қаржы бола алмайды. Сондықтан кәсіподақ ол ақшаға қызметкерінің денсаулығын жақсарту үшін шипажайға баратын тегін жолдамамен де қамтамасыз ете алмайды. Бүгінгі таңда кәсіподақтардың жалпыхалықтық сипатқа ие болуы үшін оларға баяғыдай мемлекеттен қолдау және көмек қажет. Заңдық негізде де ҚР Кәсіподақтар туралы Заңына өзгертулер енгізу жайлы ұсыныстарымызды әзірлеп жатырмыз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста